Педагогические науки/ 5. Современные методы преподавания

 

Тарих пәнінің мұғалімі Қ. К. Жолдасова

«Сенім» кешкі мектебі, Жамбыл облысы, Қазақстан

XVI ғасырдың 20-30 жылдарындағы

қазақтың бес хандары туралы

XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының саяси тарихын шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. Ол кезеңдерге: 1458-1470-ші жылдар – хандықтың құрылуы, 1470-ші жылдар мен 1521 жыл аралығы – хандықтың күшеюі мен нығаюы, 1521-1538 жылдар – хандықтың «уақытша әлсіреуі», 1540-1598 жылдар – хандықтың қайта көтерілуі немесе этникалық территорияның қалыптасуының аяқталу дәуірлері жатады. Әрбір кезеңнің басты белгілерін хандықтың сол тұстардағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының қандай болғандығы, жекелеген хандардың жүргізген саясаты, сондай-ақ билік басындағы хандардың жеке тұлғалық қасиеттері арқылы анықтауға болады. Керей мен Жәнібек, Бұрындық пен Қасым, Хақназар, Шығай, Тәуекел хандардың билік құрған кезіндегі Қазақ хандығының жағдайы осыған дәлел.

Бізде әлі күнге дейін тарихнамамызда XV-XVI ғасырдағы Қазақ хандарының жеке тарихи тұлғасы толық түрде арнайы зерттелген емес. Кейбір хандардың есімдері хандықтың әр дәуірдегі тарихына қатысты мәселелерде аталып, тарихи тұлға ретіндегі зерттелінуі тарихшылар назарынан тыс қалып келеді. Тіпті кейбір хандардың тарихтағы орны зерттелінбек түгіл, есімдерінің өзі кейбір еңбектерде аталынбайды да. Олар: Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Қожа Ахмет, Тоғым хандар болатын. Аталған бұл бес хандар – 1521-1538 жылдары, яғни жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақ хандығының «уақытша әлсіреу» кезеңінде билік етті.

Мамаш хан – кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады, Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте мардымсыз. Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Шамамен, ол 1450-60 жылдары дүниеге келген. 1513 жыл Мамаш ханның алғаш рет жазба дерек мәліметінде көрінуі еді. Және де оның «хан» деген мәртебелі атпен жазылуына қарағанда ол Жаныш, Таныш хандар секілді Қазақ хандығындағы көп ұлыстардың бірінде иелік етсе керек. Мамаш хан билікке Қасым хан қайтыс болғаннан соң келеді. Қасым хан қаза тапқаннан кейін, билік үшін қазақ сұлтандары арасында алауыздықтар басталады да, таққа Қасым ханның ұлы Мамаш хан келеді. Бұл – 1521 жылдың іші болатын.

Мамаш ханның билігі қанша уақытқа созылды, басты оқиғалары қандай, хандықтың ішкі және сыртқы саяси өмірінде қандай өзгерістер болды деген сұрауларға ешбір жазба дерек жауап бермейді. Тек қана Мамаш ханның қалай қайтыс болғаны туралы қысқаша мәлімет береді. Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Мамаш ханды бір шайқаста түншығып өлді делінсе, Махмуд ибн Уәли «ол бір ұрыста тапталып өлтірілді» деп жазады. Мамаш хан 1522 жылы қаза табады.

Осылайша, Қасым ханнан соң билікке келген Мамаш хан Қазақ хандығының одан әрі нығаюына үлес қоса алмай, оның «уақытша әлсіреуінің» басында тұрды. Жазба деректерде Мамаш ханның ұрпақтары туралы ешбір мәліметтер айтылмайды.

Тақыр хан – 1522 - 1532 жылдары Қазақ хандығын билеген алтыншы хан. Ол – Жәнібек ханның төртінші ұлы Әдік сұлтанның ұлдарының бірі. Дерек мәліметіне жүгінсек, 1522 жылы Мамаш хан өлгеннен кейін Қазақ хандығында билік үшін сұлтандар арасында күрес күшейеді. Тақыр ханның билік еткен 10 жылдық кезеңі ішінде Қазақ хандығындағы алауыздықтар тоқтатылмады, кейбір сұлтандардың оған мойынсұнбай, хан билігіне құлақ аспай өз ұлысының адамдарымен одан бөліну жағдайы күшейеді. Басқаша айтсақ, «уақытша әлсіреу» Қазақ хандығында тереңдей түседі.

Тақыр ханның сыртқы саясаттағы жүргізген істері көбінесе нәтижесіз аяқталып отырды. Ал көрші елдердің шапқыншылықтарына тойтарыстар берілмеді. 1522-23 жылы Ташкент билеушісі Сүйініш-Қожа хан Дешті Қыпшаққа жорыққа шығып, жеңіске жетеді. 1525-26 жылдың қысының басында Сүйініш-Қожа ханның ұлы, Ташкент билеушісі келді. Мұхаммед ханнан Түркістан қаласының маңында Тақыр хан тағы да жеңіліс табады.

