Психология/Әлеуметтік психология

Магистр педагогики Бисенова Ш.Н.,

Магистр педагогики Турегалиева В.С.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Атырау қ., Қазақстан

ТҰЛҒАНЫҢ ƏЛЕУМЕТТІК БЕЛСЕНДІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Мақалада мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңіндегі тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастырудың өзекті мəселелері қарастырылды. Зерттеулерге сүйене отырып, мақала авторлары балалық шақта əлеуметтік белсенділіктің пайда болу жəне даму ерекшеліктерін ашып көрсетіп, тұлғаның бастамашылдығы мен дербестігін қалыптастыруға негіз болатын психологиялық-педагогикалық талаптарды, бағыттарды ұсынды. Бастамашылдық пен орындаушылықтың көрініс табуы көптеген факторлармен, оның ішінде тұлғаның жалпы даму деңгейімен, балалардың іс-əрекетімен, қоршаған əлеуметтік шындықпен, өзара əрекет ерекшеліктерімен тығыз байланысты.

Сонымен қатар мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жасындағыларға тəн іс-əрекет түрлерінде ғана əлеуметтік белсенділіктің алғашқы негіздері пайда болып, дамитындығы туралы пікір айтылды.

Кілтті сөздер: мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңіндегі тұлғаның əлеуметтік белсенділігі, балалық шақ, əлеуметтік белсенділік, тұлғаның бастамашылдығы мен дербестігін қалыптастыру негізі, психологиялық-педагогикалық талаптар, тұлғаның жалпы даму деңгейі, балалардың іс-əрекеті, қоршаған əлеуметтік шындығы, өзара əрекет ерекшеліктері, мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жасындағыларға тəн іс-əрекет түрлері.

Қоғамдық-тарихи тəжірибені меңгеру жəне əлеуметтік ортаның əсерімен адам тұлға ретінде дамып, қалыптасады. Өз іс-əрекетінің нəтижесінде адам қоршаған шындыққа белсенді əсер ете отырып, оны шығармашылық тұрғысынан қайта жасап, өзін де өзгертеді.

ХХ ғасырдың аяғында баланың əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру жəне дамыту мəселесі бойынша шет елде мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңі көптеген зерттеушілердің назарын аударды (Ш.А.Амонашвили, С.П.Баранов, Е.А.Ануфриев, Р.Г.Казакова, В.И.Логинова, В.С.Мухина жəне тағы басқалар). Мектепке дейінгі кезеңнен бастап əлеуметтік белсенділікті қалыптастыру бойынша қажырлы еңбектеніп, мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізілуі керек. Осы кезеңнен бастап болашақ тұлға ретінде өзіне, адамдарға, қоршаған ортаға көзқарасы қалыптаса бастайды. Əлеуметтік ережелер мен қағидаларды меңгере отырып бала дамиды. Əрине, əлеуметтену процесі баланың қоршаған ортамен белсенді өзара əрекеті нəтижесінде жүзеге асады. Субъектінің əлеуметтік белсенділігінсіз оның танымы да, шығармашылығы да, іс-əрекеті де дамымайды. Сондықтан балалық шақтан бастап белсенділік əлеуметтік маңызды сипатқа ие болуы керек.

Е.А.Ануфриев тұтастай алғанда белсенділік компонентіне баса назар аудара отырып, адам өмірін жоғары мəнге толтыратын, жағымды қоғамдық құндылықтарға бағытталған, қоғамдық дамуға жетелейтін белсенділікті ғана əлеуметтік деп түсіндіреді [1].

Кейбір зерттеулерде белсенділіктің əрекеттік жəне мақсаттылық компоненттерінің бірлігі атап көрсетіледі. Мысалы, А.П.Петров əлеуметтік белсенділікті «қоғамды қайта жасауға бағытталған қарқынды дамитын əрекет» ретінде қарастырады [2]. А.К.Рычковтың пікірі бойынша, «əлеуметтік белсенді тұлға — бұл өзіндік қажеттіліктері мен мемлекеттің сұранысына сай, қабілетті, алдына қойған мақсатына қол жеткізе білетін, жан-жақты дамыған тұлға» [3].

