Абилкасов Ғ.М. аға оқытушы

Нұржанова Қ.Қ. аға оқытушы

Ведяшкин В.Е. (ПС-16-2)

Кривогузова А.С. (ПС-17-2)

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті

 

Қазақ мәдениетінің дәстүрлі мұрасы

 

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің терең тамырлы тарихи тұлғасын сақтау үшін «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынып, тарихымыз бен мәдениетімізге шыншылдықпен қарауға, өткенімізді таразылап, қоғамды жаңартуға шақырды.  Қазақ халқының мәдениетін, өнерін, мәдени-тарихи мұрасын, сөз өнерін, қол өнерін тілді оқыту барысында студенттерге көптеген жылдар бойы насихаттап келеміз.

Халқымыз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта өзінің әлеуметтік және мәдени мұрасын терең тану үстінде. Ғылыми зерде түбегейлене түскен сайын ауызекі аңызбен мәдени шежіреге арқаланған байырғы тарихи сана орнын байламды тұжырымдар анықтап жатыр. Өткен заманалар болмысының асуы мен тосқауылын, белесі мен бөгетін дәл басып ажыратып, артықшылығын сараптап, кәдемізге жаратамыз.

Әрбір халық, ең алдымен өз халқының ұлттық дәстүрлі мәденимұрасын, өнерін тани білу керек. Оның қандай қасиеті, қандай болмыс бітімі, нендей дәстүрі, үрдісі озық екенін біліп, зерттеп алған ұрпақ  ғана замана ағымында адаса қоймайды. Өзге ұлттар мен өркениетті елдердің озық өнер үлгілеріне қарап ой түзеп, олардың озық мәдениетін қанына сіңіру – тарихи дамудың тартымды бір талғамы. «Ескіні еске алмай, жаңаға жол жоқ» - дейді халық даналығы жалғастық, мәдени мұра дәстүрі хақында. Қазірде ұлтымыздың мәдени мұрасы мен тарихи тұлғасын тануымыз күрделене де, тереңдей де түсті.

Қол өнер өткен заманғы адамдардың қолынан ғана келген керемет іс емес. Ол өзінің халықтық қасиеті мен ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан дәстүрлі мұра. Атамекен, Атажұрт, Атамұра, Атакәсіп деген қазақта аса қастерлі де, аса қасиетті ұғымдар бар. Туған жердей көзге ыстық атадан балаға мирас болған киелі қолөнеріміз – біздің атадан қалған Атакәсіп болып есептеледі. Атамекен, Атажұрттағы құмтасты, орман-тоғай, тал-терегін, аң-құсымен, төрт-түлік малдың сүйек-терісіне дейін пайдаға асыра білген бабаларымыздың көшпелі өнер шеберханалары, ұстаханалары, дүкендері болғаны тарихта белгілі. Қазақ халқы өзінің күнкөріс тіршілігіне қажетті үй жайды қалау салуды, киім-кешекті тігуді, азық-түлік өндіруді кәсіп етіп, пайдалана білсе, әсем бұйымдарды да жасап өмірде сән-салтанат құра білді [1.70]. Қазақ халқынынң өмірінде ежелден бері ағаштан жасалатын үй бұйымдарының алатын орны ерекше. Негізінен қазақ халқының үй жиһаздары, ыдыс-аяғының тоқсан пайызы ағаштан жасалған. Ағаштан бұйы жасайтын шеберлер емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, қара ағаш, жаңғақ ағашы, тораңғыл және т.б. ағаштарды пайдаланған. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, енді кейбіреуі иілгіш, су сіңбейтін болып келеді. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әртүрлі сападағы ағаштарды пайдалана білген. Ағаштан жасалатын үй-іші жиһаздардың құрамына төсек ағаш, сандық, кебеже, жүкаяқ, асадал, адалбақан және де басқа да көптеген бұйымдар кіреді. Аса шебер ұсталар ағаштан жасалатын үй бұйымдарының беттеріне ою ойып, түрлі-түсті тастармен, шынылармен көркемдей білген. Қазақ халқының ағаш ұқсату өнерінің одан әрі дамуы ХIX және XX ғасырдың басында кең өріс алды. Өнердің осы түрімен Қазақстанның барлық дерлік аймағындағы шеберлер айналысты. Олар үй жиһаздарын әсемдеуге көркем өнердің небір тәсілдерін меңгеріп, өрнектеуді жетілдіре түсті. Бұл кезеңде, әсіресе, үйшілік өнері, яғни киіз үй сүйектерін, үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтың небір түрлерін жасау айрықша қарқындады. Әрбір аймақта бірнеше өнер саласын бірдей меңгерген шеберлер шықты. Осы дәуір шеберлерінің қолынан шыққан небір тамаша қол өнер туындылары бүгінде облыс орталықтары мен Орталық Мемлекеттік музейде сақталып отыр. Кейбір туындылар бірлі-жарым жекелеген адамдарда да кездеседі.

