Филологические науки”

Ботабек А.Ә., Бекбалакова Н.А., Л.Ғ. Ракишева,  Конурова Н.А.

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ  СӨЗЖАСАМ  ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

 

Сөзжасам - тіл білімінің ауқымды бір  саласы. Бiр кезде А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев тәрiздi қазақ зиялыларының бәрi де сөз жасамның әр алуан түрлерiне мән берген. Ретi келгенде өздерi де түрлi ұғымдардың баламасын iздеп, үлгiлерiн ұсынып отырған. Сөзжасам тәсілдері, олардың түрлері туралы теория А.Байтұрсынұлының «Тіл-құралы» кезінде қалыптаспаған еді. Сондықтан А.Байтұрсынұлы «Тіл-құралында» сөзжасамның синтетикалық, аналитикалық, семантикалық тәсілдері терминдерін қолданған жоқ. Бірақ сөзжасамдық тәсілдер негізінде жасалатын туынды сөз мәселелерін ол жазды. Мәселен, жұрнақ, туынды сөз, қос сөз (жалпылағыш қос сөз, жалқылағыш қос сөз), зат есімнен туған сөздер, оны есімнен туған сөздер, етістіктен туған сөздер, туынды етістіктердегі жұрнақтар, етістіктен туатын басқа сөздердегі жұрнақтар түрінде сөзжасамның негізгі мәселелерінен «Тіл-құралда» мәлімет берілген [1,182-255]. А.Байтұрсынұлының бұл пікірлері кейін жұрнақ теориясының дамуына, туынды сөздер, зат есімнің синтетикалық сөзжасам теориясына, сын есім, етістік сөзжасам теориясына негіз болды.

Н.Сауранбаев 1953 жылғы «Қазақ тілі» деген атпен шыққан педучилищелерге арналған оқулығында «Зат есімнің жасалуы», «Сын есімдердің жасалуы», «Етістіктің жасалуы» терминдерін қолданып, сөз таптарының сөзжасамы мәселесін көтерді [11].  Бұдан қазақ тілінде сөзжасам мәселесі жұрнақ арқылы туынды сөздің жасалуынан басталғаны байқалады.

1964 жылғы А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» жоғары оқу орнына арналған оқу құралында морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық) тәсілдер көрсетіліп, оларға бірінші рет мынадай анықтамалар берілген: «Морфологиялық тәсіл деп түбір сөзге я туынды сөзге қосымшалар қосу арқылы жаңа сөз тудыру тәсілін айтамыз да, синтаксистік тәсіл деп түбір (я туынды) сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы сөз тудыру тәсілін айтамыз» [6. 108].

Ал 1974 жылғы А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» атты жоғары оқу орны студенттеріне арналған оқулықта сөзжасамның мына үш түрі берілген: «Сөйтіп, грамматикалық жолмен сөз тудырудың үш түрлі тәсілі бар, оның біріншісі – морфологиялық тәсіл, екіншісі – синтаксистік тәсіл, үшіншісі –морфологиялық-синтаксистік (я синтаксистік-морфологиялық) тәсіл» [6,90].

Қазақ тілінің сөзжасамында тәсілдерді бұлай топтастыру да толық қалыптаспады, әсіресе тәсілдің үшінші түрі танылмады. 1989 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда ғана қазіргі қолданыстағы сөзжасамдық тәсілдердің үш түрі алғаш рет беріліп, ол ғылымда қалыптасып, орнықты. Монографияда: 1) синтетикалық (морфологиялық), 2) аналитикалық (синтаксистік), 3) лексика-семантикалық тәсілдер берілген [9,64]. Сонымен бірге, монографияда әр сөзжасамдық тәсіл алғаш рет ғылыми негізде толық сипатталған. Бұл сөзжасамдық тәсілдерге алғаш рет берілген толық ғылыми сипаттама болды. Сөзжасамдық тәсілдер туралы сөз болғанда, оның бірте-бірте қалыптасқанын есте ұстау керек.Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы ретінде бөлінуінің де өзіндік негізі бар. Оның тарихы түркологиялық еңбектерде жатыр. Түркі тілдерінің сөзжасам мәселесін алғаш көтерген «Дивану  лұғат ат-түрк» (ХІ ғ.) сөздігінің авторы М.Қашқари. Ол өзінің сөздігінде есім сөздер мен етістіктерден жаңа сөздер жасаған көптеген аффикстерді көрсеткен. Олардың мағынасын нақты мысалдар арқылы ашып берген.Сөзжасамның басты мәні- жаңа мағыналы сөз тудыру болғандықтан,  оның өзіне тән жасалу жолдары, арнайы тәсілдері болатыны даусыз.

