Экономические науки/11.Логистика

 

Даулетова А.М., э.ғ.к., доцент

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

МОНОҚАЛАЛАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕСІ

 

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырысы бойынша ағымдағы жылдың 21 мамырында «2012-2020 жылдары моноқалаларды дамыту» Бағдарламасы қабылданған болатын.

Моноқалаларға бірыңғай өндірістік-технологиялық үдеріс шеңберінде әрекет ететін бір немесе бірнеше кәсіпорны бар, онда негізгі жұмыста экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 25 % -ы жұмыс істейтін немесе үлесіне қаланың өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 50 % -ы тиесілі елді мекендер жатқызылды.

Моноқалалар категориясына 20-200 мың адамдары және келесі ерекшеліктері бар қалалар енді [1]:

1)       қала құрушы кәсіпорынның өнеркәсіптік өндірісі негізінен өндіруші секторы жалпы қалалық өндірістің 20%-дан астам үлесін құрайды;

2)       қаладағы қала құрушы кәсіпорында халықтың 20%-дан астамы жұмыс істейді;

3)       қала құрушы кәсіпорын жұмыстары шамалап немесе тіптен тоқтатылған.

Моноқалалардағы өмір сүру қауіпсіздігінің сапасына, сонымен қатар бұл қалалардың экономикалық әлеуетіне техногенді факторлар мен жайсыз табиғи құбылыстар, қоршаған ортаға жоғарғы антропогенді қысым сияқты белгілер тән.

Моноқалалардың жағдайына 2008 жылғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс пен шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауы да әсер етті. Атап өту қажет, моноқалалар дағдарыстардың жағымсыз әсеріне мейлінше қатты ілігеді, өйткені халықтың айтарлықтай үлесі қалақұрушы кәсіпорындарда еңбек етіп, экономикалық тұрғыдан белсенділігі төмен болып келеді, ол аталған аумақтардағы кәсіпкерліктің дамымағандығының себебі болып табылады.

Минералдық шикізат базасының сарқылуына байланысты басқа да бірқатар килігетін мәселелері тағы бар. Олар: өмір сүрудің төмен деңгейі мен сапасы, жұмыссыздықтың, қылмыстың жоғары деңгейі, өндірістік және көлік инфрақұрылым объектілері тозуының  жоғары пайызы, экономиканың барлық салаларында білікті мамандар мен жұмысшылардың жеткіліксіздігі, көптеген қалалардың облыс орталықттарынан шалғай орналасуына байланысты көлік коммуникацияларының нашарлығы, экологиялық мәселелер, әлеуметтік шиеленіс.

Көптеген моноқалалардың өндірістері экспортқа бағытталғандықтан, олардың экономикасы шикізат ресурстарын экспорттау көлеміне, қара, түсті және құнды металдардың әлемдік және ішкі бағаларының конъюнктураларына, сонымен қатар жетекші әлемдік валюталардың курстарына тәуелді болып келетіндіктен, сала құрушы ксәіпорындары бар моноқалалар жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың келеңсіз жақтарына сезімталдығынан экономикалық тұрақтылығы да ауытқып отырады.

Моноқалаларға сонымен қатар тұрғындарының еңбек бастылығы диверсификациясы, жұмыссыздықтың жоғарғы деңгейі, қоғамдық тоқырау, біртекті мәдени өмір, институттары мен азаматтық қоғам қатынастарының әлсіздігі тән болып келеді.

Сонымен қатар көптеген монақалаларға келесі проблемалар ортақ болып келеді:

1)       түбінде тоқыраулы жұмыссыздыққа әкеп соғатын жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы;

2)       жергілікті кәсіпорындардың инновациялық белсенділігінің төмендігі;

3)       жергілікті өндіріс қызметтерінің шектеліп қалғандығы;

4)       экономика мен территорияның тәуекелділігінің жоғарылығы;

5)       азаматтық қоғам қатынастарының әлсіздігі.

Бұндай моноқалаларға тән проблемалар тек Қазақстандаға ғана емес, сонымен қатар Ресей, бұрыңғы Кеңес Одағындағы мемлекеттер мен көптеген шетелдік мемлекеттер де килігіп отырады. Сондықтан осындай проблемаларға ұшыраған қалалардың шешімін тиімді және ұтымды тауып кеткен шетелдік озық тәжірибелерге егжей-тегжейлі талдау жасап, оларға жүгінуге болады.