Кең байтақ жерімізді мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн, қарлұқ тәрізді көне түркі тайпаларының мәдениетінен арқау алғаны ғалымдар өз еңбектерінде сөз етеді. Мысалы, С.Қасиманов: «халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық өнер жиынтығы» [2.15] десе, ал М.С.Мұқанов: «… дәстүрлі халық өнерінің негізі. Халық мұрасынсыз алға басу мүмкін еместігін», — ескертеді.

Қай халықтың болмасын заттық, рухани мәдениетінің жиналу, жариялану, зерттелу тарихының басталған уақыттан дөп басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты қөне болса, оның зерттелу тарихы соншалықты тереңге бой тартады. Сол сияқты қазақ халқының рухани мұраларының бірі қолданбалы өнерінің тасқа қашалған көне іздерін V-VІІІ ғасыр ескерткіштері мен Орта Енисей жазбаларынан тапсақ, одан бергі орта ғасырлық жазба деректердің барлығында да халық мұрасы өз желісін үзбей, әр түрлі деңгейде бой көрсетіп отырады.

Көшпелілердің ұлы өркениетін, мәдениетін сөз еткенде оны ешқандай айғақсыз, дерексіз баяндай берудің мүмкін еместігіне көз жеткізе отырып, оны халықтың рухани байлығының жемісі, заттық (тұрмыстық) мәдениеттің айқын айғағы ретінде зерттеу негізгі мақсат. Өйткені көшпелі ғұмыр мен қолданбалы өнер егіз. Ол туралы зерттеуші Б.Сапарұлының «Адалбақан» кітабында жақсы айтылған: «Көшпелілер қайталанбас сын-сипаты мен мейлінше қарапайым қолданысы бар қолөнер бұйымдарын аспан асты – жарық дүниеге келтірді [3.30]. Қолданды. Қайта әсемдеп жасады. Қолдан қолға таратты… Тайпа, ұлыс, халық қолөнері сабақтаса дамыды. Көшпелі тіршілік барда қайран бабам қолөнері көзіне құрт түспеген».

Ата-бабаларымыздың рухани болмысының «көшпелі» еместігі көшпелілер мәдениетімен салыстыра қарағанда айқын байқалады. Көшпелілердің өмір салтында айнала қоршаған ортаны, табиғатты, космосты, яғни әлемді танып-білуде өзіндік ережесі болған, өткен мен болашақ арасындағы қөзқарастардың біртұтас жүйесі қалыптасқан. Бұл номаттардың этномәдениетінің өзіндік ерекшелігінен айқын танылады. Өйткені халық өнері – этностың ой-санасы мен дүниетанымының, өмір болмысы мен көзқарасының өзара байланысын береді. Бірақ қоғамдық сана шындықтың жансыз көшірмесі емес, ол заманның  этномәдени рухани мәнін, көркем-эстетикалық идеяларын мағыналы мазмұнға айналдырған биік этникалық қасиеттерінің нышаны.

Қолөнер кәсібіне жас ұрпақты әке-шешелерді ауылдың тәжірбиелі салихалы қарттары, өнер шеберлері баулып отырды.

Сонымен бірге, өз тәжірбиелерінде түсіндіру, ақыл-кеңес беру, қолдау, мақтап-мадақтау және т.б. тәсілдерді пайдаланады. Әдетте халықтың педагогикалық қолданбалы қолөнер жұмыстарына баулуда ер баланың тәрбиесіне әкелері, қыз балалардың тәрбиесіне аналары көбірек көңіл бөлгені мәлім. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар» деген мақал-мәтелдер соның айғағы болса керек. Жас ұрпаққа қолөнер кәсібінің небір саласын меңгерту өздеріне байланысты деп түсінген ата-ана өздеріндегі бүкіл жақсы қасиеттерді солардың бойына сіңіруге тырысты. Ер адамдар шеберлігі, өнері ат әбзелдерінен көрініс тапса, әйел затының қолөнерлерінің сипаты қызға төсек-орын беру дәстүріндегі үйге қажетті бұйымдардың көркемдігімен, шебер қолдар өрнегімен көрініс тауып, бағалаған. Осынау халық мұрасындағы көркем мәдениетті жіктейтін болсақ, ол тас дәуіріндегі геометриялық өрнектер мен сақ дәуіріндегі «жануарлық таңбадан» басталып, қазіргі ұлттық жаңару төл өнерімізде дәстүрлі (қазақ қолданбалы өнерінің зергерлік, тас қашау, мүсіндеу, киіз үй жасау т.б. түрлерінде) заттанған көрініс алады. Негізінен қолданбалы өнерді көркем мәдениет туралы ұғымдардың қалыптасу тарихынан бөліп қарауға болмайды. Онда бейнеленген бедерлер қашан? қайда?, қалай? пайда болғанын ғана емес, ішкі терең мазмұнды, өрелі ойдың мәні неде, тәрбие беру жолдары қандай? — деген сұрақтарға жауап беруге жетелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Көшекбаев Ә. «Арал өңіріндегі дәстүрлі мәдени бұйымдар» - Алматы: 2013ж.

2.  Қасиманов С. «Қол өнер» -  Алматы: «Өнер» 1995ж.

3.  Сапарұлы Б. «Адалбақан» - Алматы: «Өнер» 2005ж.