МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАСЫ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА  КОМПОНЕНТТЕРІНЕ МҰНАЙ- ГАЗ КЕШЕНІНІҢ ӘСЕРІН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН БАҒАЛАУ

 

Садыбекова Л.С., Шубаева А

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

 

Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында мұнай өндірудің және ондағы қолданылып жүрген технология қоршаған орта тепе-теңдігінің бұзылуына, экологиялық дағдарысқа әкеліп тіреуде. Зерттеулер нәтижесі бойынша аймақта кеңінен қолданылып жүрген геологиялық барлау, газ-мұнай кәсіпшілігі мен өңдеуші өндірістер жұмысы бұл өңірдің онсыз да нашар экологиялық жағдайды шиеленістіріп, қосымша шығындар шығаруға мәжбүр етеді. Оның әсері күкіртті сутегі мен басқа да уландырғыш заттары өте көп көмірсутегі, кен орындарының ашылып пайдаланылуымен байланысты одан сайын өлшеусіз өсе түсуде.

2001 жылдың екінші жарты жылдығында әлемдік экономиканы зерттеу орталығының мәліметтері жарияланды. Олардың есептеулеріне сүйенсек, жер шарындағы қазіргі мұнай көлемі – 140,0 млрд. тонна, газ – 149,5 трлн. текше метр. Қазақстанда мұнайдың қоры 7-8 млрд. тонна. 2000 жылы 40 млн. тонна, ал 2010 жылы бұл көрсеткіш – 100 млн. тоннаға жетпекші. Болжау деректеріне көз жіберсек, 2015 жылдары елімізде жылдық мұнай өндірудің көлемі 120-130 млн. тоннаға жетпек. Осыған байланысты мұнай өндірілетін аймақтарда экологиялық жағдайдың экономикалық проблемалары күрделене түспек. Әсіресе, Атырау, Маңғыстау облыстарында мұнай-газ кен орындарында пайдаланып жатқан технологиялық процестердің әсерінен жер қыртысы «өлі топыраққа» айналған, шаруашылықтың өзге салаларымен айналысуға табиғи жер жағдайы келмейтін, ауыз суға тапшы аймақтың жергілікті тұрғын халқы үшін қиын болмақ .

Мұнай кен орындарын игеру кезінде бүлінген территориялар:

-   ауыр техника жүріп өткен жерлердің құнарлы жер қыртысы бүлініп, қу тақырға айналып жатуы;

-   мұнаймен бірге жер бетіне шығарылған қосалқы сулардың көлемі 1 миллиардтан асқан, елді мекендердің территориясына жіберілген, мұнаймен ластанған кей жерлердің қалыңдығы 10 метрге дейін жеткен;

-   «Эмбімұнайгаз» және «Теңізмұнайгаз» АҚ кәсіпорындары жылына 200  миллион м3 мұнаймен шығатын газды ашық аспанда жағады. Соңғы 30 жылда «Прорванефть» кәсіпорын 6 млрд. м3 газ жаққан. 2000 жылы біріккен кәсіпорын «Теңізшевройл» 32  мың тонна газ жаққан, оның 15 пайызы токсикалды. «Жаиықтрансгаз» кәсіпорны жылына 20 мың тоннадан астам азот т.б. токсикалды заттарды қоршаған ортаға тастайды:

-   Құрманғазы ауданының жері, суы, ауасы Ресейдің Астрахань газконденсатор зауытынан шыққан химиялық улы қоспалармен ластанып жатуы [1].

Бүгінде Қазақстандағы мұнай қорының 75 пайызы, газдың 79 пайызы шетелдік капиталдың иелігінде. Елімізде жұмыс жасап жатқан шетелдік компаниялар «ОКИОК», «КИО», Харикеин Құмкөл Мұнай , «Теңізшевройл» қоршаған ортаны қорғау заңдылықтарын сақтамайды. Тек, «КИО» 1998 жылы – 6,4 мың, 1999 жылы – 15 мың, 2000 жылы – 25 мың тоннадан астам азот, күкірт, көмірсутегі қышқылдарын ауаға тастаған. Ал, 2001 жылы Каспий шельфінде жұмыс жасап жатқан «ОКИОК» компаниясы теңізге тәулігіне 40 тоннадан астам жеткіліксіз тазаланған ерітінділерді жіберген.

