Поэзиядағы метафоралық және автометафоралық
қолданыс түрлері мен олардың атқаратын қызметі
(М.Жұмабаев пен Ф. Оңғарсынова поэзиясы
бойынша)
Метафора бір
қарағанда көп зерттелген тақырып секілді болып
көрінуі мүмкін. Олай дейтін себебім, сөз өнерінен
басқа метафораны тағы да тіл білімінің стилистика,
лексикология, психолингвистика секілді салалары, сонымен қатар,
қоғамдық маңызы бар эстетика, логика, философия ғылымдары да қарастырады. Осы
орайда зерттелуі жағынан алғанда, ғасырлар жігінде метафора
өзінің шарықтау шегіне жетті ме?- деген сұрақтың туындауы заңды.
Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігінде метафора терминіне
мынадай анықтама берілген: «Сөздің ауыспалы, бейнелі
мағынада қолданылу құбылысы» [1,593-б.].
Ал
ғалым З.Қабдолов «Сөз өнері» еңбегінде метафораны әдебиет
теориясы, оның ішінде троптың (құбылтудың) бір
түрі ретінде сипаттай келіп былай деп жазады: «Сөз мәнін
өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не
құбылысты айқындай, ажарландыра түсу, оларды
өздеріне ұқсас өзге затқа не
құбылысқа балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың
не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын
тереңдетіп, әсерін күшейту» [2, 223-б.].
Қазақтың
біртуар талантты ұлы Мағжан Жұмабаев поэзиясы – небір сөз маржандарын тудырған
салиқалы ойға толы кәусар жырлар. Ақын поэзиясында
өте жиі кездесетін көркемдік тәсілдердің бірі,
әрі бірегейі – метафора болып табылады.
Мағжан
– ұлтжанды ақын. Оның, әсіресе, азаматтық лирика
тақырыбында жазған жырлары өршіл, рухты болып келеді.
Отансүйгіштік, елжандылық, ұлт тағдыры, болашақ
жайлы тақырыптарға
жазылған жырларында кездесетін метафоралар оның
«ақындық менін» анық та айқын ұқтырады.
Мысалға алсақ: «Мен –
оттанмын, от – менен» («От»), «Мен -
Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар», «Мен келемін, мен пайғамбар –
Күн ұлы» («Пайғамбар»), «Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би»
(«Мен кім?). Сонымен қатар, махаббат, сұлулық
тақырыбында да ақынның жеке көзқарасы, сезімі
анық байқалады: «Мен –
есалаң, мен – нәресте, үміт – от» («Сырым»), «Мен
ақынмын – ағынмын» («Жас сұлуға»). Мысалы,
«Жас келін» өлеңіндегі «Жас
келіншек – тоқ қонақ» тармағында
автор жас келіншектің мінез ерекшелігін дөп басып беру үшін
қонақ сөзімен, жай қонақ емес, «тоқ
қонақ» тіркесімен береді. Оның өзіндік себептері де
бар: тоқ қонақ мазасыз болмайды, жағдайы жасалған
қонақ, не болмаса, ол құдайы қонақ.
Мүмкін, ол ауыспалы мағынада рухани бай қонақ
шығар... Автор бұл бағытта негізгі ойды анықтауды
оқырмандарға қалдырады. Жас келіншектің жаңа
отбасындағы биязы мінезі және мейірімді істері мен әрекеттері
осы орайда салыстырмалы мағынада сипатталған. Сонымен қатар,
өлеңнің идеясын беруде мазмұнын одан әрі
тереңдетіп, әсерлі етеді. Өлеңнің толық
шумағына үңілсек:
Жас келіншек – тоқ
қонақ,
Болмайды тіпті
сұғанақ.
Арып–талып жүрсе
де,
Ойлайтыны жақсы
атақ. [3, 12-б.].
Ақын
өзінің «Балалық шақ» өлеңінде былай дейді:
Балалық
шағы –
Патшаның
тағы –
Тіл жетпес оны бағалап.
[3, 17-б.].
Қалыптасқан дәстүрлі
метафораларға
қарағанда әдебиетте метафораның, әсіресе,
символикалық түрі көп талдана бермейді. Себебі, символика
өз алдына тақырыптық, мазмұндық жағынан
қалыптасқан өзіндік әлемі бар бөлек жүйе
болып қарастырылады. Ал
метафораның символикалық түрі қаламгер туындысын одан
әрі ерекше етіп көрсетеді. Ақын М.Жұмабаев
шығармашылығында метафоралардың дәстүрлік
қолданысымен қатар, символикалық сипаты да молынан кездеседі.
Мысалы, «От» өлеңінде ақын былай дейді:
Өзім –
күнмін, өзім – от.
Сөзім, қысық көзім
де – от. [3, 223-б.].
Автор
өзін де, сөзін де, көзін де отқа теңейді. От
– қазақ халқының
түсінігінде киелі ұғым. Ата–бабамыз отты аса жоғары
бағалап, құрмет көрсетіп, оған сыйынған.
Мифологияға қатысты «от культінің» өзіндік
ерекшеліктері ақын поэзиясында ерекше орын алады.
От тақырыбы
ақын Ф. Оңғарсынова поэзиясында да кездеседі. Мысалға
алсақ, «Ақылым жоқ,
үстімде – от жамылғы» [5,207-б.], «От -сынақтардың өртінен, айрылып
ажар-көркінен» [5,211-б.], «Оты
– өрт, желі – ақ боран» [5,155-б.].
