Елбасы Н.Назарбаев
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту –
Қазақстан дамуының басты бағыты» атты
Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының
функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық
ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет
қойды. Осы мақсатта «Оқушылардың функционалдық
сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға
арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы № 832
Қаулысымен бекітілді. Осыған орай орта білім берудің мемлекеттік жалпыға
міндетті стандарты қабылданды.
Жаңартылған
мазмұндағы «Қазақ тілі» пәнінен үлгілік
оқу бағдарламасы осы құжаттарға негізделіп
әзірленді. Оның мақсаты
– ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін
түсінетін тұлға қалыптастыру, қазақ
әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге,
еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету болып
табылады. Бағдарлама
мазмұнында оқушылар тілді ғылым ретінде ғана
меңгермей, тілдің негізгі функциялары тұрғысынан да таниды.
Атап айтқанда:
§ Коммуникативтік
қызмет - адамдар арасындағы қарым-қатынас
құралы болу;
§ Ойлаумен
байланысты қызметі – ойлау формасы мен сөйлеу формасының
құралы болу;
§ Танымдық/гносеологиялық
қызметі – тіл арқылы дүниені тану, зерттеп-білу,
меңгеру құралы болу;
§ Номинативтік –
танылған нәрсе, іс-әрекет, құбылысқа атау
беру, тілдік аталым беру құралы болу;
§ Аккумулятивтік –
адамзаттың тарихы, мәдениеті туралы жинақтаушы қызметін
атқара білуі;
§ Эмоционалды-экспрессивтік
– адамның сезімі мен эмоциясын
білдіру құралы болуы.
Осы аталған функциялар
жаңартылған оқу бағдарламасында ұсынылған оқу
мақсаттары, лексикалық тақырыптар, қолданылатын
әдіс-тәсілдер арқылы толық қамтылды.
Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына қатысты
мына жайттарды да атап өтуді жөн көрдік.
Қазақстан
2009 жылдан бастап үш жылда бір рет өткізіліп тұратын PISA
халықаралық зерттеуіне қатысады. PISA зерттеуінің
негізгі бағыттарының бірі – оқу сауаттылығы. Ол тек оқу
техникасы мен мәтiннің
мазмұнын түсiнуді ғана емес, оқу барысында
меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда
қолдана білуін бағалайды. Мәселен, 2012 жылы
қазақстандық оқушылар 65 мемлекеттің ішінде 63-орындағы көрсеткішті
көрсетті («PISA-2012 нәтижелері» Халықаралық есебі).
Бұл қазақстандық оқушылардың оқу
сауаттылығы төмен дәрежеде екендігін анықтады.
Осыған орай жаңартылған бағдарлама мазмұнына
түрлі санаттағы мәтіндермен жұмыс істеу түрлері енгізілді.
Мысалы, оқылымның «Мәтіннің
стильдік ерекшелігін тану» оқу
мақсатын жүзеге асыру үшін
5-сынып оқушылары ауызекі сөйлеу және жазба стильдегі
мәтіндердің
айырмашылықтарын таныса, жоғары сыныптарда
әртүрлі стильдегі мәтіндердің тілдік құралдарын
анықтайды. Оқу мақсаттарын
жүйелі түрде жүзеге асырудың нәтижесінде
оқушылардың мәтінді талдау дағдысы қалыптасады.
Бұл «грамматика» мүлде оқытылмайды деген сөз емес. Оқушы
табиғат пен қоршаған ортаны тануда, күнделікті
тұрмыс-тіршілікте кездесіп қалатын табиғи
құбылыстардың сырын ашуда, ой бөлісуде, пікір алмасуда тілді
құрал ретінде пайдаланып, грамматикалық
заңдылықтар мен формаларды дұрыс қолдана білуге
үйренеді. Яғни, оқушылар грамматиканы дәстүрлі
«жаттанды» әдіспен емес, өмірмен байланысты мәнмәтінде
меңгереді. Ол оқу бағдарламасында сөйлеу әрекеті
түрлері бөлімінен бөлек «Әдеби тіл нормасы»
бөлімінде көрініс табады.
Сонымен қатар, бағдарламада оқушылардың жас
ерекшеліктеріне сай қызықты болатын, өмірмен байланысты
лексикалық тақырыптар ұсынылды. Мысалы, «Ғарышты игеру», «Қызыл кітапқа енген жануарлар»,
«Энергия ресурстары» , «Туризм. Экотуризм», «Театр», «Заң»
бөлімдеріне қатысты лексикалық тақырыптар
оқушының белсенді сөздік қорын байытуға,
алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуға,
өз ойын ашық, еркін жеткізе білуге мүмкіндік береді.
Бұл оқушылардың болашақта мамандық
таңдауына, дүниетанымын кеңейтуіне өз септігін
тигізеді. Ашықхатта қозғалған тақырыптар туралы
ғылыми деректерді оқушылар биология, география, тарих, өнер,
физика секілді пәндерден алады. Бұл оқушының пән
мен тілді қатар меңгеруіне ықпал етіп, академиялық
тілін қалыптастырады. Пәнаралық байланыс орнайды. Ж.Аймауытовтың «Басқа пәндерден тіл
оқыту айырым болмасын, қайта өзге пәндер тіл
үйренуге керек етсін» деген пікірі де бағдарламаның
ұстанымын растайды.
Қорыта келе, біз тілді оқушыларға
ғылым ретінде ғана оқытпай, тілді «құрал» ретінде
оқыту қажет деп есептейміз. Құрылымдық
грамматиканы жаттанды түрде меңгеруден алшақтап, тілді
жұмсалымды грамматика негізінде қарастыруымыз керек.