Отан
тарихындағы саяси қуғын-сүргіннің зерттелуі
Бөдеев Қанат
Тұрұмұлы,
Е.А.Бөкетов атындағы
ҚарМУ-дың тарих факультетінің аға оқытушысы
Жүнісов Қуаныш Серікжанұлы,
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың
тарих факультетінің магистранты
Қазақ халқы
небір ұлтымыздың басына қауіп төндірген
кезеңдерден өтті. Солардың бірі – ХХ ғасырдағы
саяси қуғын-сүргін. Жаңаша бағытта енді
қалыптасып келе жатқан қазақ зиялыларының
өмірін ойрандап, ұлттың бүгінін ойластырып, келешегі
үшін алаңдаулы азаматтар тобын түгелімен дерлік жойды. Осы әрекетпен
ұлттың болашағына балта шапты. Ағарту, ғылым,
білім, техника т.б. салаларда жетістікке жетіп, жаңашылдықтың
негізін енді қалай бастаған біртуар ерлерді қапаста
ұстап, қазақ ұлтын білім де, ғылым да
дамымаған мәңгүрт ұлт ретінде көрсетуге
тырысып бақты. Кеңес өкіметінің патшалық ресейден
енші етіп алған «бөліп ал да, билей бер» саясатын жүзеге
асырудың алғышартын қалыптастырып, қоғамды
баскөтерер тұлғаларынан айырды.
Егемендікке жетудің
арқасында ғана қазақ зиялыларының
еңбектерімен танысып, жұмыстарына баға беріп, бүгінде
өзектілігін жоймаған мұрасын пайдалануға
мүмкіндік алдық. Кеңестік тәртіптің ең
үлкен қылмыстарының бірі болып есептелетін
«науқанға» әділ баға берудің сәті
түсті.
Қайта құрумен
келген жариялылық кезеңінде елінің болашағы үшін
өмірін құрбан еткен біртуар азаматтарды ақтау басталды.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Президенттің
қуғындалғандарды ақтау жайлы арнайы заңдары [1]
қабылданып бабалар алдында атқаруымыз тиіс міндеттердің бірі
орындалды. Ал, қарастырылып отырған мақала – бүгінде Отандық
ғылымда жазылған еңбектерге талдау жасауды өзіне
мақсат етіп қойды. Егемендіктің арқасында репрессия,
жеке басқа табыну тұсындағы елдегі
қоғамдық-саяси ахуал жайлы көптеген зерттеулер
жүргізілді.
Талқыланған
мәселелердің бірі репрессияны кезеңдеу болды. Әрбір
кезеңнің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Ол ең
бірінші мемлекет басында отырған басшыға байланысты болды. Сонымен,
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін (әрі
қарай «репрессия» – Ж.Қ.) бірнеше кезеңдерден өтті.
Отандық көптеген ғалымдар бұл кезеңдеуді:
1.
ХХ ғасырдың 20-30 жж.
2.
ХХ ғасырдың 30-40 жж.
3.
ХХ ғасырдың 40-50 жж. [2] редакциясында ұсынса.
Қойгелдиев М.
кеңестік репрессияны 5 кезеңге бөліп қарастырады:
1. 1918-1920 жж. – революция
және азамат соғысы жылдарын қамтиды;
2. 1923-1932 жж. – И.
Сталиннің билікке келуінен басталып, бірінші бесжылдықпен
аяқталады;
3. 1932 – 1937/38 жж. – екінші
бесжылдықтан басталып, репрессияның шарықтау шегімен
аяқталады;
4. 1940 жылдың соңы –
1950 жылдың басы – соғыс жылдарындағы репрессиядан басталып,
И.В. Сталиннің өмірден кетуімен аяқталады;
5. 1985-1991 жж. – Д.А.
Қонаев тұсында бой көтерген «қазақ
ұлтшылдығынан» («Казахское дело») басталып, желтоқсаншыларды
репрессиялау науқанымен аяқталады [3]. Қойгелдиев М.
