М.ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Айман Токсамбаева

 

      Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры.

                                        Айнұр Самарканова

ШҚО, Катонқарағай ауданы, Е. Рыков атындағы орта мектеп мұғалімі

 

                                                Түйін

Аталмыш мақалада М.Әуезов шығармаларын оқыту кезіндегі әдістеменің педагогикалық және психологиялық негіздері қарастырылады.

Тірек сөздер: әдістеме, көркем шығарма, әдебиет, зейін, қабылдау, таным.

                                                Аннотация

В данной статье рассматривается основы педагогики и психологии при методики обучение произведений М.Әуезова.

Ключевые слова: методика, художественное произведение, литература, внимания, восприятия, познания.

                                                 Resume

This article discusses the basics of pedagogy and psychology, methods of teaching the works of M. Auezov.

Keywords: methodology, artwork, literature, attention, perception, cognition.

 

М.Әуезов еңбектеріне бойлаған сайын бүгінгі ұрпақ ұлы ойшылдың білімге шақырған ұранды үнін ғана емес, оның адамзатты тәрбиелеу саласындағы даналық ақылын терең меңгеріп, нұсқаған тағылымдарындағы теориялық ой-пікірлерге қаныға түседі. М.Әуезов  шығармаларының ішкі сырларын терең де, жан-жақты білу үшін жалпылама айтумен ғана шектелмей, ол ұсынған ойларды педагогикалық-психологиялық тұрғыдан  байыпты да байсалды аңғара білу қажет. Қазақ әдебиеті сабақтарында оқушының ойлау мен тілін дамыту, қабылдау, ес, қиялды жетілдіру сынды психологиялық үдерістер М.Әуезов шығармаларын меңгерту барысында қалыптастырылатыны еңбекте нақты мысалдармен көрсетілді.

«Әдебиет пәнінің оқытушысы оқушыларды жүйелі түрде зерттеп, оқырмандық қызығушылықтарын анықтайды, олардың психологиялық жас ерекшелігін ескере отырып, оқыған шығарманы қабылдау, түсіну дәрежесін саралайды. Әдебиетті өнер табиғатына сай оқыту арқылы жаңа психикалық қасиеттер қалыптасады, баланың дамуы, өздігінен ойлауы жоғары сатыға көтеріледі. Ойлау - таным әрекетінің ең жоғарғы формасы, ол – күрделі психикалық үрдіс. Демек, әдебиетті оқытудың шығармашылық сипатын күшейту оқушылардың оқу еңбегіндегі ой дербестігін, оқу әрекетін, образды ойлау, қайта елестете алу қасиеттерін дамытуға ықпал етеді» - дейді Т.Қ.Жұмажанова [1; 56]. 

Жұмыстың педагогикалық-психологиялық негіздерін анықтағанда Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, К.Д.Эльконин, Л.С.Выготский, К.К.Платонов, Ш.А.Амонашвили, П.Я.Гальперин, т.б ғалымдардың пікірлері негізгі ұстаным болды. М.Әуезов шығармалары негізінде жатқан ұлттық психология мен педагогикалық тәрбиені таныту үшін Абай, Ыбырайдың бала тәрбиесіне қатысты пікірлері, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Жарықбаев, Т.Тәжібаев, т.б психолог-педагог ғалымдардың сындарлы ой-пікірлері басшылыққа алынып, сарапталды.

Адамдар арасындағы бір-біріне деген шынайы қарым-қатынас негізі   оны сол ортада дұрыс ұстап жүріп-тұруына ықпал ететін мінезге байланысты болады. Мінез де – психологиялық процес.  «Мінез» қасиеттерін таным әрекеті арқылы қарастыру теориясы М.Әуезов шығармаларында  көрініс тапқан. Оқыту -  баланың ой-санасын ғана дамытып қоймайды, оның ішкі сезімдерін, ерік-жігерін, мінез-құлқын қалыптастырады. Соған қарағанда, М.Әуезов  шығармаларының дені – адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың басты құралы.

Егер сезіну барысында  адам танылуы тиіс нысанның белгілі бір қасиеттері туралы дерек алатын болса, қабылдау сол тұлғаның немесе обьектінің тұтас бейнесін жасайды. Өйткені, қабылдау дегеніміз – адамның сезім мүшелеріне тікелей әсер ету барысында обьектінің түрлі жеке-жеке қасиеттерінің бір жинақталғанын танытатын психикалық процесс [2; 32]. Қабылдау өзіне тән тұтастық, константтық, құрылымдық, түйсіктілік және талғампаздық  қасиеттерге ие. М.Әуезовтың шығармаларын  оқушыларға меңгерту кезінде кез-келген шығармасын олардың қабылдап, идеясы мен тақырыбын дұрыс айқындай алуы, әңгімелеріндегі  кейіпкер бейнесін толық  сомдап шығуы аса маңызды. Жазушы  шығармаларын қабылдау негізінде оқушылардың танымдық ой-өрісі, адам бойындағы жағымды, жағымсыз қылықтарды түйсіне білуі, кез келген іске салыстырмалы түрде қарау, сараптап, таразылау  қасиеттері артады.

