Филологические науки / 5.Методы и приемы контроля уровня владения иностранным языком

 

Kenzhebekova S.K.

English teacher of school gymnasium No. 49, Taraz, Kazakhstan

Ағылшын тілі сабағында оқушылардың ұжымдық

іс - әрекеттерін қалыптастыру туралы

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны игеру мұғалімнің танымдық, кәсіптік, берік қарым-қатынастық, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Шет тілі оқу пәнін оқытудың басты мақсаттары - оқушыларға шетел тілінде қарым-қатынас жасауды базалық деңгейде игерту. Осыған сәйкес оқыту мазмұнына қарапайым коммуникативтік біліктілікті, яғни шетел тілін қажетті жағдаяттағы ауызша және жазбаша (сөз, тыңдап түсіну, оқу, жазу) және өзара мәдени қарым - қатынас процесінде қолдана алу қабілеттілігі мен дайындығын қалыптастыруды қамтамасыз ететін тілдік, сөздік, әлеуметтік-мәдени білім, білік, дағдылар қажет.

Ендеше барлық мұғалімдердің барынша күшті, қабілетті, барлығын жұмысқа тарта және қызықтыра білетін педагогикалық құралы - оқушылар ұжымы. Ұстаз оқушыларды мәжбүр етпей, іс-әрекетке қатыстырады. Сондықтан, сабақ - мұғалім мен оқушылардың ұжымдық еңбегі. Оқытудың ұжымдық мәні мұғалім әрбір баланы оқытады, тәрбиелейді, ал әрбір бала жолдастарымен сабаққа белсене қатысады.

Ұжымдық іс-әрекеттер барысында оқушыларға меңгерілетін материалдың көлемі артып, оларды терең түсінулеріне мүмкіндік жасалады. Жаңашылдықпен жұмыс істеу, оқыту іздену нәтижесінде мұғалім төмендегідей жетістіктерге жете алады:

ü                Жан-жақты дамыған заман талабына сай адам тәрбиелеп шығару;

ü                Оқыту, білім берудегі білім сапасын көтеруге қол жеткізу;

ü                Оқушының дүниетанымдық қасиетін қалыптастыру;

ü                Оқушының кез келген жастағы адамдармен еркін тіл табысып, қарым-қатынас жасай алу қабілетін дамыту.

Дегенмен, соңғы жетістікті қазіргі сабақ барысында толығымен дамытып жатырмыз деп айту қиын. Себебі оқушылардың қарым - қатынас жасап, өз пікірін еркін жеткізу жағдайлары сирек кездеседі, әсіресе ағылшын тілі сабақтарында.

Оқу - танымдық іс - әрекеттердің ерекшеліктерін ескере отырып, төмендегідей ұжымдық - танымдық іс - әрекеттің, өзіндік және біріккен іс - әрекеттердің төмендегідей белгілерін көрсетуге болады:

ü                бірыңғай мақсаттың, жалпы мотивтің болуы, оқушының қоғамдық маңызды мақсатқа жету үшін ұжым мүшелері барлығының күшінің біріктірілуінің қажеттігін түсіну;

ü                ұжымның әрбір мүшесінің білімді, білікті және дағдыларды меңгерулерін қамтамасыз ететін жұмыстар мен қызметтерді оқушыларға тиімді бөлініп берілуі;

ü                іс - әрекеттер барысында оқушылар арасында өзара жауапкершіліктің және тәуелділіктің пайда болуы;

ü                бірігіп жұмыс істеу барысында оқушылардың іс - әрекеттерін басқарудың, оқушылардың, ұжым мүшелерінің өздерінің де кей жағдайда бақылау жасауларының қажеттігі;

ü                бірыңғай кеңістіктің болуы және ұжымның барлық мүшелерінің жеке іс - әрекеттерінің бір уақытта жүзеге асырылуы;

ü                жалпы нәтижелердің болуы.