Мұнай және газ кен орындарын барлап, пайдалану жұмыстары кезінде экологияға теріс ықпалын тигізетіндер:

-                     бұрғылау;

-                     скважиларды тексеру мен сынау.

Қазіргі кезде Қазақстанның мұнай кен орындарында терең бұрғылаудың көлемі жылына 1 миллион метрден астам болып отыр. Бұрғылау жұмыстары кезінде көптеген улы заттар бөлініп шығып, айнала қоршаған ортаға үлкен зиян-зардабын тигізеді. Қуатты дизель қозғағыштарымен жарақтандырылған бірнеше жүз бұрғылау қондырғылары бір мезетте жұмыс жасап, жер ресурстарына, әсіресе топыраққа зиянын тигізеді. Топырақтағы уландырғыш заттардың мөлшері мен құрамына іс жүзінде еш жерде бақылау жасалмайды.

Скважиналарды сынаған кезде де көмірсутегінің жануынан құрамында күкіртсутегі бар заттардың атмосфераға шығуы қоршаған ортаға экологиялық зиянын тигізуде. Мұнай өнімдерін қабылдап алу мен өлшеудің жабық жүйелері және осы кезгі құралдарының жоқтығы мұнай өнімдерінің толық жанып бітпеуіне және күкірт қышқылы қосындыларының пайда болуына әкеліп соқтыруда. Олар атмосфера ылғалымен қосылып, жерге «қышқыл шық» немесе «қышқыл жаңбыр» болып жауып, топырақ жарамсыз болып, өсімдік дүниесінің жойылуына тікелей әсер етуде .

Бұрғылау мұналары тұрған жерлердің территориясының ластануы:

-   өсімдік дүниесінің түрі мен саны азайған немесе мүлдем жойылған;

-   қазылған қазаншұңқырлар, орлар, төбешіктер пайда болып, рельеф келбеті күрделі өзгеріске ұшыраған;

-   темір қалдықтары, сынықтары шашылып белгілі бір территорияны алып жатыр;

-   бұрғылау мұнаралары мен құбырлар алынбай қалып кетіп, жерді пайдалануға жарамсыз жасауда;

-   бұрғылау объектілерінің нормативтен 2-3 есе асып түсетін территорияны пайдалануы;

-   ауыр техниканың топырақтың өсімдік өсетін қабатын зақымдауы.

Әртүрлі техникалық құралдардың көмегімен жердің табиғи ресурстарын меңгеруді іске асыруда геотехникалық кешенді немесе табиғи-техникалық жүйені құруға әкеледі. Мұнай және газды өндіруде бір ғана техникалық кешенге шоғырландырылған. Геошаруашылық кешендер геошаруашылық жүйеге біріктіріле отырып барлық аймақтар мен аудандарды қамтиды.

Геошаруашылық жүйе географиялық ортаның нақты кеңістіктік уақыт көлемінде адамдардың табиғи ресурстарды меңгеру кезеңінде пайда болады. Сонымен, мұнай өндіруде пайда болған күрделі табиғи техникалық жүйе, табиғи ортаға техногенді әсердің ортасы ретінде мақсатты түрде геотехникалық жүйе қарастырылады [2].  

Маңғыстау облысындағы мұнай-газ өндіру жеріндегі геошаруашылық жүйе әрі табиғи, әрі техногенді факторлардың ішіндегі мұнайды жинау пунктері және мұнай дайындау мен тасымалдау кәсіпорындары, мұнай құбырлары мен транспорттық орталықтары және т.б жұмыс жасайтын кәсіптер жиынтығының нәтижесінде құрылды. Бұл жүйенің барлық элементтері бір-бірімен энергожүйелер және коммуникациялар арқылы байланысқан.

Сондықтан да мұнай өндіру ауданы аймағын табиғи ортаға техногенді әсер ететін орта деп санауға болады.

