Заркенова Ж.Т., Аббасова Э.Ш.

 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қаласы

 

ЦЕРЕБРАЛЬДЫ САЛ АУРУЫ БАР БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛЫРЫНЫҢ ТІЛ КЕМШІЛІКТЕРІН ТҮЗЕТУ ЖОЛДАРЫ

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі оларды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына көмек көрсету, әлеуметтік  өмір шеңберде тең құқылы тіршілік ете алуларына  жағдай жасау.

2002 жылдың 11шілдесінде қабылданған Қазақстан Республикасындағы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету туралы» Заңына сәйкес даму және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар білім алуға және шығармашылық, дүниетанымдық мәдениеттерін дамытуға тең құқылы [1]. Осы заң аясында жарымжан бала­лар­ға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Олар­ды білім беру, әлеуметтік, ме­дициналық тұрғыда қамтамасыз ету қарастырылған. Қазіргі таңда  мүмкіндіктері шектелген балалар саны артуда. Сондықтан бұл мәселе көтеріліп отыр. Соңғы жылдары жүргізілген ғылыми әдістемелік әдебиеттерді талдау зерттеушілермен бүгінгі күні белгілі бір түзете  логопедиялық материалдардың жинақталғанын көрсетеді. Дегенмен аталмыш мәселенің кей жақтары әлі де толық қарастырылмаған. Сондықтан да церебральды сал ауруы бар бастауыш сынып оқушыларының тіл кемшіліктерін түзетуде ғылыми негізделген ықпал ету толығымен қазақ тіліндегі әдебиеттерде көрсетілмеген. Сондықтан да церебральды сал ауруы бар бастауыш сынып оқушыларының тіл кемшіліктерін түзетуде ғылыми негізделген жолдарды іздестіру біздің зерттеуіміздің мәселесі болып табылады. Қоғамдық логопедиялық тәжірибе талаптары және аталмыш мәселенің жеткіліксіз қарастырылғаны зерттеу тақырыбының «церебральды сал ауруы бар бастауыш сынып оқушыларының тіл кемшіліктерін түзету жолдары» таңдауын белгілейді.

Қазіргі кезде арнайы түзету мектептері мүмкіндігі шектелген балалар бойындағы сақталған анализаторлардың қызметін жоғалтпауға, оларға реабилитациялық көмек көрсетуге, қоғам ортасына бейімдеуге, бағытталған көптеген түзетушілік (коррекциялық) жұмыстар жасауда. Көмекші мектептердің осы бағыттағы негізгі жұмыстарының бірі оқытуды ұйымдастырудың әдіс–тәсілдері мен түрлерін жандандыру, кейбір оқушыларға қажет  болатын жаңа мүкіншіліктерді ашуды талап ету, сонымен қатар бұл мәселе басқа да білім түрлеріне  өзекті болып саналуда.

Мүмкіндігі шектелген балалардың әлеуметтік бейімделуінде маңызды роль атқаратыны – сөйлеу қабілеті. Сөйлеу тілінің барлық жақтарын дамыту мен бұзылуларын түзету арнайы мекемелердің негізгі бағыттарының бірі.

Қазіргі кезде педагог-дефектологтар дамуында ауытқуы бар мектепке дейінгі баламен түзету жұмыстарының ең тиімді жолдарын іздестірумен терең айналысу үшін арнайы түзету мекемелерінде тәжірибелік қызмет атқарады.

Адамның қимыл-қозғалысы жүйке жүйесінің сан түрлі деңгейлерімен реттеліп отырады: үлкен ми қыртысымен, қыртыс астылық түйіндермен, ми діңімен, мишықпен және жұлынмен басқарылады.

Церебральды сал ауруы бар балалардың тіл даму мәселесі ғылыми әдебиеттерде O.Н. Усaнoвaмен, Н.A. Гoсудapeвпен, Т.Б. Eпифaнцeвaмен, Л.С. Вoлкoвa, С.Н. Шaхoвскaямен зерттелінген [2].

Барлық қимыл-қозғалыстар ырықты (мақсатты) және ырықсыз (автоматтандырылған) қозғалыстар болып бөлінеді. Ырықты қимыл-қозғалыстар пирамидалық жүйемен, ал ырықсыз қимыл-қозғалыстар - экстрапирамидалық жүйемен және мишықпен интеграцияланады. Пирамидалық жүйенің көмегімен индивидуальдық әлеуметтік–тұрмыстық және кәсіби қимыл-қозғалыстар қалыптасады.

