Психология/Педагогическая психология
Ғылыми жетекші психол.ғ.к.,
доцент Бапаева М.К.
Психология мамандығының 1-курс магистранты Нарымханова Гүлназ
Қазақ мемлекеттік
қыздар педагогикалық университеті
Қазақстан Республикасы,
Алматы қ.
СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ МЕН
ТАНЫМДЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ ӨЗАРА ҚАТЫНАСЫ
Жоғары оқу орны әлеуметтік
маңызды институттардың бірі ретінде өз
қабырғасындағы студенттердің тұлғалық
және кәсіби дамуына, ішкі дүниетанымының кеңеюіне
өз септігін тигізеді. Сонымен бірге, педагогикалық ЖОО-дағы
оқу-тәрбие үрдісі барысында әрбір студенттің
бойында өз мамандығына сәйкес оқытушы бейнесі
қалыптасады. Студенттердің оқытушылармен тұлғааралық
қарым-қатынастарындағы өзара қабылдауына
сыртқы ортамен қатар олардың меңгеріп жатқан
кәсібінің қалыптастыратын кәсіби біліктілік
ұғымдар жиынтығы әсер етеді. Себебі студент кәсіп
әлеміне енген сайын оның кәсіби сана сезімі,
қоршаған ортаға, болашаққа және оқытушыларға
деген көзқарасы күрделі өзгерістерге ұшырайды.
Бұл мәселенің өзектілігі қазіргі
жоғарғы білім беру жүйесіндегі жаңа кредиттік
технология әдісінің талаптарына сәйкес студенттердің
тек оқу пәнін ғана емес, сондай-ақ оқытушыларды
таңдау мүмкіндіктеріне ие болуына байланысты арта түсіп отыр.
Қазақстан демократиялық
қоғам ретінде, әлемдік білім кеңестігіне шығу
және алдыңғы қатарлы дамыған 50-мемлекеттің
қатарына ену бағытын айқын ұстанғандықтан,
білім беру жүйесін дамытудың жаңаша стратегиялық
жоспарларын құрастыруды талап етеді. Осыған сай қазіргі
уақыттағы білім беру жүйесінде бірқатар елеулі
өзгерістер орын алуда. Қазіргі кезде студенттер жан-жақты
сапалы білім алуға тырысады. Ал, оларға бұл
мақсатқа жету үшін сапалы әрі қазіргі заман
талабына сай білім беретін оқытушы қажет екені бәрімізге
белгілі.
Оқытушының маңызды
қызметтерінің бірі - студенттердің танымдық
іс-әрекеттерін жандандыру мен студенттер тобын ынталандыру қызметі. Бұл оқытушының жеке
тұлғалық, рухани-адамгершілік қасиеттерімен және
студенттерге ықпал ете білумен, қарым-қатынас жасау,
демократиялық байланыстар орнату, іс-қимылға жетелеу
шеберлігімен байланысты қырларын қозғайды. Мұндай
қызмет студенттермен нағыз ізгілікті субъект-субъектілік
қатынас орнатуды қамтиды. Білім беру үрдісіндегі мұндай
қатынасты әйгілі қазақстандық психолог С.М.
Жақыпов бірлескен-диалогтық танымдық іс-әрекет деп
атаған. Оның пікірінше осындай іс-әрекеттің негізінде ортақ
мағыналық қорды құру механизмі жатады.
Бірлескен-диалогтық танымдық іс-әрекет барысында
оқытушылар мен студенттер арасында тұлғалық
қасиеттермен, мағыналар, білім және ақпаратпен алмасу
жүреді. Сабақ соңында осындай тиімді танымдық
қарым-қатынас барысында ортақ мағыналық қор
қалыптасады деген [1].
Оқытушы оқыту
әдістерінің көмегімен студенттерге білім беріп, олардың
тәжірибелік іс–әрекетін ұйымдастыруда өзінің
іс–әрекетін студенттердің таным әрекетіне басшылық
етумен байланыстырады. Демек, оқыту әдісі студенттерге білім беру
және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен
студенттердің бірлесіп жасайтын қызметі мен
қарым–қатынасының тәсіл–амалдары ретінде қарастырылады.
