Ералиева А.Ш.
Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының
1 курс студенті
Жетекшісі Джумагалиева А.М.
Ұлттық музыка өнерінің
ұлттық рухани жаңғыру барысындағы
сабақтастығы және оның бүгіні мен болашағы
Музыка
өнерінің адам өмірінде атқаратын рөлі орасан зор.
Белгілі жиіліктегі музыкалық ырғақтар мен әуен
құбылыстарының саналы жан иесін жалғанның биік
белестеріне көтеріп, таңғажайып әсер күйлерге
жеткізері бағзы замандардан мәлім. Бұл жағдай адам
баласының материалдық, биологиялық табиғатынан бөлек
рухани негізінің бар екенін және оның адамдық
болмыстың көп мәселесінде шешуші маңызға ие
екендігін көрсетеді.
Әуендік
ырғақтардың адам жанына сыйлайтын ғажап әсері көңіл-күйді
көтерумен немесе мұңайған сезімді жұбатумен
ғана шектелмейді, сонымен қатар ол қажет жағдайда өліммен
арпалысуға, оның бетіне тайсалмай қарауға күш те береді.
Соғыс, арпалыс тақырыптарына арналып шығарылған музыка
шығармалары осы ойымызды дәлелдейді. Мұндай жағдайлар
музыка өнерін жай көңіл көтеру құралынан
гөрі көзге көрініп тұрған дүниеден биік, жоғары әлеммен байланысы бар
екенін сездіртеді. Философия ғылымы оны метафизикалық негізбен тұтастығына
назар аударады. Басқаша айтқанда, философия музыка өнеерінің
қарапайым санада өзіміз біле бермейтін, сөйте тұра, өзіміз
аса мұқтаж биік деңгейлі рақаттың бар және
оның адам өмірі үшін аса маңызды екенін
аңғартады.
Қазақ
халқының ұлт болып өркендеуі, өзіндік
салт-дәстүрді қалыптастырып, заман ерекшеліктеріне сай ұлттық
құндылықтармен ғұмыр кешіп келуі музыкасыз
болмағаны ақиқат. Ел тарихындағы әр түрлі қиын
да, қызықты жағдайлар, ондағы жұрттың
кешкен қасіреттері мен шаттық сезімдері музыкалық күй түрінде
өрнектеліп, ұрпақтан ұрпақа беріліп келді.
Ия,
бұрынғы өткен тарихты баяндауда жазба әдебиетінің
рөлін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, онда бұрынғы
буын өкілдерінің өмірі туралы жалпылама мағлұмат,
ақпарат берілгенімен олардың естіген сазды әуенін, сезімдік ерекшеліктерін сол
күйінде, тірі бейне ретінде бере алмайды. Бұл орайда музыка
өнері орасан зор қызмет атқарады. Бұл жайт музыка
өнерінің ұлттық тұтастықты, тарихи сабақтастықты
сақтаудағы қызметін аша түседі.
Адамның
жаны жұмбақ. Өзгеге емес, ол алдымен адамның
өзіне жұмбақ. Абайдың:
Жүрегіңнің
түбіне терең бойла
Мен бір жұмбақпын
оны да ойла, –
демегі осы жайды
аңғартса керек. Бұл мәселені түсіну және
түсіндіру үшін мынадай пайым, ой биіктерін шығуға тура
келеді. Адамның жаны биік табиғатпен, жоғарыда
айтқанымыздай метафизикалық негізбен байланысты. Діни
түсінікте ол жаратушы Алланың құдіретінен нәр
алады. Сол себептен де адам баласының жаны кез келген саладағы
жетілген құбылыспен бетпе бет келген кезде бейне бір рақат
сезімге тең болады.
