Балабиева Ә.А.

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Рүстемова Ж.А.

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ

Ақпараттық технология және оның мәні

Бүгінгі таңда әлеуметтік жағынан қорғанған адам – ол технология ауысуына және нарық талабына сай терең білімді, жан – жақты адам.  Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық – психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауыттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады[1].

ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан адамзатқа компьютерлік сауаттылық қажет. Ал бұл сауаттылықтың алғашқы баспалдағы мектептен басталады. Мектеп қабырғасынан теориялық біліммен қатар практикалық білімнің алғы шарттарын меңгеруі тиіс.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ақпараттық технологияларды пайдаланудың маңызы зор. Ақпараттық технологияның негізгі мақсаты – оқушыны қазіргі қоғам сұранысына сай өзінің өмірлік іс-әрекетінде дербес компьютердің құралдарын қажетті деңгейде пайдалана алатындай жан-жақты дара тұлға тәрбиелеу.

Жалпы технология және ақпараттық технология дегеніміз не? Соларға жауап бере кетелік.  Анықтама бойынша,  технология дегеніміз – материалды өңдеу үрдістерінің жиынтығы, немесе материалды өңдеу тәсілдері туралы білім жиынтығы.  Демек, технология дегеніміз – түрлендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тәсіл. Бұл бізге «технология» түсінігін тек материалды өндіріс сферасында ғана емес, сонымен қоса адам іс-әрекетінің басқа да сферасында да, соның ішінде білім беру жүйесінде де пайдалануға мүмкіндік береді. Оқыту теориясында «технология» ұғымының үш жүзге жуық анықтамасы бар екенін айту жөн. Ақпараттық технологияның арқасында әрбір тәлімгердің тек дәстүрлі ақпарат көздерімен ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі емес ақпарат көздерімен жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар.

Ақпараттық технология (ағылш. Information technology, IT) – объектінің, процестің немесе құбылыстың күйі туралы жаңа ақпарат алу үшін мәліметтерді жинау, өңдеу, жеткізу тәсілдері мен құралдарының жиынтығын пайдаланатын процесс.  Бұл термин «ақпарат» және «технология» деген екі ұғыммен байланысты. Технология (грек тілінен аударғанда) өнер, шеберлік, біліктілік деген мағынаны білдіреді. Технологиялық процесс түрлі құралдар мен әдістердің көмегімен жүзеге асады. Технология мен ақпарат түсініктерін, ақпараттық технологияның есептеуіш құралдарын пайдалана отырып, ақпаратты алу, жинақтау, сақтау, өңдеу, талдау қызметтерін жүзеге асыратын әрекеттердің реті деп атайды[2].

«Ақпараттық технология» деген терминді В.Тлушков енгізді, ол оған былай анықтама береді: «Ақпараттық технология дегеніміз – ақпаратты өңдеумен байланысты үрдістер». Сонда оқытуда ақпараттық технологиялар үнемі қолданылған деуге болады, себебі оқыту дегеніміз – ақпаратты оқытушыдан тәлімгерге немесе оқушыға жеткізу.

Ал В.Апатова В.Глушковтың берген анықтамасын жоққа шығармай, оны нақтылай түседі: «Ақпараттық технология дегеніміз – ақпаратты өңдеу үрдісі арқылы жүзеге асатын құралдар мен әдістер жиынтығы»[2].    Д.Матрос «жаңа ақпарттық технология» ұғымын қарастыра отырып, кез келген әдістер немесе педагогикалық технологиялар ақпаратты тәлімгерлер, оқушылар меңгеру үшін қалай өңдеу және жеткізу керектігін суреттейді, яғни оның анықтамасы бойынша, кез келген педагогикалық технология дегеніміз – бұл ақпараттық технология[3].

Ақпаратық технологияларды пайдаланудың негізгі артықшылықтары мынадай:

1.  үйренушінің шығармашылық әлеуетін, коммуникативтік әрекеттерге қабілетті болуды, сараптамалық-зерттеу қызметі дағдыларын және оқу қызметі мәдениетін дамыту;

2.   оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерін қарқындандыру, оның тиімділігі мен сапасын арттыру;

3.  қазіргі қоғамның ақпараттануымен байланысты пайда болатын әлеуметтік тапсырысты өткізу[4].

Заман ағымына қарай күнделікті сабаққа интерактивті тақта, видео, аудио қондырғылары мен компьютерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беруде. Кез келген сабақты  электрондық оқулықты пайдалану оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды. Бүгінгі таңда мектеп пәндерін компьютер, интерактивті құралдар көмегімен оқыту сабақтың өнімділігін арттырады және оқушылардың білім деңгейіне оң әсер етеді.

Әдебиеттер тізімі

1.   «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» Елбасының халыққа жолдауы, –Астана, 2006.

2.  Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Информатика және компьютерлік техника/Жалпы редакциясын басқарған – А.Қ. Құсайынов. -Алматы:Мектеп, 2002. -456 б.

3.  Жапарова Г.Ә. Информатика негіздері (Мәтін): оқу құралы/Алматы: Экономика, 2006. -296 бет.

4.  Ақпараттандыру – білім беруді реформалаудың негізгі механизмі (Мәтін)/ Нұрғалиева Г., Тілеуова С., Таутаева Г.//Ізденіс. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. -2006. -№17. -262 б.