Қабылдау жүзеге асуы үшін қажет қасиеттердің бірі – зейін. Зейіннің барлық табиғаты оның талғампаздығында, берілген мәліметті игеруде саналы не санасыз түрде әрекет ету. Зейін – сананың жеке тұлғаның белгілі бір нысанға назар аударған уақыттағы бағыт-бағдары, назар аударуы. Оқушының зейінін дамыту үшін сабақта басынан аяғына дейін жазушы шығармаларына қатысты деректер, түрлі тапсырмалар арқылы ұстап отыру керек. Сабақта М.Әуезовтің өмірбаянына, шығармашылығына қатысты тың, жаңа мәліметтер айтылса, соғұрлым балалардың сабаққа деген қызығушылығы арта түседі. Әрі зейіндері жетіліп, дамып отырады.Мәселен, «Көксерек» әңгімесіндегі Көксерек пен Аққасқаға «Веен» диаграммасын құру тапсырмасы берілгенде, оқушылардың еркеше ынтамен орындағандығын байқауға болады. Нәтижесінде оқушының логикалық ойлауы қалыптасады, зейіні тұрақтайды, түз тағысы мен үй жануарының ұқсастығы мен айырмашылыған ажыратуға жол ашады. Сөйтіп, оқушы бойында психологиялақ сана қалыптасып, өзіндік тұжырым жасауға дағдыланады. «Веен» диаграммасын  құру  арқылы оқушы қабылдаған білім нәтижесі төмендегі кестедегідей қорытындыланды.

1-    Кесте. «Веен диаграммасы»

Көксерек

Түз тағысы

Жыртқыш

Тағылық өмір

Ұқсастығы

Аса сақ

Табиғат перзенті

Ит тұқымдастар

Аққасқа

Үй жануары

Қолға үйретілген

Ауыл өмірі

 

М.Әуезовтың «Жетім», «Қорғансыздың күні», «Көксерек» трагедияларындағы басты кейіпкерлердің зұлымдық зардабын тартқан бейнесінің психологиялық тұрғыдан танылуы, «Қараш-Қараш оқиғасындағы» Бақтығұл мен Тектіғұлдың ащы тағдыры, кек алу психологиясы  жұмыс мазмұнында жан-жақты келтірілді. Шығарманы оқыту барысында оқушылардың ойын, ойлау қабілетін дамыту мақсатында драмалық шығарманың тақырыптарына қатысты  проблемалық сұрақтар, әдеби тапсырмалар берілді. Сұрақ, тапсырмалардың мазмұндылығы, өмірмен байланыстылығы, жүйелілігі басты назарда ұсталынды.

Зерттеу барысында оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріліп отырылды. Мектеп бағдарламасында 11 сыныпта  М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» драмалары оқытылады. Ғалым М.Мұқанов бұл жастағы оқушыларды былай сипаттайды: «Ересек кезінде оқуға салмақты қарап, келешекте қандай мамандыққа ие болғысы келетіні туралы ойлана бастайды. Ересектің ақыл-ойы, қабілеті недәуір дамып, өзінің пікірін дәлелдеу не өзінің ісіне талдау жасау қабілеті қалыптаса бастайды» [3; 110].

Мысалы, «Еңлік-Кебек» трагедиясының мазмұнымен танысқан оқушыға:

-«Трагедияға қай кезең жастарының тағдыры негіз болған?» деген сұраққа жауап іздету арқылы мәтіннің мазмұнын толық оқуға, драматургтің негізгі идеясын терең түсінуге басшылық жасауға болады.

