Филологические науки / 5.Методы и приемы контроля уровня владения иностранным языком

Абдулдаева Б. С.

Тоғыз орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Шалқар қаласы, Қазақстан

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘДЕНИ КОМПОНЕНТТІ ҚОЛДАНУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Қазіргі таңда шетел тіліне коммуникативтік тұрғыдан оқытудың кеңінен таралып, дамуына байланысты тілді белгілі бір әлеуметтік және мәдени жағдайларға байланысты қолдануға көбірек көңіл бөліне бастады. Осы кезге дейін қолданылып жүрген жекелеген бір сөйлем немесе фраза төңірегінде ғана қарастырылатын аудиолингвальды әдіс оқушыны өзінің ішкі ойларын басқа тілде бірден жеткізе білуді үйретуге жарамсыз екендігі анықталып отыр.

Ағылшын тіліне оқытудағы әлеуметтік мәдени компонент мазмұнын әлеуметтік қарым-қатынас құралы ретінде, ұлттық ой өріс (менталитет) және ұлттық игілік тәрізді үш бағытта қарастыруға болады. Әрине, мәдениетті барлық жағынан да қамтитын кез-келген жасанды кедергілермен шектеп қоюға болмайды. Сондықтан да, аталған компоненттер «мәдениет» категориясына қатысты қалыптасқан маңызды көзқарастар жүйесінің басты бағыттары ретінде ғана ұсынылады. Аталмыш компоненттердің мазмұнын толығырақ жеке-жеке қарастыралық.

«Әлеуметтік қарым-қатынас» ұғымын белгілі бір мәдениет өкілдерінің ақпаратты ауызша және жазбаша түрде жеткізудегі әдіс тәсілдерінің жиынтығы деп түсінуге болады. Бұл қарым-қатынастың аса маңызды құралы – тіл, сондай-ақ, тіл аралық қатынастағы әрбір тілдің өзіне тән айырмашылықтары. Аталмыш айырмашылықтар тілдің атқаратын қызметіне қарай түрлі жақтарынан байқалуы мүмкін, атап айтсақ, лексикалық жағынан: to prepare – сөздің британдық варианты/ to ready – американдық вариант; shop/store; garden/yard; football/soccer; holidays/vacations; underground/ subway; maize/corn т.б; грамматикада – мысалы, ағылшын тілінің американдық варианты британдық вариантта қолданылатын Present Perfect шағының орнына Past Simple шағының көбірек қолданылатындығымен сипатталады; фонетикада – түрлі әлеуметтік дәрежедегі, әртүрлі штат өкілдерінің сөйлеу мәнеріндегі дыбыстық айырмашылықтар және т.б.

Жазбаша қарым-қатынастың ерекшеліктеріне күн, ай, жыл аттарының, қаулы–қарарлардың, мекен-жайдың, келісім-шарттардың, іскерлік хаттардың, резюмені толтырудың жазылу ережелерін жатқызуға болады. Кейбір жағдайларда әлеуметтік қарым-қатынас құралдарын білмеушілік түсінбеушілікке немесе мәдени араздыққа алып келуі мүмкін.

Мысалы, датаны жазу ережесін білмеу (Қазақстанда: күні/ айы/ жылы/, АҚШ-та: айы/ күні/ жылы/) ақпаратты дұрыс түсінбеуге әкеліп соқтырады.

Ұлттық ой-өрісті белгілі бір мәдениет өкілдерінің ойлау қабілеті арқылы олардың мінез - құлқын айқындайтын тәсілдердің бірі деп түсінуге болады. Менталитетке қатысты зерттеулерге сәйкес, оқытылатын тіл елі халқының ой-өрісін үш өлшемде қарастыруға болады: жалпы, ситуативті, яғни белгілі бір жағдайға байланысты және мәдени өзін - өзі айқындауы.

Ұлттық менталитеттің жалпы сипаттамаларына білім, мінез-құлық және қарым-қатынас тәрізді үш компонентті жатқызуға болады. Бұл құрамды бөліктерге сол тіл өкілдерінің мейрамдары, салт-дәстүрлері, дағдылары айқын мысал бола алады.

Менталитеттің ситуативті сипаттамасы ой-өріс мақсаттылығын, түйсікті және ішкі сезімнің сырт көрінісінің әлпетін құрайды. Американдық менталитетке қатысты мақсаттылықтың төмендегідей белгілерін айтуға болады: жеке өзіндік қасиет, болашақты бағдарлау, еркіндік, бәсекелестік және т.б.

Ұлттық ой-өріс туралы сөз болғанда жоғарыда айтылған жалпы және ситуативті сипаттамалармен қатар тұратын тағы бір элементті арнайы атау керек, олөзін-өзі мәдени айқындау. Қоғамда адамдар, әдетте, арнайы бір белгілеріне қарай «топталады», яғни олардың ортақ мүдделері, тілектері, бағыттары, құндылықтары болады, олар бірге қызмет атқарады, саяси көзқарастары да бір болады және т.б. Келтірілген әрбір белгіге қарап адамның қандай топтық құрылымға жататындығын бірден айқындауға болады. Сондықтан да, оқушылар ұлттық қағидалар арқылы біріккен түрлі мәдени топтармен таныса алады. Ұлттық қағидаларға ұлттық игілік әсері негізінде қалыптасқан ұлттық менталитетке сай келетін сипаттамаларды жатқызуға болады.

Ағылшын тіліне оқыту мазмұнындағы әлеуметтік мәдени компоненттің құрамды бір бөлігі болып табылатын ұлттық игілікті төмендегідей мәдени бағыттарда қарастыруға болады: ғылым және өнер, тарих және дін, ұлттық бақтар, тарихи қорықтар мен басқа да тауап етуші туристік орындар. Бұл тізбекті өте кең көлемде қарастырып, шексіз мысалдар келтіруге болады. Алайда, ағылшын тілінің әдіс-тәсілдері арқылы әлеуметтік мәдени білім берудің мақсаты - оқушыларды ұлттық игіліктің өз тілін сақтап, өз тілін насихаттаушының әрқайсысы білетін, мақтан ететін бөлігімен таныстыру, сондай-ақ, ұлттық игіліктің мәдени құндылығын да көрсету маңызды болып табылады. Мысалы, тарих туралы айта отырып, тарихи оқиғалардың қоғамның дамуына тигізетін әсері мен мағынасын қарастырып, тарихи еске алу мәселесін қозғау керек; көрікті жерлер туралы талқылай отырып, халықтың архитектуралық және көркем мұрасына оқушылардың назарын аудару қажет; ұлттық бақтарды зерттей отырып, қоршаған ортаны қорғауға және жаңа ұрпақты табиғатпен үйлесімділікте тәрбиелеуге шақыру керек.

Қорыта айтқанда, ұлттық менталитет, әлеуметтік қарым-қатынас және ұлттық игілік бір-бірімен өте тығыз байланысты. Мәдениет те қоғамның дамуымен бірге дамып отыратын «жанды» категория. Осыған орай, әлеуметтік мәдени компоненттің мазмұны үнемі өзгеріп, жаңа құндылықтармен толығып отырады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мильруд Р. П. Навыки и умения в обучении иноязычному говорению // Иностр. языки в школе, 1999, №1.

2. Сысоев П. В. Феномен американской ментальности // Иностр. языки в школе, 1999, №5.

3. Murphy R. English Grammar in Use: a Self – Study Reference and Practice Book for Intermediate Students – Cambridge University Press, 1995.