Ибраимова Б.С.
Қазақ
мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
аға
оқытушысы
ШЕТ ТІЛІ
САБАҚТАРЫНДА СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАРЫН
ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Түйіндеме: Мақалада шет тілі
сабақтарында студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру
жолдары туралы айтылады. Шет тілі сабақтарында өздік жұмысты
ұйымдастырудың мақсаттары айқындалып, өздік
жұмыстың мазмұнына қойылатын талаптар аталып
өтіледі. Шет тілі сабақтарында өзіндік
жұмыстардың сан алуан түрлерін дұрыс, ұтымды
пайдалану үшін оқытушыдан үлкен жауапкершілік пен
ізденімпаздықты, білімділік
және сауаттылықты талап етеді. Ол үшін оқытушы
оқытудың әдістерін, формаларын тиімді саралай білуі керек.
Өздік жұмыс – оқытушының тапсыруымен арнайы
бөлінген уақыт ішінде,
оның тікелей көмегенсіз орындалатын жұмыс. Студент
тапсырмада қойылған мәселені күш-жігері мен
ақыл-ойын саналы түрде жұмсай отырып шешеді және
өз жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Студенттердің өз бетімен жұмыс істеу қабілеттерін
дамытудың тиімді жолдарының бірі ретінде сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдалану жолдары
қарастырылған. Өздік
жұмыстарды ұйымдастыруда қолданылатын деңгейлік
тапсырмалардың маңызы сөз болады. Мақалада тест
тапсырмаларының түрлеріне тоқталған.
Тірек сөздер: өздік жұмыс, грамматикалық ұғым, оқыту
үдерісі, сабақ барысы, деңгейлік тапсырмалар, тапсырма
мазмұны, тест, оқыту әдісі
Қазіргі таңдағы
білім беру үдерісі білім алушының шығармашылықпен
өзіндік дамуы, өзіндік оқуы және өздігінен
жұмыс істеуімен қатар жүретін әлемдік интеграциялық
технологиясына жаһандану жағдайында жүріп жатыр.
Қазақстан Республикасындағы білім
беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасында жалпы білім берудің мақсаты – қазіргі
қоғам талабына сай алынған терең білім, білік, дағдылар мен
құзырлықтардың негізінде еркін ойлай білетін,
қойылған мақсатқа танымдық қызмет жасау
арқылы жете алатын, өзбетінше дұрыс, тиімді шешімдер
қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру
екендігі көрсетілген[1].
Бұл міндеттерді жүзеге асыруда өзіндік
жұмыстардың маңызы зор.
Өзіндік жұмыс мәселесі бойынша біршама алыс және
таяу шетел ғалымдары өз зерттеу жұмыстарының нысанасы
еткен. Мәселен, Ю.К.Бабанский, И.Я.Лернер, П.И.Пидкасистый, Л.В.Усова
т.б. өзіндік жұмыс түрлері мен мазмұнын жан-жақты
зерттеген.
Өзіндік
жұмысты оқу үдерісінде жүйелі түрде қолдану
қажеттігі және жүйелік әдістің тиімділігі мен
аспектілері У.Абдукаримова, В.К.Буряк, Т.Т.Галиев, Е.Я.Голант,
К.Дүйсенбаев, Б.П.Есипов, Р.М.Микельсон, Е.С.Саблик, М.Н.Скаткин
еңбектерінде негізделді.
Шет тілі
сабақтарында өзіндік жұмыстардың сан алуан
түрлерін дұрыс, ұтымды пайдалану үшін оқытушыдан
үлкен жауапкершілік пен ізденімпаздықты, білімділік және сауаттылықты талап етеді.
Ол үшін оқытушы оқытудың әдістерін, формаларын
тиімді саралай білуі керек.
Өздік
жұмыс –оқытушының тапсыруымен арнайы бөлінген
уақыт ішінде, оның тікелей
көмегенсіз орындалатын жұмыс. Студент тапсырмада
қойылған мәселені күш-жігері мен ақыл-ойын саналы
түрде жұмсай отырып шешеді және өз
жұмысының нәтижесін көрсетеді [2].
Шет тілі сабақтарында
өздік жұмысты ұйымдастырудың мақсаттары:
1.
Білім
алушының өздігінен білімін жетілдіре отырып, жаңа білім алуы;
2.