ұсынған нұсқа Қазақстан аумағында
жүрген репрессия кезеңдерін толық қамтиды. ХХ
ғасырдың 20 жылдарында басталған қуғындау саясаты
80-жылдарда да өз жалғасын тапты. Сонымен кеңес өкіметі
тұсында үнемі жүргізіліп отырды деген сөз.
Жалпы репрессия мәселесі,
қоғамның барлық саласында болып өткендіктен жан-жақты
қарастырылатын тақырып. Журналистер, әдебиетші
ғалымдар, жаратылыстану, техникалық, ауылшаруашылық
ғылымдардың, өнер саласын т.б. барлығын қамтыды.
Репрессия тақырыбын
жазған қазақстандық әдебиетшілер қатарына
Мамраев Б.Б. [4], Кошенова Р.Н. [5], Мусин Ш. [6] т.б. жатқызуға
болады. Қазақ зиялалырын репрессиялау кезеңіндегі
қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуы,
тұлғалар мен олардың негізгі еңбектеріне талдау жасап,
сол уақыттағы рухани өмірдің келбеті сипатталды.
Әдебиет пен өнер саласының майталмандары жайлы естеліктер мен
деректер жарияланды.
Қазақ зиялыларын
репрессиялап қана қоймай, Қазақстанның лагерлер
аймағына айналғаны да белгілі. Аталмыш лагерлерде КСРО-ның
түрлі аймақтарынан жеткізілген ғалымдар мен қоғам
қайраткерлері т.б. мерзімдерін өтеді.
Кузнецова Е.В. [7], [8],
Дулатбеков Н.О. [9], Гаврилова Е.П. [10], Могильницкий В.М. [11] басшылығымен
шыққан жинақтар лагерлер тарихы, ондағы
шаруашылық өмірді зерттейді. Сонымен бірге лагерлерде болған
өнер қайраткерлерінің шығармашылығына тоқталып,
қапаста отырып жазылған жұмыстарға сипаттама берген.
Әрбір саланың зерттеу
жұмыстарын жүргізуде өзіндік ерекшеліктері бар.
Әдебиетшілер де оқырмандарға ақпарат жеткізудің
жан-жақты әдістерін ұсынуда. Тарихи романдар бүгенде
өте көп. Әсірелеп жіберетін жерлері де жоқ емес,
дегенмен басты ой-пікір, тұлғалар өз бейнесін сақтайды.
Тарихтың міндеті,
тепе-теңдікті сақтай отырып, деректермен белгілі бір
оқиғаларды зерделеу. Мұрағат мәліметтерін
пайдалана отырып, зерттеу нысанын шынайы жеткізеді. Репрессия, әлеуметтік
мәселелер т.б. елдің, ұлттың тарихы
болғандықтан, Отандық тарихшылар қыруар жұмыстар
атқарды.
Репрессия тақырыбында
жазылған еңбектер қатарында жекелеген тұлғалар жайлы
зерттеулер бір төбе. М.Қ. Қойгелдиевтің Мұстафа
Шоқайға арнап жазған еңбегінде [12] тек
қазақ жұрты ғана емес түркі әлеміне танымал
болған тұлғаның, өмір тарихын,
қоғамдық-саяси өмірмен тұтастыра отырып
қарастырады. Түркістан автономиясын құрудағы
еңбегін, большевиктерге қатысты ұстанымдарын М.Шоқай
еңбектеріне сүйене отырып талдайды.
Қазіргі тарих
ғылымындағы маңызды бағыттардың бірі –
тұлғатану. Белгілі бір кезеңнің тұлғалары
арқылы, сол кезеңнің ұстанымдарын,
қалыптасқан ахуалды сипаттау, жетістіктердің бірі болып отыр.