Мұнай кәсібі біршама ауданды ғана иеленеді және оның аймағында барлау, эксплуатациялық, бақылау ұңғымалары, сорғы-компрессорлы станциялары, сепараторлы құрылғылар, мұнайды алғашқы дайындау пункті, мұнайды сақтау үшін резервуарлы парктер, сондай-ақ мұнай құбырлары, суды айдау және басқа да коммуникациялық жүйелері жұмыс жасайды.

Мұнай-газ кешенінің тереңдікте және көптеген потиенциалды мүмкіндіктерімен қоса қоршаған ортаға (геологиялық ортаға, топыраққа, атмосфераға, жер асты және жер үсті суларына, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне) нақты теріс әсер етуі, аймақтағы басқа да кешендер мен жылу-энергетикалық кешенінен асып түседі. Сонымен бірге табиғи ортаның барлық компоненттеріне әсер етуі мүмкін. Геологиялық орта жағдайының көптеп бұзылуы мен теріс экологиялық жағдайлары ең алдымен мұнай-газ кешені объектілерінің үздіксіз жұмыс жасауымен тығыз байланысты [3].

Табиғи орта факторларының өзгеруі мұнай кәсібінің жұмысы нәтижесінде және ол мұнай-газ орнының барлық ауданында болуы мүмкін. Сонымен бірге әсер ету масштабы мен ерекшелігіне, сондай-ақ қоршаған ортаға түсетін ластаушы заттардың өзгешелігіне байланысты. Жалпы байқағанымыздай алаңды дайындау, сондай-ақ тұрмыстық және коммуникациялық объектілерінің құрылысын салу топырақ жамылғысын және өсімдіктер қауымдастығын жоюға әкеледі. Мұнан басқа ластаушы заттар тасқыны эксплуатациялық орнынан асып кетуі мүмкін.

Мұнай-газ өндіру кешені объектілерінің құрылымы мен жұмыс жасауы нысанның және табиғи ортаның ерекшелігіне байланысты экологиялық жағдайлардың келесідей өзгерістеріне әкелуі мүмкін:

-   ортаның табиғи жағдайының өзгеруі нәтижесінде сейсмикалылықтың өсуіне;

-   экзогенді үрдістердің қарқындалуы (жер көшкіні, баурайлардың эрозиясы);

-         табиғи кешендердің деградациясы;

-         жер үсті және жер асты суларының ластануы;

-   табиғи-аймақтық кешендердің экологиялық жағдайларының жалпы нашарлауы.

Мұнай өндіру ауданындағы табиғи ортаға шаруашылық қызмет түрлерінің әсер ету сипаты және көлемі бірнеше факторлар тобына байланысты :

-   табиғи ортаның ластану дәрежесіне және өздігінен тазару мүмкіндігіне әсерін тигізетін табиғи-климаттық жағдайлар;

-   табиғи ортаға жайылу мүмкіндігі бар өндірілетін мұнай, газ және минералды сулардың құрамына;

-   мұнай және газдың потенциалды ресурстарына, бұрғылау жағдайына, мұнайды өндірудің сипатына және дәрежесіне, мұнай-газ бассейнінің геологиялық құрылымына.

Дегенмен, Маңғыстау облысында табиғатты қорғау талаптарына сай келмейтін ескірген техника және бұрынғы технологиямен мұнайдың біраз бөлігі өндірілуде. Магистральды құбырлардың көп бөлігі ұзақ жылдар пайдаланылуда және олар толық жаңа құбырлармен жаңартылмаған. Осы жағдайлардың бәрі өнімнің тасып, төгіліп апаттық жағдайға әкеледі, кейде оның қоршаған орта үшін қаупін жою өте қиынға соғады.