        Моноқалалардың мәселелерін шешудің халықаралық тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бұл мәселелерді шешудің төрт нұсқасы бар: біріншісі – қол жетімді несиелер арқылы диверсификацияла нәтижесінде зауыт сұранымға ие жаңа өнім шығара бастайды. Екінші нұсқа бойынша қалақұрушы кәсіпорынды жауып, қосымша қаржылардың көмегімен жаңа бизнеске көшу. Үшіншісі – «қомақты инвестициялардың» көмегімен моноқалаларды ірі қалалардың серіктестеріне айналдыру. Егер алғашқы үшеуін іске асыру мүмкін болмаған жағдайда, қалақұрушы кәсіпорында жауып, ол қаланың тұрғындарын басқа аймақтарға көшіру. 

Біздің пікірімізше, тұрғындарды басқа жерлерге қоныс аударту тек ерекше және басқа шығу жолдары тіпті болмағанда ғана іске асырылуы тиіс. Өйткені бұл үдерістің сол қаланың байырғы тұрғындары үшін әлеуметтік-психологиялық салдары бар. Бұл реттеғ биология мен демографияда кеңінен пайдаланылып келе жатқан «импринтинг» ұғымына, яғни кез-келген тірі жанның, оның ішінде адамның туып-өскен жеріне деген «ыстық сезім» феномені. Бұл сезім адамның жастық шағы өтіп, «кіші Отанына» айналған жерге өмір бойы инстинкт деңгейінде тартып тұрады. Импринтинг әсіресе моноқалалардың тұрғындарына тән.

Моноқалалардың проблемаларын шешің бір ұшы ондағы қалақұрушы кәсіпорындардың сол қала тұрғындары, жабдықтаушылар, тұтынушылары мен жалпы қоғам мен мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкенршілігіне де байланысты. Корпорация кейпіндегі  бизнес те қаладағы инновациялық белсенділіктің жолдарын іздестіріп, инвестициялардың қайнар көздерін анықтауы, кәсіпорынды қайта құрылымдау мен жаңа технологияларды енгізу жолдарын қарастыруы қажет. Осы орайда бизнес жетекшілері тәжірибе жүзінде  1973 ж. Давос қаласында қабылданған «Менеджердің моральдық кодексі манифестін» ұстану тиіс. Онда: «Кәсіпорын жетекшісінің кәсіби міндеті тапсырыс берушілеріне, жұмыскерлеріне, инвесторлар мен қоғамға қызмет көрсету»; «Кәсіпорын пайдасы күнкөріс көзі болса да ұйым басқармасының түпкі  көдеген мақсаты болып қалмауы тиіс» екендігі келтірілген.

Жиналған  шетелдік тәжірибелердің нәтижелері бойынша, өміршеңдігі сол қаладағы бір-екі кәсіпорынның өндірістік-экономикалық қызметімен байланысты моноқалалардың мәселелерін жүйелі түрде шешу қажет. Көптеген елдерде моноқалалардың мәселелерін сол қала басқармасымен шешуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруда кәсіпорынның өндірістік бағыттарын өзертуге немесе монотәуелділікті төмендетуге бағытталға даму бағдарламалары жасалады.

Моноқалалардың проблемаларын шешудің екі әлемдік жолдарын келтіруге болады [2, 18-19 бб.]:

Америкалық түрі бойынша проблема миграция арқылы, яғни адамдар үй-жәйларын сатып жаппай көше бастайды. Бұл бағытты іске асыруға нарықтық қатынастардың жетілгендігі мен тұрғын үй нарығының жетілгендігі және жаңа бизнес пен үй сатып алуға қол жетімді несиелердің болуы қолайлы жағдайлар туғызады.

Еуропалық түрі бойынша ескі өнеркәсіп орындарын жаппай санациялап, бұрыңғы өндірістерді жаңа автоқұрылыстармен, электротехникамен, дәлдігі жоғары техника және т.б. алмастырылып, технопарктер, ғылыми және оқу орындарының филиалдары ашылып, әлеуметтік, көліктік инфрақұрылымдыр қарқынды түрде дамытылады, кадрлар белсенді түрде дайындалады. Оған қоса Батыс Еуропадағы моноқалалар  территориясы тығыз орналасқан және әуел бастан дамыған көліктік инфрақұрылымдары бар жерлерде орналасуы жұмыскерлерге 20-30 шақырымдық жерлерге дейін жұмысқа барып келуіне мүмкіндік береді. Оған қоса көптеген еуропалық елдерде моноқалаларды тұғырықтан шығару мақсатында қызмет аясы мен сервистік экономиканы дамыту арқылы инвесторлар мен туристеді тартуға мүмкіндік берді.