Студенттердің
өзара білім алмасуларына дағдыландыру;
3.
Білімдерін
пысықтау;
4.
Студенттердің
білімін тексеру, бақылау;
5.
Шығармашылық
қабілеттерін арттыру;
6.
Сөздік
қорларын байыту.
Білімді меңгеру –
оқу материалын, ережелер мен грамматикалық ұғымдарды
есте сақтау ғана арқылы емес, оны студенттердің
өздері логикалық талдау жасай отырып, орынды пайдалана білуі арқылы
орындалады. Неміс тілі сабағында студенттерге өз беттерімен
орындауға берілетін жұмыстаролардыңойлау қабілеттерін
арттыруға, өз бетімен шешім қабылдауға талпындыратындай
болуы тиіс.
Оқыту
үдерісінде жүргізілетін өздік жұмыс мазмұнына
қойылатын талаптар:
1.
Тапсырма
мазмұны студенттердің жас және өзіндік ерекшеліктерін
ескере отырып жасалуы;
2.
Студенттің
бұған дейінгі алған біліміне сәйкес болуы;
3.
Тапсырманың
түсінікті болуы;
4.
Орындау
тәртібіне сәйкес тапсырмалар да бірте-бірте күрделене
түсуі;
5.
Тапсырма
мазмұнының қызықты болуы.
Студенттердің
өз бетімен жұмыс істеу қабілеттерін дамытудың тиімді
жолдарының бірі – сабақ барысында сын тұрғысынан ойлау
технологиясын пайдалану. Оқу мен жазуды сыни тұрғыдан
дамытудың басты жолы сабақ өткізу мәнерін өзгерту
деп білемін. Стратегияларды әр сабақтың мақсат-міндетіне
сәйкес тиімді қолдану оқытушының шеберлігіне,
ізденісіне байланысты. Студент өз ойын айтуға еркіндік берілгенін
сезінгенде ғана ашылады және нәтижелі болады.
Оқушылардың ойлау деңгейі жоғарлайды. Сын
тұрғысынан ойлау - сынау емес, шындалған ойлау. Бұл стратегияның тапсырмаларын
дұрыс ұйымдастырған жағдайда студенттің өз
даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге
жетері сөзсіз. Білімнің болашақта пайдаға асуы,
қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай,
жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді. Сын
тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылығын
ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.
«Оқу мен жазу
арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясымен
жұмыс жасау кезінде студенттің танымдық белсенділігін
арттыруға, өз бетінше білім aлyғa, шығармашылығын
қалыптастыруға ықпал ететіндігін атап өтсем, студенттер
шығу парағын толтыру барысында
сабақтың қызықты, ұжымды бірлесіп
жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі
әрі тиянақтылығының,оқуға деген
ынта-ықыластарының артатындығын баяндап, адами жақсы
қасиеттердің қалыптасқандығын, басқаны
қабылдау, түсіну, сыйлауды үйренгендіктерін атап өтеді.
Студенттердің өз бетімен жұмыс істеу қабілеттерін
дамытудың тағы бір жолы – деңгейлік тапсырмаларды орындату. Саралап, деңгейлеп оқыту техногиясына тоқталатын
болсақ, бұл технология – білім мазмұнын студенттерге
меңгерту жолындағы алға қойған
мақсатқа жетудің тиімділігін қамтамасыз ететін
әдіс-тәсілдер жүйесі болып табылады[3]. Саралап, деңгейлеп оқыту технологиясында
білім төрт деңгейге бөлінеді. Бірінші деңгей – міндетті
оқу деңгейі. Онда білім алушы мемлекет стандартындағы минимум
талаптарын орындайды. Екінші деңгей – алгоритмдік, яғни
логикалық тапсырмалар шешіледі.
Үшінші деңгей – эвристикалық. Мұнда студенттер
анализ бен синтез жасау арқылы өз тапсырмаларын орындайды.
Төртіншісі – шығармашылық деңгей. Студент ең қиын деңгейдегі тапсырмаларды
орындап, өзінің шығармашылық қабілетін танытады.
Бұл деңгейдің тапсырмалары дарынды, ізденімпаз,
қабілеті жоғары, талапты шәкірттерге арналады.
