ӘОЖ
821. 521. 122
қазақ
әдебиетіндегі поэма жанрының дамуы ЖӘНЕ Абайдың
ақын шәкірттері
Апеева Гулнара Серикхановна
– филология ғылымдарының кандидаты, Алматы
қаласы,
Орталық Азия университеті.
Мақалада Абай
мен оның ақын шәкірттерінің қазақ
әдебиетіндегі поэма жанрының дамуына қосқан
үлестері нақты мысалдармен дәлелденіп, Ақылбай, Мағауия, Көкбай,
Асет, Уәйіс ақындардың шығармашылық ізденістері
мен олардың авторлық қолтаңбалары сараланады.
Кілтті сөздер:
ұзтаз, шәкірт, поэма, шығармашылық ізденіс,
авторлыфқ қолтаңба, даму, үлес.
В статье дается обоснованный анализ творческого вклада в
жанр поэмы в казахской литературе учеников и продолжателей Абая: поэтов Акылбая, Магауи, Кокбая, Асета,
Уаиса, их поисков и авторского своеобразия.
Ключевые
слово: учитель, продолжатель, поэма, творческие поиски, авторские своеобразия.
This
article presents a reasoned analysis of the
creative contribution to the genre
of poems in Kazakh literature
students and imitators Abaya: poets of Akylbaya, Magauo, Kokbaya, Aset,
Uais and their research for originality and authorial.
Key words: teasher, successor, poem,
creative searches, author's originalities
Абайдың
ақын шәкірттері ұстаздың өнегелі
дәстүрін меңгере
отырып, «үйрену, үлгі алу, тәжірибе жинақтау
кезеңдерінен өтіп алып барып», өзіндік ізденістер
жасауға талпынған. Және олар бұл талаптарының
нәтижесінде сәтті авторлық табыстарға қол
жеткізген. Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбай,
Әсет, Уәйіс ақындар өз поэмалары арқылы
қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының ең
алғашқы озық үрдістерінің қалыптасып
дамуына ықпал етті.
Шәкәрім
поэмаларын кейінгі зерттеу үлесіне қалдырғандықтан,
қазір Абайдың өзге ақын шәкірттерінің поэма
жанрына қосқан үлесі хақында сөз етпекпіз.
Абай
шәкірттерінің арасында ұстаз салған сара жолды
әрі қарай дамыта түскен Ақылбай болды.
«Дағыстанның» әуелгі
бастамасынан-ақ тосын әрекетке тап боламыз. Кавказ тауын,
оның табиғатын жыр жолдарына арқау қыла отырып,
өзі жырламақ жердің бар шындығын алға тосады.
Қарт Кавказ бен оның айналасындағы табиғат қандай
тәкаппар болса, ол жердің адамдарының да көңілі
биік, кеудесі өр. Ешбіреуі басынан сөз асырмайтын, қит етсе
қолы қанжарына жабысатын өркөкірек.
Ақырып
айдаһардай жүз толғанып,
Тауды
бұзып, тас жарған долы Терек.
Поэманың
басында долы табиғатты суреттегеннен-ақ оқиғаның
барысын сезе бастаймыз. Ақын сол арқылы оқырманын
алдағы уақытта болатын қанды оқиғаға
дайындай түседі. Табиғаттың суық түсінен
сескенесің. Ақын бұл арада параллелизм әдісін
қолданған. Ақылбай поэмаларының өзіндік
даралығын танытатын да осы суреттер.
М.Мағауин: «Қазақ әдебиетінде адам тағдырына
құрылған сюжетті шығармаға пейзажды алғаш
енгізуші Ақылбай болды» [2, 88-б], - дейді. Көркем суреттерге Абай
мен Шәкәрім өз поэмаларында соншалық көңіл
бөлмеген. Шындығында пейзаж жасауда және бұл
тұрғыда жаңа тіркестерді қолдануда Ақылбай
қаламы құлашты. Алғаш
рет табиғаттың тылсым күшіне жан бітіре суреттеу Абай
шығармашылығымен еніп қалыптасты десек, ұстаздың
бұл жаңалығын, оны сюжетті шығармаға енгізген
оның ақын шәкірттері еді. Кавказ бен Зұлыс
тауының көрнекті көріністері арқылы өз
поэмаларының сюжеттік желісін жетілдіріп отыру Ақылбай
ақынның негізгі көркеми тәсілі болған. Және
бұл оның қазақ әдебиетіне енгізген өзіндік
жаңалығы, дара шығармашылық беті болды.