Бір салалы қаланың шешімін ұтымды тауып кеткен Кируна қаласы туралы айтпай кетуге болмайды. Кируна – Швецияның солтүстігінде орналасқан, желтоқсанның басынан қаңтардың басына дейін полярлы түні тән, ал мамырдың соңынан шілденің ортасына дейін күні батпайтын полярлық шеңберде орналасқан қала [3]. 1900 ж. жұмысшы кеншар қала мәртебесін иеленді. Табиғи ресурстарға бай кеніштерді игеруде LKAB жеке компаниясы тек қала құрушы ғана емесе, сонымен қатар сол аймақтың өркендеуіне ерекше үлесін қосты.  LKAB 1950 жылдары өндіруші өнеркәсіппен байланысты емес қосымша қаржы қорларын құру туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде 1960 ж. жабық әскери аэродром маңында азаматтық бағыттағы аэропорт іске қосылды [4]. 

Сонымен қатар қаланы дамуда туризм саласына да ерекше көңіл бөліне бастады. Тау бөктерлерінде жыл бойы қалың қардың жатуы  тау-шаңғылық туризмді дамытуға мүмкіндік берді. Адам аяғы тимеген Солтүстікте (ұлттық Абиско паркі) мен Саами елінің мәдени құндылықтары  экологиялық және этникалық туризмді, аң және балық аулауды дамытуға мүмкіндік берді. Бұндай шаруашылықтың жаңа бағыттары қала экономикасына қомақты инвестициялардың құйылуына ықпал етті.

1975-1990 жж. бұл компания мен қалаға мемлекет тарапынан миллиардтаған  инвестициялар құйыла бастады. Бұл инвестициялар бұрынғы өндірістерді модернизациялауға жұмсалды. Өндірісті автоматтандыру нәтижесінде LKAB өнімдері халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілеттілігі жоғары өнім шығара бастады.

Қазіргі таңда Шведтер Кируна қаласын «Полярлық жұлдызымыз» деп атап, қала шын мәнісінде ғылыми-техникалық, инженерлік және творчестволық жетістіктер орталығына айналды.  Енді Кирунаваара шахтасы әлемдегі ең үлкен және терең шахта қатарына жатады. Туриндустрияны дамыту мақсатында 1998 ж. 540 м тереңдікте әлемде теңдестігі жоқ «InfoMine» ақпараттық шахтасы» ашылды.  Туристер жарты шақырымдай тереңдікке түсіп, әртүрлі кезеңдерде жер астындағы кен өндіру жағдайларын тамашалай алады. Сонымен қатар туристерге әртүрлі мұражайлық экспонаттар, көрмелер, кинозалдар, кафе мен мейрамханалар ұсынылады. Осылайша LKAB өз қызметін диверсификациялай отырып, аэроғарыштық, туристік, ҒЗТКЖ бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Кирунаның тағы да бір жетістігі «Ice Hotel» атты әлемге әйгілі мұздан жасалған қонақ үйі. Бұл отельдің 80 номері, бар-ресторандары, тіпті өз шіркеуі де бар. Отельдің басты ерекшелігі интерьерінің барлық құрамалары (стол, үстелдері, қабырғалары, тіпті ыдыстары) мұздан жасалған. Қонақ үй жыл сайын көктемге дейін маусымдық жұмыс істеп, күзде атақты архитекторлармен қайта салынады. Қаланың туристік орталық ретінде дамуын келесі статисткалық мәліметтер дәлелдейді: 2000-2010 жж туристердің қалаға қону дүркіндігі 300-ден 600-ге дейін артқан [5].

Ал Франциядағы Лиондық және Греноблде бір салалы экономиканы әр тараптандыруда кластерлік тәсіл кеңінен қолданылды [6]. Жапонияның күйзелісті Кобэ сияқты индустриалды бір салалы қаласын жаңғыртуда медициналық технологиялар аясындағы «сұранымы бар» өндірістік парктер құрылды [7].

