ЖАС САРБАЗДАРДЫҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ
БЕЙІМДЕЛУ КЕЗЕҢІНДЕ КЕЗДЕСЕТІН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТАР
Момбиева
Гулмира Абуқызы,
аға оқытушы, магистр
Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педагогикалық университеті
Қазақстан Республикасының өз
алдына тәуелсіз мемлекет болуына орай барлық салада қайта
құру үрдісі басталды. Әскери психология саласында да
көптеген өзгерістер болды. Қоғамдық әскери
білім беру жүйесін жақсарту, жаңарту, толықтыру
соның бір айғағы болып отыр. Осыған орай әскери
білім беретін оқу орындарында да оқу тәрбие
жұмысының тиімділігін арттыруға барынша күш
жұмылдырылуда.
Әскери психология қазіргі психология
ғылымының қолданбалы саласы болып табылады. Әрбір
ғылым саласы сияқты оның пәні, міндеттері, зерттеу
объектісі, құрылымы болады. Психология ғылымының осы саласы
ұзақ уақыт болса да, әскери психологияның жалпы
анықтамасы жоқ. Әскери психология- бұл
психологияның бір саласы, адамның психикалық
заңдылықтарын зерттейді және әскери ұжымның
кәсіби міндеттері мен мақсаттарын қарастырады.
Қазақстанда ең алғашқы
қазақша әскери психология оқулығының авторы
Б.Сақтағанов: қазіргі уақытқа дейін
психологтардың басым бөлігі әскери психология бұл
психология ғылымының бір бағыты екендігімен келісе отырып, әскери психология
әскери қызметшінің тұлғасын тануда, әскери
қызметті зерттеуде өзіндік жолы бар ерекше сала екендігін
мойындайды [1].
Әскери психологияның теориялық негізін
қазіргі соғыстың сипаты мен ерекшелігі туралы, ұрыс
даласында жеңіске жетудегі адамның шешуші рөлі туралы
әскери доктрина мен әскери ғылым ережесі құрайды
және ұрыстағы сәттілік адамгершілік – жауынгерлік
қасиеттер мен сарбаздардың әскери дайындық
деңгейіне, қуатты техника мен қаруды пайдалану тиімділігіне,
соғыстың барысы мен шығуына байланысты. Соғыстағы
адамның шешуші рөлін мойындауды Қарулы Күштердің
моральды-жауынгерлік потенциалын нығайтудың көптеген
мәселелерін шешудегі әскери психологияның мәні
анықтайды [2].
Әр жас сарбаздың, әсіресе, қызметінің
бастапқы кезеңі жүйке
жүйесіне әсер ететін энергиялық шығындарымен және
организмінің жаңа орта жағдайына қалыптасуымен байланысты. Бұл ретте ең үлкен
ауыртпалық оның жүйке жүйесіне келіп түседі,
себебі бейімделу процестері организмнің осы жүйесімен реттеледі.
Әлеуметтік орта, бұл қоғам,
ұжым, ең алдымен жеке тұлғаны, оның рухани ішкі
әлемін қалыптастырады. Қазіргі таңда жас
сарбаздардың әскери ортаға бейімделуі, олардың
қоғамдағы өз орнын табуы, жеке тұлға
ретінде дамуы, эмоциясы, өз сезімдерін басқара алу жағдайы
бұл психолог қызметімен тығыз байланысты. Осыған орай
жас сарбаздардың әскери ортаға бейімделу кезеңінде
сарбаздың
мінез-құлқы арасында бірқатар қарама-қайшылықтардың
орын алғандығы айқындалады.
Әскери
қызметтің бастапқы кезінде жас сарбаздардың
ағзасы психикалық және физикалық жағынан
бейімделу процесіне ұшырайды. Психикалық жағынан бейімделу
кезеңінде жас сарбаздардың жаңа қоғамдық ортаға
бейімделу ерекшеліктері сол жаңа ортамен қарым-қатынасты
дұрыстау, жаңадан жеке тұлғааралық
қатынасқа түсу, сол жаңа ортада қабылданып,
әскери ұжымда өз орнын бекіту сияқты факторларға
кезігеді. Осы жағдайда айтылған факторларға бейімделу
кезеңінде жас сарбаздың әскери қызметке дейінгі
бағаланып келген ерекшеліктері, қасиеттері, әскери
қызмет жағдайында қажеттілігі төмендейді. Әскери
қызметін өтеу барысында 1-ші күннен бастап-ақ жас
сарбаз өзінің ата-анасы, туған-туыстары,
қалыптасқан ортасы жағынан көрсетілетін моральдық
қолдау көмегінен айырылады. Жас сарбаздың уақытша
өмірдегі мақсаттары өзгеріске ұшырайды, егерде
әскери борышын өтеуден бұрын мақсаттары: (білім алу,
жанұя жағдайларын жасау және тағы басқа...)
