Мырзағалиева К.М.,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
Алиакбарова А.,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институтының 4курс студенті
Қазақ ССР тарихының өткен ғасырын еске
алсақ, көзге толық, көңілге медеу үш адамды
алдымен айтамыз. Олар – кең Қазақстанның шалғай
жатқан өлкелерінен шықса да, бір туғандай сезілетін
асыл жандар. Олар үшеуі үш мұнардай болған:
Шоқан, Ыбырай, Абай[1, 5].
Алтынсариннің әдеби-шығармашылық мұрасындағы
ең тың, ең құнарлы, ең жемісті арна –
көркем проза. Ыбырай мен Абайдың арасындағы бұл салада
да орын алған ізашарлық ұқсастық,
жаңашылдық үлес ортақтығын әдебиет
зерттеушілеріміз ертеден-ақ байқаған. Бірақ сонымен
қатар олардың бұл салаға келу жолдары мен осы
бағыттағы шығармашылық әдіс-тәсіл
айырмашылықтарын да ескермесе болмас еді[2, 276].
Мәселен, Абай өзінің қара сөздеріне
ақындық өнері әбден кемелденіп барып, табиғи
мәресіне жеткен кезде ойысқан болса, Ыбырай
шығармашылық қабілетінің барлық түрлерін
ұстаздық қызметіне құрал ретінде пайдалану
мақсатымен бұл жанрды ерте қолға алған.
Оның сюжетті қысқа әңгімелерінің
тәрбиелік, тағылымдық сипаты осыған байланысты болып
келеді. Өзгені былай қойғанда, «Хрестоматияның»
прозалық бөліміндегі қысқа әңгімелердің
орналасу тәртібінен де осыны аңғаруға болады.
Айталық, «Өрмекші, құмырсқа,
қарлығаш» атты жиырма жолдық әңгімедегі он жасар
бала атасына еріп келе жатқанда, сол атасының
нұсқауымен, өрмек тоқып жатқан өрмекшіні,
нанның қоқымын сүйреткен құмырсқаны,
аузына бір тал шөп тістеген қарлығашты көреді; атасынан
мұны не үшін істегендерін білді; өзі содан сәби
санасының деңгейінде ғибрат алды. Әңгіме осымен
бітті, оның сюжеттерінде басқа өріс жоқ. Демек,
эпизоттық көрнекілік мәні басым. Дәл осы сәтте
баласының танымы үшін өте маңызды мән.
Ұстаз жазушы қып-қысқы әңгіменің
өзі қолданған этюдтік құрылымын өз
мақсатына ұтымды пайдаланған. Осыған жалғас
«Сәтемір хан», «Талаптың пайдасы», «Әке мен бала», «Асыл
шөп», «Бақша ағаштары», «Бір уыс мақта», «Алтын шеттеуік»
сияқты әңгімелердің бәрі сөзден
жасалған көрнекілік құрал рөлін атқарып
тұр.
Бірақ осылардың барлығының да, сайып келгенде,
ұлттық көркем прозаның қысқы
әңгіме жанырына іргетас бола алатындай бастамалық зор
маңызы бар екендігі сөзсіз.
Мұндай әңгімелер бірте-бірте құрылым
жағынан күрделеніп, мазмұны толысы түскен сайын,
оқиға желі тартып, көркемдік дәрежесі көтеріле,
жанрлық бейнесі айқындала түседі. Бұған алғашқы
мысал ретінде «Шеше мен бала» атты әңгімені алуға болады.
Біріншіден, мұнда диалог түріндегі драмалық жанрдың
нышаны бар. Екіншіден, белгілі бір іс-қимыл арқылы ашылатын
кейіпкер характерлерінің элементтері байқалады. Баланың шеше
сұрақтарына қайтарған неше дүркін жауаптарынан
бала мінезінің ерекшеліктерін танимыз. Әңгімеге кейінірек
араласқан қызының сөздері арқылы
оқиға жаңа бір өріске қарай өріледі. Біз
осы кейіпкердің сөздері мен іс-қимылдарынан кәдімгідей
сюжетті әңгімеге қарай дамыған шығарма динамикасын
көріп отырмыз.