Қазіргі
қазақ қоғамында дәстүрлі ұлттық
рухты нығайтатын музыка өнерінің күрделі кезеңдерге
тап болғаны, оның есесіне жай көніл күйді шарықтатуға
бағыттаған эстрадалық музыка жанрының үстемдік
жасап тұрғаны рас. Әрине, біз эстрадалық жанрды
қажетсіз демейміз, мәселе мұнда ұлттық
рухтың өрлеуіне мол септігін тигізетін музыка саласының
өзіне лайықты орнын таппай жатқандығы жөнінде. Қызық
болғанда, айтып отырған, жұртшылықтың
жоғары сұранысына ие болып отырған эстрадалық
музыканың дені де ұлттық емес, өзге
халықтардың әуендерімен әрленіп отырған жайын
айтпауға тағы болмайды.
Елбасы
өзінің «Болашаққа бағдар: рухани
жаңғыру» бағдарламасында: «Қазір салтанат құрып тұрған
жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы
мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің
ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап
үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда,
өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен
қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір
өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму
үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық
салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз,
жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық
рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың
даналығы, Әуезовтің ғұламалығы,
Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері,
ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар
біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,– деп атап көрсетеді.
Музыка өнерінің метафизикалық
табиғатқа қатыстылығының тағы бір
тұсы – оның себеп-салдарлы болып келетін дүние ағымына
тәуелсіздігі. Музыка өнері материалдық әлемдегі себеп-салдарлы
байланысқа емес, одан тыс, еркіндік, адамның талғам,
қалау жасайтын қабілетімен байланысты. Солай, жақсы
музыканың жарыққа шығуы міндетті түрде
қыруар қаражаттың немесе ыңғайлығы
жоғары жағдайдың көлеміне тәуелді емес. Бұл
жайт музыканы дамытуда материалдық факторларға тәуелділіктен арылтады.
Олай болудың реті де, жөні де бар. Адам өміріне аса
қажет нәрселер ақшаға сатылмайды. Ешкім
өзінің ата-анасын, туған-туысын, елі мен жерін
ақшаға бағалап саудаға салмайды. Олар бәрінен
жоғары. Қадірлі, қастерлі. Сол секілді адам рухына
қажетті музыка шығармалары да қастерлі. Музыка
әлеміндегі биік дүниелер де қастерлі, олар ақша
үшін, сатылым үшін жасалынбайды. Әрине, біз бұл жерде
ұлттық музыка өнері қаржыландыруды қажет етпейді
деген идеяны емес, шынайы өнердің, ұлттық музыканы
қаражатқа тәуелсіздігін айтқымыз келеді. Музыка тарихындағы
Құрманғазы, Махамбет, Сүгір, Момынбеков, Желдібаев
секілді мәңгілік ескірмейтін музыкалық туындалар
жасаған тұлғалар да өнерімен пайда табу үшін
емес, одан бөлек, биік мақсат үшін қызмет етті.
Дәстүрлі
ұлттық музыканың дамуы бүкіл қоғамның
өміріне, оның нығаюы мен дамуына әсер етеді.
Сондықтан да ұлттық музыканың кеңінен
насихатталуы мен дамуына атсалысу әрбір ұлтын сүйетін
азаматтың парызы. Бұл мәселе өнер саласында
жүрген майталмандардың, кәсіби мамандардың басты
міндеті. Алтынның жер бетінде жатпайтыны сияқты адамның
рухына күш беретін өнер туындылары да ерен еңбек пен толассыз
ізденістердің нәтижесінде шығатыны белгілі.
«Өнерге
әркімнің-ақ бар таласы». Музыка әлемінің
ерекшелігі – оның барша азаматқа, оның тегіне,
нәсіліне, тілі мен дініне, биографиялық және
географиялық ерекшеліктеріне қарамай ашықтығы. Музыка
әлемінің тұңғиығында адам баласына
жоғары деңгейлі қуаныш, рақат сыйлайтын қазына
жауһарлар жеткілікті. Оларды табу, жарыққа шығару іздеушінің
мақсатына, шыдамына, табандылығына байланысты. Осы ізденіс әр
музыканттың өнердегі орнын айқындайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа
бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама мақаласы;
2. Абай Құнанбайұлы.
Шығармаларының екі томдық жинағы. 1
том. – Алматы: Жазушы, 2005.
3. Аль-Фараби.
Трактаты о музыке /Пер. с арабского. –
Алматы: Гылым, 1993