Əлеуметтік белсенділік өз бетінше пайда болмайды, өзіндік қызығушылық пен əлеуметтік бағдардың негізінде жүзеге асады. Жауапкершілік, саналылық, дербестік əлеуметтік белсенділікті сипаттайтын сапалар болып табылады.

Тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру тəрбие мақсатының маңызды сапаларының бірі ретінде сипатталады, яғни нақ осы əлеуметтік белсенділік қоғамда адамның күнкөріс амалы болып, оның болашаққа деген талпынысын, тұлға ретінде шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, тұлға мен қоғамды біріктіреді.

Сонымен қатар тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру педагогика жəне психология ғылымында ең күрделі жəне өте аз зерттелген мəселенің бірі болып табылатынын атап өткен дұрыс.

Баланы оқыту мен тəрбиелеуде белсенділік принципі талап етілгенмен, тəжірибеде толық жүзеге асырылмай келді. Адамнан белсенділік талап етілді, бірақ бұған қажетті жағдайлар көп жасалмайды.

Əрине, балалардың белсенділігі үлкендердің белсенділігінен мазмұндық сипаттамасы жəне көріну деңгейі бойынша ерекшеленеді. Мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңінде əлеуметтік белсенділік көбінесе тұлғалық құрылым ретінде қалыптасатын бастамашылдық ретінде көрініс табады. Ойында, еңбекте, нəтижелі əрекет түрлерінде, қарым-қатынаста, оқуда балалар мейлінше сапалы бастамалар көтере бастайды [4].

Əлеуметтік белсенділік психикалық дамудың көптеген көрсеткіштерімен тығыз байланыста дамиды. Зерттеулер көрсеткендей, əлеуметтік белсенді емес балалармен салыстырғанда айқын бастамасы жəне атқарушылығы бар балалардың функционалдық мүмкіндіктері, көрнекі-бейнелік жəне логикалық ойлауы, қиялы, қызығушылығы, құрдастарымен қарым-қатынас жасай алу іскерлігі біршама жоғары деңгейде дамыған. Мұндай балаларды құрдастарына əсер ете алу қабілеті бөліп көрсетеді.

Əлеуметтік белсенділікті қалыптастырудың бірнеше бағыттарын ұсынуға болады.

Ең алдымен бала тұлғасының əлеуметтік белсенділігінің негізін қалыптастыруда сəйкес психологиялық жағдай жасау керек. Оның ішінде ең маңыздылары төмендегідей:

1)    қоғамдық міндеттерді шешуде балалардың əлеуметтік тұрғыдан атсалысуы үшін алғы

2)    шарттардың болуы;

3)    мектепке дейінгілердің жəне кіші мектеп оқушыларының іс-əрекеттері мен мінез-құлық түрткілерін арттыру тəсілі ретінде эмоционалдық қобалжуларын белсендіру;

4)    тұлғаның өзін-өзі тануының ішкі механизмі ретінде өзіндік сананы дамыту.

Тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыруда педагогикалық талаптармен қамтамасыз ету керек, бастамашылдық пен атқарушылдыққа негіз болатын нақты əдістер мен тəсілдерді өңдеу қажет.

Мұнда көп нəрсе педагог тұлғасына, балалармен ізгілікті, дұрыс қарым-қатынас жасай алу қабілетіне, белсенділіктің көрінуінің дербес ерекшеліктеріне зерттеу жасап, оның дамуын талдауға байланысты.

Əрбір педагогтың балада əлеуметтік белсенділікті қалыптастырудың тиімді педагогикалық шарттары туралы түсінігі болып жəне оны мектепке дейінгі ұйым мен мектепте жүзеге асыра алуы қажет.

Мұндай талаптарға мыналар жатады:

1)    оқыту мен тəрбиелеуде мəселелік принципін енгізу;

2)    мектепке дейінгі ұйым жаттығулары мен мектеп сабақтарында ойынды қолдану;

3)    оқу сабақтарының əлеуметтік мазмұнының болуы;

4)    балалардың топтық өзара əрекетін дамыту.

