Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания

Магистр пед.наук Бейсбекова Ж.Б.

Казахский национальный педагогический университет имени  Абая

г. Алматы, Казахстан

Оқытудың интерактивті әдістері  тірек құзыреттіліктерді  қалыптастырудың құралы ретінде

            Қазақстанның жалпыеуропалық  білім беру кеңістігіне  аяқ басу үдерісі мемлекеттің құзыретті, ұтқыр, бәсекеге қабілетті мамандарға деген сұранысын  арттырып отыр.  Кәсіби, әсіресе тірек құзыреттіліктерді  қалыптастырудың өзектілігі дипломдар мен біліктіліктердің бір-біріне сәйкес келуін кәсіби тұрғыдан  мойындау керектігінде болып отыр. 

            «Тірек құзыреттіліктер» (key skills)  ұғымы олар басқа арнайы,  пәндік-бағытталған құзыреттіліктердің  тірегі,  негізі болып табылады дегенді білдіреді.  Сонымен қатар,  оларды меңгеру адамға практикалық қызметтің  кез келген аясында, яғни  кәсіби, қоғамдық, сондай-ақ жеке өмірде де табысты болуына  жағдай жасайды.  Қазіргі уақытта  «тірек құзыреттіліктер» ұғымына  анықтама беруде  бірізділік байқалмайды.  Алайда олардың  негізгі белгілерін төмендегідей  сипаттап беруге болады:

·        тірек құзыреттіліктер  әртүрлі әмбебап ментальдық және адамдардың  алдыға қойған мақсаттарына жетудің құралдары  (әдістері, тәсілдері, амалдары);

·        тірек құзыреттіліктер белгісіз, проблемалық жағдаяттарда  нәтижелерге қол жеткізуге  және жеке, басқалармен  бірлесе отырып мәселелерді өз бетімен шешуге мүмкіндік тудырады [1].

Ресейлік, сондай-ақ шетелдік зерттеушілердің (В.И.Байденко, Э.Ф.Зеера, А.И.Зимней,  Д.А.Иванова, Г.И.Ибрагимова, А.М.Новикова,  О.Н.Олейникова, Ю.Г.Татура,  А.В.Хуторский, С.Е.Шишова, Дж.Равенна, С.Шо және басқалар), еуропалық  TUNING [2] жобасының  материалдарын саралай келіп,  тірек құзыреттіліктерге төмендегідей анықтама беруге болады.

Тірек құзыреттіліктер   өмір қызметінің кәсіби  және басқа да аяларында  оң нәтижелерге  қол жеткізуге мүмкіндік тудыратын жеке сапалардың, жалпы (әмбебап) дағдылардың,  базалық білімдердің жиынтығы.  Тірек құзыреттіліктер,  біздің ойымызша,  құзыреттіліктер иерархиясының  жоғары деңгейінде тұрады,  себебі олар әртүрлі  салаларда көрініс табатын  пәнаралық сипатқа ие.  Адамдардың өз-өздерін жетілдіруі, өнімді кәсіби қызмет атқаруы,  айналасындағылармен өзара  қатынас орнатуы, айналысатын ісінің   түрін өзгертуі және т.б.  үшін  тірек құзыреттіліктер өмір бойы қажет.

Білім берудің  жаңа мақсаттарына бағдар  - оқылатын пәндердің  мазмұнын  өзгертуді ғана емес, сондай-ақ білім беру үдерісін  ұйымдастырудың  әдістері мен формаларын,  сабақ барысында  білім алушылардың  қызметін белсендіруді, оқылатын тақырыптарды шынайы өмірге жақындатуды және  туындаған мәселелерді  шешудің жолдарын іздестіруді талап етеді.  

Аталмыш мәселе бойынша  ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге жасаған талдаулардан төмендегідей қорытынды  шығаруға болады, яғни қоғамның объективті қажеттіліктері тұлғалық бағытталған дамыту  технологияларын    [3]  ендіруді өзектендіре түседі.  Мұндай оқыту барысында  студенттердің өз бетімен жұмыс істеуі,  шешімдерді қабылдауға жауапкершілік, білім алушылардың танымдық, шығармашылық, коммуникативтік, тұлғалық белсенділігі, еңбек нарығындағы құзыретті қызметкердің  мінез-құлық сапасын айқындайтын және тұлғаның әлеуметтенуіне  әсер ететін сапалар қалыптасып, дамиды.

