Никамбекова А.Б. магистрант, т.ғ.к., доцент Ускембаев К.С.

Академик Е.А. Бөкетов ат. Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Шежіре шебері - Шәкәрім.

          XIX ғ соңы XX ғ басы қазақ тарихындағы күрделі, ел іші дүрбелеңге толы уақыт болған еді. Себебі, қазақ жері патшалық Ресейдің құрамына толықтай кірсе де, отаршылдыққа қарсы наразылықтар мен көтерілістердің күшейген кезеңі. Осы заманда өмір сүрген Абайдың «қалың елім қазағым қайран жұртым» деп жанының күйзелуі патшалық Ресейдің озбыр саясатына деген ішкі наразылығы да еді. Өзге мемлекетке бодан болмаудың бір жолы ғылым білімде екенін жастарға айтқан Абай болатын. Қазақтың жеріне қол сала бастаған империяның келешекте тіліне, дініне, салт-дәстүріне қиянат жасалатынын сезе білген хакім Абай, Шәкәрімге шежіре жазып шығуды тапсырған болатын. Абай шежіренің қазақ тарихындағы маңызын жақсы түсініп, оны жазуға Шәкәрімді лайық көргендігі тегін емес. Осы тарихи еңбекке байланысты Шәкәрімді «қазақтың Карамзині» деп атап кеткен. 

          Шежіре - тарихи  құнды ақпарат көзі. Шежіре сөзі арабтың – ``шаджарад`` - бұтақ тармақ деген сөзінен шыққан. Шежіре тарату атадан балаға берілетін қазақ руханиятының ажырамас бөлігі. Халқымызда «жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз біздің ұлттық санамызға әбден сіңген. Ел сұрап, жөн сұрап, шыққан тегін сұрау ертеден келе жатқан дәстүр. Бұл дәстүрді қылышынан қан тамған патшалық Ресейде, кеңестік- социалистік идеологияда жоя алмады. Қазақ «у ішсен, руынмен іш» деп бекер айтпаған. Руға  бөліну үлкен территорияны алып жатқан қазақтың тілінің, дінінің, ділінің біртұтастығын сақтауына кепіл болып, әкімшілік-мемлекеттік басқарудың бірден бір көмекші құралына айналды. Саяси-әкімшілік басқару  рубасылар арқылы іске асты. Ірі тайпалар мен рулар аймақтық орталықтанған жүйені құрап және соған бағынды. Шежіредегі деректерге, аңыз-әңгімелерге сүйеніп жекелеген руларды зерттеу арқылы да этностың психологиялық сипатын құрастыруға болады. Майқы бидің «Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қалам беріп дауға қой, Ұлы жүзді таяқ беріп малға қой» - деген сөзінде үлкен мән жатыр. Қазақ биінің мәтелге айналған бұл керемет сөзінде қазақ халқының тұтас этнопсихологиясы жатыр. Кіші жүз адамдарына тән өжеттілік пен қайсарлық, Орта жүз қазақтарына тән байсалдық, парасаттылық, Ұлы жүзге тән сауда саттыққа деген икемділік, отырықшылдық. Қазақ үшін шежіре - киелі ұғым.

          Ш. Құдайбердіұлының  «Жасында араластың малтымаға» деген өлеңінде мынадай жолдар бар: «Тырбанғанда тырнақтай ғылым таптын» дейді. Тырнақтай ғылым деп отырғаны шежіреге қатысты ел-аузынан жинаған аңыз-әңгімелер мен тарихи деректер болса керек. Бұл жерде Шәкәрім жер жүзін шарлап, білім алып келсе де өзіне - өзі көңілі толмай отыр. Қажы ғылымға қанағатсыз болу керек дейді. Ақынның ұлы Ахат естелігінде Сол кезде Шәкерімнің кітапханасындағыдай кітаптары бар адамды көргем жоқ. Батыс Шығыс ақындарының толық жинақтары, барлық елдің лұғаттары, газет журналдары болатын.  Шәкерім бұларды өте ұқыпты ұстайтын. «Мың бір түннің» толық томдары да болатын. Шәкерім жасынан, өзі айтқандай «белін буып,білім қууға» түседі. Қазақ шежіресін жазбақ болады»-дейді [1, 235 б.].  

         Қазақ халқының қалыптасу тарихын зерттеу жұмыстарына Ш. Құдайбердіұлының осы еңбегін пайдаланған дұрыс. Шежіренің басы баяндау әдісімен басталған. Автор үлкен жауапкершілікпен қарап, қарапайым оқырманға түсінікті тілмен жазған. Шәкәрімді осы тұрғыдан кәсіби тарихшы деуге де болады. Шежіреде үш негізгі зерттеу тәсілін байқаймыз.

1) Ауыз әдебиеті үлгілері

2) Түркі тарихшыларының еңбектері

3) Еуропалық тарихшылар еңбектері

         Қорытынды сөзді Алашорда көсемі, Әлихан Бөкейхановтың сөзімен тәмәмдасақ: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкәрімнің бұл кітабы – қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасын. Енді мұнан  былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шаһкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес» [2, 30 б.].

Ш. Құдайбердіұлының шежіресі  Отан тарихына байланысты қосымша материал іздеген мектеп оқушыларына таптырмас құрал дер едік. Ауызша тарихи деректен және өзге елдердің тарихшыларының еңбегін түгел зерттеп талдаған Шәкәрім, шежірені қарапайым оқырман қауымға ұғынықты тілде жазып шықты. Шығармада ойшыл ертегі сықылды, қисынсыз деген тіркесті бірнеше рет қолданған. Шәкәрімнің мұнда айтпағы көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелер, яғни мифология. Миф арқылы тарихи оқиғаларды баяндау әдісі барлық халықтарға ортақ. Ойшыл зердесінен өткен қытай, араб, парсы шежірелерінде айырмашылықтар, жұмбақ та түсініксіз мәліметтер көп болды. Шәкәрімнің шындыққа жанасымдысын алып, қисынға келтіруі зор еңбектің нәтижесі. Этнография, тарихи оқиғалар, хандар жөнінде мол деректерге толы «Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі» қазақ тарихын баяндайтын маңызды шығарма.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Шәкәрім Құдайбердіұлы, Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі. Факсимиле мен көрсеткіштер жазған Ж.О. Артықбаев. Астана «Фолиант» 2007, 384 б.

2.     Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ. I том, (Құрастырған Т.Шаңбай) - Семей-Новосибирск, «Таллер –Пресс», 2006,- 440 бет.