Аталған талаптар аясында əрбір баланың дербес ерекшелігін есепке ала отырып, бастамашылдық пен атқарушылықты дамытуға бағытталған жəне іс-əрекеттің əр түрлі түрінде əлеуметтік белсенділіктің қалыптасуына негіз болатын арнайы əдістер қолданылады:

1)    балаларды танымдық сұрақтарының пайда болуына;

2)    бастамашылдықтың дербес көрінуіне;

3)    іс-əрекетті жүзеге асыру барысында ұсынылған бастамаға;

4)    ұжымдық бастамаға жəне біріккен əрекетті ұйымдастыру бойынша бастамаға ынталандыру.

Тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша педагогтарға көмек көрсетілуі керек. Осы мақсатта мектепке дейінгі ұйымда жəне мектепте арнайы психологиялық қызмет жұмыс жасауы керек, оның негізгі міндеті баланың психикалық дамуын зерттеу, баланың əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру саласында түсінігін кеңейту үшін педагогтар мен ата-аналармен жұмыс жəне т.б. болып табылады. Психологиялық қызмет ата-аналармен жұмысқа басты назар аударуы қажет. Кейбір отбасыларда тəрбиеге, оның ішінде баланың белсенділігін қалыптастыруға жете көңіл бөліне бермейді. Мектеп, мектепке дейінгі ұйым, отбасы əрекеттерінің бірлестігі бала тұлғасын дамытудың басты қағидасы болып табылады. Психологиялық қызмет өкілдері тəрбиешілерге, мұғалімдерге жəне ата-аналарға ортақ педагогикалық бағдар жүйесін жасап, оларға балалардың дербес ерекшеліктерін зерттеуге, өзара түсінік табуға көмектесуі керек.

Мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңінде тұлғаның əлеуметтік белсенділігінің негізін қалыптастыру жəне дамыту заңдылықтарын зерттеу басты мəселе болып табылады. Əлеуметтік белсенділікті қалыптастырудың психологиялық заңдылықтарын бөліп көрсету үшін адам тұлғасының қалыптасу тұңғиығына тереңдеу керек. Мұнда мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңі басты орын алады. Қабылдау əрекетінен адамгершілік құндылықтың күрделі түрлеріне дейін, қарапайым ойлаудан шығармашылық қабілеттің көрінуіне дейін, алғашқы күлімсіреу мен жандану процесінен қарым-қатынастың қатпарларын түсінуге дейін, құрдастарымен жəне үлкендермен қарым-қатынас жасау іскерлігі осының барлығы балалық кезеңде алғаш рет көрінеді. Əлеуметтік белсенділік өзінен-өзі қалыптаспайды, ол баланың əлеуметтенуінің нəтижесі болып табылады.

Қорытындылай келе, əлеуметтік белсенділіктің негіздерін қалыптастыру бала тұлғасының жалпы дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан, балалардың өздері атқаратын қоғамдық міндеттерге қатысты қарапайым əлеуметтік ұсыныстарды өңдеп, олардың үйлесімді дамуы үшін бастамашылдық пен орындаушылық деңгейін жоғарлатуға мүмкідік беретін əдістерді ұсынған тиімді болып табылады.

Əдебиеттер тізімі:

1 Ануфриев Е.А. Социальный статус и активность личности (Личность как объект и субъект общественных отношений). — М.: Изд-во МГУ, 1990. — C. 221.

2 Петров А.П. Социальная активность: сущность, содержание, критерии // Формирование социально активной личности: сущность, проблемы. — Ч. I. — М.: ВЛАДОС, 1995. — С. 14.

3 Рычков А.К. Некоторые методологические вопросы исследования процесса формирования социально активной личности. — М.: Педагогика, 2001. — C. 24.

4 Битинас Б.П., Бочарова В.Г. и др. Социальное воспитание учащихся (основные теоретические положения). — М.: Просвещение, 1990. — 215 с.