Ақылбай
пейзажында ұстазы Абай лирикасының сарыны жатыр. Тек
мазмұндық желісі ғана емес, сөз саптауларына,
қолданған тіркестеріне дейін ұқсас болып келеді.
Поэмадан алынған төмендегі жолдардың осы ойымызды
нақтылай түсетіні кәміл.
Сайраған
құмыр бұлбұл үні шықты,
Кемпір
қара салысын бүркеп тықты.
Гүл
мен ағаш майысып қарағанда,
Еліріп
тік қарайды Кавказ мықты.
Әр
жерінен ажалдың иісі шығып,
Суық
түспен қарайды кәрі Кавказ.
Ақылбай
«Зұлыс» поэмасында да өзінің суреткерлік сипатынан жазбайды.
Әдемі суреттер жасайды:
Қалың
тоғай, қара үңгір, қиын жартас,
Қаскүнем
хайуанаттар тұрған сыйып.
Зор
Зұлыс, зодыр Зұлыс түсі суық,
Басына
жан бармаған мұның жуық.
Алабас
ақ бурадай бұрқыраған,
Үскірік,
қарлы бұлт басын жуып [1, 76-б.].
Қ.Мұқамедханұлы
ақын тіліндегі бұндай қолданыстарға «Зор Зұлыс,
зодыр Зұлыс түсі суық» дегендегі эпитеттер табиғатты
жанды бейнеде кейіптеу (олицетворение), «ала бас ақ бурадай
бұрқыраған» деген көркем теңеулер, күрделі
метафоралар, екпінді, әсерлі дыбыс үндестіктері, осы
шумақтардың өн бойында кездесетін өлең
өрнектері, ажарлы сөз айшықтары – нағыз
ақындық образ. Осының бәрі Ақылбайдың Абай
поэзиясынан алған ақындық өнердегі
үлгі-өнегесін айқын аңғартады» [1, 49-б.], - деп
өзіндік бағамын ұсынған. Әсеттің
«Салиха-Сәмен» поэмасындағы табиғаттың әсем
суретін әсерлі жеткізе білуіндегі ақын стилі де осы айтқан
ойды қайталататыны сөзсіз.
Жалтыр
тау, тасқын өзен, заңғар биік,
Тұрғандай
бұлттан өтіп, көкке тиіп,
Темірдей
қара жартас сұрғылт түсті,
Қабағын,
қаһар көзін қарсы түйіп.
Мұңлы
тау аспанменен бой теңескен,
Тұрғандай
бейне мүлгіп, басын иіп,
Ақырған
аждаһадай тасқынды өзен,
Сарқырап
төмен аққан шатқа құйып [3, 253-б.].
Сюжетті
шығармаға табиғат көріністерін кестелей білуі
Ақылбайдың бірінші ерекшелігі болса, шығарманың
композициялық құрылысына өзгерістер енгізуі оның
тағы бір шеберліктің тезінен өткендігін байқатады. Ол
«Дағыстан» поэмасының композициялық құрылысын
өзгеше құрды.
Бұзылған
Дағыстанның қу қаласы,
Көрінді
қарт Жүсіптің үй – ханасы.
Жүсіп
тұр қайғы басқан үй алдында,
Дүниенің
әсер бермей тамашасы [1, 56-б.].
Бұлайша,
оқиғаның соңынан бастап жырлау Ақылбай заманында
қазақ әдебиетінде қалыптасып, қанат жая
қоймаған көркем әдіс. Оқиғаның
Дағыстан жерінде өтетінінен
құлаққағыс жұрт ендігі жерде
«қайғы басқан қартқа» «дүние
тамашаларының әсер бермеу» себебін қарастыра бастайды.
