Психология и социология/8. Педагогическая психология

Д.м.н. Тебенова К.С., Тукбаева А.Н.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қаласы

ТІРЕК-ҚИМЫЛ АППАРАТЫ ЗАҚЫМДАЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ–ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КЛИНИКАЛЫҚ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазіргі таңда мемлекетіміз даму мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назар аударып, қамқорлық көрсетуде. Бұл қамқорлықтың бәрі Елбасының халыққа жолдауында, ҚР Білім туралы заңында, «Кемтар балаларды әлеуметтік-медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» т.б. заңында айтылып, дамуында кемістігі бар балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесі, оларды оқыту, тәрбиелеу, еңбекке баулу және кәсіби даярлығын шешуде, коррекциялық білім берудің дамытушы сипатын арттыру мәселелері айқындалып, бала мүгедектігінің алдын алуға бағытталған көптеген көкейкесті мәселелер басымды міндеттер қатарына қойылған.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 44 574 мүгедек бала бар, бұл еліміздегі кішкентай тұрғындардың 1,2% құрайды. Олардың ішінде 10 000 шамасындағы балаға балалардың сал ауруы диагнозы қойылған. Бірақ барынша шыдамдылық танытып, әдістемелік жүйемен емдеген жағдайда бұл аурудың салдарын түзетіп, баланы жүруге, сөйлеуге үйретуге және қоғамда өмір сүруге бейімдеуге болады [1].

Қазіргі кезде тірек–қимыл аппараты зақымдалған (ТҚАЗ) балаларға медициналық, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік реабилитация жасау, ауыр кемістіктің алдын алу мәселесі алға қойылған. Оларды оқыту мен тәрбиелеудің негізгі міндеті әлеуметтік бейімдеу мен қоғамға интеграциялау, яғни қоғамға пайдалы еңбекке араластыру.

Балалардың тірек-қимыл аппаратының зақымдалуы дегеніміз – жас кезінен бастап прогрессивсіз топтарды біріктіретін, бірақ моторлық бұзылыстар синдромының ауысып тұруы және бас ми қыртысының дұрыс қалыптаспауы мен қайталанып бұзылуы болып табылады.

Тірек–қимыл аппараты зақымдалған балалардың негізгі кемістігі – кимыл–қозғалысының ауытқуы (қозғалу, қимыл әрекеттерінің жетілмеуі, зақымдануы немесе мүлдем жойылуы). Осы сияқты аутқулары бар балалардың көпшілігін балалардың церебральдық сал ауруымен ауратын балалар құрайды (89%). Бұл балаларда тірек–қимыл аппаратының зақымдануы көбінесе психикалық бұзылулармен, тіл мүкістіктермен тіркесе жүреді, сондықтан олардың көпшілігі тек қана медициналық-әлеуметтік жәрдемді ғана емес, сонымен қатар психологиялық-педагогикалық және логопедтік көмектерді де қажет етеді. Әдетте, тіреқ-қимыл аппараты зақымдалған балалардың ішінде танымдық қабілеті сақталған, арнайы оқыту мен тәрбиені қажет етпейтін балалар да кездеседі. Дегенмен, аталмыш балалардың барлығыда ерекше өмір сүру жағдайын, оқытуды және келешек еңбек әрекетінің дұрыс қалыптасуын қажетсінеді. Оларды әлеуметтік бейімдеуде екі бағыт белгіленеді. Біріншісі – қоршаған ортаны балаларға бейімдеу. Ол үшін арнайы техникалық жылжу құралдар (арбалар, балдақшалар, таяқтар, велосипедтер), тұрмыстық заттар (ыдыс-аяқ, электроаспаптардың арнайы сөндіргіштері), арнайы сатылар, жол жиектерінен арнайы түсу жолдары болады. Ал тірек–қимыл аппаратының зақымдануы бар балаларды бейімдеудегі екінші бағыт – ол балалардың жеке бастарын әлеуметтік ортаның қалыпты жағдайларына бейімдеу.

Тірек–қимыл аппаратының зақымдануында психика құрылымы психика дамуындағы өзгеше кемістіктерден тұрады. Психиканың даму бұзылуларының механизмі өте күрделі және де мидың зақымдану мерзімімен, дәрежесімен, орналасуымен айқындалады. Құрсақ ішінде қалыптасқан психикалық бұзылулардың көрінісі зиятының тұрпайы жетілмеуімен де сипатталады.

Тірек–қимыл аппаратының зақымдануы кезінде психикалық даму кемістігі танымдық әрекетінің, эмоционалдық-жігерлі сферасының және жеке тұлғаның қалыптасуының бұзылуларынан тұрады [2].