Пирамидалық жүйе әсіресе тік жүру, саусақтың нәзік қимылдары сөйлеу актісі тәрізді анағұрлым «адами» қозғалыс функциясын қамтамасыз етуде маңызды роль атқарады. Экстрапирамидалық жүйе ырықсыз қимыл-қозғалыстарды реттейді, ал мишық – дененің тепе-теңдігін, қозғалыс координациясы мен бұлшық ет тонусын реттейді. Ми қыртысының қимыл-қозғалыс аймағына тері–бұлшық ет, көру, есту, және вестибулярлық анализаторлардан үнемі сигналдар келіп түсіп жатады, бұлар кеңістіктік қозғалыс матрицасын түзу үшін қажет. Бұл жүйелердің барлығының үйлесімді әрекеті адамның әр қимылын нық, үйлесімді және епті етеді, қалыпты моторлық белсенділікті қамтамасыз етеді.

Қазіргі кездегі жүргізіліп жатқан зерттеулердің қорытындылары бойынша, құрсақтағы балаларға 400-ге жуық зиянды факторлар әсер етеді екен. Әсіресе 4 айға дейінгі ұрықтың барлық ағзасындағы қызметтердің қалыптасуына қатты әсер етуі мүмкін.

Тірек-қимыл аппараты зақымданған балалардың 89% балалардың церебральды салдығы (БЦС) құрайды. Балалардың церебральді салдығының негізгі себебі - орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы болып табылады. Ол пренатальдық кезеңдегі немесе ерте постнатальдық кезеңдегі зиянды факторлардың әсерінен пайда болады. Статистика бойынша, әрбір 100 БЦС-ң 30-ы – құрсақтағы кезеңде, 60-ы - туу кезеңінде, 10-ы - туғаннан кейін пайда болады екен (Л.О.Бадалян, Л.Т.Журба, Н.М.Всеволжская, 1980). Тірек-қимыл аппаратының зақымдалуында кездесетін балалардың церебральді сал ауруы, жүйке жүйесінің ауыр науқасы. БЦС – мидың қозғалыс жүйесінің зақымдануынан пайда болатын және бұлшық ет қызметіне орталық жүйке жүйесі тарапынан бақылаудың болмауымен немесе жеткіліксіз бақылануымен көрініс беретін қимыл-қозғалыстар бұзылуының бір тобы.

Тірек-қимыл аппаратының зақымдалуында кездесетін балалардың церебральді салдығында қимыл-қозғалыс және сенсорлық жүйелер арасындағы, қимыл-қозғалыс жүйесінің өзіндегі буындар арасындағы, ырықты және ырықсыз қозғалыстар арасындағы өзара әрекет бұзылады. Бұл науқас ми қыртысының жоғары қызметінің бұзылуымен, пирамидалық жолдардың және қыртыс астылық ядролардың зақымдануымен сипатталады. Көп жағдайларда баланың мүгедек болуына әкеп соқтырады [3].

Балалардың церебральді салдығы - мидың ерте онтогенездегі жетілмеуінің немесе зақымдануының нәтижесінде пайда болады. Оның ішінде мидың ең жас бөліктері (ырықты қимыл-қозғалыс, сөйлеу сияқты функцияларға жауап беретін бөліктер) зақымданады.

Салданған балалардың сөйлеу ерекшеліктері туғаннан бастап айқын көрінеді. Қалыпты дамыған балалардың, A.A. Лeoнтьeвтің зерттеуіне сүйенсек, сөйлеудің жетекші кезеңдерін шартты түрде, төрт кезеңге бөледі.

1 — дайындық (туғаннан – бір жасқа дейін);

2 — мектепке дейіннің алдында (1 жастан 3 жасқа дейін);

3 — мектепке дейін (3 жастан 7 жасқа дейін);

4 — мектеп жасы (7 жастан 17 жасқа дейін).

Бала дүниеге келгенде айқайлайды. Айқай – баланың алғашқы дыбыстық жауап қайтаруы. Баланың айқайы, жылағаны сөйлеу аппаратының артикуляциялық, дыбыстық, тыныс алу бөлімдері қызметтерін жандандырады. Сондықтан, егер «анамнестикалық мәліметтер» бөлімінде «бала тұншығып туып бірден айқай салды» деп жазылса, бұл ақпарат логопед үшін маңызды диагностикалық ауру белгісі болуы мүмкін. «Гуілдеу» кезеңі барлық балаларда байқалады. 1,5 айда, содан соң – 2-3 айда бала  a-a-бм-бм, блъ, у-гу, бу және т.б. дыбыстар шығара бастайды. Міне осылар кейін анық сөйлей бастауға негіз болады. «Гуілдеу» әлемнің барлық халықтарында бірдей болады. 

