Көшербек П.С.
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Рүстемова Ж.А.
Е.А.Букетов
атындағы ҚарМУ
Сабақ типтері және
дәстүрлі сабақ құрылымы
Еліміздің білім беру
саласындағы түбірлі өзгерістер мектеп
мұғалімдерінің, жалпы оқытушы қауымның
шығармашылықпен жұмыс істеуіне үлкен жол ашуда. Шығармашылық
еңбектің басты нышаны – сабақты типтеріне қарай түрлендіріп
өткізу. Мектепте оқытылатын барлық пәндер бойынша
ұсынатын сабақ типтері жөнінде төмендегідей мәліметтер барын алға тартамыз:
1.Оқушылардың
жаңа білімді игеру сабақтары;
2.Іскерлік пен
дағдыны қалыптастыру және жетілдіру сабақтары;
3.Қайталау,
бекіту, яғни білімді, іскерлікті және дағдыны кешенді
қолдану сабақтары;
4.Білімді, іскерлікті
және дағдыны бақылау-тексеру сабақтары;
5.Аралас
сабақтар – мұнда бірнеше дидактикалық міндеттер шешіледі [1;288].
Енді сабақ
типін әдебиет пәніне лайықтап, өзімізше жүйелеп
көрелік:
1. Жаңа білім
беру сабақтары;
2. Іскерлік пен
дағдыны қалыптастыру сабақтары;
3. Қайталау
сабақтары;
4. Білімді тексеру
сабақтары;
5. Аралас
сабақтар.
Осы сабақ
типтері бойынша жоғарыда аталған сабақ түрлерін
ажырататын болсақ, төмендегідей мағлұмат аламыз:
1. Жаңа білім
беру сабақтары(дәріс сабағы, (қос)үштік
сабағы);
2. Іскерлік пен
дағдыны қалыптастыру сабақтары(практикалық сабақ,
семинар сабақ);
3. Қайталау
сабақтары(конференция, сот сабағы, концерт, әдеби монтаж
және композициялық сабақтар, дебат сабағы т.б.);
4. Білімді тексеру
сабақтары(емтихан, есеп-сынақ сабақтары);
5. Аралас
сабақтар.
Аталған
сабақ типтерінің ішінде аралас сабақ жөнінде қандай
түсінігіміз бар? «Аралас сабақ барлық типтер функциясын
орындайды. Бұл сабақта танымдық іс-әрекетінің
барлық кезеңдері жүзеге асырылады»[2;290]. Аралас сабақ
– жиі қолданылатын сабақ түрі. Оның
құрылымы алты элементтен тұрады: ұйымдастыру
кезеңі; үй тапсырмасын
сұрау; жаңа сабақ материалын түсіндіру; жаңа
материалды бекіту; үйге тапсырма беру.
«Сабақ
құрылымының бірінші кезеңінде оқушылар
мұғалімді тыңдайды, екінші элементінде олар бір баланың
сұраққа берген жауабын тыңдайды, үшінші
элементінде мұғалімнің түсінігін тыңдайды,
төртінші элементінде оқушылар жаңа тақырып материалын
бекітуге байланысты мұғалімнің сұрағына бір
оқушының берген жауабын тыңдайды, ал соңғы
элемент бойынша, оқушылар үйге берілетін тапсырманы тыңдайды.
Демек оқушылар бүкіл сабақ бойында тек қана
тыңдаушылар ретінде отырады, өз беттерінше ешқандай оқу
жұмысын орындамайды. Олай болса, мұндай сабақты
«тыңдаушылар сабағы» десек, артық болмайды»[2;292].
Бұл –
кәдімгі дәстүрлі сабақтың жүйесі. Демек,
дәстүрлі сабақ аралас сабақ типіне жатады. Дәстүрлі
сабақтың ерекшелігі бірнеше элементтен тұратын
құрылымының болуында. Бірнеше деп айту себебіміз,
дәстүрлі сабақ элементтері немесе кезеңдері жөнінде
әр түрлі тұжырым бар. Мәселен, сабақтың
қалыптасқан құрылымына оқушы білімін
бағалау да жатқызылып жүр[3;12]. Ал Ә.Қоңыратбаев «4-7-кластарда әдебиетті
оқыту методикасы» оқу құралында былай дейді:
«Әдебиет сабағының жоспары көбіне схемаланған 5
элементке құрылып жүр(өткен сабақты сұрау,
жаңа сабақты түсіндіру, оны бекіту, қорыту, тапсырма беру), мұның өзі
сабақ сайын материалды лекция сияқты өтуге әкеледі.
Сондықтан бұл 5 элемент тіл сабағы болмаса, әдебиетке
онша қонымды емес»[2;290]. Байқап отырғанымыздай, бұнда
сабақтың ұйымдастырылу кезеңі көрсетілмеген,
әрі «жаңа материалды қорыту» бөлек элемент ретінде
берілген. Әйтсе де, Ә.Қоңыратбаев «Әдебиетті оқыту
методикасының очерктері» оқу құралында сабақ
элементтеріне сай келетін жоспар жөнінде «Мектеп тәжірибесінде
мынадай бір «оңай жоспар» кездеседі: 1.Ұйымдастыру жұмысы(1
мин.). 2. Өткен сабақты сұрау(10 мин.). 3. Өткен
сабақты қорыту(3 мин.). 4. Жаңа сабақты
түсіндіру(15 мин.). 5.Бекіту(8 мин.). 6. Қорыту(4 мин.). 7.
Тапсырма(3 мин.). Бұл –
сабақ элементтеріне сай келеді, бірақ оның мазмұны мен
мақсатынан мүлдем аулақ жататын, тек іске емес,
уақытқа құрылған «жоспар» - дейді»[3;290].
Қорыта
келе айтарымыз, дәстүрлі сабақ ешқашанда өз маңызын жоғалтпақ емес. Өйткені
дәстүрлі сабақтың
нәтижелі болуы пән мұғалімінің теориялық
біліміне, оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін
ұйымдастыра алуына және өз әрекетінің
нәтижесін болжай білуіне
байланысты.
Әдебиеттер
тізімі
1.
Бітібаева
Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясы. Алматы:
Мектеп, 2003. -336 б.
2.
Қоңыратбаев
Ә. 4-7-кластарда әдебиетті оқыту методикасы. Алматы: Мектеп, 1987.-176 б.
3.
Қоңыратбаев
Ә. Әдебиетті оқыту методикасының очерктері. Алматы:
Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы, 1962.