«Тарихи тұлғалар»
сериясымен басылып шыққан Ж.Әлмашұлының
«Сұлтанбек Қожанов» [13] атты еңбегі мемлекет және
қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицистке
арналған. С.Қожановтың кеңес өкіметі
орнаған тұстағы қызметіне тоқтала келіп,
репрессияға ұшырап қуғындау жайын қарастырады.
Ж.Әлмашұлының осы мәселе төңірегіндегі
келесі еңбегі мемлекет қайраткері, алғаш қазақ
елшілерінің бірі Н.Төреқұловқа [14]
арналған.
Қ.
Мұқановтың «Жумагали Тлеулин – деятель «Алаш-Орды» [15] атты
еңбегі Солтүстік Қазақстанда қызмет еткен
алғашқы кәсіби дәрігердің өмір тарихына
арналады. Дәрігер мамандығымен қатар, журналистика саласына
да өзіндік үлес қосқан
Қ.Мұқановтың алашордашылар қатарындағы
қызметі қарастырылады.
Белгілі жазушы-публицист Б.
Қойшыбаевтың зерттеуі Алаш жұртының белді тұлғасы,
қазақ елінің егемендігін көксеп Алаш Орда
үкіметін құрған, өмір тарихы тәуелсіз ел
болудың жан-жақты жолдарын қарастырумен өткен -
Әлихан Бөкейхановқа арналады [16]. Публистикалық
шығарма жанрында жазылған еңбек
Ә.Бөкейхановтың революция жылдарындағы қызметін
сипаттайды.
Қ.С.
Өскембаевтың еңбегі алаштың біртуар азаматы,
қоғам қайраткері Әлімхан Ермековтың
қызметіне арналған [17]
Жалпы, Сталиндік жеке басқа
табыну ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы
қоғамның бет-пердесін мүлдеп өзгертті. Билікке
келген тұстан күреске кіріскен мемлекет басшысы қайсібір
жолдардан тайсалмады. И. Сталиннің өз саясатының дұрыс
екендігіне күмәнінің болмауы, қойған
мақсатына кез-келген жолмен жетуге болатындығын келесі
сөздерінен ұғуға болады: «Если на XV съезде приходилось
еще доказывать правильность линии партии и вести борьбу с известными
антиленинскими группировками на XVІ съезде – добивать последних приверженцев
этих группировок, то на этом съезде – доказывать нечего, да пожалуй и бить
некого. Все видят, что линия партии победила» [18; 245 б.].
Лениншілдіктің, партияның атымен бүркемеленген И.В. Сталин
өз бағытының дұрыс екенін дәледеп бақты,
қажет болса алдағы уақытта да осы бағыттан
таймайтындығын дәлелдеді.
К. Нұрпейісовтың
«Тарихи тұлғалар» [19] еңбегі ұстанған саяси
бағыты мен кезеңіне қарамастан Х. Досмұхаметов,
А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т. Рысқұлов, О. Жандосов т.б.
саяси көзқарастары, өмір сүрген кезеңдерінде
атқарған қызметі, бүгінгі тарихта қарастырылуы
жайы айтылған. Идеологияның жаршысы бола аларлықтай,
әдіснамалық еңбектердің бірі М. Қозыбаевтың
«Өркениет және ұлт» [20] ортағасырлық
ғалымдарды қарастыра отырып, бүгінгі кезеңмен салыстыра
жазылған еңбек. «Ахмет Байтұрсынов - ХХ ғасырдың
ұлы реформаторы» деген мақаласында мемлекеттілік мәселесін
көтереді.
Осы зерттеулермен қоса ХХ
ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның
саяси-экономикалық өмірі туралы, осы тарихи кезеңнің
халық тарихында алатын орны жөнінде жарық көрген
еңбектер аз емес. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. «Тарих тағылымы
не дейді?» [21] зерттеуі қарастырылып отырған еңбек бойынша
іргелі әдіснамалық еңбек болып табылады. Себебі репрессия,
қоғамдық-саяси өмір мәселелерін талдаудың
дұрыс жолдарын ұсынған бірден бір еңбек. Жіберілген
кемшіліктер мен жеткен жетістіктерді атап өткен.