Салданған балалардың тіл дамуында түрлі деңгейде бас миының қабықтарынан бас сүйек миы жүйкелері ядросына берілетін импульстің бұзылу байқалады. Осыған байланысты, бұлшықеттерге (тыныс алу, дауыстық, apтикулятoрлы) жүйке импульстары келіп түспейді, сөйлеуге тікелей қатысы бар негізгі бассүйек миы жүйкелері функциясы бұзылады (үш тармақты, беттік, тіласты,  тіл жұтқаншақты, кезбелі жүйкелер).

Үш тармақты жүйкесі шайнау бұлшықеттерін, беттің төменгі бөлігін жүйкелендіреді. Ол бұзылғанда – ауызды ашып жабуда қиындық туады, шайнағанда, жұтқанда, жақтың төменгі бөліктерін қозғағанда қиындықтар туындайды.  Бет жүйкесі беттің мимикалық бұлшықетін жүйкелендіреді.  Ол бұзылғанда –  бет aмимикалық, бетперде бейнелі, көзді қысу қиын, қасты қозғау, беттің томпиту қиынға түседі. Тіл асты жүйкесі тілдің алдыңғы екі үштігін жүйкелендіреді. Ол бұзылғанда – тілдің қозғалуы шектеледі, тілді белгілі бір қалыпта ұстап тұру қиындықтар туады.Тілдік жұтпалы жүйке тілдің артқы үштігін, жұту және жұмсақ төбе бұлшықетін жүйкелендіреді. Ол бұзылғанда – мұрынмен сөйлеу байқалады, жұту рефлексінің төмендеуі, кішкентай тілшенің жаңға қарай ауытқуы байқалады. Кезбелі жүйке жұмсақ төбе, көмей, жұтқаншақ, дауыстық қатпарлар, тыныс алу бұлшықеттерін жүйкелендіреді. Ол бұзылғанда көмей мен жұтқаншақ бұлшықеттерін толыққанды жұмыс жасауының бұзылуына, тыныс алу функциясының бұзылуына әкеледі.

Тірек-қиымыл аппараты бұзылған балалардың тіл кемшіліктері келесі ерекшеліктермен көрінеді:

- сөйлеу тілінің фoнeтикалық-фoнeмaтикалық бұзылыстары;

- ана тілінің лексикалық жүйесін меңгерудегі ерекшеліктері;

- лексикалық және фонетикалық-фонематикалық бұзылыстарымен тығыз байланысты тілдің грамматикалық құрылымының кемшіліктері;

- байланыстырып сөйлеу мен тілді түсінудің бұзылысы;

- дисгpaфия мен дислeксияның барлық түрлері.

Тірек-қимыл аппараты зақымдалған балалардың тіл кемшіліктері көбінесе дизартрия деп айқындалады. Сопақша ми дизартриясында – артқы мидың құрамына кіретін сопақша мидың қабыну немесе ісіну ауруларына шалдыққан кезде пайда болады. Сонымен сопақша мида орналасқан бассүйек пен миға қатысты қимылдатушы тіл асты, тіл жұтқыншақ кейде үшжақты, кезбе нервтің ядролары бұзылады. Ми қыртысы асты дизартриясы бас ми қыртысының астындағы тораптардың зақымдануынан пайда болады. Ми қыртысы асты дизартриясы бұлшықеттер күш қуатының ширығуының әсер етуінен және гиперкинезімен сипатталады. Гиперкинез – баланың бақылаусыз сөйлеу тілі мүшелеріндегі және мимикалық бұлшықеттерінің еріксіз күшпен қимылдауы. Бұндай қимылдар тыныш тұрған жағдайда байқалады, бірақ әдетте бұл қимылдар сөйлеген кезде күшейеді [4].

Ми қыртыс асты дизартриясының ерекшелігі сөйлеу тілінің шапшаңдығы, ырғағы, сарыны жағынан ұйқастығының бұзылуымен сипатталады. Кейде ми асты дизартриясы бар баланың сөйлеу тіліндегі ақаулықтарының асқынып кетуіне себеп болатын есту қабілетінің нашарлауы.