Дамыта оқытып,  тірек құзыреттіліктерді қалыптастыру үдерісінде  білім алушының максималды белсенділігін қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты  көптеген зерттеушілер  білім берудегі  инновацияларды оқытудың интерактивті әдістерімен байланыстырады.  Бұл дегеніміз «... материалға шығармашылық тұрғыдан қарауды қажет ететін қызметтің барлық түрі және әрбір оқушының қабілетін ашу жағдайын қамтамасыз етеді» [4,144].

Интерактивті («inter» - өзара,  «act»- әрекет) – өзара әрекет жасау, әңгімелесу,  біреумен диалогта болу дегенді білдіреді.

Интерактивтілік пен белсенді әдістердің  ортақ қасиеттері бар.  Белсенді әдістерге  қарағанда  интерактивті әдістер білім алушылардың  оқытушымен ғана емес,  сондай-ақ  бір-бірімен және білім беру үдерісінде  студенттердің белсенділігін басты назарда  ұстауға бағытталған.

Жалпы, интерактивті әдісті қазіргі  белсенді әдістердің бір түрі ретінде  қарастыруға болады.

Интерактивті әдістерге төмендегі әдістерді  жатқызуға болады:  пікірталас, эвристикалық әңгіме, «миға шабуыл», рөлдік, «іскери» ойындар,  тренингтер,  кейс әдісі, жобалар әдісі, иллюстриативті материалдармен топтық жұмыс, видеофильмдерді талқылау және т.б.

Біз осылардың ішінде тірек құзыреттіліктерді қалыптастыратын негізгі, барынша маңызды интерактивті әдістерге тоқталамыз.

1.     Жобалар әдісі.

Қазіргі  педагогикалық технологиялардың  ішінде  білім алушылардың  жобалық  қызметі, білім беруге қойылған мақсаттар тұрғысынан, тірек құзыреттіліктерді қалыптастыру тұрғысынан да маңызды.  Жоба әдісін тұлғаға бағытталған дамыту технологиясының бір түрі ретінде қарастыруға болады, оның негізінде білім алушылардың танымдық дағдыларын, шығармашылық бастамаларын дамыту,  өз бетімен ойлай алу, мәселелерді  туындату және шеше алу,  ақпарат кеңістігінде бағдарлана  білу,  жеке қызметінің  нәтижелерін  болжай және бағалай білу идеялары жатыр.  Жоба әдісі әрдайым  білім алушылардың  жеке қызметіне бағытталған.  Олар белгілі бір уақыт аралығында  жеке, жұптық, топтық жұмыстар орындайды.  Бұл әдіс  белгілі бір мәселені шешу барысында  зерттеу қажет болған жағдайда  қолданылады.  Білім беру мекемесінің  түлегі  заманауи жағдайларда өзгермелі өмірлік жағдаяттарға , соның ішінде   кәсіби қызметке бейімделу үшін  білім  ауқымының, оларды біріктіріп, оны қоршаған құбылыстарды  түсіндіру үшін қолдана алуы керек. Осылардың барлығы  жоба қызметінде  практикалық бағытталған жобаларды қолданудың қажеттігін дәлелдей түседі. Білім алушының практикалық қызметтен алған тәжірибесі  күнделікті өмірде, тұрмыста, өндірісте туындаған мәселелерді шешу барысында қолданылуы мүмкін.