Аймақта мұнай өндіру мен өңдеудің дамуы табиғи кешенмен тікелей байланысқа түсетін магистральды мұнай-газ құбырларының тармақталған жүйесінің дамуына әкеліп отыр. Сондай-ақ мұнай кәсібінде құбырларды төсеуде топырақ жамылғысының құрамы мен құрылымына, өсімдіктердің бұзылуына, жер үсті және жер асты суларының режимінің нашарлауы сияқты, жалпы ландшафтың бұзылуына әкелуімен сипатталады. Экологиялық қаупі жоғары аймаққа негізінен магистральды құбырларды бөліп жіберу тармақтарындағы аймақтар да жатады [4] .

Жоғарыда келтірілген шаруашылық қызметтің табиғи ортаға әсері өте күрделі. Көптеген жылдардағы бақылау мәліметтерінің жоқтығы салдарынан, табиғи кешеннің масштабы және тенденциалы өзгерісі көптеп анықталмай отыр. Табиғи орта компоненттері мен жалпы табиғи кешендердің құрылымы арасындағы себеп-салдар байланысының болуы, олардың геоэкологиялық деңгейдегі уақыттық және кеңістіктік өзгерісінің ерекшелігін талдауға мүміндік береді. Нәтижесінде анықталған заңдылықтар нақты ұсыныстарды өңдеуге, жалпы алынған мәліметтер негізінде табиғатты пайдалануды жетілдіруге және табиғатты қорғаудың әртүрлі іс-шараларын жүргізуге араластыруы мүмкін.

Тепе-теңдігі бұзылған табиғи ортаға әсер ету жағдайында қалпына келтірудің өзгеше ерекшелігінің болуы, табиғи-шаруашылық жүйеде үрдісті қарқынды басқару барысында, табиғатты қорғаудың бағыттары мен түрлерін таңдау іс-шараларында табиғи орта компоненттері тұрғысынан өзгерісін талдаудың қажеттілігін анықтайды.

1 - кесте – Мұнай кәсібі әсерінің нәтижесінде табиғи орта өзгерісінің негізгі факторлары

 

Жұмыс түрлері

Өзгеру сипаты

1.

Коммуникация және тұрмыстық құрылымдардың құрылыс нысандары.

Табиғи өсімдіктер қауымдастығының сипатына және топырақ жамылғысының жоғары бетінің бұзылуы.

2.

Кәсіпшілік жерінде техникалық құралдар және олардың қарқынды жұмысы.

Топырақтың жоғары бетінің механикалық бұзылуы және уытты өнімдердің жиналуы.

3.

Ұңғымаларды жеке және топтық бұрғылау.

Өсімдіктер және топырақ жамылғысының толық жойылуына, құнарлы жерлердің 0,4-тен 4 га ауданға дейін алынуы.

4.

Мұнай өндіру мен бұрғылауда мұнай шламдарының құрылуы.

Топырақта және жер асты суларында ластаушы заттар өнімінің шамадан тыс пайда болуы.

5.

Мұнай, кәсіптік ақаба суларының төгілуі.

Жер үсті және жер асты суларының ластануы, топырақтың сулы-физикалық микробиологиялық және басқа да сипатының, өсімдіктер қауымдастығының құрылы-мының түрлерінің бұзылуы.

6.

Резервуарлар, жанармай жағатын қондырғылар (жылу пеші, факельді қондырғылар және т.б).

Ауа бассейнінің токсинді ингредиенттер мен ластануы, өсімдіктер қауымдастығына термиялық әсері.

7.

Кәсіптік құбырларының құрылысы және оларды пайдалану.

Өсімдіктердің жойылып, топырақтың бұзылуына әкеледі. Қатты екпіннің нәтижесінде жер үсті және жер асты сулары ластанады.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1. Шрусов Э.Б., и др. Экология и экономика природопользования – М: 1998 – С 260-271.

2. Кулманов М.Е., Амрин К.Р., Байзаков Т.Б. О гигиенических территориальных комплексных схемах охраны природы // Гигиена и санитария – 1986 - №4. 12-14с.

3. Шигаева М.Х., и др. Мутагены и комутагены окружающей среды – Алматы: Ғылым, 1984 – 255с.

4. Н.К. и др. Новые нефти Казахстана и их использование технология повышения нефтеизвлечения – Алма-Ата: Наука, 1982 – 276с.