ӘОЖ 37.013:008:78

Қазақ дәстүрлі музыкалық мәдениетінің мектеп сабағына тиімділігі

 

Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы

М. Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік университеті

Мейірбеков Б.Б.

 

РЕЗЮМЕ

В данной статье вопросы формирования музыкальной культуры учащихся школ рассматриваются в контексте казахского народного наследия

SUMMARY

This article is considered questions of formation pupils musical culture in the context of kazakh national heritage

 

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениет тәжірибесі ретінде де, рухани мұра ретінде де аса қызығушылық туындатады, өйткені халықтың және халық арасынан шыққан ұлы ғұламалардың дүниетанымдық көзқарастары мен құнды идеяларын дәстүрлі мәдениетті зерттеу арқылы ғана танып білуге болады. Бұл тұрғыда тұлға тәрбиесінің күрделі міндеттерін шешудегі мұғалімнің рөлін, оның этномәдениетін көтеруге ықпал ететін қоғамның дәстүрлі мәдениетінің құндылықтарын шығармашылықпен тарататын білімнің маңыздылығы артады.

Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтқан[1].

Мәдениет сөз болған уақытта біз ешуақытта бүгінгі аумақтық, яғни территориялық шеңберімізбен шектеліп қалмауымыз керек. Өйткені, қазақ дейтін халықты құрсағында тербеткен ұлы даланың аумағы қазіргі шекарадан әлдеқайда кең болатын. Біз отаршылдықтың қақпанына түскен кездегі жеріміздің үштен бір бөлігінен айырылып, тәуелсіздік алдық. Осы орайда, шекара сыртында жатқан мынадай мәдени 5 түрлі рухани асылдарымызға біз ұдайы назар аударып жүруіміз керек. Бірінші – атамекен жұрттарымыз, екінші – сол жұрттарда сүйегі қалған ата-баба әруақтары, үшінші – шекара сыртында жатқан жалпы мұралар, төртінші – шекара сыртында аналарымыздың, аталарымыздың қолымен жасалған материалдық мәдениеттер, бесінші – шекара сыртында әлемнің қырықтан астам елінде бас сауғалап жүрген қандас бауырларымыздың қолынан туған музыкалық өнер туындылары. Осының барлығы біздің төл тарихымыздың, төл мәдениетіміздің құрамдас бөлігі болып табылады[2].

Музыкалық оқытудың түрлі әдістемесі оқу материалының мазмұнына, оқушылардың жас ерекшелігіне сай шығармашылық, танымдық үрдістерге деген қабілеттеріне орай өзгеріп отырады.

Өткізілетін материалға жан-жақты түсіндірмелік шолу жасау әдістемесі оқушының өз бетінше ізденіп, іс-қимыл жасауға арналған ізденушілік әдістемесімен өзара біріге қолданылса, зор нәтиже береді.

Үйретілетін ән-күйдің сезімдік-драмалық тұрғыдан сатылай үйретілуіне арналған әдістеме сабақтың шарықтау барысына арналады. Әр түрлі нұсқада құрылатын ән-күй сабағының музыкалық-драмалық әдіспен өрбуі де жиі қолданылады.

Ұстаздық бақылау мен оқушының өзін-өзі байқап отыру әдістемесі, әр оқушыға баға қою, оның музыкалық дамуына нақтылы сәйкес жүргізілсе ғана көрнекті жетістік берері сөзсіз.

Ұстаз бағасы мен үйге берілген тапсырма оқушының музыка қабілетінің даму сатысын көрсететін ең негізгі көрсеткіш екенін ұмытпаған жөн[3].

Ұстаздың белгілі бір ән-күй, шығармаға деген өзіндік көзқарасының болуы және оны бейнелі сөзбен, іс-әрекет, көркем қимылмен көрсете білуі сезімге әсер ету әдістемесі деп аталып, ол оқушы қабілетінің артуына игі әсерін береді.

Музыкалық қабілеттің, яғни ән айту, аспапта орындау шеберлігінің айтарлықтай өсуі, ондағы нақтылы табыстың болуы, оның ұстаз тарапынан айқын көрсетілуі оқушы санасында мақтаныш сезімін тудырып, оның шығармашылық қызметке деген ынтасын барынша арттыра түседі.