Оқыту әдістері – оқытушы мен студенттердің жұмыс
істеу әдісі ретінде білім, іскерлік, дағдыны қалыптастырып,
студенттердің дүниетанымы мен қабілеттілігін арттыруға
көмектеседі. Оқыту әдістерін оқытушы мен
студенттердің бірлесе жасайтын іс-әрекеті, өзара
қатынасы немесе оқу іс-әрекеті барысында білім алу жолдары
деп тануға болады. Оқыту үрдісінде жүзеге асатын
қарым-қатынас оқытушы мен студенттердің өзара
әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін
жетілдіруге де өз үлесін қоса алады.
Танымдық әрекет
оқу-тәрбие мақсаттарына жетуге бағытталған
мұғалім мен студенттердің өзара байланысты
іс-әрекеттерінің тәсілдері жиынтығы ретінде де
қызмет атқара алады.
Қазір оқытудың
тиімділігін арттыру мақсатында оқытудың заманауи
әдістеріне ерекше мән беріледі. Бұл мақсатта
оқытушылар түрлі психологиялық-педагогикалық
технологиялар негізінде студенттердің танымдық әрекеттерін
белсендіріп, олардың ойлау мен шығармашылық
қабілеттерін, өзара қарым-қатынас дағдыларын
дамытуға бағытталған әдіс-тәсілдерді пайдаланады.
Заманауи оқыту әдістері
дегеніміз - студенттің дербес қабілеті, белсенділігін
қалыптастыру, оқыту материалдарын өз бетімен пайдалану
арқылы танымдық белсенділігін арттыруға
бағытталған студент мен оқытушының және топтағы
студенттердің өзара бірлескен іс-әрекеті.
Жанабілова А.К.
интерактивті әдістердің тиімділігін төменгідей
тұжырымдайды:
- студенттерді
инновациялық іс–әрекетке жетелейді, өзін–өзі тануына түрткі
жасайды;
- жеке тұлғалық
қасиеттерін дамытады;
- өзін–өзі
басқара білу, өз бетімен алдағы мақсатқа
жетуіне көмектеседі;
- алғырлық, тапқырлық,
шапшандық қасиеттерін
дамытады;
- білімін тереңдетеді,
толықтырады;
- сөздік қорын, әсіресе
ауызекі тілдерін жетілдіреді [2].
Қазіргі кезде қарым-қатынас үрдісіне негізделген оқыту – интерактивті оқытуға үлкен көңіл бөлінуде. Оқыту үрдісі тиімді болу үшін қарым-қатынастың үш жағы да қатысуы керек: 1) ақпараттық (ақпараттың берілуі және сақталуы); 2) интерактивті (біріккен іс-әрекетте өзара әсердің ұйымдастырылуы); 3) перцептивті (адамның басқа адамды қабылдауы және түсінуі) [3].
Қарым-қатынас адамдардың өзара
әрекеттестік және өзара қатынас жасаудың ерекше
формасы. Қазіргі кезде қатынас мәселесін психология,
философия, әлеуметтану-осы сияқты әр саладағы ғылымдар жан- жақты зерттейді. Мысалы, 60
жылдары Б.Д. Парыгин
қарым-қатынасты әлеуметтік психологияны зерттейтін
бірден-бір пән ретінде бөліп қарастырады. Сондықтан да
қарым-қатынас таза психологиялық құбылыс,
күрделі және көп жақты процесс ретінде талданады.
Леонтьев А.А. «қарым-қатынас»
ұғымын әмбебап коммуникативті іс-әрекет деп
анықтап, қарым-қатынасқа белгілі бір іс-әрекет
түрі ретінде қарау керек деп есептейді. Ол өзінің
педагогикалық қарым-қатынас еңбегінде былай деп жазды: «Оқыту
мен тәрбие сәттілігі көп жағдайда мұғалімнің
оқушылармен сабақта және одан тыс уақытта
қарым-қатынас жасай білу қабілетінен, олармен сөйлесе
білу, оларды түсіну білу қабілетінен тәуелді болады. Сондықтан
болашақ педагогтар ЖОО-да қарым-қатынас өнеріне
үйренулері тиіс» - деп тұжырымдайды
[4, 47 б.].
