Утепова А.К, Маделиева Ә.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ОТАНЫМ ҚАЗАҚСТАН- БОЛАШАҒЫМ КЕМЕҢГЕР,

БІЛІМДІ ЖАСТАР

 

Бүгінгі күні елімізде қоғам мен мемлекеттің қазіргі заманғы қажеттілігіне бағытталған тұтас тәрбие жүйесі қалыптасқан.

Егемен еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сындарлы жылдарда ғасырға бергісіз, ғаламат белестерді бағындырды, шекарамыз шегенделіп, төл құндылықтарымыз төрімізден табылды. Арқа төсінде айшықты Астанамыз бой көтерді. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату–тәтті өмір сүріп жатқан кең байтақ Отанымыз төрткүл дүниеге үлгі өнеге болары сөзсіз. Осындай елдің  ұрпағы екендігіне, осындай болашағы сенімді Қазақстан атты елде тұратынына, қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталған білім ошағында оқып жүрген студенттер бақытты,мақтанышпен ауыз толтырар ғылыми жобалар ортасында жүргендеріне қуану керек деп ойлаймыз.

 Жастар тәрбиесі біздің ел үшін өте маңызды. Болашақта ел болып, дербес мемлекет болып қалу үшін жастардың санасына патриотизм, елді сүю, халықты сүю, болашақты сүюді енгізуіміз керек. Қазіргі алдына үлкен мақсаттар қойған жастарда бос уақыты бола қоймайтын шығар. Өйткені университеттегі негізгі сабақтарды игеріп, өзіңе тиянақты білім алу үшін кітапханалардан, ғаламтордан қосымша ақпарат көздерін іздеу, көп іздену қажет. Уақыт бөліп өзіңе білім беріп отырған университет өміріндегі, факультеттегі қоғамдық жұмыстардың  бел ортасында жүруің қажет. Қазіргі заман талабы – бірнеше тіл білуіңді қажет етеді, сондықтан бос уақытыңды тіл үйренуге, көркем әдебиет оқуға жұмсаған дұрыс дер едім. Уақытында бейнетін көрсең, соңыра зейнетін көрерің сөзсіз.

 М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде студенттерді тәрбиелеу және бос уақытын өткізу қызметін тиімді өткізу мәселелеріне баса назар аударылады. Студенттің өзін-өзі басқару қызметі және студенттер арасындағы патриоттық  жұмыстарға бағытталған «Жастар орталығы» бар. Тәрбие жұмысын күнделікті жүзеге асыру кафедрада кураторларына жүктелген, әр алуан  тақырыптарда іс–шаралар ұйымдастырылып, олардың бел ортасында студенттер жүреді. Жұмыс мазмұны мен тәрбие процесі студенттердің  уақытын  тиімді және мазмұнды пайдалануына оңтайлы жасалған деуге болады.

Студенттік өмір - қызығы мен қиындығы қатар жүретін кезең емес пе? Жаңа достар, жаңа орта. Педагогтармен қарым–қатынас.

Студенттік өмір – жастарды достыққа, бауырмалдыққа, топтық қарым–қатынастарға, парасаттылыққа, білімділікке тәрбиелейді. «Ұстазы  жақсының - ұстанымы жақсы» деген ұлағатты сөз бар. Алдынан білім нәрімен сусындатқан әрбір ұстазымның мен үшін мәртебесі биік. Бүгінгі таңда өз ойымды айтып, басқалармен ой бөлісу дәрежесіне жетуім де - мектептен,  университеттен алған тәрбие мен білімнің нәтижесі болар, бірінші кезекте ұстаздарымның еңбегі дер едім. Қарым-қатынас - бұл адамдардың бір–бірімен іс-әрекетті атқару кезінде  туындайтын қажеттіліктерімен байланыса отырып, дамудың көп жоспарлы процесі. Меніңше, әр адам өзгенің бойындағы жағымды қаситтерді көре білуі керек. Өз бойыңа адамгершлік қасиеттерді , ізгіліктілікті тәрбиелеу керек. «Тәрбие - тал бесіктен басталады» демекші, жастардың жүріс-тұрысы, көзқарасы, күнделікті жасайтын тірліктерінің өзі болашағына ықпал ететіні сөзсіз. Күнделікті өмір болғасын бәрін көресін. Кейде көшеде шамадан тыс қарқылдап күлу, автобуста үлкендерге орын бермеу, көшеде пісте шағу немесе басқалармен санаспау - студенттің ішкі мәдениетінің көрінісі екені анық. Егер жастарды жаңа өсіп келе жатқан  жас шыбықпен салыстырсақ, оның түзу өсуі бағбанына байланысты. Қалай исең солай иілуге әзір. Сондықтан жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруде - отбасы тәрбиесімен бірге, ұстаздардың алатын орны ерекше және де өзіңді–өзің тәрбиелеуің қажет.

 Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қойылатын талаптар «Қазақстан – 2030: барлық Қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы» атты ел Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауында, 2014 жылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауда айқын белгіленген. Қазақстанның болашағы - бүгінгі жастар, яғни біздер. Жолдау жастарды рухтандырып, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырып отыр.

Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары - еліміздің рухын асқақтатып, күш–қуатын біріктіретін құжат. Жыл сайын Қазақстан халық мемлекет басшысының Жолдауын үлкен үмітпен асыға күтеді. Әр жылғы Жолдаудың өзіндік құндылықтары бар, барлығының өзегі бір – қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы және болашақтың мызғымас іргесін бірге қалау. 1997 жылдан бері Елбасы халқына арнап 19 Жолдау жарияласа, әр Жолдаудың тарихи маңызы жоғары. Биылғы Жолдау - Жаңа Экономикалық Саясатқа негізделуімен құнды. Бұл жаңа саясат жас ұрпақтың болашағының қамын, еліміздің үлкен мақсаттарын ойлаудан туған. Жаңа Жолдаудың күн орайы секілді шашыраған Ортасында еліміздің жүрегі - Астанадан жан–жаққа тараған Нұрлы жолдар бейнесінің (логотип) өзі көңілге қуаныш пен болашаққа деген үлкен сенім ұялатады.

Мемлекет басшысы, әсіресе еліміздің болашағы - жастарға үлкен сенім артады. Елбасының жаңа Жолдауы елдің көңіліне жаңа үміт, тың талпыныс сыйлауда. Елімізде бүгінде жастардың алаңсыз оқып, білім алуына, спортпен шұғылдануға қажетті жағдайларды жасап отырғанын білеміз. Жаңа заман – сапалы білімнің, біліктіліктің заманы. Біздер үшін осы талаптың үдесінен шығу ең басты міндеттердің бірі болмақ.

 «Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де, білгір жастардың қолында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы  күші –жастар. Бүгінгі ұрпақ - ерекше ұрпақ», - деген Елбасының сөздері әрқашанда жадымызда болуы керек. Санасы сергек, заманауи технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоты болу - өз қолымызда, алған тәрбиеміз бен білімімізде деп  ойлаймын.

Кез-келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. «Білімсіздің күні –қараң». Көзі ашық, көкірегі ояу, ой-санасы жетілген өміршең ұрпақ өз Отанының дамуы жолында аянбай тер төгеді. Бүгінгі қоғам, қазіргі нарық бәсекеге қабілеттілікті талап етіп отырған шақта, жалын-қуаты мен жігер-қайратын үстеп, ізденіс пен талпыныс жетегінде ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Олай болса, осы бастан елімізді көркейту, оны ажарлы абатымен, сындарлы сәулетімен өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз.

 

Әдебиет:

1.       http://makala.kz/kogam/zhastar/

2.       Жастар туРаЛы... http://www.on.kz/u43776/blogpost/31796/

3.       http://www.adilet.gov.kz/kk/node/38995

4.       http://www.zhasotan.kz/kz/president-message

5.       «Жастар.kz» http://astanafm.kz/kz/programs/jastar-kz

6.       http://bolashak.kz/ru/events/single/277