Жағымды үлгі көрсету, музыка өнеріне деген сенімділік білдіру, жаттығулар көрсету, олардың жеке бастың сезімдік дамуына қызмет істеуі, ән-күй сабағына деген кызығушылык тудырары сөзсіз.

Ән-күй сабағына кешенді әдістемелер қолдану, сабақтың барлық түрпішінді тұрақты қолданылуы оқушылардың музыкалық мәдениетінің қалыптасуына зор әсерін тигізеді. Түрлі әдістемелік үрдістерді алмастыра қолдану әр сабақтың мақсаты мен міндетіне, ұстанымы мен мазмұнына байланысты өзгеріп тұрары анық.

Мектепте үйренетін ән-күйлерге қойылатын әдістемелік талаптар мынадай тәртіпте орындалуға тиісті:

1.       Әндер көркемдігі, еркін орындалу мүмкіндігі қаралады;

2.       Әндер орындау мүмкіндігін алдын ала тексеріп, қиындық туғызатын тұстарын меңгеру әдісін анықтау;

3.       Әнге кызығушылық тудыратын әңгіме айту, оқушы қиялын ұштау;

4.       Ән-күй тыңдау, орындау немесе ойнап көрсету;

5.       Ән-күймен танысқаннан соң өткізілетін әңгіме-кеңес. Онда шығарма мінезін, музыкалық көркем бейне беретін негізгі мәнерлерін анықтау;

6.       Көркем-техникалық қағидаларды сақтай отырып ән үйрену кезеңі. Вокалды шеберліктің әннің көркем бейнесін ашуға қызмет істеуін қадағалау. Әнді орындау жөнінде сөздік түсінік беру және ұстаздың ән фразаларын жеке айтып беруі осы жерде аса қажет болады.

Әнді жаңадан үйрену жұмысын мынадай тәртіппен жүргізуге болады:

1.       Ұстаздың өзі орындап көрсетуі;

2.       Ноталық жазбаны қолдану;

3.       Ән әуенін жай екпінде, жеке фраза, шумақтармен үйрену;

4.       Ән интонациясы мен ырғағының өте дәл орындалуын тұрақты қадағалау;

5.       Әннің кейбір қиындау жерлерін жеке бөліп қарау;

6.       Ән мәтінніің логикалық шыңын анықтау, дикциямен жұмыс істеу;

7.       Ұстаз бен оқушының әнді орындау жоспарын ойластыруы;

8.       Әр сабаққа арналған жұмыс жоспарын жазып  отыру;

9.       Көпдауысты әндерді үйренуді әр дауысты жеке көрсетуден бастау керек. Дауыстарды қосуды біртіндеп сатылай жүргізген дұрыс;

10.  Ұстаздың дирижерлік әдістерді қолдануы ән үйрену кезеңін жеңілдететіні сөзсіз.

Ұстаз оқушыларға музыкалық есту қабілетінің жалпы даму негіздерін нақтылы түсіндіріп бергені жөн. Музыкалық есту өнерінің негізгі екі түрі болады: мелодиялық есту және гармониялық есту.

Мелодиялық есту қабілеті естілген, әуен-сазды дәл қайталау арқылы көрінеді, ал гармониялық түрі бірнеше ды\быстар (аккордтар) үндестігін ажырата білумен байқалады. Есту қабілетінің осы екі түрін де арнайы жаттығулар арқылы дамытуға болады. Музыкалық есту қабілеті ән-күйдің мазмұнын, көркем ойын түсінуге, оны сезіммен қабылдауға, шығармалардың дыбыстық кұрамын, ырғактық, тембрлік ерекшелігін және дыбыстық ауқымын, формалық стилін анықтауға негіз болады.

 

Әдебиеттер

 

1.        «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 жарлығы

2.       Ерзакович Б, Каракұлов Б, Қоспақов З. Қазақтың музыкалық фольклоры. – Алма-Ата: Наука, 1982

3.       В.А.Сухомлинский. Балаға жүрек жылуы А.,1976