Тірек–қимыл аппаратының зақымдануындағы интеллект кемістігінің құрылымы бір қатар өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады:

·     Қоршаған орта туралы мәліметтің бір шама аз көлемі. Бұл келесі себептердің салдары болып табылады: а) ұзақ мерзім бойы қозғалмау жағдайы және кеңістікте ерсілі-қарсылы жүру қиындығымен байланысты амалсыз оңашалау, құрбылармен ересек адамдармен қарым-қатынастың шектеуілігі, б) тірек–қимыл зақымдануымен байланысты затты-практикалық әрекет барысында қоршаған ортаны танудың қиынға түсуі, в) сенсорлық қызметтердің бұзылуы.

·     Тірек–қимыл аппаратының зақымдануы кезінде әр-түрлі талдағыш жүйелерінің үйлесімді қызметінің бұзылулары байқалады. Түрлі заттарды сипау, манипуляциялау, яғни іс-барысында тану қызметтері ТҚАЗ кезінде бұзылады.

·     Ой-өріс кемістігінің әркелкі, дисгармоникалық түрде болуы, яғни бір интеллектуалдық қызметтер бұзылып екіншісі тежелсе, үшіншісі қалыпты жағдайда сақталып қалады. Мұндай өзгешелік мидың ерте даму сатысындағы органикалық зақымдануымен байланысты. Сонда көбінесе жоғарғы интеллект қызметімен басқада ең жағарғы қыртыс функцияларды қамтамасыз ететін мидың «жастау» функционалдық жүйелері күйзеледі. Кейбір балаларда ойлаудың көрнекі түрлері дамиды, басқаларында, керісінше, көрнекі-қызметтік ойлау төмендегенімен сөйлеу-логикалық ойлау жақсырақ дамиды.

·     Психоорганикалық көріністердің ұлғаюы: психикалық процестердің бәсеңдігімен әлсіреуі, әрекеттің басқа түрлеріне ауысуы, зейін шоғырлануының жеткіліксіздігі, механикалық зерде көлемінің төмендеуі.

Тірек–қимыл аппараты зақымдалған балаларға эмоционалдық–жігерлі сферанының бұзылулары тән. Кейбіреулерінде ол жоғары эмоционалдық қозуымен қатар шегіндірілген тежелуімен байқалады, басқаларына – ұяңдықпен сескенушілікпен сипатталады. Тәртіп бұзылулары қозғалыстың шегіндірілген тежелу, ашушаңдық, қоршағандарға қарсы шығумен сипатталады. Ал кейбір балаларда керісінше толық немқұрайлық, селқостық, қатынаспаушылық орын алады.

ТҚАЗ балалардың психологиялық сипаттамасы И.О Левченко, И.И. Мамайчук еңбектерінде ұсынылған. Тірек–қимыл аппаратының зақымдануы қозғалтқыш, сенсорлық, когнитивті, әлеуметтік депривацияға және эмоционалды–күш жігерінің зақымдануымен көрініс табады. Эмоционалдық сферасы көптеген себептерге байланысты сәтсіздікке ұшырайды. Бір жағынан баланың орталық жүйке жүйесінде зиянды органикалық зақымдануы оның аффективті тұрақсыздыға әкеп соқтырады. Тірек–қимыл аппараты зақымдалған балаларда сонымен қоса, ақыл–ой кемістігі қатар жүрсе, онда бала сырттан келген тітіркендіргіштерге жауап қайтара алмайды. Егерде ақыл–ойы кем болмаса, онда балалар кез–келген тітітркендіргіштерге жауап қайтара алады [3].

Тірек қимыл аппараты зақымдалған балалардың кемістік құрылымының 80% тіл мүкістіктері құрайды. Тіл мүкістіктердің ауырлығымен орналасуына байланысты. Тіл мүкістіктерінің механизімінде ең маңыздысы болып қозғалыс патологиясының өзі болып табылады. Тірек–қимыл аппаратының зақымдалуы кезінде тіл мүкістіктері тікелей қозғалыс бұзылуларымен байланысты. Сонымен қатар, артикуляциялық аппараты зақымдалуы ауырлығымен қол қызмет зақымдануынң ауырлығы байланысты. Тірек–қимыл аппараты зақымдалған балаларына әр түріне өзіндік тіл кемістіктері тән. Сөйлеу кемістіктері тірек–қимыл аппараты зақымдалған балалардың басқалармен қарым–қатынасын тежеп қиындата қоймай олардың жалпы дамуына кері әсерін тигізеді. Тірек–қимыл аппараты зақымдалған балаларда келесі тіл кемістіктері байқалады: дизартрия, тіл дамуының тежелуі, алалия, жазбаша сөйлеудің бұзылулары.