Неміс-американдық психологы К. Левин адамдарды
жекелей өзгерткенде топ арқылы әсер етудің дұрыс
болмайтындығы психологиялық әсер етудің
тәжірибелерімен дәлелденген. Алайда бұл жайдың
тиімділігі ертеден халыққа белгілі болған. Бақсылық
көріністер науқасқа әсер етудің ритуалыдқ
жолдары көпшілік топ ішінде эмоциялардың қозуды
күшейтіп, оның бір адамнан екіншіге, одан басқаларға
берілу, таралу өрісін кеңейту арқылы спихологиялық
әсер ету абсты мақсат болды. Иландыру, сендіру
әрекетінің топ арасында еселеніп, күшейетіндігін
бақсылық ұстаушылар жақсы игерген. Соның
арқасындабақсылық ұстаушылар әрекеттер топта
санасыз қабылданып,түсінік қылықтарға илану,
пихологиялық әсердің нәтижелі болуын қамтамасыз
етеді. Сонымен бірге, тренингтік топтардың жетіліп, дамуы Левин есімімен
байланысты. Ол АҚШ-та 1933жылы топтық динамика әлеуметтік
әрекет және басқа да топтық феномендер мәселесін
шешумен айналысқан. Осыған қатысты Левин өзінің
өрістер теориясын индивидтің мінез-құлқын
анықтайтын бірлескен және байланысқан факторлар
жиынтығын құрайды. Бұл факторлар жиынтығы жеке
адамдарды, оның ортасын қамтып, бір психологиялық өріс
болды. Топтық динамика ұғымын да алғаш
қолданған осы ғалым болған.
Г.М.Андреева
өзінің «әлеуметтік психология» еңбегінде қарым – қатынас мәселесіне
қатысты әлеуметтік психологиялық түрғыларды
интеграциялауға тырысты. Г.М.Андреева әр түрлі
көзқарастарды біріктіре және жалпылай отырып, қарым –
қатынастың кез келген формалары адамдардың біріккен іс -
әрекеттерінің спецификалық формасы болып табылады: яғни
адамдар әр түрлі қоғамдық қызметтерді
орындау процесінде тек қарым – қатынас қана жасап
қоймайды, олар әрқашан да сол жайында кейбір іс
әрекеттермен қарым – қатынаста болады дейді.
Сондай-ақ қарым–қатынасты
зерттеуде оның құрылымдық компоненттерін анықтау
керек. Осыған байланысты зерттеу барысында М.Андрееваның
қарым-қатынастың құрылымын талдауына
жүгіндік. Ол қарым-қатынасты бір-бірімен өзара
байланысты үш жағынан қарастырды: коммуникативтік,
интерактивтік және перцептивтік.
1)
қарым-қатынастың
коммуникативтік жағы немесе тар мағынадағы коммуникация
мәлімет беру – ақпарат алмасу мәселесімен анықталады;
2)
интерактивтік
жағы қарым-қатынас жасаушы индивидтердің өзара
әрекеттестігінің ұйымдасу ерекшеліктерінен тұрады;
3)
перцептивтік
жағы адамдардың бірін-бірі қарым-қатынас арқылы
қабылдауы мен тануы және осы өзара танымның негізінде тұлғалық
қалыптасу процесін білдіреді.
Ғалым бұлай жіктеп, бөлудің шартты екендігін,
қарым-қатынас үрдісінде оның үш жағы да
көрінетіндігін дәлелдеді [3].
Р.С.Немов та
қарым-қатынас құрылымын жіктеуге аса назар аударды.
Яғни ол мазмұны бойынша қарым – қатынастың келесі
түрлерін бөледі: материалдық (зат пен іс әрекет
өнімдерін алмастыру), когнитивтік (білімдерін алмастыру),
кондициондық (психикалық және физиологиялық
жағдайларды алмастыру), мотивациялық (мақсатпен,
қызығушылықпен, мотивпен, қажеттілікпен алмасу),
іс-әрекеттік (әрекетпен, операциялармен, іскерлікпен, дағдылармен
алмасу) [5].
Қарым-қатынас барысындағы адамдардың бір-біріне
өзара ықпалы мәселесі В.М. Бехтеревтің әлеуметтік-психологиялық
және ұжымдық экспериментінде басты орын алды. В.М. Бехтерев
(1907, 1921) әлеуметтік-психологиялық теориясына қарым-қатынас
процесі және әлеуметтенудің механизмі сияқты
адамдардың бір-біріне өзара психикалық ықпалын,
оның дамуын кіргізді. Оның теориясында қарым–қатынас
адамдарды топқа біріктіру механизмі, тұлға әлеуметтенуінің
шарты ретінде қарастырылады. В.М. Бехтерев былай дейді: «Неғұрлым
адамдардың айналадағы қарым-қатынасы бай әрі
жан-жақты болса, соғұрлым тұлғаның дамуы
нәтижелі түрде іске асырылады.....Әр түрлі ортада
қарым-қатынаста болып өскен адамдармен салыстырғанда
жан-жақты дамыған болады».