Сондай-ақ Тақыр хан түсында қазақ-ноғай қатынасы да шиеленісіп кетеді. Бұрынғы бейбіт қатынастар бұзылып, маңғыт мырзаларының тықсыруымен Тақыр ханға тәуелді 200 мың адам Дешті Қыпшақтан Моғолстанға көшіп кетеді. Қалмақ тайпаларымен алғаш рет соғысқан қазақ хандарының бірі – осы Тақыр хан болды. Тақыр хан сыртқы саясатта, әсіресе, моғол хандарымен қарым-қатынаста терең ойластырылмаған саясат жүргізеді. Жетісуға билігі орнаған Тақыр хан қырғыз тайпаларына да үстемдік жүргізуге тырысады. Жазба деректерде Тақыр ханды қырғыздың да ханы болды деуі осы жылдарға байланысты айтылған. 1529 жылы Сайд хан Андижанға жорыққа аттанғанда үлкен ұлы Рашидті Яркендте қалдырып, Тақыр ханның іс-әрекеттерін қадағалап отыруды тапсырады. Бұл жылдар Тақыр ханның биліктегі соңғы жылдары еді, Қазақ халқының басым бөлігінің қолдауына ие бола алмай, ол барлық қадамдарға барады. Сол себепті де оның сыртқы саясатынан жүйесіздік көрініп отырады. Хандықтың ішкі саяси өмірінде де Тақыр хан сұлтандар мен билердің қолдауына ие бола алмады. Өмірінің соңғы кездерін Тақыр хан қырғыз тайпалары арасында өткізеді. Ақырында сонда жүріп, қайтыс болады.

Бұйдаш хан – (Деректерде Бұйлаш хан, Бойлаш хан, Бублаш хан, Бутлаш хан деп ұшырасады.) – Жәнібек ханның немересі, Әдік султанның ұлы Тақыр ханнын інісі. Тақыр ханнан соң таққа 1532 жылы отырады. Бұйдаш ханға байланысты келесі бір дерек мәліметінде оның 1559 жылы Мауреннахрға жорығы жөнінде баяндалады. Бұл жорыққа 20-дан астам қазақ сұлтандары қатынасады. Сайрам маңында шайбанилық билеушілер әскерімен болған ұрыста қазақ әскерлері шаһды дауылдың бетке қарсы соғуына байланысты жеңіліс табады. Осы ұрыста Бұйдаш хан, қаза тапты делінеді. Деректерде Бұйдаш ханның ұрпақтары жөнінде ештеңе айтылмайды. Соған қарағанда Бұйдаш ханның ұлдары 1559 жылғы шайқаста әкесімен бірге қаза тапқан болуы мүмкін.

Қожа Ахмет хан (Ахмет хан) - шамамен, XVI ғасырдың 20-шы жылдардың екінші жартысы мен 30-шы жылдардын бірінші жартысында Ахмет хан Қазақ хандығының батысында билік еткен. 1524 жылы Тақыр хан ноғайлардың тықсыруымен және Сұлтан Нигар-ханымның кеңесімен Моғолстанға қарай бет алғанда, хан билігіне мойынсұнбай, оның қарауындағы көптеген адамдар одан бөлініп кеткен. Солардың бірі – Ахмет хан. Жазба деректердің мәліметтері Ахмет ханды ноғайлармен күресте болғандығын көрсетеді. 1534 жылы қазақ-ноғай арасында соғыс болып, қазақтар жеңіледі. Өйткені, 1535 жылы Мұсаның екінші ұлы Сейдақ бектің Грозныйға жазған хатында қазақ ханы Қожа-Махмудтың (Қожа-Ахмет) 15 ұлымен бірге өзінде тұтқында отырғандығын жазады. Сондай-ақ Ахмет ханды Мұсаның немересі Орақ батырдың өлтіргендігі туралы деректер бар.

Тоғым хан – Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның ұлы. Өкінішке орай, деректерде Тоғым ханның 3-7 сұлтанмен бірге қаза болған ұрысының датасы, кіммен ұрысы, жеңімпаздық есімі айтылмайды. Сол себепті де бұл мәлімет әлі күнге дейін зерттеушілер арасында талас тудырып отыр. Сондай-ақ, Тоғым ханның кіммен шайқасқандығы және оның қашан болғандығы жөнінде де әр түрлі пікірлер бар. Көпшілік ойлар негізінен, шайқасты 1537 жылы қазақ-моғол қатынасында, Тоғым хан мен Рашид хан арасында болған деп болжайды. Тоғым хан қаза тапқан Жағат уалаяты – Амударияның төменгі ағысы бойындағы осы аттас қамал және қамал төңірегіндегі өңірлер болуы мүмкін. Тоғым хан Хорезм жақтағы Жағат уалаятында 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапқан деген пікірлерде бар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақ хандығы үшін XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары «уақытша әлсіреу» кезеңі болып саналады. Бұл кезеңнің тағы бір белгісіне – саяси бытыранқылық жатса керек. Өйткені осы тұста Қазақ хандығында бірнеше хан бір мезгілде, бірнеше аймақта билік етеді. Оңтүстік-Шығыс бөлікте – алдымен Тақыр, одан кейін Бұйдаш хандар билікте болып, негізінен моғолдармен, қалмақтармен қарым-қатынаста болса, батыс бөлікте – Ахмет хан ноғай тайпаларымен күрес жүргізеді. Ал оңтүстік бөлікте Тоғым хан билеуші боп, негізінен Мауреннахрдағы және Хорезмдегі шайбанилар әулеттерімен қатынастар жасайды.

«Уақытша әлсіреу» кезеңіндегі саяси бытыраңқылықта бір мезгілде Қазақстанның үш өңірінде үш билеуші билік еткен деседі.

Қазақ хандығы – Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. 1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады.

2015 жылдың күзінде Керей мен Жәнібектің қазақ халқының дербес  мемлекеттік бірлестігін – Қазақ хандығын құрғандығына 550 жыл толады. «2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп есептеу керек», – деген Елбасымыз Н.Назарбаев 2015 жылы Қазақстан Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өтетіндігімізді мәлімдеді.

 

Әдебиеттер:

1. Материалы по истории Казахских ханств XV—XVIII вв. Алматы, 1969.

2. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. - Л., 1941.

3. Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII вв. Алматы, 1969.

4. Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали Қасымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы, 1991.

5. Султанов Т. И. Правители первого Казахского государства. (1470-1718). Алматы, 1993.