Сөзжасам тілдің сөзжасам жүйесін, сөзжасамдық бірліктерді, сөзжасам заңдылықтарын, сөзжасамның амал-тәсілдерін, сөздердің жасалу жолдарын, сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерді, олардың түрлерін, сөзжасамдық үлгілерлі, сөзжасамдық мағынаны, әр сөз табының сөзжасамын т.б болып жатқан толып жатқан сөзжасамға қатысты мәселерді зерттейді яғни тілдің сөзжасам жүйесін зерттейді. Тілдің сөзжасам жүйесі қазақ тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамы жаңа сөздер жасау арқылы толықтырылып отыратын негізгі тілдік құбылыс болғандықтан, тілде оны іске қосып отыратын сөзжасамдық заңдылықтар, әдіс-тәсілдер көне замандардан бері қолданылып, дамып, іріктеліп, түрлі өзгерістерді басынан өзкізіп, қазіргі қалыпқа түсіп, әбден қалыптасқан. Сондықтан тілде жаңа сөз кездейсоқ, қалай болса солай жасала бермейді. Ол тілде қалыптасқан заңдар арқылы жүзеге асады.

Сөзжасам ілімінің негізгі обьектісі оның өзіне тән сипаттарын айқындағанда  анық білінеді. Оның негізгі сипаты, мәні - жаңа мағыналы сөз тудыру болғандықтан, сөзжасам ол сөз қалай жасалды (сөзжасамдық тәсіл қандай?), жасалған сөздердің  мағынасы қандай (дериваттық мағынасы), сол үлгімен тағы қандай сөздер жасауға  болады (сөзжасамдық  тізбегі), әр сөз табының туынды сөздерінің жасалу үлгісі (типі) қандай деген сұрақтарға жауап береді. Демек, сөзжасамның негізгі обьектісіне  туынды сөз жатады да, сөзжасамдық тәсілдер, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық  тізбек, сөзжасамдық типтер оның негізгі мазмұнын құрайды.

Түркі тілдерінің  грамматикаларына ортақ жағдай: аналитикалық тәсілдің сөздердің бірігуі, қосарлануы мен тіркесуі ретінде көрініс табуы. Олардың ішінде тек кейбіреуі ғана  сөздердің қысқаруын аналитикалық тәсіл ретінде қарастырады. Қысқару арқылы жасалған сөздердің дені күрделі атаулардың шартты таңбалары, техникалық  себептерге байланысты қысқарулар. Бұлар жеке сөздер ретінде өзінің толық атауынан бөлек мағына білдірмейді. Сондықтан оларды жеке сөз, жеке тілдік единица дей алмаймыз.

Сөз тудырушы қосымшалардың  өнімділік-өнімсіздік,  құнарлық-құнарсыздық  сипаты жайында сөз етсек, қазақ тілінің грамматикаларында сөз тудырушы  қосымшалар жаңа сөз жасауға қатысына қарай өнімді-өнімсіз, құнарлы-құнарсыз  болып бөлінгенмен, оларды бұлай бөлуде неге сүйенеміз, өнімділік пен құнарлылықтың айырмасы неде, негізгі критерийлері қандай деген мәселелер  шешімін тапты дей алмаймыз. Соның нәтижесінде белгілі бір оқулықтарда өнімді  болып көрсетілетін, болмаса, «өнімді және құнарлы қосымшалар», «өнімсіз және  құнарсыз қосымшалар», деп берілетін жағдайлары кездеседі /7/. Біздіңше,  қосымшалардың өнімділік сипаты құнарлылықпен сәйкес келе бермейді. Мәселен, -ман, -мен (Көрермен, оқырман) , -кер, -гер (Қызметкер, суреткер, қаламгер), -м, -ым, -ім (басылым, айналым) өнімсіз болғанымен, 60-жылдардан беріде құнарлы  қосымшаға айналған. Өнімділіктің негізгі критерийі – қосымшаның балгілі бір  кезеңге, мерзімге байланыссыз, жаңа сөздер жасап, сөздік құрамды толықтырып  отыруы, жасалған сөзінің көптеп  болуы, сөз  жасау үлгісінің болуы. Құнарлылық- қосымшаның бір кезеңде жандануы, жаңа сөздер жасауға көптеп қатысуы,  потенциялық мүмкіндігінің болуы, яғни белгілі бір кезең, мерзімге байланысты спалық қасиеті.

Сөздерде кездесетін синонимдік, омонимдік, көп мағыналық қасиет жұрнақтарда да кездеседі. Мұндай жұрнақтардың әрқайсысының беретін мағынасы  мен атқаратын қызметтерінің өзіндік ерекшеліктері бар.