Оқу-зерттеу  қызметіне қарағанда,  басты қорытынды шындыққа қол жеткізу  болып табылады,  жобамен  жұмыс істеу  мәселені жан-жақты  және жүйелі   зерттеуге  бағытталған және практикалық нәтиже – білім беру өнімін  алуды көздейді.  Өнім видеофильм, альбом, плакат, газеттегі мақала, нұсқау, таетр инценировкасы, ойын (спорттық, іскери), веб-сайт және т.б. болуы мүмкін.  Жобалық қызмет баяндамалар, рефераттар даярлауды, зерттеулер жүргізуді және басқа да  шығармашылық қызмет түрлерін  орындауды қажет етеді. Жобаны орындау  барысында  білім алушы оқу әдебиеттерін  ғана емес, сондай-ақ оқу-әдістемелік, ғылыми,  анықтамалық әдебиеттерді  пайдалана алады.  Білім берушінің рөлі бақылау,  қажет болған жағдайда нәтижелерге талдау жасау үдерісіне кеңес беру және бағыттау болып табылады.

Жобаны орындау барысында  білім алушы  белсенді танымдық шығармашылық үдерісте болады, сонымен қатар пән бойынша алған білімін  бекітеді, жаңа білім алады.  Сонымен қатар,  пәннен тыс  төмендегідей құзыреттіліктер қалыптасады:  зерттеушілік (іздеушілік), коммуникативтік, ұйымдастырушылық-басқарушылық, рефлексивтік, командада жұмыс жасай алу дағдысы мен білігі және т.б.

2.     Кейс әдісі.    

Кейс әдісі (case study)  - шынайы экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық немесе  басқа да мәселелік жағдаяттарды (ағылшын тілінде case – «жағдай») сипаттауда  қолданылатын оқыту техникасы. Кейспен жұмыс жасау кезінде  білім алушы іздеу, әртүрлі білім салаларынан алған білімдерін талдау жұмыстарын жүзеге асырады.

«Оның мәні, білім алушыларға шынайы өмірлік жағдаяттарды түсіну ұсынылады, ал қандай да бір практикалық мәселені сипаттап қана қоймай,  аталмыш мәселені шешу кезінде меңгеруге қажетті  белгілі бір білімдердің кешенін өзектендіре түседі. Осыған қарамастан, мәселенің бір ғана шешімі болмайды»  [5,10].

Кейс әдісте  мәселелерді тудыру және оларды  материалдар кейсінің негізінде шешу жолдары жүзеге асады.  Кейс белгілі бір мәселе бойынша біржақты ғана ақпараттан тұрмайды.  Мұндай кейс бір уақытта тапсырма әрі іс-әрекеттердің тиімді нұсқасын таңдау үшін ақпараттардың дереккөзі болып табылады (Ю.П.Сурмин, Г.Л.Багиев, В.Н.Наумов, С.М.Самарина, С.А.Калугина).

Кейс әдісін басқа технологияларға қарағанда  күрделі жүйе ретінде қарастыруға болады.  Оған: модельдеу, жүйелік талдау, жағдаяттық әдіс, ойлау эксперименті, сипаттау, жіктеу,  пікірталас әдістері, ойын әдістері және т.б. жатқызамыз.  Тапсырма ретінде  білім алушыларға (немесе білім алушылар тобына) баяндама жасауды, жоба немесе компьютерлік тұсаукесерлер даярлауды ұсынуға болады.

Кейспен жұмыс жасау барысында  білім алушылардың  бойында  тірек құзыреттіліктердің төмендегідей компоненттері  қалыптасады:  мәселелерді шеше білу, пәннен алған білімдерін іс-тәжірибеде қолдана алу,  келіссөздер жүргізе алу,  өз мойнына жауапкершілік алу,  толеранттылық, рефлексивті дағды.

3.     Зерттеу әдісі.

Қазіргі уақытта сыни тұрғыдан  ойлай алатын  шығармашылық тұлғаны  қалыптастыру  маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Осыған  байланысты  іздеушілік әдістер (поисковые методы), яғни зерттеу  және  эвристикалық (жартылай іздеушілік) барынша  маңыздырақ, бұлардың негізінде  жағдаяттық  оқыту жатыр.  Бұл әдістер белсенділікті, жауапкершілікті және шешімдерді өз бетімен қабылдауға бағытталған құзыреттілік әдісінің талаптарын барынша  қанағаттандыра алады.  Екі әдіс те  бір-біріне ұқсас, айырмашылығы білім алушылардың  өз бетімен жұмыс жасау деңгейіне байланысты.