Саралап оқыту технологиясы оқу үдерісінің белгілі
бір бөлігін қамтитын саралап оқытуды
ұйымдастырудың, оның құралдары мен
әдістерінің жиынтығы болып табылады.
Оқыту
жүйесінің кез келгенінде қандай да болсын студенттерді
саралау жүзеге асып отырады. Сондықтан саралап оқыту
технологиясының өзі әр түрлі әдістемелік
құралдарды қолдану арқылы енген, сіңген
технология.
Дегенмен, оқу
үдерісін саралау – педагогикалық жүйелер қатарында
өзіндік айқын мақсат көздейтіндігімен ерекшеленеді
және бұл «саралап оқыту технология» деп те айтылып жүр.
Деңгейлеп
оқыту технологиясының басты ерекшелігі – студенттерге берілетін
тапсырмалардың деңгейлерге бөлінуі және олардың
меңгерген білімі мен іскерліктеріне қойылатын талаптардың дифференциялдануы.
Деңгейлік
тапсырмалар білім алушылардың алған білімін толықтырып,
тереңдете отырып, қажетті дағды, білім мен біліктердің
қалыптасуына мүмкіндік береді.
Деңгейлік
тапсырмалардың негізгі жүзеге асырылу шарты – жеңілден
ауырға, белгіліден белгісізге қарай сатылап динамикалы даму.
Студент білімі
деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында айқын көрініп
тұрады. Әр деңгейдегі тапсырмалардың өзіндік
талаптары мен бағалау нормалары болғандықтан,
студенттің жұмысын бағалау жүйесі де бар.
Деңгейлеп
оқыту технологиясында тапсырмаларды орындау, соған сәйкес
студент білімін бағалау төрт деңгейге бөлінеді.
Бірінші деңгей
– міндетті деңгей. Бұл деңгейде студент мемлекеттік
стандарттың минимум талаптарын орындайды. Оқытушының
түсіндіруімен меңгерген білімін, қабылдаған
мәліметті кез келген жағдайда тауып, анықтай алуы тиіс. Шет
тілі сабағында бұл деңгейге ережелер мен анықтамалар,
студент жадында қалу үшін берілген тапсырмалар, сөйлем ішінен
грамматикалық көрсеткіштерді табу, мысал келтіру сияқты
тапсырмаларды жатқызуға болады. Студентке қиындық
тудырмайтын сұрақтар мен тапсырмалар беріледі. Бұл
деңгейдегі тапсырмаларды орындаған студент 5 ұпай алып, дәстүрлі бес баллдық
бағалау жүйесінің «қанағаттанарлық» деген
бағасына сәйкес бағаланады.
Екінші деңгей - алгоритмдік деңгей деп аталады. Бұл
деңгейдің тапсырмасы міндетті деңгейдің тапсырмаларына
қарағанда қиындап, тапсырманың мазмұны да, оны орындау жолдары да күрделене
түседі. Алған білімін бекіте түсу, одан әрі
тереңдету мақсатында берілген тапсырмалар студенттен өз
білімін тапсырманы орындау барысында орынды қолдана білуді талап етеді.
Алгоритмдік деңгейдегі тапсырмалар білім алушының ойлау
қабілетін жетілдіру мақсатында беріледі. Мұндай тапсырмаларды
орындағандар 10 ұпай жинап, дәстүрлі бес баллдық
жүйенің «жақсы» деген бағасына сай баға алады.
Бұл деңгейдің тапсырмаларын орындау барысында студенттер
оқытушының түсіндіруімен қабылданған
ақпараттарды пайдаланады. Мәселен, сызба, кестелерді толтыру, т.б.
Үшінші деңгей – эвристикалық
деңгей деп аталады. Бұл деңгейде танымдық-іздену
түріндегі тапсырмалар беріледі. Мұндағы тапсырмалар
студенттен ізденуді қажет етеді. студент бұрын алған
білімінің негізінде және қосымша әдебиеттердің көмегімен
тапсырманы ой еңбегін іске қосу арқылы орындайды.
Эвристикалық деңгейдегі тапсырмаларды орындау барысында студент
жаңа тақырып бойынша меңгерген білімдерін жетілдіріп,
тереңдете отырып, тағы да жаңа білімді меңгеруі тиіс.