Енді ұжымдық іс - әрекетердің ұйымдастырылуы, тиімділігіне көз жеткізсек, ағылшын тілі сабақтарында мұндай іс-әрекеттерді қалай ұйымдастыруға болады? деген сұраққа көшейік.

Топтарда жұмыс жасаудағы ең көп қолданылатын жұмыс түрі-пікірталас. Тілді дамытуда ол 3 фазадан тұрады:

1. Түсіну. Тыңдау мен оқу арқылы жүзеге асады.

2. Еске түсіру. Үйренушінің тәжірибесінен өткен білім арқылы оқыту;

3. Ұсыну. Оқушы жаңа білімді сөйлеу мен жазу арқылы алады.

Ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың ұжымдық дағдыларын қалыптастыратын, өз сабақтарымда кеңінен қолданылатын әдіс - тәсілдерімді ұсынғым келеді:

1. Оқушыларға тақтаның алдына келулері және олардың туған күндерінің реті бойынша тұрулары сұралады. Оқушылар осы тапсырманы орындау үшін бір-бірінен туған күндерін сұрау арқылы араласады. Тапсырманы түрлендіріп беруге болады.

2. Бір оқушы топ ішінен шығып, белгілі бір уақыт ішінде өзі туралы айтып беруі керек. Бұл момын, ұялшақ, үндемейтін оқушыларды сөйлетуде тиімді. Ондай оқушылар ортаға шығу арқылы өзінің топ үшін маңыздылығын түсінеді. Мүлдем сөйлемей жатса, интервью әдісін қолдануға болады. Барлық оқушыларға олар сұрай алатын сұрақтар тізімін дайындап келу тапсырылады, сол сұрақтарын оқушыға қояды. Жауап бере алмайтын сұрақтарға «мен қалдырамын» немесе «келесі»  деп айтуға болады.

Ұжымдық оқытудың бірнеше түрлері бар:

1. Командалық оқыту (Team-teaching);

2. Джиксо (Jigso) әдісі ағылшын ғалымы Э. Аронсонның атымен тығыз байланысты.

3. Бірге оқимыз (Learning together) әдісі 1987 жылы Миннесота университетінде ойлап табылған.

Бұл әдістер ұжымдық жұмыстарда кездесетін кейбір кемшіліктерді, мысалы баға әділетсіздігі, практикалық жұмыстың және уақыттың жеткіліксіздігі, класс ішіндегі тәртіпсіздікті жоюға көмектесетін бірден-бір тамаша әдістер.

Мұғалімнің ұжымдық іс - әрекетті ұйымдастыру шартына мыналар жатады:

ü    оқушыларды өздігінен жұмыс жасауға үйрету;

ü    сыныптастарымен ақылдасуға үйрету;

ü    оқушылардың жекелеген топтарына оқу тапсырмалары жүйесінің нақты болуы;

ü    тапсырмаларды оқушылардың жекелеген топтарына үйлестіру іскерлігінің болуы.

Ұжымдық оқыту жеке оқытудан гөрі жас, пән ерекшеліктерін, топтың барлық түрін қамти отырып жоғары даму үстінде. Біз мектебімізде жеке жұмыс элементтері қолданылған сабақтар мен компьютерлік жолмен, дебат, пирамидалық әңгіме тәрізді топтық жұмыстар әдістері қолданылған сабақтарды өткізіп, нәтижесін зерттедік. Әрине, соңғысы тиімді болды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан мектептеріндегі шетел тілдері 2003- №4 Ж: 42 б.

2. Педагогика Хмель Н. Д., Хайруллин Т. Алматы «Нұрлы әлем» 2003

3. Мұқанова Б. Ы., Төлеубекова Р. К. Оқушылардың ұжымдық танымдық іс-әрекеттерінің ұйымдастырушылық-педагогикалық негіздері. Ж: 560 б.

4. Keep talking Communicative fluency activities for language teaching F. Klippel. Cambridge University Press

5. Иностраные языки в школе 2001-№1. Куклина С. С. Коллективная учебная деятельность в группе на завершающих этапах овладения иноязычным общением.