Исина Зайгуль Садуакасовна

Қазақстан Ә.Болғанбайұлы атындағы негізгі мектеп Ақтоғай ауданы.

 

Оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасындағы педагогикалық этиканың рөлі

 

Білім берудің шынайы мақсатыадамға белгілі бір білімді жеткізу ғана емес, сондай-ақ оның рухани, адамгершілік тұрғыдағы санасын дамыту, өмірден өз орнын табуға көмектесіп, бойындағы табиғи дарыны мен қабілетін ашу болып табылады. Ілімге төте жол жоқ. Ол – қашанда ұзақ та инемен құдық қазғандай бейнетпен жететін биік. Әбу Насыр Әл-Фарабидің: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі” деген қағидасын көкейге тоқығанда, осы біз, мұғалімдер шынымен де ғұлама ұстаз айтқан өсиетті мықтап ескеріп жүрміз бе деген сауалдың басы қылтияды. Осы ойға оралған сайын ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе көтерген кезде әуелі қолға алынатын асқаралы міндет ұрпақ тәрбиесі екеніне көз жетеді

Халқымыздың сан ғасырлар тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да мол.Олардың дені қазіргі этика, педагогика, психология ғылымдары тұжырымдарымен қиюласа астарласып жатады. Осы саладағы рухани  мұрамызды осы күнгі ғылым деңгейіне, жүйе-жүйесімен талдауға алсақ, бұлардың өзіндік сыр-сипаты  айқындала түседі. Соның ішінде психология  пәнінің бір тармағы этика- бұл психологияның өзегі, адамгершіліктің бірегейі, қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттерінің жиынтығы.

Этиканы білген әрбір қоғам мүшесі өзінің жан дүниесінің қыры мен сырын, яғни жеке басының қайталанбас ішкі болмысын танып білуге, онымен санасып отыруға және айналасымен дұрыс қарым –қатынаста болуына зор мүмкіндігі бар жан ретінде танылады. Демек  этикадан хабары бар адам өзін-өзі түсіне біледі, ұнамды –ұнамсыз қасиеттерін таразыға сала біледі, Этика адамның өзін-өзі тәрбиелеу, өз мінез-құлқын түзеу, өзіндік мінез, қабілет, икемділік, бейімділіктерін дамыта түсуге мүмкіндік береді.

Ал енді оқушы мен мұғалімнің қарым- қатынасындағы педагогикалық  этикаға келетін болсақ, мұғалім –оқушы атаулыға үлгі болатын, өмірдің сан алуан  жолынан адаспай өтуде  оған бағыт беріп, жөн сілтеуші , баланы адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа  және басқа да сол сияқты ізгі қасиеттерге баулитын жан.

Педагогикалық этикет бойынша, мұғалім өз пәнін , өз жұмысын терең білгенімен, тіпті тәрбиелік жұмыста алуан түрлі әдіс-тәсілдерді меңгергенімен, өзінің алдына қойған жас ұрпаққа  жан-жақты тәрбие беру мақсатына жете алмайды. Мұғалім мен оқушы арасындағы  қатынастар алуан түрлі болып келеді. Сондықтан мұғалім оқушыға қатынасын әр уақытта  да өзгертіп отыруы тиіс. Бір жағдайға қатаң талап қоюы, екінші бір жағдайда тілек өтініш  ретінде  болып келуі, үшінші бір жағдайда сендіру мен көз жеткізу ,мойындату, төртінші  бір жағдайда түсіндіру, жәрдемдесу, қамқорлық жасауы, алтыншы бір жағдайда ұялту, бетіне басу не ұрсу керек  болатын жағдайлар кездессе, жетінші бір жағдайда мақтау немесе жазалау жұмысына ұласады.