Ыбырай әңгімелерінің ішіндегі мазмұны терең,
көркемдік дәрежесі жоғары әңгімелерінің
бірі – «Бай мен жарлы баласы». Бұл туынды Ыбырай Алтынсариннің
өмірі мен шығармашылық қызметін білетін әр бір
оқырманға жақсы таныс. Сондықтан оның
мазмұнын баяндап жатпай-ақ, басқа әңгімелерінен
өзгеше кейбір көркемдік ерекшеліктеріне ғана тоқталып
өтейік[2, 277].
Бірақ бұл тұста бір ескертпені айта кетуді жөн
санаймыз. Кешегі кеңестік дәуірдегі идеологиялық
өктемдік тұсында Алтынсариннің ағартушылық
қызметі жөнінде орын алған кейбір жаңсақ
пікірлердің ішінде, әсіресе, осы әңгіме жөнінде
де оның идеялық мазмұнын теріс бағалаушылық, атап
айтқанда, жадағай таптық тұрғыдан
қараушылық байқалып жүрді. Ол көзқарас
бойынша бай баласы міндетті түрде жағымсыз кейіпкер болуы керек
еді.
Шындығында, Асанның өмірге бейімсіз, жылауық,
қорқақ, табансыз болып шығуы тек бай баласы
болғандықтан, ал Үсеннің пысық, сабырлы,
қиындыққа төзімді, тапқыр іскер болуы тек
кедейдің баласы болғандықтан ба еді? Екі баланың
қиыншылық жағдайда екі түрлі мінез көрсетуі
олардың шыққан тегіне ғана байланысты болмаған
шығар. Үстем тап өкілдерінен, ауқатты адамдар отбасынан
да дарынды, ақылгөй, қайраткер өкілдер шығып
жатпай ма? Сондай-ақ кедей текті адамдар ішінде де неше түрлі
жағымсыз, теріс мінезді пенделер кездеспей ме? Демек, адамның
жаман-жақсы болуы оның әлеуметтік тегіне ғана
байланысты емес, жеке басының табиғи қабілет-дарыны
үстіне, тәрбие алған ортасына, көрген-білгеніне,
тағы басқа нақты жағдайларға да байланысты болса
керек.
Бұл жердегі біз үшін маңыздысы – жазушының
көшпелі ел тұрмысында иесіз жұртта адасып қалған
екі баланы бір тәулік ішінде солардың мінез-құлқы
мен қажыр-қабілеті айқын танылатындай жағдайға
қоя білген және сол жастағы оқушы балаларға
әсер ететіндей тағылымдық әңгіме
туғызған шеберлігі. Балалардың жол кесіп, көшкен
елдің ізіне түсу, қарындары ашқанда тұзақ
құрып үйрек ұстау, қармақ жасап балық
аулау, қараңғы түнде от жағып, таң
күзету сияқты Асан мен
Үсеннің өздеріне лайық әрекеттері бізге осыны
дәлелдейді.
Алтынсарин әңгімені тек мектеп оқушыларына ғана
арнап жазған жоқ. Оның ересек адамдарға деп әдейі
жолдаған шығармалары да баршылық. Солардың бірі –
«Қыпшақ Сейітқұл». Әңгіменің негізгі
идеясы – қысы-жазы мал соңынан еріп, қоныс аударып
жүретін көшпелі елді бір жерге орналастырып отырықшы ету,
содан кейін шаруа адамдарды диқаншылыққа қарай
бейімдеу.
Осындай ойға берілген Сейітқұл атты өзінің
бір шоғыр ауылдастарын топырағы қолайлы өңірге
көшіріп әкеліп, оларды суармалы егін шаруашылығына
үйретеді. Осы бастамасы жемісті болып, ақырында ауылда егін, мал
шаруашылығы қатар өркендеп, шаруа адамдардың ауқаты
артады. Олар артық өнімдерін саудаға шығарып,
кәдімгі нарықтық қатынасқа тартылады.
