Абдыкадыров А.О.
Абай атындағы
ҚазҰПУ, аға оқытушысы
ЕҢБЕККЕ БАУЛУ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА
ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛӨНЕРІ АРҚЫЛЫ ЭСТЕТИКАЛЫҚ
ТӘРБИЕ БЕРУ МҮМКІНДІКТЕРІ
Бүгінгі таңда
халқымыздың ата мұрасын дәріптеу мақсатында
мектептерде жас ұрпақты дәстүрлі халық өнеріне
баулу, сол арқылы халықтың өткенін танытып,
мұрасына лайықты ізбасар етіп тәрбиелеу жұмыстары іске
асырылып жатыр.
Қазіргі кезде көнеден
келе жатқан өнерді жаңғырту және дамыту
күрделі жұмыс. Сондай-ақ қолөнер арқылы
күнделікті өмірімізді жан-жақты бейнелеудің де
эстетикалық жағынан тәрбиелік мәні бар.
Сәндік-қолданбалы
өнердің өзіндік ерекшеліктері: сәнділік,
ырғақтылық, эмоциялық, сырт формасы арқылы
эстетикалық тәрбие беру
балалардың өзіндік
шығармашылық іс-әрекетіне септігін тигізеді. Әсіресе,
сәндік-қолданбалы өнердің принциптерін:
бұйымның формасы, материалы қолдану мен атқаратын
қызметі бір-бірімен байланыстылығын оларға
ұғындырып отыру керек.
Өнердің барлық
түрі өзіне тән бейнелі тілі, тәсілдерімен әсемдік
әлемін ашып көрсете отырып, адам сезіміне әсер ететіні
мәлім.
Қолданбалы өнерге
тән ерекшеліктер -
айналадағы ортамен, өмірмен, еңбекпен тығыз
байланыста болуы. Қолданбалы өнердің әлеуметтік –
тәрбиелік ролі тек оның туындыларының өзіндік
көркемдік, эстетикалық құндылығымен ғана бағаланбайды, сонымен
қатар адамдардың өз заманына сай талғамын білдіруінен,
өткендегі мәдениетпен, ұлттық
дәстүрлермен
сабақтастығынан көрінеді.
Қазақ халқы
қыздарды қолөнердің кең тараған
түрлері: киіз басуға,
сырмақ сырып, киіз үйдің ішкі – сыртқы керек
жарақтарын әзірлеуге,
шарушылыққа қажетті бұйымдар жасап кілем
тоқуға, алаша жасауға (терме, қақпа),
ши, кесте және шілтер тоқуға, киімдер тігуге баулып отырды.
Осы айтылғандардың бәрі дерлік ою-өрнектермен
безендіріп, әшекейлі жасалатын болғандықтан, жасаушыдан
ерекше талғампаздықты, нәзік икемділікті, жоғары
эстетикалық түсінікті талап ететіні күмәнсіз.
“Ою” - деген сөзбен
“өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл
сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып
жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір
нәрсенің бетіне ойып бездер түсіру деген мағына жатады. Қазақ
көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні,
үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай –
ақ, барлық қошқар мүйіз өрнектерін де ою
дейді. Ал “өрнек” дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің
күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптан істеген көркемдік
түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес.
Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла
береді.
Халық өнерінің
туындыларымен оқушыларды таныстырудың жолдары мен әдістері
алуан түрлі. Оның басты арналары – мұражайға,
топсеруенге апару, еңбекке баулу сабақтарында сол өнер
бұйымдарымен, оның жасалу
технологиясымен таныстырып отыру.
Қазақ
халқының сәнді-қолданбалы өнерінің
табиғатын, тарихи даму жолын, қоғамдағы көркем-эстетикалық
мәнін зерттеген еңбектерден, халқымыздың көркем
шығармашылық іс- әрекеттерінің ғасырлар бойы даму
барысында шындық болмысының сұлулығын бейнелеуде
өзіне тән жүйелі, жас ұрпақты көркем
өнерге баулуда сындарлы әдіс-тәсілдерінің
қалыптасқанын көреміз.
