ҚАЗАҚСТАНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАЙ−КҮЙI ЖӘНЕ ІШКІ  ТАБИҒИ СУЛАРДАН  БАЛЫҚ БАЙЛЫҒЫН ПАЙДАЛАНУ

 

Сейтбаев Қ.Ж. - Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Қарабаева А.А. – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ

Жұмабаева Н.Қ. – Биология мамандығының 1 курс студенті

 

Қазақстан балық шаруашылығы су қорына бай және мұнда балық өсiру мен балық аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар бар.

Республикамыздың су байлығы Арал, Каспий теңіздерінің бір бөлігінен, Балқаш, Алакөл сияқты ірі көлдерден, Бұқтырма, Шардара су қоймаларынан, Жайық, Сырдария, Ертіс, Іле сияқты ірі өзендерден және мыңдаған орташа және шағын көлдерден тұрады.

Тамақ қорын молайтуда республикамыздың құнарлы жерлерімен қатар ішкі сулардың да (өзендер, көлдер, су қоймалары) атқаратын рөлі үлкен.

Республикамыздағы соңғы кездегі халық санының өсуiн ескере отырып және ғылыми тұрғыдан ұсынылып отырған шамаларды (бiр адамға 14,6 кг) басшылыққа ала отырып, халықтың балық және балық өнiмдерiне сұранысын қанағаттандыру үшiн балық аулауды, тауарлық балық өсiру мен балық импортын жылына 272,0 мың тоннаға дейiн жеткiзу қажет.

Тұтастай алғанда, консервiленген өнiмдердi қоспағанда, шығарылған балық және балық өнiмдерiнiң экспорты жекелеген ұстанымдар бойынша импорттан асып түседi.

Біздің республикамызға балық және балық өнiмдерi 43 шетелдiк мемлекеттерден келiп түседi. Негiзгi балық жеткiзушi мемлекеттерге Ресей, Норвегия және Қытай жатады.

Соңғы бес жылдағы балық және балық өнiмдерiнiң импорты 2005 жылы көлемi бойынша да, құны бойынша да ең жоғары болды және 2001 жылмен салыстырғанда 34,7 мың тонна және 16,0 миллион АҚШ долларының орнына сәйкесiнше 41,9 мың тонна және 23,3 миллион АҚШ долларына жеттi. 2005 жылы әкелiнген өнiм көлемi негiзiнен мұздатылған, дайын және консервiленген балық болды, яғни әкелiнген өнiмнiң 95%-ын құрады.
           Балық шаруашылығы қорының құрамына Каспий және Арал теңiздерiнiң қомақты су айдыны, Балқаш көлi, Алакөл көлдерiнiң жүйесi, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары мен басқа да халықаралық, республикалық және жергiлiктi маңызы бар су тоғандары кiредi.

Каспий теңiзiн қоспағанда су тоғандарының жалпы ауданы 5 миллион гектар шамасында. Республикамыздың су тоғандарындағы жалпы балық аулау 1965 жылы 111,9 мың тоннаны құраса, ол 1990 жылдан бастап 2004 жылға дейiн 80,9 мың тоннадан 36,6 мың тоннаға дейiн күрт төмендегенi байқалады. 2005 жылы балық қорларын қорғау және оңтайлы пайдалануға бақылауды күшейту нәтижесiнде республиканың су тоғандарындағы жалпы балық аулау көлемi 2004 жылмен салыстырғанда 12,2%-ға артты және ол 44,9 мың тоннаны құрады.

Антропогендiк әсерден (өзендер арналарын реттеу және басқа да шаруашылық iс-әрекеттер) болатын залалдың орнын толтыру мақсатында елімізде республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорындар болып есептелінетін құнды балық шабақтарын (бекiрелер, тұқы, сазан, дөңмаңдай, ақ амур, ақсаха балық түрлерiнiң дернәсiлдерiн) өсiрумен және оларды табиғи су қоймаларына жiберумен айналысатын 7 балық питомнигi, 2 уылдырық шашу-өсiру шаруашылығы, 2 бекiре балық өсiру шаруашылығы және Қазақ өндiрiстiк-жерсiндiру станциясы жұмыс iстейдi. Жыл сайын жiберiлетiн балық шабақтары мен дернәсiлдерi 143,6 миллион дананы, соның iшiнде Каспий теңiзiне жiберiлген бекiре шабақтары 6,0 миллионнан астам дананы құрады.

Өткен ғасырдың  90-жылдарына дейiн тауарлық балық өсiрудiң келесi бағыттары: тоғандық балық өсiру (толық жүйелi және жайылымдық), судағы торлы балық шарбағы, көл-тауарлы, бассейндiк және бейiмделген су тоғандары мен жылу электр орталықтарындағы және су-реле электр станцияларындағы (бұдан әрi − ЖЭО, ГРЭС) жылы суларда балық өсiру жақсы дамыды. Бейiмделген су тоғандарында тауарлық балық бiр жылдық, екi және үш жылдық жайылымдарда өсiрiлдi. 1970 жыл мен 1990 жылдар аралығындағы кезеңде тауарлық балық өсiру көлемi 0,6 мың тоннадан 9,8 мың тоннаға дейiн өстi немесе 14,2 eceгe дейiн артты. Тауарлық балық өсiру бойынша мұндай өсу қарқыны бұрынғы Одақ республикаларының бiрде-бiрiнде болған емес. Мысалы, Балқаш көлiнде 1 гектардан 3−тен 5 кг дейiн балық ауланса, ал тоған шаруашылығында бұл көрсеткiш 1,5 мың кг-нан 1,8 мың кг-ға дейiн ауытқиды. Тоған шаруашылықтарын қазiргi заманғы интенсивтi технологияларға көшiру арқылы бiр гектарға 10,0 мың кг және одан да көп тауарлық балық өсiруге жеткiзуге болады.