Ұлыбританияда жоғарыдағы моноқалалардың мәселелерін шешуде мемлекеттік‑жеке серіктестік (МЖС)  кеңінен қолданылған болатын. Сонымен қатар бұл елде ХХ ғ. 80 жж. көмір өндіретін Сент-Этьен  мен болат  құю өнеркәсіптеріне тәуелді басқа да аймақтарда арнайы мемлекеттік ведомстволар құрылды. Осы ретте мемлекет бұл аймақтарға сыртқы инвестицияларды тартуға қолайлы және жергілікті бизнестік қауымдастықтарды дамудың жаңа технологияларына капиталды бағыттауға  ыңғайлы бизнес-климаттар жасалды. Бірақ шелдерде тура және тиімді шешімдерін тапқан бұл бағдарламалар Қазақстандағы моноқалалардың мәселелерін шешуде дұрыс қолданылмай отыр.

Сонымен қатар Ұлыбританияның Кастлфорд қаласында 19 ғасырдан бері үш шахта жұмыс істеп, 1990 жж олар тұтастай жабылып қалған болатын. Ондағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі 20% жетті. Сонда 40 мыңдай халқы бар бұл қаланы «Burberry» киім тігу фабрикасы құтқарып қалды. Сонымен қатар Үкімет тарапынан да қаланы қайта жандандыруға біраз шаралар жасалған болатын.

Ресейдегі моноқалалардың мәселелерімен айналысып жүрген С.Г. Пьянкова  «Бір салалы территоияларды дамыту институттарын қалыптастыру: шетелдік және отандық тәжірибе» атты мақаласында  моноқалалардағы шетелдік тәжірибелерін келесі түрде жіктеп, жинақтаған [8,  422-427 бб.].

Бір салалы қалаларды дамытудың институттарын қалыптастырудағы шетелдік тәжірибелерге шолу

Бір салалы қалалар

Қалақұрушы экономика салалалары

Дамыту институттарын қалыптастыру

Дамыту институттарын қалыптастыруда меммлекеттің қатысуы

1

2

3

4

Пулман

(АҚШ)

Машина жасау

Туризм орталығы

·     АҚШ Жоғарғы сотының Пулманды Чикагодағы қалалық білім беру құрамына енгізу туралы шешімі

·     Тұрғындардың әлеум-еттік белсенділігімен Пулман қала, штат және мемлекеттік деңгейде қорғауға алынған  ұлттық объектіге айналды

Хаддерствилд (Ұлыбритания)

Машина жасау, тоқыма өнеркәсібі

Инновациялық-іскерлік орта

·               Huddersfield Pride аймағын дамыту агенттігінің құрылуы;

·               Мемлекеттік, жеке, бейкоммерциялық ұйым-дардың құрылуы, олар: Marketing Huder-sfield Parnership және медиа-орталық;

·               Әлеуметтік және мәдени жобаларды марапаттауда гранттар жүйесінің мемлекет тарапынан енгізілуі

Эмшер-Парк (Германия)

Көмір өндірісі мен болат өндірісі

Инновациялық орталық

·               Экономиканың эколо-гия, медицина сияқты салаларын дамыту; жарықтың альтернативті көздерін қолдану; еңбек бастылықтың  замануи жаңа түрлерін құру;

·               IBA аймақтарын дамыту агенттігін құру;

·               Шағын және орта бизнесті дамыту

Солтвиль (АҚШ)

Химия өндірісі

Туристік және іскерлік орталық

· АҚШ қоршаған ортаны қорғау Агенттігінің қала-дағы экологиялық жағдайды жақсарту шараларын қабылдауыы

· Шағын (жаұялық) биз-несті белсенді дамыту, консультациялық кеңестер және т.б.

Хелмонд  (Голландия)

Тоқыма өндірісі,

металл өңдеу

Технологиялық орталық

§                Мемлекет пен ЕО қаланы қайта жаңғыртуда барлық шығындарды қар-жыландыруы;

§               Инвестициялаудың жеңілдетілген шарттары-мен  экономиканы қайта құру;

§               Мемлекет тарапынан кадрларды дамыту;

§               Ереше статус беру және жаңа тұрғын үйлердің салынуы (жыл сайын 1000 үйге дейін салынып отырды)

Питтсбург (АҚШ)

Қара металлургия

Инновациялық-сервистік орталық

§  Жоғарғы техноло-гиялық салаларды дамыту (роботтық техника, атом технологиясы және т.б.), қаржы және қызмет аялары;

§  Ірі компаниялардың штабтық пәтерлері мен олардың өкілдіктерінің  көптеп ашылуы;

§  20 шақты универ-ситеттер мен колледждің, көптеген кітапханалардың ашылуы;

Нәтижесінде қала АҚШ-ғы ең таза және жас мамандарға тартымды, оқытушылар құрамының жалақысы жоғары қалаға айналды