Сонымен
қатар, ақын поэзиясында алтын Алтай
– қарт анам, сорлы бұлттар – сорлы жар, қыс – ақ кебін,
өмір – өзен, үміт – шабақ секілді символикалық мәндегі
метафораларды ұтымды жиі кездестіруге болады [3, 67-б.].
Қазіргі
таңда, әсіресе, тіл білімі
мен әдебиеттану саласында метафораға қоса автометафора деген термин қолданыста
жиі талданады. Мектеп бағдарламасына ене қоймаған бұл
теориялық ұғым тіл мамандары болмаса, былайша
жұртқа көп жағдайда таныс емес ұғым.
Метафора – дүниені, жалпы алғанда болмысты
танудың көзі іспеттес. Кез келген метафора қай жағынан
алып қарасаң да, танымдық қызмет атқарады. Осы
орайда ақындар поэзиясында өзінде ғана бар, өзгеде
жоқ дара қолтаңбаны айқындайтын метафоралар да
кездеседі. Бұл көрініс автометафоралар деп аталады. «Автометафора
дегеніміз – ақынның өзін метафорамен көрсетуі» [4]. М.
Жұмабаевтың өзін
метафорамен көрсетуі оның ақындық «мені» арқылы
танылады. Бұл бағыттағы авторлық метафоралар ақын
шығармашылығында молынан кездеседі.
М.Жұмабаев шығармашылығында
авторлық қолданыстағы метафоралары оның «арыстанмын,
жолбарыспын» секілді жалынды символикалық жолдармен көбіне жіктеу
формасында берілсе, ақын Ф.Оңғарсынова поэзиясында
авторлық «мені» жарқырап
«мен, мендеп» тұрмайды, жасырын жолмен беріледі де, көбіне
тәуелдеу формасында келеді. Мысалы, «Серігім
– жел мен Күн менің», «Теңіз – сұсты, көгім –
бұлт, жаға –қырғын», «Отау – айдын, жасауым – жасыл
кемем», «Кеудем – көгал көгершін жырұшардай», «Күйім – қалқан, соғылған ауыр
қыштан», «Күйім – қаңбақ, дауылды қар
айдаған».
Ақын Фариза Оңғарсынова поэзиясын тілге
тиек ететін болсақ, ақын қолданған автометафоралар
тылсым бір әлемге жетелейді. Ақынның өмірге деген
көзқарасы, түйсігі, жалпы алғанда философиялық ой-тұжырымдары
өзгеше бір дүние. Мысалы: «Білмеймін
неге – әйтеуір,
достықтарымның бас жағы – шаттық, арты –
мұң», «Шаттығым сирек, кекшілмін, құбылған
толқын – болмысым», «Кеуде –
ыза, көзімде – кек», «Жас алғам – жаным жасарған»,
«Жүрек– әлсіз, жүйке –қыл, түрімде –
мұң», «Кейде мен жанымда шалғын қалмай, сезінемін:
маңым –су, алдым –жардай», ««Жаным – дала, көгінен бұлт
арылмай», «Жол – дария, тұрмайды ағын ұрмай», «Менің
жаным секілді аспан көшкен», «Өмірдің өзі – мұз
айдын», «Жұртқа менің жүрегім – тұйық
мекен», «Жыр – менің жалғыз тарланым», «Көңіл –
керең, көз – жарғақ, әдемі рең»,
«Елдер –
патша көңілді, арыстан жал», «Миым – тас, жүрегім –
мұң, сезімім – көп», «Жырым – жалаң. Жерім– өрт»,
жұртым – күлгін, «Байлығым – жақсы көрген
адамдарым» [5] т.б. жолдар кез келген өлең
шумақтарының тілдік қуатын арттырып, өлеңге
эстетикалық талғаммен қатар образды ойлар береді.
Автометафораларды ұтымды қолдану нәтижесінде поэзиялық
туындыдан автордың өмірлік көзқарасымен қатар
эмоциялық талғамы да айқын көрініс табады.
Екі ақын екі дәуірдің тумасы. Бірі
«халық жауы» деген жалған саясат дүркіреп тұрған
аумалы-төкпелі заманда өмір сүрсе, енді бірі кеңестік
дәуірден қазақ елінің тәуелсіздікке жеткенге
дейінгі тіршілігінің куәгері болған жандар. Метафораларды,
әсіресе, автометафораларды қолдану арқылы қос
ақынның әрқайсысы өз дәуірінің ащы
шындығымен қоса, жан айқайын, ішкі тылсым сезімдерін, жан
дүниелерінің арпалысын бере білді.
1.
«Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі» Алматы, «Дайк-Пресс» баспасы,
2008, 950 б.
2.
З. Қабдолов «Сөз өнері»
Алматы, «Санат» баспасы, 2003, 528 б.
3.
М.Жұмабаев «Сүй, жан сәулем»
өлеңдер жинағы, Алматы, «Атамұра» баспасы, 2002, 253 б.
4.
4. Жантасова Д., Ақдәулетова
Ж.А. «М. Жұмабаев поэзиясындағы автометафоралар» (мақала).
5.
5.
Ф.Оңғарсынова «Дауа» өлеңдер жинағы. Алматы,
«Атамұра» баспасы, 2002, 287 б.