Әңгіменің сюжеті тарихи шындыққа негізделген.
Мұндағы жер аттары, елді мекендер мен әкімшілік
аймақтары нақты өмірден алынған [2, 278]. Мысал ретінде келтірер болсақ «Дүние
қалай етсең табылады» атты мақаласында мынадай жолдар бар: «
- 1791 жылда, өзім университет деген үлкен школда оқып
жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Зерсаль
қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім»[3, 58]..
«Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінен үзінді
келтірсек: «Көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай
жеріндегі Қабырға деген өзен-судың бойына
тоқтады. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан, мына
жақта қалмақтан шетірек және жаманшылық болса,
қалың Қыпшақ деген руға жақынырақ
екен деп, сол жерді ұнатып қайтқан соң, қысты
өткізіп, жаздың жылы уақытында кедейлерді жалаңаш жалпы
көшіріп, Қабырға бойына алып келді.
Сейітқұлдың бір ағасы бар еді, жол жүріп,
ұрлық, барымтаны әдет еткен; інісінің қанша
айтқан ақылына болмай, үш-төрт үймен
жалғыз-ақ сол көшпей, ескі орны Түркістан жағында
қалды"[3, 61].
«Хрестоматия» оқулығында қара сөзбен
Ыбырайдың өз қолынан шыққан алпысқа тарта
шығарма бар. Олар тақырып жағынан да,
әдеби-жанрлық түр жағынан да саналуан. Солардың
көпшілігі – шағын көлемді әңгіме, мазмұн
жағынан алғанда – мінез-құлықтың, жалпы
адамгершіліктің неше түрлі қырлары[2, 278]. Оны
«Талаптың пайдасы», «Мейрімді бала», «Зеректік», «Әдеп»,
«Қанағат», «Әділдік», «Салақтық»,
«Ақымақ дос», «Жаман жолдас», «Надандық»,
«Тәкаббаршылық» деген сияқты тақырыптарына қарап-ақ
аңғаруға болады.
Ыбырай Алтынсаринның төл әңгімелері: «Сөз
басы», «Бай мен жарлы баласы», «Киіз үй мен ағаш үй»,
«Қыпшақ Сейітқұл», «Оқудағы
балалардың үйіне жазған хаттары», «Надандық», «Асыл
шөп», «Шеше мен бала», «Мейірімді бала», «Жан-жаануарлардың
дауласқаны», «Жомарт», «Лұқпан әкім», «Ізбасты»,
«Сәтемір хан», «Байұлы»[4, 29].Аударма сипаттағы
әңгімелері: «Бір уыс мақта», «Әке мен бала»,
«Ақымақ дос», «Әділдік», «Алтын шеттеуік», «Талаптың
пайдасы», «Тәкаппаршылық», «Сраңдық пен жинақылық»,
«Аурудан - аяған күштірек», «Бақша ағаштары», Малды
пайдаға жарату», «Тышқанның өсиеті», «Сақып»,
«Салақтық», «Мұжық пен жасауыл», «Білгеннің
пайдасы», «Дүние қалай етсең табылады», «Әдеп»,
«Түлкі мен ешкі», «Сауысқан мен қарға», «Полкан деген
ит», «Үнді», «Қраға мен құрт», «Силинчи ханым»,
«Мұңсыз адам», «Данышпан қазы», «Үш ұры»,
«Жамандыққа жақсылық», «Жаман жолдас», «Айуанның
естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ»,
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Таза
бұлақ», «Баланың айласы», «Петр патшаның тергелгені»,
«Өтіріктің залалы», «Зеректік»[4, 55].