Бимингем (АҚШ)

Қара металлургия

Инновациялық-сервистік орталық

§  Қала экономикасын  медициналық зерттеулер- ге, банктік істерге және қызмет аясын дамытуға жұмылдыру; Нәтижесінде Бирмингем 1989 жылы АҚШ-да тұруға қолайлы қала ретінде мойындалды

Эллиот-Лайк (Канада)

Уран кеніші

«Зейнеткерлік Мекке»

§  Мақсатты аудиториясы зейнеткерлер болып табылатын муниципалды бейкоммерциялық тұрғын үй корпорацияларын құру;

§  Барлық елдердің зейнеткерлерін шақыруға бағытталған Зейнетақы-лық тұрғын үй бағдарламасы арқылы арзан тұрғын үйлер беру;

§  Арнайы қорлар арқылы шағын және орта бизнесті микронесиелеу

 

Шетелдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бір салалы қалалардағы институттардың қалыптасуы үшін әлеуметтік бағыты бар келесі реттегі бірқатар мемлекеттік және муниципалды шаралар кешенін қалыптастыру қажет:

§     Тұрғындарды кәсіби тұрғыда қайта оқыту, бір салалы қалаларда жаңа университеттер ашылып, мамандықтардың тізімі артады да тұрғындардың   білім және ғылыми әлеуеті артады;

§     Тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету – қосымша ақысы төленетін демалыстар мен жеңілдіктер беру (мәселен, тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несиелер беру); босаған жұмыскерлерді жаңа жұмыс орындарына бейімдеу; уақытша жұмыссыздарға қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру; зейнеткерлікке мерзімінен ерте шығуға мүмкіндік беру және т.б.

§     Шағын бизнеске мемлекеттік қаржы, жергілікті бюджет пен қоғамдық қорлардың есебінен қолдау көрсету;

§     Тұрғындарды болашағы жоқ моноқалалардан басқа қала орталықтарына көшіру;

§     Жаңа инфрақұрылымдар құрып, ескісін жаңарту (логистика, коммуникация, құрылысты дамыту және тұрғын жайларды қайта жөндеу).

§     Моноқалаллардағы экологиялық тазарту шараларын жүргізу, өнеркәсіптік жүктеу нәтижесінде зардап шеккен  жерлерді қайта құнарландыру.

Сонымен дамыған шетелдерде әлеуметтік дағдарыстарды басқарудың теориялық тәсілдері мен практикалық құралдарының бүкіл жүйесі құрылғандығын атап өту қажет. Мұнда әр мемлекетке тән өзіндік экономиканы қайта құрылымдау мен диверсификациялаудың, жаңа технологияларды құрудың, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын және сыртқы орта тәуекелділігін төмендететін бірнеше жолдары қарастырылған. Сондықтан отандық мемлекеттік басқару органдаы, бизнес өкілдері және қалақұрушы кәсіпорын жетекшілері осындай шетелдік озық тәжірибелерге назар аударып, оларды Қазақстанның моноқалаларында қолдану мүмкіндігін тезірек қолдағаны абзал.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.       Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға  арналған Бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 мамырдағы № 683 Қаулысы.

2.       Концептуальные подходы к разработке стратегии разви­тия монопрофильного города / Е. Г. Анимица, В. С. Бочко, Э. В. Пешина, П. Е. Анимица; под науч. ред. А. И. Татарки­на, М. В. Фёдорова; Урал. гос. экон. ун‑т, Ин‑т экономики УрО РАН. – Екатеринбург: Изд‑во УрГЭУ, 2010. – 81 с.

3.       Мелин Я., Юханссон А., Хедеборг С. История Швеции. – М., 2002 г. 

4.       LKAB Annual Report 2001, 2002, 2003, 2007, 2008, 2009, 2010 – http:/

/www.lkab.com/?openform&id=4D0E]

5.       New Kiruna [http://www.lkab.com/?openform&id=4D1A].

6.       Леденвик Ф. Трансформация промышленности и городов – несколько примеров из жизни Французской провинции Рона-Альпы // Материалы международной конференции «Зарубежный и российский опыт реструктуризации моногородов».URL:http: // www.monorod.org/pages/.

7.       Охаси Ивао. Для разработки эффективной стратегии возрождения моногорода России – материал для дискуссии на основе японского опыта.

8.       Пьянкова С.Г. «Формирование институтов развития монопрофильных территорий: зарубежный и отечественный опыт». Фундаментальные исследования, №12, 2011 г.