Мұғалім өне бойы өзін сергек, көңілді ұстау керек. Балаға сіздің шаршағаныңыз, көңіл-күйіңіздің жоқтығы сезіліп отырады. Сол сияқты мұғалім оқушының ата-анасы, туыстарымен нашар қарым-қатынасының, өкпе-аразының есесін оқушыдан қайтаруға әдеттену педагогикалық этикетке жатпайды. Оқушының әлсіздігіне, тіл алмауына, кейде мұғалімге қарсы келуіне немесе сыйламау әдетіне өшігіп оқушыдан кек алу, жек көру әдетінен де аулақ болуымыз керек.  Кейбір ұстаздар тарапынан оқушының тәртіпсіздігінің есесін үлгерім бағасына ауыстыру әдеті де кездесіп қалады. Бұл әдеттің тиімсіздігі педагогикалық  этикетке қайшы келуі тұрмақ, оқушыны өшіктіріп, қырсықтырып, мұғалімге қарсы қоюға, сыйламаушылыққа әкеліп соқтыратынын аңғармаймыз. Мұғалім  біріншіден өте әділетті, шыншыл болуы тиіс. Педагог шәкіртіне  өте мейірімді, қайырымды, қамқоршы болуы керек  

Кейде мұғалімдер арасында оқушы кінәлі болып қалғанда жазалай бергеннен гөрі оқушының жақсы қылықтарын да ескерусіз қалдырмай, оны дәріптеп, көтермелеп отыру мұғалім  мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Мұны да сатылап, орынды пайдалана білу маңызды жұмыс. Атап айтқанда құптау, ырзалық білдіру, рахмет айту, сенім білдіру, дәріптеп отыру, мақтау, үлгі тұту, сыйлық беріп көтермелеулер жатады. Кейде оқушы сабақ үстінде тәртіп бұзып кінәлі болып қалады делік, оны сабақ үстінде тұрғызып қою, не далаға шығарып жіберу, не мұғалімнің сабағын жалғастырмай қалуы, болмаса  тыңдамаған баланы әкімшілікке сүйреу мұғалімнің оқушы алдындағы қадір-қасиетін кемітеді.

Мұғалім әр уақытта ең жоғары дәрежелі маманның бірі екенін естен шығармау керек. Өскелең өсіп келе жатқан біздің балаларға  жылы сөздің артықтығы болмайды. Педагог бала үшін жақсы да үлгілі өнеге беруі тиіс. Мейірімі мол адамның келбетінің өзі кез келген оқушыға еріксіз бас идіреді, оған шабыт бере отырып, батылдық, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық және игілік арқалаған ұлағатты нәрселерімен еліктіре түседі.  Адамда жақсы қасиет болмаса  оған бақ та, бақыт та қонбайды. Ал біз педагог болғандықтан біздің білім, тәрбие беріп отырған оқушыларымыз саналы, тәрбиелі болып өссе деп тілейміз. Сол үшін ой армандарымыздың орындалуына тілектеспін.

Қазіргі мектеп, отбасының қолдауына бұрынғыдан да күштірек мұқтаж, бұл жерде сөз терең түсіністік пен өзара құрметке құрылған серіктестік жайында болып отыр. Педагогтің ата-аналармен жұмысы ынтымақтасты болмайынша, ата-аналарды оқу-тәрбие процесіне белсенді тартпайынша мүмкін емес.Осы орайда біздің мектепте 1 сабақтан бастап  соңына дейін ата-аналардың қатысуымен сабақтар өтілуде (яғни график бойынша) бұл әрине жақсы.Жақсы қорытынды ата-ана мұғаліммен жақындасады,бала өзгереді дегендей  Тек өз күштерін біріктіру арқылы ғана мектеп пен отбасы өздеріне жүктелген егемен Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін абыроймен орындап шыға алады.

Баяндамамның соңын ұлы педагог  Анатолий  Васильевич Луначарскийдің «Педагог- жаңа ұрпаққа ғасырлар бойы жинақталған барлық бағалы дүниелерді беріп, жалған сенімдерді, кінәраттар мен кеселдерді бермеуге тиісті адам» деген сөзімен аяқтағым келеді.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.     Асылов Ұ., Нұсқанбайұлы Ж. Әдеп: инабаттылық дәрістері (Оқу құралы), Алматы, Рауан, 1998

2.     Кайбалдиева, Ж.  Педагогикалық әдеп, этика [Текст] / Ж. Кайбалдиева // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2009.-№10. - С. 9-11

3.     Щуркова Н.Е. Практикум по педагогической технологии — Москва, 2001ж.

4.     Самоукина Н.В. Психологический тренинг для учителя. Москва, 2006ж.