Мұндай тапсырмаларды орындағандардың білімі 15 ұпаймен
есептеліп, бес баллдық жүйенің «өте жақсы» деген
бағасына сәйкес бағаланады.
Төртінші деңгей –
шығармашылық деңгей деп аталады. Шығармашылық
деңгейде тапсырманың мақсаты тереңдетіліп, алған
білімінің негізінде студенттің өзіндік ізденісіне жол ашылып,
қиялы мен белсенді ой еңбегі жүзеге асырылады. Бұл
деңгейдің тапсырмаларын студент өзінің
ізденісінің арқасында шығармашылық қабілеті
арқылы орындайды. Шет тілі сабақтарында шағын мәтін,
ертегі құрастырып жазу, бір-бірінің шығармашылық
жұмыстарына рецензия жазу тәрізді тапсырмаларды орындайды. Ірі
тілдік тақырыпты өткеннен кейін (фонетика, лексика, т.б.) «өз
бетіңше сызба, кесте құрастыр» деген сияқты тапсырмалар
беруге болады. Төртінші
деңгейде білім алушының білімі баллдық жүйеде
бағаланбайды. Студенттің жеке ізденісі болғандықтан,
ынталандырудың басқа түрлері қарастырылады
(баспасөз беттеріне жариялау, мақтау қағазымен
мадақтау, т.б.).
Деңгейлік тапсырмаларды орындату
арқылы студентбілімін әділ әрі дұрыс бағаланады,
студенттің оқу белсенділігі, білім алуға деген ынтасы, ойлау
және өз бетімен жұмыс істеу қабілеті арттырылады.
Студенттердің өз бетімен жұмыс
істеу қабілеттерін дамытудың келесі бір жолы – тест тапсырмаларын
орындату. Тест тапсырмалары студенттің өз бетімен жұмыс істеу
қабілетін арттырып, оқытудың тиімділігіне қол
жеткізеді, ойлау және шығармашылыққабілеттерін
дамытады. Сонымен қатар студенттер білімдеріндегі олқылықтары
анықталып, уақытты тиімді пайдалануға үйретеді.
Шет тілі сабақтарында төмендегідей
тест түрлерін орындату арқылы студенттері білімін тексеруге болады:
1.
Толықтыруды
қажет ететін тест тапсырмалары. Көп нүктенің орнына
тиісті сөзді жазу. Қажетті сөзді жазу үшін көп
нүкте немес ашық орын қалдырылады.
2.
Еске салушы
тест. Берілген жауап нұсқаларынан бір дұрыс жауапты табуды
қажет ететін тест түрі жатады.
3.
Балама жауапты
бар тест. Қандай да бір шешімнің дұрыс немесе дұрыс
емес мүкіндіктерін көрсету, жауап «иә», «жоқ» немесе
«+», «-» белгісі, «дұрыс» не «дұрыс емес» түрінде беріледі.
4.
Сәйкестік
тест. Сәйкестендіру тестінде алғашқы бағанға
сұрақтар жазылады, ал екінші бағанға жауаптарының
орындары ауыстырылып жазылады. Студенттер сұрақтар мен дұрыс
жауаптарды стрелка арқылы сәйкестендірулері қажет.
5.
Бірнеше
дұрыс жауабы бар тапсырмалар. Екі немесе оданда көп жауапты
таңдауды талап ететін тапсырмалар.
6.
Жабық
тест. Бірінші сұрақтар беріледі, жауаптары берілмейді. Бос
орынға дұрыс жауапты студенттер жазады.
Өздік
жұмыс студенттің білімін, дүниетанымын тереңдетеді,
өзіндік ойын, көзқарасын қалыптастырады.
Қорыта айтқанда,
өздік жұмыстар арқылы оқыту студенттің білімді
терең меңгеруіне, әр сабақтың сапасын арттыруда
тиімді болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қазақстан Республикасындағы білім беруді
дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасы. Астана, 2005
2.Шаханова Р.А. Техникалық жоғары оқу орындарының
орыс бөлімдерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі.
Монография. Алматы, 2001, 164 б
3. Қараев Ж.А. Оқытудың педагогикалық технологиясы.
Алматы, 1997.
Резюме
В статье
рассматривается способы организации самостоятельной работы студентов на занятиях
иностранного языка
Summary
This article considered the ways the organization of independent work of
students in foreign language lessons