Шығарма композициясы сонысымен де қызғылықты,
оқырманын бірден өзіне баурап әкетеді. Дәл осы
тәсіл Шәкәрімнің «Дубровский» поэмасында да
өзіндік сипатымен көрінеді. Владимир Дубровскийдің жол
торыған «қарақшылық» істер жасағанын айтқан
соң, оқиға бірден байдың бала оқытатын учителі
жайлы сөз болып кетеді. Бұл учительдің Дубровский екені
оқырманға кейіннен мәлім болады.
Уәйіс
Шондыбаев поэма жазуда Ақылбай салған соқпақты
сүрлендіре түскен. «Иванушка-дурачок» поэмасын Ақылбайша
бастаған. Онысы Ақылбайдың «еріккен соң ер сөзін
ермек еттімімен» мазмұндас шығады. Поэманың
композициялық құрылысын да «Дағыстанша» түзген.
Мәселен, Уәйіс те «басы таз, ірің аққан,
күлден төсек» қылған кейіпкерін таныстырып
алғаннан кейін барып, «Аздан соң таң қаласыз осы
тазға, Бақ, дәулет, мол болады қазынасы» деп негізгі
оқиғаға қарай ойысады.
Ақылбай
құр еліктеуші, дәстүрден өнеге алушы ақын
емес. Оның өзіндік ақындық беті айқын,
көркем суреттер жасап, үлкен ой түйетін дарынды ақын.
Екі поэмасының да негізгі өзегіне «басқа пәле тілден»
деген халық нақылын негіз еткен. Поэмаларындағы
оқиға желістеріне өзіндік ой айтып, түйін түйіп
отырады.
Уа,
дүние, кәне сенің мақтағаның,
Жақсылығын
орнымен ақтағаның.
Қиянат
жоқ, жалған жоқ таза жүрек,
Мынау
ма жас өмірді сақтағаның!
«Бір
қайғыңды бір қайғың ұмыттырсын»
дегендей екі ұлы соғыста жан тапсырып, екі ұлы тосын
апаттың құрбаны болып, жаны күйзелген
Жүсіптің қайғылы халін ақын былай суреттейді:
Өлгенін
бәрі естіді ұлы-қызы,
Батты
Жүсіп батырға қайғы сызы.
Кемпірдің
қарғысынан құтылуға,
Пана
жоқ, айнадай боп жердің жүзі.
Ақынның
айтпағында «дүние, жер – айна тәріздес дөңгелек,
істеген ісің қайда барсаң да алдыңнан шығады,
әрі жоғарыдағы жаратушыға жердің қай бұрышы
болсын айнадай көрініп тұр» деген философиялық түйін
байқалады. «Қайда барсаң Қорқыттың
көрі» деген ойды өз жанынан тың сурет жасап, жаңа
образды сөзге салып көрсеткен. Сөзге шебер
ақынның дәстүрлі эпитет, теңеу, бейнелі
сөздерін былай қойғанда, «тәуекел дариясына салып
қармақ», «қанды шапан үстіне қалды киіп», «бейнет
ішіп, күн көрген қатер киіп», улы қанжар, улы жас,
бұлбұл көңіл, ажал иісі тәрізді төл
суреттері ақынның өзіндік бейнелі ойлау жүйесінің
биіктігін танытады.
Ақылбай
қыздың сыртқы сұлулығын суреттеуге біршама жыр
жолдарын арнаған. Қолаң шаш, аласы аз, нұрлы
қара, ұялы көз, кірсіз тіс, қырлы мұрын, мінсіз
ерін Абай лирикасының ықпалын көрсетсе, ақын бұл
тұста дәстүрлі қолданыстарға да бармай
қалмайды. «Бұралған тал шыбықтай қыпша белі»,
«Күлгенде гүл төгілер тісі меруерт», «Алма бет, аппақ
еті қар секілді» тіркестерін мысал қып ұсынамыз. Алайда
ұстаз бағытын бетке ұстаған шәкірт ақын «Тақпақтап жарамайды айта
берген, Қызды әркім мақтағанын көзім
көрген» деп өзінің көркем суреттерін шектей
қояды. Әр нәрсенің пайымын білетін ақын
«ақылы, мінезі мен тұлғасы сай» деп өзінің
сұлу бейнесін суреттеудегі алған тағылымын бойға
сіңірген дарынды шәкірт екендігін мойындатады.
Қыз
көркінің көркем суреттерін жасауда Мағауияның
Еңлігі де айтарлықтай сәтті шыққан.