Мишық дизартриясы қысқа қайырылатын келте сөздермен, кейде жеке дыбыстардың шаңқылдап қатты естілуімен сипатталады. Мишық дизартриясының таза түрі балаларда сирек кездеседі.

Ми қыртысы дизартриясы басқаларынан ажыратып тану және бөліп алу өте қиын ақаулық. Ми қыртысы дизартриясында сөйлеу мүшелерінің айтылу кезіндегі еркін қозғалу бұзылады. Ми қыртысы дизартриясының дыбыстарының айтылуындағы көріністер бойынша қозғауш алалияға ұқсастығы бар, себебі ең алдымен сөздің буындық дыбыстық айтылуы бұзылады. Балалардың бір дыбыстан екінші дыбысқа, сөйлеу тіл мүшелерінің бір қалыптығы түрінен екінші қозғалып қимылдау қиындайды. Балалардың дыбыстарды жеке тұрғанда анық айтуға қабілеті бар, ал сөйлегенде сөздерінің құрамындағы сол дыбыстарды орнын алмастырып шатастырып, әсіресе тіркесіп келген дауыссыз қатары бұзылып, жылдамдатып тез-тез сөйлегенде тұтықпаға ұқсап кекештеніп қалады. Бірақ ми асты дизартриясының қозғаушы алалиядан айырмашылығы сол сөйлеу тілінің лексико- грамматикалық құрлысының дамуында бұзылатындығы байқалады.

Жалған ми дизартриясы – балаларда ең жиі кездесетін ақаулықтардың түрі. Жалған сопақша ми дизартриясы баланың жас кезіндегі, босанып жатқан уақытта немесе құрсақтағы кезеңіндегі энцефалит, құрсақ зақымы, ісік, интоксикация тағы басқа ауруларға шалдығулардың салдарынан мидың органикалық зақымдануының нәтижесінде пайда болады. Баланың бас ми қыртысынан тіл жұтқыншақ ядросына, кезбе және тіл асты нервтеріне баратын өткізгіш жолдарының зақымдануына байланысты жалған сопақша мидың сал болып қалуы немесе әлсіреуі пайда болады. Ол ымдау және сөйлеу тіліндегі дыбыстар шығаратын мүшелердің тұсындағы бұлшықеттердің бұзылуының клиникалық көріністері бойынша сопақша ми дизартриясына ұқсас. Дегенмен жалған сопақша ми дизартриясындағы түзету және сөйлеу тілінің айтылуындағы дыбыстарды толық меңгеру мүмкіншілігі әлдеқайда жоғары [5].

Жалған сопақша мидың сал болып қалуының нәтижесінде баланың жалпы сөйлеу тілінің қозғаушы мүшелері бұзылады. Нәресте нашар емеді, шашалады, қақалады, нашар жұтады. Ауызынан сілекей ағады, беттің бұлщшықеттері бұзылады. Жалған сопақша ми дизартриясының жеңіл, орташа, ауыр деп шартты түрде үш дәрежеге бөлуге болады.

Сөйлеу мүшелерінің қозғалуын тексеруге кіріспес бұрын оның құрылысының ерекшеліктерін және ақаулықтарының анатомиялық сипатын белгілеу қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы Қазақстан Республикасының Заңы.  2002ж. 11 шілде № 343-ІІ тарау.

2.  Oснoвы лoгoпeдичeскoй paбoты с дeтьми / Пoд peд.Г.В. Чиpкинoй. – М.: APКТИ, 2003. – 240 с.

3.  Aбpaшинa, Н.A. Двигaтeльныe цepeбpaльныe нapушeния./ Н.A. Aбpaшинa. – Сapaтoв: Пpивoлжскoй книжнoe издaтeльствo, 1997. – 244 с.

4.  Зeeмaн, М. Paсстpoйствo peчи в дeтскoм вoзpaстe./ М. Зeмaн. / Пep. с чeш. E.O. Сoкoлoвoй. Пoд peд. В.К. Тpуткeвa, С.С. Ляпидoвскoгo – М.: Мeдгиз, 1992. – 299 с.

5.  Лoгoпeдия / Пoд peд. Л.С. Вoлкoвoй, С.Н. Шaхoвскoй. – М.: ВЛAДOС, 1998. – 680 с.