Синонимдес жұрнақтардың беретін мағыналары бір-біріне жақын болғанымен, стилистикалық ерекшелігі жағынан бір-бірінен оқшауланып тұрады.  Мысалы: тоқтыша, тоқтышақ; ботажан, ботақан; бұзауқан, бұзаушық; күшіктей, итақай; серкеш, серкешік т.б. Мұндағы  сөздердің  бәрінде кішірейту  мағынасы  бар.  Кейбіреуінде кішірейтуден тыс «еркелету», «қомсыну» секілді қосымша мағыналары  да  бар. Қазақ тілінде омонимдес  қосымшалар  арқылы  жасалған  үй  жануарларының  атауын  жиі  кездестіруге  болады.  Бұған  дәлел  ретінде   қазақ  тілінің  -у, -ша,  -ше, -тық, -тік, -ай, -ей, -тай, -тей  сияқты  т.б.  қосымшалары  арқылы жасалған  сөздерді   алып  қарастыруымызға  болады.  Мысалы;  балапандау. Сөз  соңына  жалғанған –у  жұрнағы бұл сөзге екі мағына үстеп тұр. Яғни балапандау: 1) қимыл атауы; 2) жассыну. Тағы бір мысал: құнанша:1) үстеу, құнанға лайық қимыл; 2) зат есі, 2-3  жасар түйенің еркегі.

Кей аффикстерде жануарлардың жыныстық ерекшеліктерін ажыратып  тұратын  қасиет  болады.  Мысалы:құнан-құнажын, дөнен-дөнежін;  Мұндағы –жын, -жін қосымшаларында сөз тудыру қасиетімен қатар, мағына айырушылық қызметі  де бар.

-жал, -қан, -ша, -ше, -шық, -шік, -сымақ, -ай, -ей, - шақ, -қай  жұрнақтарын  сөз  мазмұнының  тілдік  формасын  тудырушы  аффикстері  деп  қарастырып,  оған  төмендегіше  түрлі  экспрессивтік  рең  беретін  мысалдар тобын  дәлел  ретінде  тізіп  көрсетуімізге болады:а) кішірейту, еркелету мәнді сөздер: ботақан, ботажан бұзауқан, бұзаушық, күшікей, текешік, тоқтышақ, құлыншақ, серкешік т.б  ә)«қомсыну»  мәнді  сөздер: бұқасымақ,  текесымақ т.б.

Қазақ тілінің қазіргі кезде әбден қалыптасқан сөзжасам жүйесі бар, ол әрине, ұзақ уақыттағы дамудың нәтижесі. Тіліміздің сөзжасам жүйесінің негізі көне түркі тілінен (ең көне жазба ескерткіштер тілі) басталып, содан бері дамып, толығып, күрделеніп, сұрыпталып,екшеле келіп, қазіргі жүйелі дәрежеге жеткен.

Қай тілдің болмасын сөзжасам жүйесі ұзақ уақыттың ішінде қалыптасқан, ол қысқа, аз уақыт ішінде тез қалыптаса қоятын құбылыс емес. Түркі тілдерінің ең көне жазба ескерткіштерінің тілі бұл мәселеге толық куә бола алады. Көне жазба ескерткіштер тілінде негізгі түбір сөздермен қатар туынды сөздер болғаны белгілі. Олар: туынды түбір, күрделі сөз, бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы түрінде кездеседі. Басқаша айтқанда, көне жазба ескерткіштер тілінде жаңа сөз жұрнақтар арқылы (тір-іг, біл-іг,  ур-уш, иел-ме, өт-унч),  сөздердің тіркесуі арқылы жасалды. (күнтұз, Темір-қапығ, Қара-құм, Ілтеріс, арқыш-тіркес, секіз он, йеті йуз), сол сияқты бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы да сол кездің сөзжасам жүйесіне жатады:[қат] 1) қабат, қатар; 2) жеміс; 3)жануардың аты; 4)қату; 5)араластыру. Келтірілген мысалдар көне түркі тілінде сөзжасамның морфологиялық, синтаксистік, семантикалық тәсілдері болғанын анық көрсетіп тұр.