Қазақстан Республикасының Қазақстанның кез келген облыстарында тауарлық балық өсiрудi дамытуға, бекiре өсiрудi қоса алғанда, зор мүмкiндiктерi бар, бiрақ оның дамуына кедергi келтiретiн бiрқатар себептерге байланысты аталған бағыт бүгiнгi күнге дейiн дамымай отыр.

1990-2005 жылдар аралығында тауарлық балық өсiру мүлдем дамымады. 1990 жылы тауарлық балық өсiру 10 мың тоннаға дейiн жетсе, кейiнгi жылдарда тоған шаруашылықтарында тауарлық балық аулау 150 тоннаға дейiн қысқарды. Республиканың жаңа экономикалық қарым-қатынастарға көшу кезеңiнде тауарлық балық өсiрудi мемлекеттiк реттеу жүйесi болмады. Осы бағытты дамыту бойынша қандай да бiр бағдарламаның болмауы балық шаруашылығы субъектiлерiне саланың бұл секторында жан-жақты жұмыс жүргiзуге мүмкiндiк бермедi.

Қазiргi таңдағы ескiрген технологияның пайдаланылуын, халықаралық ынтымақтастықтың төмен деңгейiн ескерсек, Республикадағы тауарлық балық өсiру мен балық қорларын молайту балық саласының бiр бөлiгi ретiнде өте нашар дамыған.

Тауарлық балық өсiру көлемi күрт төмендеуiнiң негiзгi себептерiне арнайы жемдердiң, тыңайтқыштардың, дәрiлiк препараттардың, электр энергиясы, су ресурстары мен жердi пайдалану құнының жоғары болуын жатқызуға болады, сондай-ақ республика аумағына балық отырғызу материалдарын (балықтардың дернәсiлдерi мен шабақтары және басқалар) және жемдiк ағзаларды тасымалдау кезiндегi жоғарғы кедендiк бажды жатқызуға болады.

Балық қорын қорғаудың және молайтудың негізгі бағыттарын ғылыми тұрғыдан анықтап, оны жүзеге асырмайынша  сулардың балық шарушылығындағы  маңызы біртіндеп жоғала беретін болады. Ішкі суларда балық өсіру мәселесіне келетін болсақ бұл саланың алдында тұрған ең басты міндет-балық аулауды жетілдіре беру және сулардың балық байлығын молынан пайдалану емес, керісінше сулардың шикізат қорын молайту жолдарын іздестіру, олардың қолдан өсіруді ұйымдастыру. Егер судың балық байлығын игерудің алғашқы жылдарында балық аулауды ұйымдастыру, аулау флотын жетілдіру, балықты көбірек алу міндеті қойылса, соңғы жылдары сулардың балық қорын сақтау және молайту міндеті бірінші орында тұр. Ішкі суларда және ашық теңіздер мен мұхиттарда балық шаруашылығын дамытудың айырмашылығы бар. Егер мұхиттарда шикізат қоры шаруашылықты дамытуға мүмкіндік жасайтын басты фактор ретінде оның судағы  табиғи қоры молынан алынып қана қойылса, ішкі суларда оларды қолдан өсіруге, қорын молайтуға мүмкіндік бар. Ашық теңіздерде табиғи түрде өскен балық байлығын игеруге аса күш салынса, ішкі суларда балық байлығының қорын  молайтуңа, оны қолдан өсіруге көбірек мән беріледі. Ішкі суларда балық өсіруді және балық аулауды керекті мөлшерде  арттыра беруге болады.

Ішкі су тоғандарының көлемінің ықшамдығы және  оларда балық шаруашылығын ғылыми негізде реттеп отыруға болатындығы-халық шаруашылығы үшін маңызы зор. Ішкі суларда балық шаруашылығын дамыту көптеген факторларға байланысты. Оның негізгілері, мұхиттардың балық қорының азайып келе жатқаны. Бұған қоса ішкі суларда балық шаруашылығын дамыта түсу-халқымызды жоғары сапалы балық тағамдарымен жабдықтау ісінде маңызды рөл атқарады. Себебі ішкі сулардың ірі өндіріс орындарына, халықтың тығыз мекендеген жерлеріне орналасуы тұтынушыларға балық өнімдерін сапалы күйінде (тірі немесе салқындатылған балық) жеткізуге мүмкіндік береді. Ішкі сулардың тағы бір артықшылығы-олар халықтың көп шоғырланған жерлерінде, өндіріс орындарында орталықтарына жақын орналасқан. Балықты өнеркәсіптік мөлшерде қолдан өсіру қажеттгі соңғы жылдары ерекше айқындала бастады. Республикамызда балық өнімдерін молайту үшін тоған шаруашылықтарын дамыту қажет.Алдағы уақытта тоған шаруашылықтарынан басқа да балық өсіру мүмкіндіктерін қолға алумыз керек. Олардың қатарына тормен қоршалған алаңда –акваториясы үлкен су қоймалары мен көлдердің жағалауы тайыз жерлерінде балық өсіру, товарлы көл шаруашылықтарын ұйымдастыру және шағын көлдерді балықтандыру жұмыстары жатады.