Қазақтың
дәстүрлі сәнді–қолданбалы өнер туындылары
үлгілерін зерделей отырып, өнердің халық
өміріндегі орнын, мәнін, маңызын игерумен бірге, ол
туындылардан халық шеберлерінің
талантын көреміз. Сонымен бірге, бұл өнер
халқымыздың өткен тарихынан, халық шеберлерінің
өткен тарихынан, шаруашылық кәсібінен, дүние-танымдық
деңгейінен және жарасымды ұлттық салт-дәстүрлерінен
зор мағлұмат береді.
Қазақ
халқының киім тігу, баспана және үй жиһаздарын
жасау, жіп иіру, тоқу, киіз басу, кесте тігу және зергерлік
өнері ертеден дамып келген.
Аталған бұйымдарды аталарымыз бен аналарымыз жасап
қана қоймай, оларды аса шеберлікпен, түрлі ою- өрнекті қолданып, әшекейлей де
білген. Ою - өрнек жасаумен қатар халық арасында оларға
бояу түстерін қолданудың да өзіндік түрлі
мағыналары болған [1].
Мысалы, ақ – түс -
әділеттілік, шындық, заңдылық, дұрыс
жолдың; қара тұс – жердің, берекенің, жасыл
түс – көктемнің, жастықтың; қызыл түс
– күннің, оттың; Сары түс – даналықтың,
білімділіктің және көк түс – ашық аспанның
нышанын білдірген. Сондықтан халық шебері әшекейленген ою -
өрнектің пішінімен қатар оның боялған
түсіне де аса көңіл аударып отырған.
Осындай сәнді-қолданбалы
өнер туындылары бүгінгі жас ұрпаққа
эстетикалық тәрбие беруге оқушылардың сезіміне
әсер етіп, сол арқылы еліне, туған жеріне, өнерге деген
ізгілік сүйіспеншілігін қалыптастыруға көмектеседі.
Демек, қолөнер оқушылардың эмоционалды –
эстетикалық талғамын дамытып, түстердің
үйлесімділігін, формасын, шынайылығын, әсемдігін түсіне
білуге септігін тигізеді.
Мектеп оқушыларына
сәнді– қолданбалы өнерді меңгерту барысында қолөнер бұйымдарының
түрлерін, олардың жасалуын түсіндіру орынды. Ертеден
сақталып келе жатқан тамаша тарихымен бірге өзіндік
қайталанбас ерекшелігімен көзге түсетін қазақ
халқының қолөнері жас ұрпақты
тәрбиелеуде үлкен маңызға ие болады.
Халқымыздың
әлеуметтік салт – санасы өсіп, сол арқылы мәдени
тұрмыс дәрежесі, дүние танымы жаңа сапаға ие бола
түсуде. Сәнді – қолданбалы өнердің өзіндік
ерекшеліктері: сәнділік, ырғақтылық, эмоциялық, сырт формасы балалардың өзіндік шығармашылық іс -
әрекетіне септігін тигізеді. Әсіресе, сәнді-қолданбалы
өнердің прициптерін: бұйымның формасы, материалы,
қолдану мен атқаратын қызметі бір-бірімен
байланыстылығын оларға ұғындырып отыру керек.
Оқушыларды
ұлттық мазмұнда оқыту, ұлттық сәнді-қолданбалы
өнерге үйрету, оған қызықтыру көп ізденіс
пен шығармашылық еңбекті қажет етеді. Баланы
қолөнерге баулу үшін
алдымен оған үлгі алатындай жағдай туғызу, оның
қыр-сырымен таныстыру, оның әсемдік құпиясын ашып
көрсету, яғни білім беру, еңбек етуге баулу қажет. Сол
секілді балаға үлгі алатындай жағдай туғызып,
шеберлікті түсіндірудің, яғни қолөнер
шеберлерімен кездесулер өткізудің,
өнер бұйымдарымен таныстырудың маңызы
бұдан кем емес. Әңгіме, ертегілер айту халықтың
мақал-мәтел, өлеңдерді қолдану арқылы
бастауыш сынып оқушыларын сабақ барысында ою-өрнектің
түрлерімен таныстырып, үйрету эстетикалық тәрбие беру
ісін ойдағыдай шешуге жәрдемдеседі. Сөйтіп, осы сәндік-қолданбалы
өнердің өзіндік ерекшеліктерін оқушыларға
толық жеткізе отырып, қолөнер бұйымдарына
эстетикалық баға беруге
үйретсек және бұл орайда халықтың педагогиканы
негізге алып отырсақ, біз оларды сәнді -қолданбалы өнер
арқылы эстетикалық сезімін дамытқан болар едік.