Тіп-тік
жауырын, нәзік бел, бұрымы ұзын,
Салмақ
пенен салады қара көзін.
Жауап
берсе қалжыңға сондай ұста,
Ешкім
сөгер жан емес айтқан сөзін.
Биік
қабақ, ақ сұрлау, қара қасты,
Тік
маңдай, толық жүзді, қолаң шашты.
Қарауында
бір түрлі реңі бар,
Сынап,
байқап қалатын жеңіл жасты, -
дегенде
ақылына көркі сай бойжеткеннің көзге елес беретіні
анық. Мағауия суреттеулері тек сыртқы
сұлулыққа сұқтану дәрежесінде емес,
бұл жолдардан оның сөзге шебер шешендігі, бір
көзқараспен-ақ адамның жан-дүниесін
бағамдай білетін ойлылығы қатар көрінеді.
Әсеттің
қыз бейнесін суреттеуінде де ертедегі дәстүрлі
қолданыстар мен Абайлық суреттеулер астаса келеді.
Бұралған
тал шыбықтай сұлу еді,
Он
бестен он алтыға жеткен жасы.
Алмадай
пісіп толған бақшадағы,
Ашылған
гүл бейнелес қыз тұлғасы.
Албырап
екі беттің қаны тамып,
Қиылып
маңдайында қиғаш қасы.
Ақын
шәкірттер поэмаларында қыздың киім үлгісіне аса назар
аударыла бермейтін. Бірақ бұл тұста Мағауия
өзіндік шешім қабылдаған.
Шапаны
теріс арқау, шағи камзол,
Қымбатты
ол заманда осы ғой бұл.
Аяғында
көк қасқа етігі бар,
Бұрынғының
артықша киімі сол.
Басында
құндыз бөрік үкі таққан,
Кестелеулі
етігі, көйлегі ақтан.
Бешпеті
үстіндегі патсайыдан,
Бек
жақсы шығатұғын Бұхар жақтан.
Мысқалдай
артық сөз жоқ. Сол заманның киім кию үлгісі,
ұлттық қазақи болмысты танытатын этнографиялық
сипаты анық көрініс берген. Байдың
бұлаңдаған жалғыз баласының осылай киінуі абзал.
Ал Әсеттің киім үлгісін суреттеуінде көне
дәстүр, шығыстық үлгінің әсері
байқалады.
Безенген
өне бойы інжу-маржан,
Бриллиант,
алтын, яхут, гауһар тасы,-дейді.
Жалпы
Әсет Найманбаев тілінде қиссалық сарын бар.
Әсет
Найманбаевтың өзге ақын шәкірттер поэмаларынан бір
ерекшелігі – ол жігіт портретіне ден қойған. Жігіт бейнесін
берудегі осындай образды сөздерді қолдану бұғанға
дейін болмаған. Бұндағы жай
оғындай; сағымдай, садақ жетпес; тең сандалдың
терегіндей теңеулері бір қарағанда ертеден бері
қолданыста бар дәстүрлі көне сипаттағы
сөздер болып көрінгенімен, әрқайсысы өз орнымен,
шебер құрылған. Сирек ұшырасатын теңеулер. «Сабырлы, терең ойлы,
маңғаз еді», «Шалқақ төс, бура санды, бұлшық
етті» деп бірыңғай мүшелі сөздерді қатар
қолданғанда жігіт портреті әсерлі шыққан.
Уәйістің
«Жошы-Алаша хан» поэмасы қазақ әдебиетіндегі өнер
тақырыбына арналған тұңғыш шығарма. Он бір
буынды қара өлең ұйқасындағы жыр жолдарын
естірту мен жоқтауда 7-8 буынды жыр үлгісіне салады.
Шығармадағы негізгі ойды арқалап тұрған осы
тұс. Естірту мен жоқтау жанрлық үлгісін,
дәстүрлі тіркестерін пайдалана отырып әрі қарай жалғастырған.
Өз жанынан көркем суреттер жасаған. Бұл Уәйіс
ақынның поэма жанрына әкелген өзіндік беті десек
артық айтқандық емес. Поэмадағы ханның ұлын
жоқтауы мен кәрі құланның қодығын
жоқтауын егіздестіріп алған. Екеуінде бір үлгі, ортақ өлшем
пайдаланады.
