Тұрысова З.Ж.

№32 балабақша тәрбиешісі,Тараз қ.

Мектеп жасына дейінгі  балаларға дидактикалық

 ойындарды пайдаланудың тәрбиелік мәні

            Тәрбие – баланың дүниеге келген сәтінен басталады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс - әрекет – ойын.

          Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым – қатынастарымен танысады.

Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді.        Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі.

          Ойын - баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән - мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.

          Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін оқу іс - әрекетін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу қызметінде  алған білімді ойынмен тиянақтау.

           Ерте заманнан – ақ адам өзін қоршаған ортаның тылсым тіршілігін тануға әрекет жасаған. Ал айнала дүниені танып – білудің, белсенді іс-әрекеттің алғашқы түрі заттық іс-әрекет болып табылады. Нәресте заттық іс-әрекеттен бірте-бірте, ойын әрекетіне аусады.

          Баланың таным түсінігі, іс-әрекеті ойыннан басталып, оның негізі болашақ өмірінде оқу, еңбек іс-әрекетімен жалғастырылады. Жеке тұғаның дамуындағы ойынның әсерін ерте заманның өзінде – ақ атақты ғұлама ойшылдар, философтар, педагог – психолог ғалымдар көріп, байқап, оны іске асыру жолдарын ұсынған.

          Оның мөлдір бастауы көп ғасырлық тарихына үңілсек, ол                 туралы алғашқы пікірлер ежелгі грек философтары Платон мен Аристотель еңбектерінен бастау алатынын көруге болады. Ертедегі ұлы ойшылдар Я.А.Коменский, Ж.Ж. Руссо, Д.Ж.Локк, И.Г.Песталоцци ойын арқылы балаларды болашақ өмірге бейімдеу керек деп түсіндірген.

          Я.А.Коменский ойынды баланың қозғалуына табиғи қажеттілік ретінде қарастырды. Ол балаларға ойнау үшін көмектесіп отыру қажеттігін, олардың іс-әрекетін бақылау керектігін ерекше атап көрсетті: «Бала неғұрлым көп әрекет етсе, жүгірсе, жұмыс істесе, соғұрлым ол жақсы ұйықтайды, жақсы тамақтанады, тез өседі, денсаулығы мықты болып, дене, ой дамуы жақсы жүреді, бірақ ол үшін баланы үнемі қорғап отыру қажет

Дидактикалық ойындардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Бір жағынан – ойында ойындық әрекет негізге алынған, оның көмегімен жеке тұлғаның белгілі бір сапалары:  зейін, байқағыштық, ес, ойлау, ізденімпаздық, белсенділік қалыптасады. Екінші жағынан – ойын сабақта белгілі бір дидактикалық міндетті, жаңа материалды оқып-үйрену, өткенді қайталау, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, білімді іс жүзінде пайдалану міндеттерін шешуді көздейді.

Мектепке дейінгі кезеңнің оқу іс-әрекеті процесінде аса дайындықты қажетсінбейтін дидактикалық ойындарды пайдалану керек және олар оқытатын, үйрететін сипатқа ие болуы тиіс. Дидактикалық ойындарды ұйымдастырғанда оның сабақтың мақсатына жетуге көмектесетін жағын ескеру маңызды. Оларды сабақтың әрбір кезеңіне сәйкес дұрыс пайдалану да өте тиімді.

 Сабақтың басында ойын баланың қызығушылығын оятады, оны ұйымдастырады, сабақтың ортасында ойын тақырыпты меңгертуге бағытталады, сабақтың аяғында ойын ізденіс сипатына ие болады. Бірақ ойын сабақтың қандай кезеңінде ұйымдастырылса да, қызықты, түсінікті болуы оқушыларды іс-әрекеттің әр түріне баули алуы тиіс.

          Ойынның құралдарына қойылатын талаптар ойынның мақсаты, мазмұны және формасы арқылы анықталады. Бұл жағдайда ойынға қатысты әрбір зат (ойыншықтар, материалдар, т.с.с.)  балаларға жақсы таныс болуы керек.

          Дидактикалық ойындардың тиімділігі олардың сабақтың кезеңіндегі орны мен міндетін және мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын тәрбиеші жетік игеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдардың жиынтығын алдын-ала дайындап алуға, ойын процесіне балаларды белсенді ұйымдастыруға байланысты.

          Дидактикалық ойындардың қайсысын болмасын өткізу барысында балалар түрлі іс-әрекеттерді орынайды. Дегенмен олардың қандай да бір іс-әрекеттің басым орындалуына орай топтастыруға болады. Демек, ойын барысында орындалатын негізгі іс-әрекеттерді анықтап, оның түрлерін іс-әрекетке орай алмастырып отыруға тура келеді.

          Ойын элементтерін пайдалану нәтижелі болу үшін осы сияқты іс-әрекеттерді алмастыра отырып дидактикалық ойындардың өзгермелі болуын да жүзеге асыруымыз керек.

            Қорыта келгенде, ойын - балалардың негізгі іс - әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп өркендей алмайды. Бұл - өмірдің заңдылығы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Б.Баймұратова. Мектеп жасына дейнгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту, Алматы, Мектеп, 1976 жыл.

2.Ахметов С. Балабақшада білім берудің тиімділігін арттыру жолдары.-Алматы: Рауан,1994-84с.

3.Бержанов К., Мусин С. Педагогика тарихы. Алматы: Мектеп, 1971