Қазақ отбасында бала
туғаннан бастап әдеміліктің қоршауында болады,
өрнектермен әшекейленген киіз үй жабдықтарын,
оюланған кілем, сырмақ, түскиіз, алашаларды, сүйек,
кестеленген киімдерді, күміспен өрнектелген ыдыс-аяқтар мен
жиһаздарды күнделікті көріп өседі. Мектепте
оқушылар қазақ
халқының қолданбалы өнер түрлерімен танысып,
оларды дайындау тәсілдері туралы кеңірек мағлұматтар
алады. Осынау ұлттық қолөнер түрімен
айналысудың қолайлылығы – оған қажетті
матаның кез-келген шаңырақтан табылатындығы. Олай
болса, бастауыш сыныпта оқу жоспарына байланысты «көркем
еңбекке» бөлінген сағатты оқытып қана
қоймай, оған қосымша сыныптан тыс (қолөнер
шеберлерінің еңбектерімен танысу, өнер мұражайларына
бару, т.б.) жұмыстар жүргізілгені дұрыс. Өтілетін сабақ
тақырыбын оқушылардың толық меңгеруіне
мұғалім тарапынан осындай ықпал жасауы тиіс.
Еңбек сабағының
сапасы қорға тікелей байланысты. Өйткені сабақта
оқушылардың барлығы материалдармен және
құралдармен қамтамасыз етілуі керек. Сонымен бірге
сабақтың нәтижелі болуы алдымен мұғалімнің
ұйымдастырушылық-шығармашылық қабілетіне
байланысты.
Еңбекке баулу
сабақтарында оқушылар материалдармен және еңбек
құрал- саймандармен жұмыс істеу әдістерін
үйренеді. Сабақ барысында олар әр түрлі
тұрмыстық бұйымдардың, ойыншықтардың
түрлерін жасап, саусақтарын үйренеді. Балалардың жасаған
бұйымдары тек бағалау үшін емес, сонымен қатар
түрлі қажеттерді өңдеуге, әсіресе
өздерінің ойындарына, сабақта көрнекілік ретінде
пайдаланады.
Бастауыш мектептегі еңбек
сабақтарында қазақ өнеріне баулудың негізгі
мазмұны мынадай эстетикалық мәні бар мәселелерді
қамтиды:
-қазақтың
халықтық қолөнерімен таныстыру;
-ұлттық өнер
туындыларына негізделген түрлі бұйымдар жасатып, үйрету;
-бұйымдарды
әшекейлеп, безендіруге баулу;
-табиғи материалдардан
бұйым жасаудың әдістерін меңгерту:
-балалар пайдаланатын
бұйымдар мен ұлттық мәнерде орындалатын сыйлық
заттарды жасау.
Сабақ барысында
оқушылар қазақтың бұрынғы баспанасы киіз
үй, оның жиһаздары, сәнді ұлттық киімдері,
ыдыс-аяқтары, ер тұрман, т.б. танысып, түсінік алады. Сондай-ақ еңбек
сабақтарында түрлі бұйымдарды жасап, үйрену
арқылы шеберліктерін арттыруға тырысады.
Бастауыш сыныптардағы көркем еңбек жүйесі
өзінің ерекшеліктерімен оқушы қиялына әсер ете
отырып, олардың шығармашылық қабілеттерінің
артуына ықпал етеді. Сондықтан көркем еңбек оқушы
қабілетін дамытудың негізгі факторы болып табылады.