Жағдаяттық оқыту элементтерін  қолдана отырып сабақтарды өткізудің  зерттеушілік формасы  білім алушылардың төмендегідей қызметтерінен тұрады:

·        пәндік зерттеудің саласымен, мазмұнынмен танысу;

·        зерттеу мақсаттары мен міндеттерін айқындау;

·        зерттеліп отырған нысан (құбылыс, үдеріс)  жайлы мәліметтер жинау;

·        зерттеу жүргізу (теориялық немесе сараптамалық) – зерттеліп отырған факторларды бөлу, болжамдар шығару, сараптаманы модельдеу және өткізу;

·        алынған мәліметтерді түсіндіру;

·        шешімдерді айқындау, жұмыс нәтижелерін қорытындылау.

Зерттеу әдісі кезінде білім алушыдан барынша өз бетімен жұмыс жасау талап етіледі.   Дегенмен білім алушылардың білім деңгейлері  топтарда әртүрлі болғандықтан, әсіресе, пәнді меңгерудің бастапқы деңгейінде оқытушының белсенді түрде қатысуымен эвристикалық әдісті  мақсатты түрде қолданған тиімді.  Эвристикалық білім алушылардың  жаңа білімдерді өз бетімен іздеуіне  жағдай жасайтын әңгімелесулер, зертханалық жұмыстар түрінде болуы мүмкін.

Зерттеу қызметі төмендегідей тірек құзыреттіліктерді  қалыптастыра алады: шығармашылық тұрғыдан  жұмыс жасай білу,  шешімдерді өз бетімен қабылдай алу, т.б.

Қорыта келе айтарымыз, егер оқытудың  белсенді емес әдістері авторитарлы стильде болса,  белсенді, интерактивті  әдістер субъек-субъектілік қатынасқа негізделген  стильдегі сипатқа ие.  Мұнда   оқытушы қарым-қатынасқа білім алушылармен тең дәрежеде  қатысып, олардың айтқан ойларын ескеруі қажет.

Осындай жағдайда  білім беру үдерісіне білім алушылар толықтай қатысады.  Оқу материалын игеру үдерісіндегі  студенттердің бірлескен қызметі әрбір білім алушы  өзіндік үлесін қосады, білім, идея алмасады дегенді білдіреді.  Шындықты ұжымдық іздеу қызмет субъектілерінің интеллектуалды белсенділігін арттыра түседі.  Мұндай өзара әрекет білім алушыларға тек жаңа білім алып қана қоймай, сондай-ақ өздерінің коммуникативтік дағдыларын дамытуға септігін тигізеді.

Қарастырылған әдістерге салыстырмалы талдау, сондай-ақ оқыту практикасы  аталмыш әдістердің бірдей деңгейде қолданылмайтынын көрсетіп отыр.

Әдебиеттер:

1. Иванов Д.А. На какие вызовы современного общества отвечает использование понятий ключевая компетенция и компетентностный подход в образовании? / Компетенции и компетентностный подход в современном образовании // Серия «Оценка качества образования» / Отв. ред. Курнешова Л. Е. М.: Моск. центр качества образования, 2008. С. 3-56.

2. Настройка образовательных структур в Европе. Вклад университетов в Болонский процесс [Электронный ресурс] – Электрон. текст. дан. – Режим доступа: http:// www.iori.hse.ru/tuning/materials/Introduction_Tuning%20 Educational%20Structures.pdf

3. Двуличанская Н.Н., Тупикин Е.И. Теория и практика непрерывной общеобразовательной естественно-научной подготовки в системе «колледж – вуз» : монография.  М.: МГТУ им.Н.Э.Баумана, 2010. 254 с.

4. Иоффе А.Н. Активная методика – залог успеха / Гражданское образование. Материал международного проекта. СПб.: Изд-во РГПУ им. А. И. Герцена, 2000. 382 с.

5. Ситуационный анализ или анатомия кейс-метода / Ю. Сурмин [и др.].  Киев: Центр инноваций и развития, 2002. 286 с.