Э.ғ.к., доцент Шомшекова Б.К., магистрант Омар А.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Қазақстан Республикасындағы зейнетақы  жүйесін дамытудың өзекті мәселелері       

         Қазақстан Республикасы нарықтық қатынастарға өтуге байланысты   көптеген қиындықтарды жеңе отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде елеулі табыстарға жетті. 

        Елдің  экономикалық жүйесі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жүргізумен жүйелі түрде дами бастады. ҚР мемлекеті деңгейінде жүргізілген түрлі реформаларды жүзеге асыру барысында халық  шаруашылық салаларының дамуы  өз кезегінде дағдарыстан шығуға, тоқыраудан экономиканың өсуіне өту, экономиканы қайта құру,  халықтың әлеуметтік-экономикалық   деңгейін көтерудің негізгі шарты болды.

Осы жағдайларда еліміздің зейнетақы саласында заман талабынан туындаған өзгерістерге бейімдеу үшін 1997 жылдың наурыз айында ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін реформалаудың тұжырымдамасы» және 1997 жылдың 20 маусымында ҚР «Қазақстан Республикасының зейнетақымем қамтамасыз ету туралы» Заңы қабылданды[1].

Одан басқа елімізде зейнетақы саласында реформа жүргізудің басты себептерінің бірі-халықтың жалпы санындағы қарттардың, яғни зейнеткерлер үлесінің арта бастауы еді. Сондықтан ҚР зейнетақы саласында реформа жүргізу қажеттілігі өткір сезіле бастады. Оны жүзеге асыруда келесі қағидалар ескерілді: ұрпақтар ынтымақтастығынан зейнетақыны дербес жинақтау қағидасына өту және мемлекеттік зейнетақы жүйесінен мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу.

        Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесі – елімізде қабылданған норма-тивтік құжаттарды басшылыққа ала отырып және оны Чили тәжірибесін ескере отырып құрылған  қазақстандық модель негізінде  және   әлеуметтік-экономикалық өмірі озық дамыған елдердің заманауи модельдердің бірнеше белгілерімен толықтырылған. Оның ішінде мемлекеттің белсенді қатысуы мен жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде скандинавиялық (Швеция, Дания, Норвегия) модельмен үйлеседі. Сақтандырудың болуы және тікелей мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің арасында әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігінің теңдей бөлінуі  консервативтік-корпоративтік (Германия, Франция, Италия) және либералды (АҚШ, Канада, Ұлыбритания) модельдерге сәйкес келеді. Әлеуметтік саясаттың экономикалық өсуге тәуелді болуы Шығыс Азия моделінің (80 жж. дейінгі Жапония, Оңтүстік Корея) үлгісінде жүзеге асырылуда.

Жалпы ҚР азаматтардың қартайғанда әлеуметтік қамсыздандыру  құқықтары Конституцияда бекітілгендіктен,  зейнетақымен қамсыздандыру   әр уақытта жүйелі түрде, үкіметтің басты назарында болуда.

Осыдан тәуелсіздік алған жылдары  зейнетақы саласында жүргізілген  реформалау барысында  толыққанды көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жетілдіріліп, нормативтік- құқықтық база қалыптастырылып, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің инфрақұрылымы жасалып, дамытылуда, зейнетақы жүйесін басқарудың белгілі бір тәжірибесі жинақталды.

Ол өз кезегінде республикада жинақтаушы зейнетақы қорлары, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаратын компанияларды, кастодиан-банктерін, бағалы қағаздар бойынша брокерлік компанияларды, екінші деңгейлі депозиттік банктерді, қор биржасын, орталық депозитарды, мемлекеттік реттеуші органдарды қамтитын қатысушылардың айтарлықтай үйлесімді институционалдық құрылымын қалыптастыруға ықпалын тигізді.

         Нәтижесінде 2014 ж. басында жинақтаушы зейнетақы қорындағы   салымшылардың дербес зейнетақы шоттарының саны 10046082 бірлікті, міндетті зейнетақы жарнасын белсенді төлеушілердің саны 5,6 млн. адамды немесе жұмыспен қамтылған адамдардың 67 %-ын және салымшылардың зейнетақы жинақтары 3,733424 млн. теңгені құрап отыр[2].

Одан басқа соңғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс қиындықтарына қарамастан   мемлекет реформаға дейін туындаған 1 млн. 735 мың зейнеткер үшін ынтымақты зейнетақы төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындап келеді. Қазіргі күні   зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшерін 24047 теңгеге, орташа мөлшерін  35829 теңгеге, ең жоғары мөлшерін  52226 теңгеге көлемінде белгіленген[3].