Мысалы, оқушылар
табиғи заттарды, тақтайды, ағашты өңдеу
процесінде, қаңылтыр және мата қалдықтарымен
жұмыс істегенде заттың физикалық қасиеттерін сезінуіне
мүмкіндік алады. Айнала қоршаған ортаның қандай
заттан тұратындығын барлық жан-дүниесімен сезінеді. Сол
себепті көркем еңбек сабағының басты міндеті
оқушылар жұмыс кезінде және материалды белгілі бір
бұйымға айналдырғанда қоршаған ортаға
ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу, оның
экологиялық тазалығын сақтау принциптерін іс жүзінде
орындауға ынталандыру, еңбек процесін оқушылардың
келешек өміріне негізгі арқауы етіп, қабылдауға
талпындыру болып табылады.
Төртінші сынып
оқушылары 1-3 сыныптарда ою-өрнектерді сызу, оны материал бетіне
салу, жапсырмалау, әшекейлеу, сияқты көркем
еңбектің танымдық кезеңінің жұмыс
түрлерінен әдістемелік түсінік алып, қолын
жаттықтырса, 4-сынып көлемі орта білім жүйесінде
жүргізілетін технология сабақтарына дайындық белесі
болғандықтан, ұсынылатын көркем еңбек
түрлері жеңілден күрделіге қарай ілгерілеу
әдістемесімен жүргізілетін болады. Өйткені бұл сыныпта көркемдеуді
мол қажет ететін қатты материалдарды өңдеу,
әрлеу, дизайндық жағынан мағлұмат алатын
әдістемелермен жұмыс істеудің бағыты көзделеді
[2].
Еңбекке баулу пәнінде оқушыларға
сәндік-қолданбалы өнерді меңгерту арқылы оқушыларға
эстетикалық тәрбие беру мәселесі келесі міндеттерді
көздейді:
- әр түрлі өнер
адамдарының іс-әрекеті арқылы баланың тәртібіне,
өмірге көзқарасына, түсінік
құлықтылығына игі әсер ету;
- қоғамдағы, табиғаттағы,
өмірдегі әсемдікті түсіну, байқай білу қабілетін
дамыту;
- эстетикалық
талғамын дамыту, дұрыс пікірін айта білуге, бағалай білуге
тәрбиелеу, оның дамуына көмектесу;
- баланың көркем
өнерге деген қабілетінің шығармашылықпен
ұштасуына көмектесу.
Бұл туралы белгілі
мүсінші С.Г.Коненков: «бала күнгі әсер оның
болашағына, келешегіне көп септігін тигізеді. Балалық
шағында алған әсері, сол сияқты ғылым
жолындағы кезеңдерін мәнді өмірінің негізі
және де осы жарқын күндердегі есінде қалғандар,
өмірінде ұмытылмайтын естеліктерді сақтайтын қойма
қызметін атқарады» - дейді [3].
Осыған орай әр
оқушының өзін қоршаған ортадан әсемдікті
сезінуі, оны бағалап үйренуге талпынуы оқушының
бүкіл жан дүниесіне әсер етеді. Дегенмен адамның
көркем өнерге деген қабілетінің дамуы,
қабілеттің шығармашылықпен ұштасуы, оны бала
кезінен тәрбиенің осы түрімен қамтылуына және
әр оқушының жеке-дара ерекшеліктерін ескеріп, тәрбиені
белгілі мақсатқа бағыттап жүргізуге байланысты.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Қасиманов С.
Қазақ халқының қолөнері. – Алматы, 1995.
2. Қалназаров Б., Рахметова Н.Б.,
Жолдасбекова С.А.
Еңбекке баулу.
Оқыту әдістемесі (жалпы білім беретін мектептің 4-сынып
мұғалімдеріне арналған). –Алматы: Алматыкiтап, 2013.
3.Құдабаева К.І.
Сәндік-қолданбалы өнерді оқыту теориясы мен
технологиясы. Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі
мамандығындағы студенттерге арналған оқу
құралы. – Қарағанды, 2005.
Резюме
В статье рассмотрены некоторые
вопросы эстетического воспитания учащихся начальных классов средствами
народного декоративно-прикладного искусства.
Summary
The article looks
through the decorative and applied art aesthetic upbringing of the children.