Экономическое науки/ Экономика предприятия

Өтегенова К.А.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, э.ғ.к.

Алмусаева Д.А.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің магистранты

 

автокөлік қызметі тиімділігіне автожолдардың сапалық жағдайының әсері

 

Автокөлік жолдары – әр түрлі жылдамдықтағы және салмақтағы автокөліктердің қауіпсіз, әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ете отырып,  жолаушыларға, жүргізушілерге, автокөліктерге қызмет ететін  құрылыстың күрделі кешені және мемлекеттік маңызды нысан. Автокөлік жолдарында көрсетілетін қызмет түрлерін үш топқа бөлуге болады:

·        жылжымалы құрамның қозғалыс шарттары, байланыс құралдары, демалыс және аялдау орындары қызметін ұйымдастыру және басқарумен айналысатын жалпы қызметі;

·        жолаушылар мен жүргізушілердің, жыжымалы құрамның қажеттіліктерін қамтамасыз ету қызметі, мысалы, жанар май құйып алу, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жолаушылар мен жүргізушілердің тамақтануы және т.б. қызмет көрсету;

·        апаттық қызмет (медициналық көмек, автокөліктерді жөндеу).

Бүгінгі таңда, жол қатынасының тұрақтылығы аймақ экономикасының өсуіне, әсіресе ауылдық аумақтардың дамуына тікелей әсері бар негізгі факторлардың бірі болып отыр. Оған қоса, ауылдық елді мекендер мен аудан, облыс орталықтары арасындағы жолаушы тасымалын қалыптастыру жол қатынасының тұрақтылығына тікелей байланысты негізгі әлеуметтік мәселелер болып табылады.

Қызылорда  облысы бойынша қазіргі уақытта 2228,5 шақырымды құрайтын  135 облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар.  Соның 13 шақырымы - асфальтбетон, 1114 - шақырымы қара қиыршық тасты, 537,5 шақырымы -  қиршық тасты жолдар және 564 шақырымы - топырақты жол. Мысалы, Арал ауданы бойынша жолдың жалпы ұзындығы 728 км болса, оның 32,7 %-ы - 4 категориялы, 67,3%-ы - 5 категориялы жолға жатады. Облыстың оңтүстігінде орналасқан Жаңақорған ауданындағы жолдың 105 км – 4 категориялы, 84 км – 5 категориялы жолға жатады. Жолдардың басым бөлігіне дерлік тас қабаттар төселінген. Тас жолдардың жалпы қашықтығы   116 км.

Қызылорда облысында автокөлік жолдары жағдайының нашарлауы және олардың істен шығуы жол шаруашылығының басты мәселесі. Жол жамылғыларының көліктерді көтеру қабілетінің қарқынды төмендеуінен автокөлік жолдарының жағдайы сын көтермейді.   Республикадағы автокөлік жолдарының шамамен 85 пайыздай бөлігі автокөліктің осіне 6 тонна салмақ түсіруге ғана рұқсат етілетін  талаптарға сай  салынған. Алайда, осы уақытқа дейін автокөліктің жылжымалы құрамы елеулі өзгерген.

Жол болса өңірлердегі экономиканың дамуы қарқын алады, ішкі сыртқы сауда дамиды. Жұмыс орындары ашылады. Енді ғаламдық көлік компаниялары қазақстандық рынокта шоғырлана бастайды. Еуропадағы және әлемдегі сияқты көлік рыногында қатаң бәсекелестік қалыптасады. Көлік кешені дамып, халықаралық байланыс күшейеді, бұл экономиканың одан әрі дамуына серпіліс береді [1].

Қызылорда облысы үшін мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі жоспарлар жанданады. Көлік рыногы арқылы Қазақстан ықпалды мемлекетке айналып, жүк тасымалында айтарлықтай табыс түсіреді. Мамандар бұл дәліз арқылы Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалының шамамен 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетін болады деп жобалауда. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінде транзиттік жолы бар елдер жылына 1 триллион доллар көлемінде табыс табады екен. Демек, біздің елдің жүк тасымалындағы үлесі қомақты болмақ [2].

Облыстың автомобиль көлігін және жолдарын дамытудың негізгі  мақсаты - облыс экономикасы мен тұрғындардың автокөлік тасымалдаудағы қажеттілігін барынша қанағаттандыру болып табылады.

