Мырзағалиева К.М., Қостанай
мемлекеттік педагогикалық
институтының доценті, филология
ғылымдарының кандидаты
Махрубаева Ж., 4 курс студенті
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – ФОЛЬКЛОРТАНУШЫ
XIX ғасырда
өмір сүрген аса көрнекті ағартушы-педагог, этнограф,
фольклорист, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы
Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) қазіргі Қостанай облысының, Арақарағай
деген жерінде дүниеге келген.
Ы.Алтынсарин өмір сүрген уақыты қазақ
халқының әлеуметтік-экономикалық және саяси
өмірінде жан-жақты өзгерістерге толы күрделі
кезең еді. Осындай кезеңде әртүрлі қызметте
жүрген Ыбырай халық ауыз
әдебиеті үлгілерін жинақтап, оларды жүйелеп, жариялауда
да еңбегі зор болды. 1860 жылдары Торғай қаласында
мұғалімдік қызметте жүргенде ауыл-ауылды аралап,
халық арасында жүріп, көне көз қариялармен
әңгімелесіп, олардың ауызынан
аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер мен
жұмбақтарды, халық ақындарының
өлеңдерін, айтыс түрлерін
жиі жазып алып, қағазға түсіріп, жарыққа
шығарды.
Ыбырай Орынбор бекінісінде тілмаштық қызмет атқарып
жүрген кезден-ақ қазақ фольклорлық мұрасын
жинақтай бастағанын көреміз. Оған 1862 жылығы 26
қаңтарда Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Мен
қазақтың ескі өмірінен ол пұл жинап алдым
және әлі де жинап жатырмын, оларды кезінде өзіңізге
жіберемін. Орақ-Мамайдың әңгімесінен сіз
қызығарлық ештеңе таппассыз, сондықтан мен
ондайларды қойып, қазір қазақтың
әртүрлі әдет-ғұрыптары жөніндегі
мәселелермен шұғылданып жүрмін. Егер реті келіп
қалса оларды да жазып, сізге жібермекшімін» [1, 269] -дегені дәлел
болмақ.
Әкесі Алтынсары қаза болғаннан кейін, атасы Балқожа
бидің тәрбиесінде болып, сол ауылға келіп жүретін ірі
ақындармен танысып, олардың жырларын қызыға
тыңдауы Ыбырайдың фольклорлық мұраларды молынан
жинауына себеп болды. Сонымен қатар фолькорлық мұраларды
жинауына өзінің орыс досы Н.И.Ильминский қол ұшын
берді. Оны Н.И.Ильминскийге жазған хаттарынан көре аламыз.
Кейін Марабай ақыннан Ыбырай «Қобыланды батыр» жырын жазып
алады. Ыбырай Алтынсарин Марабаймен жақсы таныс дос болған.
Бұл турасында Б.Сүлейменов: «Подобно Радловому, Ильминскому,
Веселовскому, и другим известным тюркологам-востоковедом того времени,
И.Алтынсарин записывал из уст народных сказителей, например знаменитого Марабай
жырау, произведения устного народного творчества казахов»-деп Ы.Алтынсаринді түрколог-шығыстанушы
ретінде бағалайды [2. 159] Әсіресе, оның жинақтаған
«Қобыланды батыр мен Тайбурыл», «Шалгез жыраудың Жәнібек
ханға айтқаны», «Әбілқайыр және Қаналы»,
«Орынбайдың Ерден батырға айтқан өлеңі», «Бір
ақынның әділ төреге айтқан сөзі»,
«Жанақ пен баланың айтысқаны», «Шектібайдың
Қарағұл дегенді мақтауы», халық аңыздарынан
алынған «Жәнібек хан», «Жиренше шешен» және т.б. сияқты
ауыз әдебиет үлгілері құнды деректік материалдар.
Себебі тарихымыз туралы көптеген мағлұматтарды
қазақ ауыз әдебиетінен де көптеп кездестіруге болады.
Ал, фольклорлық материалдардың ерекшелігі тарихи
оқиғаларға және тұлғаларға
дұрыс баға беруінде, өйткені айтылып отырған
қандай да бір оқиғаның жасаушысы сол
халықтың өзі. Сондықтан қазақ эпостарында,
аңыз-әңгімелері мен ертегілерінде кездесетін деректерді
терең талдау арқылы пайдалану жазу мәдениеті кешеңдеу
дамыған халқымыздың тарихын объективті зерттеуге
мүмкіндік береді. [2,159-160].
Ыбырайдың халық мұрасын жинауы оның
«Қазақ хрестоматясына» жазған алғы сөзінен де
аңғарылады. Хрестоматияға қазақ фольклорының
жанрлық түрлерін өте ұтымды пайдалана білген.
Яғни фольклордың тәрбиелік, ғибрттық
мақсаттағы функциясын осы еңбегінде сәтті жүзеге
асырған. Яғни автор осы кітаптың көтеретін
саламағына байланысты санаулы мәтіндерді сұрыптап кіргізген.