Бабаш Әбілқасымов, филология ғылымдарының докторы,
профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері: «Дала уәлаяты»
газетіндегі Ыбырай әңгімелері өз атынан жарияланбаған»
деп сұхбат береді «Аңыз адам» журналында. «Дала уәлаяты»
газетінің 1889 жылғы 52-номерінде қосымша ретінде әдеби
бет берілген. Оған бірнеше әдеби очерк, ертегі,
мысал-әңгімелер кірген. Олардың бесеуі –
Ы.Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясына» енген
әңгімелері. Олай деуімізге себеп, бұл
әңгімелерінің бірінің аты да, мәтіні де
хрестоматиямен сөзбе-сөз ұқсас, тек кейбіреуінің
орфографиясынан ғана аз-кем шағатай әдеби тілінің әсері
байқалады. Алайда бұл әңгімелер газетке Ыбырайдың
атынан берілмей, басқа біреулердің атынан басылған.
Мәселен, Ыбырайдың «Жәнібек батыр», «Ізбасты би»,
«Сәтемір хан», әңгімелерінен кейін «Мекенім – Повлодар
уезінің Ақ келін елі» деп Шахзанде Айса ұғлы Шорманов
деген қол қойған. Ал «Лұқман әкім»,
«Жиренше шешен» әңгімелерін Жәке Сақатай
ұғлы Тұранов деген адам өз атынан берген. Газет
редакциясы бұл әңгімелердің «Қырғыз
хрестоматиясынан» алынғанын білмеді деуге болмайтын сықылды.
Өйткені газеттің келесі 1890 жылғы 6-нөмірінде автор
Д.Сұлтанғазин «Біздің қазақ тілі турасында 5-6
ауыз сөз»атты мақаласында қазақ тілін жан-жақты
дамыту мәселесіне, оны әдеби тіл дәрежесіне көтеру
қажеттілігіне кеңінен тоқтала келіп, мақаласын
«Қазақтарға өзінің ана тілін дамыту пайдалы
және қажетті іс. «Қырғыз хрестоматиясының» авторы
марқұм Алтынсарин соны қалап еді», - деп аяқтайды[5, 16].
Жанр жағынан қарастырғанда да, олардың біразын
автор ертегі, мысал, ел аузынан алған аңыз әңгіме
түрінде берген. Содан кейінгі бір маңызды ерекшелік – мұнда
қазақтың өз тұрмысынан, оның
арғы-бергі тарихынан алынған лұғатты өнеге үлгілерден
басқа орыс, қытай, еуропалық халықтар өмірінен
алынған әртүрлі кептер сөз болады, тарихи
тұлғалар мен ірі-ірі қалалардың, елдердің аттары
аталады. Осылардың барлығы – оқушы жастардың
ой-өрісін кеңейтетін тағылымдық-танымдық
мәні бар шығармалар[2, 279].
Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің мазмұны
адамгершілікке, кісілікке, талаптылыққа, өнерге,
еңбекке, оқу-білімге, достыққа т.б. жақсы
қасиеттерге шақырады. Жақсылыққа жақын
болып, жамандықтан қашық болуды үйретеді.
«Қазақ хрестоматиясына» кірген шағын
әңгіме-новеллалардың тақырыбын еңбек,
тәрбие, өнер деп шартты түрде бөлуге болады[6, 3]
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ыбырай Алтынсарин. Шәкәрім
Құдайбердіұлы /Бас ред. Б.Аяған. – Алматы:
«Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2007. – 632 бет.
2. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он
томдық, 5-том. Алматы. ҚАЗақпарат., 2006. -555 бет.
3. Таза бұлақ: Өлеңдер,
әңгімелер, очерктер, хаттар. –Алматы: Раритет, 2008. – 208 б. –
«Балалар әдебиетінің алтын қоры» сериясы.
4. Өнер – білім бар жұрттар:
Өлеңдер, әңгімелер, очерктер, хаттар мен естеліктер. –
Алматы: Жалын, 1991. – 240 бет.
5. Аңыз адам. №17 (77) Қыркүйек 2013 жыл. Марфуға Шапиян. «Дала уәлаяты» газетіндегі Ыбырай әңгімелері өз атынан жарияланбаған. 50 бет.