Сонымен, репрессия мәселесі
тарих ғылым үшін өзектілігін жоймайды. Қазақ
ұлтына тигізген зардабы орасан. Тарихтың қызметі
қоғамда болып өткен мәселелерді талқылап, тиімсіз
жақтарын анықтап, қайтадан болдырмау болып есептеледі. Сол
себепті де тарихшының қолынан шыққан зерттеулер,
тарихқа қосылған үлкен үлес болып есептеледі. Ал
репрессия тақырыбындағы зерттеу жұмыстары, қызметін
баяндайтын еңбектер, бабалар мұрасын келешекке жеткізіп, бір
міндетімізді атқару болып есептелері сөзсіз.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі:
1. Жаппай саяси
қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы. Қазақстан
Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі №2200 Заңы
2. Шаймуханова С.Д. Политические репресии в
Казахстане (30-40-е начало 50 х. гг). – Караганда, 2000.
3. Қойгелдиев М. Жалпыхалықтық
қасіретті естен шығару қоғамның өзі
үшін де қауіпті //Алаш айнасы.- №92. - 31 мамыр, 2011 жыл.
4. Мамраев Б.Б. Основные тенденции развития
казахской литературы первой четверти ХХ века. – Алматы: Ғылым, 1998. –
262 с.
5. Кошенова Р.Н. Возвращенные имена: научное
издание. – Алматы: Рауан, 1996. - 96 с.
6. Мусин Ш. Өлең. Өмір.
Өнер: Жарлары мен жазбалары: тар заманның тарланы Ш.Мусин туралы
мақалалар, естеліктер, өлең-арнаулар. – Алматы: Арыс, 2000. –
254 б.
7. Кузнецова Е.Б. Кровавый тридцать седьмой. –
Караганда: ТОО ТАиС, 2011. – 162 с.
8. Кузнецова Е.Б. Карлаг: пространство и судьбы:
научное издание. – Караганда: «Tengri Ltd», 2012. – 105 с.
9. Қарлаг: Қапастағылар
қаламынан. – Қарағанды: Болашақ – Баспа, 2009. – 250 б.
10. ГУЛАГ (КАРЛАГ) в творчестве и судьбах
художников: выставка репродукции / Гаврилова Е.П. – Караганды: Семира, 1999. –
19 с.
11. Могильницкий В.М. Великие узники Карлага:
документальные очерки. – Караганда: Гласир, 2013. – 433 с.
12. Қойгелдиев М.Қ. Тұтас
Түркістан идеясы және Мұстафа Шоқайұлы. – Алматы:
Қазақ университеті,1997. – 53 б.
13. Әлмашұлы Ж. Сұлтанбек
Қожанов. – Алматы: Кітап, 1994. – 125 б.
14. Әлмашұлы Ж. Нәзір
Төреқұлұлы. – Алматы: Жеті жарғы, 1996. – 132 б.
15. Тлеулин Ж. Жумагали Тлеулин – деятель
«Алаш-Орды». – Алматы: Жибек жолы, 2005. – 215 с.
16. Қойшыбаев Б. Әлихан
Бөкейханов. – Алматы: Жеті Жарғы, 2001. – 160 бет.
17. Өскембаев Қ.С. Әлімхан
Ермеков: тұлға тағылымы. – Қарағанды: Арко, 2013.
– 339 б.
18. Қозыбаев М.
Ақтаңдақтар ақиқаты: Оқу
құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 272 б.
19. Нұрпейіс К. Тарихи тұлғалар.
– Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2007. – 376 б.
20. Қозыбаев М.Қ. Өркениет
және ұлт. – Алматы: Сөздік, 2001. – 369 б.
21. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих
тағылым не дейді? – Алматы: Ана тілі, 1993. – 208 б.