Дамудың осындай оң үрдістеріне қарамастан, зейнетақымен қамсыз-дандыру жүйесінде шешімі табылмаған, оның қаржылық тұрақтылығы, сенімділігі, зейнетақы төлемдерінің сәйкестігі және әлеуметтік тиімділігіне қатысты бірқатар жүйелі мәселелер бар.  Одан басқа зейнеткерлердің еңбек еткен жылдарынан кейін қалыпты өмір сүруіне жинаған қаражаттарының аздық ететіні, яғни жетіспеушілігі, гендерлік проблеманың шешімін таппағандығы  (әр түрлі өмір ұзақтығы, еңбекақыдағы теңсіздік осыған байланысты ерлер мен әйелдердің зейнетақы мөлшерінде  орын алатын теңсіздік), өндірістік жарақат проблемасы  және т.б. Сондықтан мемлекет зейнетақымен қамсыздандырудың механизмдерін жетілдіру жолында түрлі шараларды жүзеге асыру жолдарын қарастыруда.

Мысалы, ҚР 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында алдағы уақытта әлеуметтік қорғау мәселесі еліміздің негізгі даму басымдықтары ретінде танылғаны мәлім. Осыған байланысты,  қолданыстағы зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізу, оның ішінде  базалық және ынтымақты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру тетіктерін жетілдіру өзекті мәселенің бірі болып тұр. Осы жағдайларда базалық зейнетақының мөлшері 2015 жылға ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінің 60%  болуы және  ынтымақты зейнетақы төлемдері жыл сайын инфляция деңгейіне қарай міндетті түрде өсіру, зейнет жасына шыққандарды қолдау болып табылар еді[4].

Одан басқа тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметімен қамтуды кеңейту, жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық қызметін және олардағы зейнетақы төлемдері тетігін жетілдіру, сондай-ақ зейнетақы аннуитеттері рыногын дамыту үшін қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін толықтыру қажеттілігі туындайды. 

           Бұдан өзге ҚР Пре­зидентінің 2013 ж. Қа­зақ­стан халқына арнаған Жолдауындағы бағыттарды ескере отырып, зейнетақы жүйесін жаңғыртудың ұзақ мерзімді стратегиясы бойынша  зейнетақы төлемдерінің бұрын алған табысқа және еліміздегі өмір сүру деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында   міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс берушілер есебінен 5 % жоғарылату, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен 10 % дейін арттыру, жұмыс істейтін әйелдер үшін олар бала туу және балалардың күтімі бойынша демалыста болған кезеңде зейнетақы жарналарын мемлекеттің субсидиялауы  2014 жыл  басынан іске асырыла бастады[5].

ҚР «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту, оның ішінде  өз бетінше жұмыспен қамтылған адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартуға бағытталған [6]. Кейбір мәліметтерге сүйенсек олар 2016 жылға қарай шамамен 1,0 млн. адамды құрайтын болады. Бұл ретте бағдарламамен қамтылған өз бетінше жұмыспен айналысушы адамның 60 %-ы жалдамалы қызметкер мәртебесіне ие болады. Өз бетінше жұмыспен айналысатындардың жалақысын төлеуге жұмсалатын субсидия сомасынан 10 % мөлшерінде міндетті зейнетақы жарна аударылатын болады. Өз бетінше жұмыспен айналысатындардың екінші бөлігі (40 %) өз пайдасына 22,2 млрд. теңге сомасында міндетті зейнетақы жарнасын аударады. Сонымен бір уақытта өз бетінше жұмыспен айналысатындардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу есебі мен мониторингін жүргізу мәселесі шешімін таппақ.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық проблемаларын шешу құнды қағаздар рыногының жай-күйімен тікелей байланысты, себебі салынған зейнетақы активтерінен инвестициялық табыс алу портфельдік инвестициялар шеңберінде ғана мүмкін. Сондықтан жинақтаушы зейнетақы қорлары қаржылық құралдар құрылымы бойынша және инвестициялық тәуекелдер деңгейі бойынша ерекшеленетін бірнеше инвестициялық портфельдерді (консервативтік, біркелкі) қалыптастыру керек.  Бұл орайда жинақтаушы зейнетақы қорының әрбір салымшысына зейнетақы жинақтарын көбейту мақсатында инвестициялық портфельді өз бетінше таңдау құқық беру орынды болмақ. 

       Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдері тетіктерін жетілдіру және зейнетақы аннуитеттері рыногын дамыту, аннуитеттерді одан әрі кеңінен қолдану, бірлескен аннуитеттердің түрлерін енгізу, оның жүзеге асуына байланысы жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібіне де бірқатар өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайды.

Қорыта келе, Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың болашағы ұлттық экономиканың шикізат моделінен индустриялық-инновациялық моделіне өтуімен тығыз байланысты. Осыдан заманауи зейнетақы жүйесін  жетілдіру арқылы халықтың   өмір сүру деңгейінің артуы және олардың әл-ауқатын нығайта   беретіні сөзсіз.

 

Әдебиеттер

1.     «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР заңы  20.06.1997ж.

2.     Статистикалық бюллетень, 2013ж. -№12.

3.     Әбдіқалықова Г. Зейнетақы жүйесін жетілдіру – маңызды міндет// Егеменді Қазақстан   2012ж. 3 ақпан

4.     «ҚР үдемелі индустриалды-инновациялық дамуының 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасы// www.egemen.kz  

5.     Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің 2013 ж. Қа­зақ­стан халқына Жолдауы //www.egemen.kz   

6.     ҚР «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы //www.egemen.kz