болса, ал әскери қызмет барысында жас сарбаз өз басының
қамынан алшақтап, ендігі мақсаты конституция алдында
борыштарын жүзеге асыруға бағдарланады [3].
Осы кезеңде жас
сарбаз әскери борышына қатысты көптеген жаңа білім,
жаңа әдеттерді, жаңа ақпарат ағынын
қабылдауы тиіс. Осы жоғарыдағы талаптарды қабылдау
барысында жас сарбаздың мінез-құлқында
өзгерістер, жеке тұлғааралық, командирмен қарым –
қатынастарында бұрын кезікпеген қиыншылықтар туындайды.
Бейімделу
кезеңіндегі мінез құлық ерекшеліктері өзгеріске
ұшырайды, жағымсыз жағдайларды, қиыншылықтарды
азайту мақсатында әр бөлім командирі қарамағындағы
сержанттармен бірлестікте ұжым ахуалын психологиялық
тұрғыдан жеңілдету, ұжымда жас сарбаздардың
бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуын қамтамасыз
етуі қажет. Жас сарбаздарда өзінің әскери
қызметтік борышына деген қызығушылығын арттырып,
алдарына жаңа мақсаттар, талаптар қойып, сол
мақсаттарға жету жолдарын табуда қолдау көрсетуі керек.
Сондықтан әрбір взвод командирі, рота командирі жас сарбаздардың
жеке басының ерекшеліктерімен танысып барып жұмыс жүргізуі
қажет деп есептейміз.
Жас сарбаздармен күнделікті
қарым-қатынасқа түсетін әрбір офицер немесе
сержантпен алдын ала психологиялық жүйке
тұрақсыздығы бар сарбаздармен жұмыс жасау ережелері,
түсіндірме жұмыстары нұсқаулық берілуі тиіс.
Қарым-қатынас барысында нақты индивид
басқа адамдар жасаған «рухани байлық қорын»
меңгереді, осыған орай оның жекелік тәжірибесінің
шектелуі жойылады; сонымен қатар қарым-қатынас арқылы
ол осы «қорға» өз жасағандарын енгізеді. Осымен индивид
өмірінде қарым-қатынас маңыздылығы
анықталады» [4]. Мұнда жеке тұлғаның
интеллектуалды потенциалы қарым-қатынас процесінде оның
икемділігімен, креативтілігімен, аналитикалық шеберлігімен,
интеллектуалды лабилділігімен және бейімдегіштігімен сипатталады.
Психологиялық жүйке
тұрақсыздығы бар сарбаздармен профилактикалық
жұмыс нұсқаулықтардың арқасында жақсы
көрсеткіштерге жетіп, бейімделгендіктеріне қарамастан, осы топқа
кіретін сарбаздар әскери қызметтің соңына дейін
командир және офицерлердің ерекше бақылауында болуы керек.
Бұл бақылаулар әскери қызметтің барлық
салаларында, әскери дайындық барысында, қызметтік тапсырмалар
уақытында спорттық шаралар кезінде, кезекшілікті атқару
уақытында жүзеге асырылуы
керек. Бақылау барысында жас сарбаздың психологиялық
және физикалық жағынан, денсаулығында өзгерістер
байқалып жатса, күдікті жағдайлар орын алып жатса, сол
жағдай зерттеліп, психопрофилактикалық іс-шаралар жүргізіліп,
алдын алу шаралары өткізілуі
қажет.
Сонымен,
қорытындылай келе, жас сарбаздардың психикалық күйіне
олардың отбасынан, туыстарынан, жақындарынан, достарынан алыста
болуы әсер етеді. Сонымен
қатар, әскери өмірге бейімделу барысында олардың қызба
мінездерінің, қозғыштық, максимализм, инфантилизмнің,
т.б. да маңызы бар. Әскердегі осы тәрізді мәселелерді
шешуде міндетті түрде психологиялық көмек қажет
болатыны айдан анық. Сондықтан да әскери орындардағы
психолог маманның рөлі күннен күнге артып келеді.
Пайдаланған әдебиеттер
1.
Сақтағанов
Б.К. Әскери психология. - А., 2012
2.
Абдурахманов
Р.А., Анцупов А.Я. Военная психология.-М., 1996
3.
Коупленд
Н.К. Психология и солдат/Пер, с англ. А. Т. Сапронова и В. М.
Катеринича. - 2-е
изд. - М.: Воениздат, 1991. - 96