-М.Әуезовтың «Түнгі сарын» драмасындағы Жүзтайлақты адал, пәк, еңбекқор адам бейнесінде суреттеп көріңдердеген тапсырма беріледі. Мақсат - қазақ әйелінің тамаша, өнегелі қасиеттерін оқушының өзі ойлап таба отырып, соның негізінде Жүзтайлақтың ұнамсыз болмысын одан әрі аша түсуге мүмкіндік туғызу. Драмалық шығармаларды оқытудың басты мақсаттарының бірі – қабілетті дамыту. Эксперимент барысында театр өнеріне икемі бар балаларды танып, оларды үйірме жұмыстарына көптеп тарту қолға алынды. Жүргізілген экспериментке сүйенсек, үйірме жұмысы оқушы қабілетін қабілетін жамытудың бірден-бір жолы екенін байқауға болады. Эксперимент нәтижесін байыптай келе, қоғамдық-әлеуметтік жүйеге пайда алып келетін талант-қабілеттердің қалыптасуы – оны арнайы тәрбиелеу және басшылықпен жетектеп отыруға қатысты деп тұжырымдалды. «Тек ұйымдастырылған оқу –тәрбие негізінде ғана оның сол іс-әрекет түріне қаншалықты бейімді екендігін білуге болады», - дейді психолог-ғалым Ә.Алдамұратов.[4; 18]. 

Есті дамыту М.Әуезовтың драмалық шығармаларын оқыту барысында мәтінді мәнерлеп жатқа оқудан бастап, диалог, монолог айтқызу, спектакльдер қойғызуға, белгілі бір рөлдер ойнатуға дейін жалғасатындығы анықталды. Ю.Б.Гиппенрейтер естің психикалық сәулелену формасы және ол генетикалық және физиологиялық негізінде дамитындығын айтады [5; 189]. 

         М.Әуезовтың драмалық шығармаларын оқыту барысында драма мазмұнын ашатын мәнді диалогтар мен монологтарды ұтымды таңдай білу  оқушының оларды жаттап алуына, есте сақтауына қажетті алғы шарттар болып табылады. Мысалы, «Еңлік- Кебек» трагедиясынан Абыздың толғауы, «Қарагөз» драмасынан Қарагөздің монологын жатқа оқу ұсынылған.

«Жетім», «Қорғансыздың күні» әңгімелерін оқыту барысында «Қорғансыздар» тақырыбына шағын эссе жаздыра отырып, кейіпкерлердің терең психологиялық сезім иірімдерін ашуға талпындыруға, «Қорғансыз жандарды қалай қорғаймыз? деген сұраққа жауап алуға болады.

Мұндай тапсырмаларды пайдалану арқылы кейіпкердің жан-дүниесінде болып жататын түрлі психологиялық процестерді тану мүмкіндігі кеңейетіні байқалады. Психолог-ғалым Ә.Тәжібаев: «Бала қиялын тәрбиелеу және дамытуда олардың дүниетанымын, қызығуы мен мүдделерін, мақсат- тілектерін ескеріп отыру маңызды» - деп көрсетеді [6; 25]. 

- «Қараш –Қараш оқиғасы» болған кезеңде өзің өмір сүрсең және сол елдің болысы болсаң, Бақтығұлға қандай жағдай жасар едің? деген сұраққа ауызша жауап бергізу арқылы оқушының өткен заман жайлы, өзінің болашағы жайлы ой-қиялын дамытуға болады.

- «Абай жолы» романындағы Абайдың бойындағы өнер адамына тән қандай қасиеттерді танып білдің? деген сұрақ арқылы өнер адамдарында ғана болатын қабілет, қасиет ерекшеліктерін ажырата білу мүмкіндіктерін байқауға болады.

- «Жетім» әңгімесіндегі Қасымның іс-әрекетіне көзқарасың?,- деген сұрақты қоя отырып оқушының Қасымға жанашырлығын анықтауға, «Жетім көрсең жебей жүр» мақалының қыр-сырын ұғынуға ықпал жасауға болады.

-  Автодың орнында болғаныңда «Көксерек» әңгімесін қалай аяқтайтын едің? Сұрақ оқушының қиялын дамытып қана қоймай, өздігінен ойлануға, пікір айтуға, өзін автор орнына қойып көруге зор мүмкіндік жасайды.

- Адам жауыз ба, қасқыр жауыз ба? Дәл осы сұрақ эксперимент кезінде оқушыларға қойылып, нәтижесінде сынып екіге бөлініп өз ойларымен бөліскен болатын.  Пікір – сайыс кезінде де оқушылардың ойлау, сөз саптау қабілеттері дами түсері сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.Жұмажанова ТҚ . Әдебиетті оқыту әдістемесі  Алматы: Білім, 2009. - 288 бет.

2.Немов Р.С. Психология.–Москва. 1998. Т.2. -346 с.

3.М.Мұқанов «Жас және педагогикалық психология» Алматы: 1981- 247б

4.Алдамұратов Ә. «Жалпы психологи» Алматы.Білім я 1996 ж 111 б

5.Гиппенрейтер Ю.Б «Введение в общую психологию. –Москва 1996. 336 б

6. Ә.Т.Тәжібаев «Жалпы психология» -Алматы:Қазақ университеті, 1993.-211б