Айталық ертегіден «Сәтемір хан», «Жомарт» («Новеллалық»
ертегі), «Жиренше шешен», «Жәнібек батыр» (тарихи аңыздар),
«Байұлы» (ру аңызы) т.б. «Нұржан бидің бір сөзі»,
«Қобыланды мен Тайбурыл», «Жанақ пен баланың айтысқаны»
толғаулар мен батырлық эпостан үзінді, сонымен бірге
хрестоматияға өзі жинаған мақалдардан тәрбиелік
қуаты бар 65 мақал кіргізген. [3, 12-105].
Ыбырай фольклорлық мәтіндерді жинап, жариялаумен бірге
фольклорлық этнографиялық дүниелерді зерттеуге де назар
аударған. Жалпы оның еңбектерінің ауқымы
қазақ халқының этнографиясын, фольклорын және
өз заманындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси
өмірдегі жағдайларды қамтиды. Оның отбасы мен неке
мәселесіне арналған «Орынбор ведомоствосы
қазақтарының құда түсу, қыз
ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты
зерттеу мақаласы мен «Орынбор ведомствосы қазақтарының
өлген адамды жерлеу және оған ас беру
дәстүрінің очеркі» атты мақалаларын атауға болады.
«Орынбор ведомоствосы қазақтарының құда
түсу, қыз ұзату және той жасау
дәстүрлерінің очеркі» атты мақаласында неке
құру, құдалық мәселелеріне байланысты салт-дәстүрлер
мен әдет-ғұрыптар терең қамтылып,
қазақ халқының үйленуге байланысты
қалыңдық айттырып, құда түсуден бастап,
келін түсіру тойына дейінгі жөн-жоралғылар сипатталған.
Сонымен бірге, қазақ арасына кең тараған
әмеңгерлік (левират) некенің бір түрі ретінде
қарастырылған. Ы.Алтынсарин құдаласудың
руаралық қатынстарды реттеудегі рөлін көрсете келе
«...твердо укоренившийся теперь в Орде обычай: не жениться своих
одноотделенцев, допуская к этому только однороцев, которые состоят к семейству
засватанной невесты в родстве не ближе восьмого колена. Надо заметить при этом,
что собственно магометанский закон дозволяет жениться даже на близких
родственницах, что и соблюдается у всех мусульман, кроме киргизов (казахов –
Г.К.)»., -деп, қазақтың әдет-ғұрып
заңы бойынша туыстық қатынас үзілмегенше жеті
атаға дейін қыз алыспау салтына да терең шолу жасайды. [2,
157].
«Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды
жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі» атты
мақаласында қазақтардың өлімді жөнелту мен
ас беру туралы айтылған. Әрине бұнда өлімді
жөнелтуде жергілікті дәстүрдің сақталғандығын
айқын байқауға болады. Ойшыл Ыбырайдың мына
сөзінен аңғарылады: «Өлген адамды қазақтар
үш-төрт сағаттан артық, ал көп дегенде жарты
тәуліктен артық сақтамайды. Сол сағатта өлген
адамның үйіне төңіректегі ауылдың молдалары
шақырылады. Олар келгеннен кейін шариғат заңы бойынша өлікті
арулап жуып, көмгенннен кейін, оның киім-кешектері кедейлерге
беріледі. Содан кейін молдаларға садақа үлестіріледі.
Бұл садақа – Ысқат деп аталады» дейді.
Ері қайтыс болып оны үйден шығарарда әйелінің
дауыс шығарып жылауы Ыбырай мақаласында төмендегідей
көрініс тапқан: «Сүйекті шығарарда өлген
адамның әйелдері ойбай салып, дауыс шығарады, оған
ауылдағы басқа әйелдер де қосылады. Беттерін тырнап,
қан қылады. Бастарына түскен
қайғы-қасіретін жұрт алдында қаншалық
күштірек көрсеткісі келсе, беттеріне де жара соншалық
көп түседі»[4, 159],- деп сипаттайды.
Бұл екі мақалада да көтерілген тақырып, жалпы қазақ
халқының ғұрыптық рәсімдерді атқаруы
туралы ғана емес, Орынбор облысындағы өмір сүріп
жатқан қазақтардың фольклорына, яғни
аймақтық фольклорға тән ерекшеліктер.
Қорыта айтқанда, Ыбырай Алтынсарин XIX ғасырдағы
қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы,
қоғам қайраткері, қазақ жазба
әдебиетінің негізін салушы, сонымен қатар қазақ
этнографиясы мен фольклорына да өзінің бағалы
еңбектерімен үлесін қосқан ғалым. Оның
фольклор саласындағы негізгі еңбегі фольклорлық
еңбектерді жинау, хатқа түсіріп, баспа
бетінен шығарумен қатар балаларға үлгі өнеге
бетерін, тәлім-тәрбие беру мақсатында қолданған.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Алтынсарин И. Таңдамалы шығармалары.
Құрастырып баспаға дайындаған:
Б.С.Сүлейменов.-Алматы: Жазушы, 1991.
2. Алтынсарин Ы. Этнографиялық очерктер және
ауыз әдебиет үлгілері. 2-ші бас. толық. – Астана: «Алтын
кітап», 2007, -166 б. – (Қазақ этнографиясының кітапханасы,
13-ші том).
3. Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. –
Алматы: Білім, 2003.
4. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. –
Алматы: Ғылым, 1994.