Тірек–қимыл аппаратының зақымдануы кезінде баланың сәбилік және ерте жасында ата-аналарының барлық күштері зақымдалған тірек–қимыл қызметін дамытуға және түзетуге, яғни қалыпқа келтіруге бағытталады. Мұның себебі, кейбір ата-аналар баланың психикалық және тілдік дамуының ерекшелігін байқаса да, арнайы педагогтарға, логопедтерге, психологтарға жүгінуге асықпайды. Басқалары баланың психикалық және тілдік дамуы оның қозғалыс әрекетінде үлкен жетістіктерге жеткенде немесе сауығып кеткенде қалыпқа келеді деп есептейді. Ал үшіншілері қандай да бір ауру әрқашан баланың психикасында, тәртібінде өзгерісті қалдырады деп санайды. Осындағы кез келген жеке ойлар көптеген ересектердің тірек-қимыл аппараты зақымдалған балаларға арналған арнайы (түзету) оқыту мен тәрбиелеу жүйесі бар екенін білмейтіндіктерін көрсетеді. Осыған орай, осындай патологиясы бар балалармен жүргізілетін психологиялық-педагогикалық және логопедиялық түзету жұмыстарының негізгі бағыттары мен жолдары бірнеше онжылдықта әзірленіп, әртүрлі мекемелердің тәжірибесінде кеңінен қолданылып жатыр. Ресейлік ғалымдар тірек–қимыл аппаратының зақымдалуы бар балаларды, оның өмірінің алғашқы айларынан бастап-ақ арнайы оқыту мен тәрбиелеу қажеттілігін негіздеді. Олар негізгі мақсаттарды көрсетіп, сәбилік, ерте және мектепке дейінгі жаста жүргізілетін түзету жұмыстардың мазмұны мен әдістерін ашып, және оларды ерте бастаған жөн екенін түсіндіріп, дұрыс түзету әрекетінің жағдайлары кезінде аса тиімді екенін дәлелдеді [4].

Түзете-дамыту жұмысының мақсаты дер кезіндегі тілдік және танымдық даму, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен қоғамда бейімделуін қамтамасыз ететін іс-әрекеттер жүйесін бірізділікпен дамыту және түзету, қолдың ұсақ моторикасын қалыптастыру болып табылады. Осыған орай, түзете-дамыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі қағидаларын атауға болады:

-  Тірек–қимыл аппараты зақымдалған балалар үшін түзете-дамыту жұмысының ерте басталғаны дұрыс, себебі қимылдық бұзылыстар басқа да қызметтердің екіншілік тежелуіне әкелетіндіктен, өмірінің алғашқы аптасынан және айынан бастау керек.

-  Педагогикалық түзету кезінде дефектолог пен мүгедек баланың ата-анасы арасында өзара байланыстың болуы өте маңызды. Отбасылық тәрбие қателіктері психофизикалық дамудың ауытқуын одан да қиындатып жіберуі мүмкін. Сондықтан, ата-аналар дефектологтан баласының өзіне-өзі қызмет көрсету дағдысы, қолдың ұсақ моторикасын дамытуды, қорғаныс тәртібін сақтау, ерекше баласына шыдамдылықты таныту, үй жағдайында ауызша және жазбаша сөйлеу тілін қалыптастыру бойынша ұсыныстар мен кеңестерді алып жатады. Осындай кешенді түзете-дамыту жұмыстары танымдық, қимыл-қозғалыстық және эмоционалды-ерік саласындағы кемшіліктерді жоя отырып, әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына және әлеуметтік ортаға бейімделіп енуіне оң әсер етеді.

Қорытындылай келе, тірек – қиымл аппараты зақымдалған  балаларды психологиялық қолдау мен түзету жұмысын іске асыру үшін, олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оқыту мен тәрбиелеуге арнайы жағдай және кедергісіз орта жасау керек. Тірек – қимыл аппараты зақымдалаған балаларды  ерте анықтау мен жүйелі емдік-педагогикалық жұмысты ерте бастаудан тұратын көмек беру жүйесін әрі қарай жетілдіру қажеттілігі артады. Тірек – қимыл аппаратының зақымдалуы  бар балалар медициналық көмекті денсаулық сақтау Министрлігінің мекемелері жүйесінде ала алады, нақтырақ: алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру мекемелерінде, стационарларда, балалар үйлерінде, диспансерлерде, арнайы санаторийлер мен реабилитациялық орталықтарда. Бұл мекемелерде қалыптандыру емі мен мамандардың кәсіби көмегі (логопедтер, дефектологтар, психологтар, тәрбиешілер, дәрігерлер мен т.б.) ұзақ мерзімді жүргізіледі.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.       «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық- педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» ҚР заңы. – Алматы, 2003.

2.       Тебенова Қ.С., Рымханова А.Р. Арнайы психология. – Алматы, 2011.

3.       Шипицына Л.М., Мамайчук И.И. Психология детей с нарушениями функций опорно – двигательного аппарата. – М.: Владос, 2004.

4.       Особенности психофизического развития учащихся специальных школ для детей с нарушениями опорно-двигательного аппарата / Г.С.Гуменная, М.В.Ипполитова, Е.М. Мастюкова, Н.В.Симонова, Л.Б.Калелова; под редакцией Т.А.Власовой. – М.: Педагогика, 2001.