В.М. Бехтерев қарым-қатынасты «тікелей» және «орташа» деп
ажыратады. Қарым-қатынастың тікелей түрінде ол еліктеу
мен көндіруді қарастырады, еліктеуге адамның өзара
индукциялық және зерттеулік механизмі арқылы
тұлғалық өсуге тән факторлық рөлді
жатқызды, ал көндіруді психикалық жағдайды бір адамнан
басқа адамға немесе басқаға оның еркінің
қатысуынсыз санасыз түрде берілу процесі сияқты
анықтады. Ол көндіру рөліндегі лидерлердің жалпы
қозғалыста және біріккен адамдардың
қоғамдық ойларының механизімдегі өзара
әрекетінің мәніне көңіл аударды. Оның
ойынша, «адамдардың белгілі бір эмоционалдық жағдайларды
жұқтыруы, оларды логикалық ақыл-ой қортындыларына
көндіруге тырысқаннан, әлдеқайда жылдам, әрі
эффективті жүреді» [6].
В.М. Бехтеревтің идеяларының дамуы өзінің
шәкірті В.Н.Мясищевтің, одан кейін А.А.Бодалев, Б.Г.Ананьев
сияқты ізбасарларынан жалғасын тапты.
Студенттердің танымдық іс-әрекеттері оқу
мотивтерімен де тығыз байланысты болады. Мысалы, кең ауқымды
танымдық мотивтер оқу үрдісіндегі студент пен оқытушы
арасындағы қарым-қатынаста тапсырманы орындау
барысындағы шешім қабылдаудан, қосымша мәліметтерді
білу негізінде оқытушыға қойған
сұрақтарынан білінеді; оқу-танымдық мотивтер –
тапсырманы өз бетімен орындауда әр түрлі амал-тәсілдерді
іздестіруі, жұмысты орындау тәсілдерін салыстыру туралы
оқытушыға қойылатын сұрақтардан;
өзін-өзі дамыту мотивтері – оқу еңбегін тиімді
ұйымдастыруға байланысты ұстазға қойған
сұрақтарынан көрінеді. Әлеуметтік мотивтер
студенттің жауапкершілігі мен парызын түсіну әрекеттерінен
көрінеді; позиционды мотивтер – құрдастарымен
қарым-қатынас жасауға ұмтылысы, жолдастарына
көрсеткен көмегі мен пікірі; әлеуеметтік бірлескен
еңбек мотивтері – ұжымдық жұмысқа ұмтылысы
негізінде пайда болады.
Айналадағы қоршаған адамдармен
қарым-қатынас негізінде пайда болатын әлеуметтік позиционды
мотивтер де өзгеріске ұшырайды. Студент үшін өз
қатарластарымен, оқытушылармен жасаған
қарым-қатынас өте маңызды рөл атқарады.
Бұл студенттердің оқытушымен іскерлік әрекеттерін жақындата
түседі.
Сонымен, оқу-тәрбие үрдісі барысында
қарым-қатынас жасаудың жоғары деңгейін
көрсететін коммуникативтік құзыреттілік болашақ
маманның жеке тұлғалық-рухани өсуін
қалыптастырады, адамдарды түсіне білуіне көмектеседі.
Сондықтан ЖОО-дағы білім беру үрдісінде негізгі
құзіреттіліктерді қалыптастыру барысында студенттердің
қарым-қатынастарын дұрыс әрі жан-жақты
ұйымдастыру олардың танымдық әрекеттерін тиімді
қалыптастырудың шарты ретінде қарастыруға болады.
Әдебиеттер:
1.
Джакупов С.М. Управление познавательной
деятельностью студентов
в процессе обучения: Учебное пособие. - Алматы: Қазақ университетi,
2002. – 275 с.
2. Жанабілова
А.К. Қазақ тілін әдебиетпен байланыстыра оқытуда
шығармашылық жұмыстар арқылы тіл дамыту технологиясы :
(6-7 сынып): Пед.ғыл.докторы дисс. авторефераты. - Алматы : Қазақ
университеті, 2005. - 32 б.
3. Андреева Г.М. Социальная психология. 3-е изд. – М.,
2012. – 305 с.
4. Леонтьев А.А. Педагогическое общение. – М., 2011. –
245 с.
5. Немов Р.С. Психология. – М.: ВЛАДОС, 1995
6. Бехтерев В.М.
Избранные работы по социальной психологии. – М., 1994. – 354 с.