«Тәуке-Жікібай»
поэмасы кейіпкер Тәукенің атынан баяндалады. Бұл да
қазақ әдебиетінде бұғанға дейін бола
қоймаған құбылыс. Өзінің
композициялық құрылысы жағынан оқшау
тұрған шығарма. Поэмадағы қыз бен
Тәукенің айтысы өзіндік айтары бар, өз заманының
болмысын таныта білетін деректілігімен құнды. Тіпті
шығарманың бұл тұсы көп уақытқа дейін
жеке айтыс ретінде қабылданып келген.
Абайдың
ақын шәкірттерінің арасында тарихи тақырыпта
тұрақты қалам тербеген Көкбай ақын болды.
Қазақтың ұлы ханы Абылай бейнесін сомдауды мұрат
тұтқан ақынның бір ғана тақырыптың
аясында сөз қозғауы оның поэма жанрына қосқан
өзіндік еншісі болмақ.
«Сабалақ»
поэмасында Абылайдың сабалақ-салпы қалпында Төле биге
келген сәтінен бастап, оның өмірінің соңғы
сағаттарына дейінгі елеулі әрекеттерінің көрінісін жасаған.
Кейіпкер Абылай үнемі өсу, толысу үстінде болады. Тек физиологиялық
түрде ғана емес, оның рухани дүниесі, танымдық
деңгейі тереңдей берген. Кейіпкерінің бұлайша өсу
процесін көрсетуді көздеген ақын өз мақсатына
қол жеткізуде әр алуан әдіс-тәсілдерді орнымен
қолдана білген. Шығармада авторлық баяндау, диалог, кейіпкерді
тура және жанама мінездеу, оның бейнесін өз сөзі немесе
іс-әрекеті арқылы таныту тәрізді көркеми
әдістерді пайдаланған.
«Төрт
төре» поэмасы Абылай ұрпақтарына арналған. Поэмада
қыз бен Наурызбайдың айтысатын тұсы бар. «Наурызбай-Фатима»,
«Қандыжап» поэмалары да «Сабалақтың» заңды
жалғасы деп есептеледі.
Көкбай
Жанатайұлы поэмаларының тілі қарапайым, аса бір көркем
суреттер, образды сөздер ұшыраса қоймайды. Тілі таза, стилі
жатық, оқиғалар жүйесі қисынды, тарихи
шындық желісінен қол үзбеген. Өзі жырлаған замана
ауанына сай етіп жазылған. Композициялық құрылысы аса
күрделі емес. Көкбай ақынның тарихи негізді, деректі
поэмалары өзінің осындай қарапайымдылығымен де
ерекшеленіп көзге түседі.
Жоғарыда
айтылғандарды тұжырымдай келгенде төмендегідей
қорытындылар жасалады:
·
Ұлы Абай негізін қалаған поэма жанры
оның тікелей басшылығымен және ақындық
дәстүрінің ізімен жалғасын тауып, дами түсті.
·
Ақындық мектеп өкілдерінің
поэмаларындағы айтылар ой, олардың мәселе көтерілісі
бірін-бірі толықтыра түсіп, Абай шығармашылығымен
түбегейлі астасып келеді.
·
Ақын шәкірттер поэмаларында белгілі бір
ортақ сюжеттердің қайталануы, ұқсас тілдік
өрнектердің және ортақ сөз саптауларының
қолданылуы жиі кездеседі.
·
Сондай-ақ, ақын шәкірттердің
әрқайсысы өзіндік мәнері бар, дара шығармашылық
қолтаңбасы қалыптасқан, қазақ
әдебиетіндегі поэма жанрының даму тарихына ізін
қалдырған қайталанбас тұлғалар.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1
Мұхамедханұлы
Қ. Абайдың ақын шәкірттері. – Алматы: РГЖИ Дәуір, 1993. 1-кітап. – 224 б.
2
Мағауин М.
Шәкәрімнің шеберлігі
// Жұлдыз. 1988. №10.
3
Мұхамедханұлы Қ. Абайдың
ақын шәкірттері. – Алматы: РГЖИ Дәуір, 1993. 3-кітап. – 224
б.