Тілдің сөзжасам жүйесі көне құбылыстарға жатады. Өйткені сөз жасаушы тұлғалар сөзжасаудың тәсілдері, үлгілері күнде құбылатын, күнде жаңаратын құбылыстар емес. Тілдің сөзжасам жүйесі тілдің даму әрекетінен де тыс қала алмайды. Сондықтан сөзжасам жүйесінде де өзгеріс болып тұрады, бірақ ол өте баяу болады және ол, тілде бар  үлгілердің белгілі бір кезеңде белсенді  қызмет етуі арқылы, ол қызметтің бәсеңдеуі арқылы, не сөз мағынасының кеңеюі, кейбір сөзжасамдық түрлердің қолданудан шығуы сияқты т.б. өзгерістер арқылы  болады. Көне жазба ескерткіштер тілінде сөзжасамның морфологиялық тәсілі болды, бірақ сөз тудырушы жұрнақтары санаулы ғана еді. Ал, қазірде морфологиялық тәсіл  сөзжасамда үлкен қызмет атқарады, бірақ көне жазба ескерткіштермен салыстырғанда, қазіргі тіл сөз тудырушы жұрнаққа өте бай, сөзжасам құрамы түрлі жұрнақтар арқылы  толыққан. Сөзжасамдық жұрнақтардың тілге қосылғанын көне жазба ескерткіштер тілі мен қазіргі тілді салыстыру арқылы көру жеңіл, осы екі арада талай ғасырлар өткенін еске алсақ, олардың әр кезеңінің  тілдің сөзжасам жүйесінің қалыптасуына да, сөздік қордың баюынада үлесіболғаны анық көрінеді. Сөйтіп тілдің сөзжасам жүйесінің толығып отыруы, сөзжасамдық  заңдылықтардың тілде  орнығып, қалыптасуы баяу болса да,  тіл дамуында үнемі  болып отыратын құбылыс екені даусыз. Бірақ ол ерекше жылдамдықпен болатын құбылыстарға жатпайды. Соңғы 40-50 жылдың ішінде қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне қосылған жұрнақтар өте мардымсыз. Жаңа жұрнақтар арқылы сөзжасам жүйесінің баюы, толығуы тез болып тұратын құбылыс емес. Тілімізде - хана сияқты  жаңа жұрнақтың қосылуы, пайда болуы өте сирек құбылыс. Алғаш біріккен сөздің бір сыңары  ретінде қызмет атқарған бұл морфема кейін жұрнаққа айналғаны белгілі. Бұрын шайхана, асхана, жатақхана, наубайхана, кітапхана, баспахана сияқты аздаған сөзде қолданылатын бұл морфема бірте-бірте қолданылу аясын кеңейтіп, қазір өнімді жұрнаққа айналды. Мысалы: емхана, дәріхана, дәмхана (закусочная), дәрісхана (аудитория), перзентхана (роддом), т.б. талай сөздің жасалуына қатысты, ол сөзжасамдық белсенді қызметке көшті.Тілдің сөзжасам жүйесінің  күрделенуі, баюы, толығуы көбіне сөзжасамдық жұрнақтардың мағыналық құрамының  кеңеюі арқылы да болады, сөзжасамдық жұрнақтардың ішінде әр түрлі мағына беретін жұрнақтар жиі кездеседі. Мәселен, -ыс, -іс жұрнағы тілде түрлі мағыналы атаулар жасайды. Мысалы, ағыс, тігіс, сөгіс сияқты туынды сөздер мен жеңіс, тыныс шабыс деген туындылардың мағынасы бір емес. Бұлардың алғашқыларында нақты заттық ұғым болса, соңғыларында дерексіз заттық ұғым басым. Бұлардың бәрінде де бір ғана жұрнақ қолданылып тұрғаны анық. Бұл арада бір жұрнақтың мағынасы кеңейгенін көріп тұрмыз. Бұл жағдай тілде қосымшаның қызметін арттырып, оның қолданылу мүмкіндігін күшейтіп тұр. Жалпы алғанда, түрколог ғалымдар, сөзжасамды арнайы зерттеп жүрген қазақ тіл мамандары сөзжасам тәсілдерін үшке бөліп көрсетіп жүр:

Синтетикалық (морфологиялық)

Аналитикалық (синтаксистік)

Лексика- семантикалық

Қазақ тіл білімінің жеке саласы ретінде сөзжасам танылып, оның теориялық негіздері қалыптасты. Алғашқы кезде зат есім мен етістіктің құрамында зерттеліне бастаса, кейін сын есім, үстеу, сан есім сияқты саланы да қамтиды.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы., 1992. 448 бет.

2.     Бейсембаева З. Қазіргі қазақ тіліндегі өзжасамның кейбір мәселелері Алматы., 1990.32 б

3.     Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы., 1966. 365 бет.

4.     Исаев С.М. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы., Рауан, 1998. 304 бет. 

5.     Ысқақов А. Қазақ тілі. Морфология. –Алматы: Мектеп, 1974. –407 б.

6.     Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно-историческая грамматика  тюркских языков. Москва, 1986. стр.100.

7.     Оралбаева Н Қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесі. Алматы., Ғылым,  1989.67 бет

8.     Сауранбаев Н. Қазақ тілі. Педучилищелерге арналған. – А. 1953. –219 б.

9.     Салқынбай А. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект).Алматы.,1999. 309 бет.

10. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. –Алматы: Ғылым, 1989. –268 б.