Орта  мерзімді кезеңде дамудың негізгі  бағыттары: автомобиль жолдарының, көпірлердің көліктік-пайдалану көрсеткіштерін жақсарту және олардың тұтыну ерекшеліктерін жоғарылату; нормативтік талаптарға сәйкес жол жұмыстарының қаржыландырылу көлемін көбейту және автожолдарды жөндеу жұмыстарын нормативтік мерзімде жүргізу; автожол саласына сапаны басқарудың халықаралық  стандарттарын енгізу [3].

         Орта мерзімді кезеңде облыстағы 13 әлеуметтік маңыздағы автобус тасымалының бағыттары сақталады және сәйкесінше оның шығындары облыстық бюджеттен субсидияланады.

Сонымен, облыстағы автокөлік жолдарының жағдайы географиялық орналасуы бойынша тығыздық деңгейінің төмендігіне қарамастан аймақ экономикасынның қажеттіліктерін толық қанағаттандыруда. Автокөлік жолдарының, көлік инфрақұрылымының көптеген учаскілері мен бағыттарының ішкі және халықаралық нормативтік талаптарға сай болуы әрбір аумақта көлікпен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарты болмақ.

Қызылорда  облысы бойынша да 2013 жылғы жүк көліктерінің саны 18204 бірлікке жетіп, 2010 жылмен салыстырғанда 10,9%-ға артып отыр. Қызылорда облысының тауарлы маркасы күріш болса, соңғы жылдары мұнайлы өлкеге айналды. Облыс аумағындағы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы, «ҚазГермұнай» біріккен кәсіпорны акционерлік қоғамы, «Қор» мұнай компаниясы, «Торғай Петролиум» акционерлік қоғамы, т.с.с. мұнай компаниялары өнімдерін автокөлік мекемелері тасымалдауда. Осыған байланысты, төмендегі кестеде Қазақстан Республикасы және Қызылорда облысы бойынша қызмет көрсететін автокөлік мекемелерінің 2009-2013 жылдардағы саны берілген.

Қызылорда қаласы бойынша «Қыран» ЖШС-і, «Дорстрой» ЖШС-і, «Көлік қызметі» ЖШС-і, «Көлік Сервис» ЖШС-і, «Қатынас» ЖШС-і, «Жалғас» ЖШС-і, т.б. және аудандар бойынша «Жолаушы Сервис АБ» ЖШС-і, «Желмая» АҚ-ы, «Сыр тұлпары» ЖШС-і, «Маржан-2002» ЖШС-і, т.б. кәсіпорындар жергілікті жерлерде тендерлер қорытындысымен мемлекеттік тапсырыс және жеке тапырыстар бойынша жүк және жолаушылар тасымалдауда.

 

Кесте 1 – Қазақстан  Республикасындағы және Қызылорда облысындағы көлік мекемелеріндегі көліктер саны

                                                                                                                           бірлік

Көрсеткіш

2009

2010

2011

2012

2013

Қазақстан Республикасы

Жүк көліктері

8 452

9 100

9 220

9 818

9 576

Автобустар

9 079

9 447

9 254

9 078

8 614

Қызылорда облысы

Жүк көліктері

625 

574

561

595

666

Автобустар

291

303

193

116

66

Ескерту: Қазақстан өңірлері 2013 жылы. Статистикалық жинақ мәліметтері негізінде

         

Қызылорда облысында жолаушыларды тасымалдау саласында автокөлік өзінің тұрақты даму серпінімен облыстың экономикалық жағдайдың тұрақтылық үрдісімен сипатталады. Автокөліктегі жолаушы ағынының өсу себептерінің бірі мемлекеттегі, сондай-ақ жолаушылар көліктері жұмысының жақсаруымен байланысты, халықтың экономикалық белсенділігінің біртіндеп өсуі болып табылады.

Пайдаланылған әдебиет:

1 Әбіл Е. Сыр өңірі өркендеу өрісінде: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды // Сыр бойы. – 2009. – 27 қараша.

2 Ахметов С. Транзиттік әлеует – ел игілігіне // Егемен Қазақстан. – 2007. – 16 тамыз. – 1 б.

3 Таяу болашақта Қазақстанда ақылы автожолдар пайда болады // http://www.azattyq.org/content/article/1176087.html