Филологические
науки/6.Актуальные проблемы перевода
Магистр
пед.наук Жабагиева Г.З.
Казахский
национальный педагогический университет имени
Абая
г. Алматы,
Казахстан
Қазақ тіл біліміндегі аударматану
ғылымының қалыптасу
кезеңі
Тәуелсіз Қазақстан
қоғамында, мемлекеттік тілдің қызмет аясы кеңіген
тұста, аударматану ғылымына, аудармашыларға, әсіресе,
қазақ тілінен басқа тілдерге: шет тілдеріне,
сондай-ақ біздің
көпұлтты республикамызды мекендеп отырған
халықтардың тіліне тәржімелейтін аудармашылар үлкен
сұранысқа ие болып отыр.
Осындай тұста аталмыш мамандарды даярлау
мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Аудармашы
мамандарды сапалы даярлау үшін аударматанудың
ғылыми-теориялық мәселелерін бүге-шігесіне дейін
меңгеру қажет.
Адамдар аударма жасаумен өте ерте кезден бастап
айналыса бастаған, сол кездің өзінде-ақ олар
басқа тілдерде сөйлеушілермен қарым-қатынас орнату мен
оларды түсінісудің қажеттігін жақсы ұғына
білген. Алайда алғашқы адам тобырларының тілі бір
болмағаны айғақ. Осындай жағдайда адамдардың
түрлі топтары арасында қарым-қатынас орнату үшін тез
түсінетін, жылдам ойлай алатын, есте сақтау қабілеттері
жақсы, сөйлеушіні түсініп, оның айтқанын аударып
бере алатын адамдар болғаны белгілі.
Белгілі Ресей
аударматанушысы В.Н.Комиссаров: «Современное переводоведение» атты
еңбегінде төмендегідей қызықты деректер келтіреді:
«Аударманың мыңжылдық тарихы бар екендігіне көптеген
деректер куә. Ежелгі Вавилон мен Ассирияда әміршінің
айтқандарын бағынушы халыққа жеткізетін аудармашы
топтары болған. Жалпы тілдері бөлек халықтарды жаулап алу
нәтижесінде пайда болған ежелгі империялардың аудармашылардың көмегінсіз
құрылуы мүмкін емес еді. Ал ежелгі Египетте көрші
елдермен байланыс орнату үшін аудармашыларды даярлайтын арнайы мектептер
болған» [1,84-85].
В.Н.Комиссаровтың ғылыми
болжамы бойынша, алғашқы қауымда өзге диалектілерді
зерттеудің алғашқы ұстаздары мен мамандары әйел
адамдар болса керек. Тұтқынға түскен немесе басқа
тайпа өкіліне тұрмысқа берілген олар еріксіз басқа
тайпа тілін үйренуге мәжбүр болып, қарым-қатынас
пен өзара түсіністік орнату мақсатында делдал аудармашы
қызметін атқарған. Олар балаларын да өздерінің
ана тіліне үйреткен. Сөйтіп, оларда алғашқы
қостілділік қалыптаса бастаған.
Тауар алмасудың
ұлғаюы мен дүниетанымның кеңеюіне байланысты
аударма Месопотамия, Египет, ежелгі Греция әсіресе, көптілді Рим
империясы сияқты ежелгі өркениеттерде өз жалғасын
тапты.
Жазу пайда болғаннан кейін
ауызша «тілмаштарға» ресми, діни және іскери сипаттағы
мәтіндерді аударатын жазбаша аудармашылар қосылды. Ежелден-ақ
аударма адамдардың тіларалық қатынасын жүзеге асыра
отырып, маңызды әлеуметтік рөл атқарған. Жазбаша
аудармалардың таралуы адамдарға басқа халықтардың
мәдени мұрасына қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Аударма ғылымының алғашқы
теоретиктері аудармашылардың өздері болды. Әр
кезеңнің аудармашылары өздерінің «тәржімелік
ұстанымдары» туралы баяндағаны белгілі, дегенмен, олардың
айтқан ойлары ғылымның қазіргі талаптарына,
дәлелдеріне жауап бермесе де, бірізді теориялық тұжырымдамаға
жүйеленбесе де, бірқатар сондай ойлар қазіргі таңда
қызығушылық тудырып отырғаны сөзсіз.
Аударманың түпнұсқаға
жақындық деңгейі туралы мәселені антикалық
аудармашылардың өздері кең көлемде
қарастырған. Кейбір шығармалардың аудармаларында
түпнұсқаны сөзбе-сөз қайталау сияқты
құбылыстар қылаң беріп, мұндай жағдайлар
түпнұсқаны түсінбей аудару сияқты
әрекеттерге ұрындырған. Сондықтан, одан кейінгі
кезеңде аудармашылар өздерінің
түпнұсқаға байланысты толық еркіндікке
құқы бар екендігін теориялық негіздеуге тырысып,
әріпті емес, мағынаны, ал кейде, тіпті шығарманың
ең басты әсер қалдырған жерлерін аударудың
қажеттігі жөнінде айта бастады. Әріпшіл немесе еркін аударма
туралы, сондай-ақ аударма түпнұсқадағыдай оқырманға әсер
қалдыруы керек деген сияқты қазіргі таңда
көтеріліп жүрген мәселелердің көбісі сол
кездің өзінде-ақ пікірталастың бастауына
айналғанын байқауымызға болады. Аударма туралы білімдерді
жүйелеу мәселесі жиырмасыншы ғасырдың ортасында білікті
аудармашыларды жаппай даярлағанға дейін назарға алынбай
келді. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуы, Екінші
дүниежүзілік соғыстан кейінгі халықаралық
сауда-саттықтың өсуі білікті аудармашылардың
еңбегіне деген сұранысты күрт өсірді. Осылардың
барлығы аудармашылық теорияның қалыптасуына ықпал
етті. Аударма және аударма тілін құбылмалы
құбылыс, өзгермелі өмірмен қиюластыра баяндау
үшін, ең алдымен «аударма» тоқталып өтейік.
Алғашқыда аудар, аудару деген етістіктен барып
туындаған аударма сөзіне қазақ тілінің
түсіндірме сөздігінде «Бір тілден екінші тілге аударылған
шығарма» [2,25] деген түсінік берілген. Қазақ ғылыми әдебиеттерінде аударма
ұғымымен қатар, оның синонимі ретінде тәржіме (араб тіл. «тәржіме»
- 1. аударма 2. өмірбаян) термині қолданылады. Тәржіме – бір тілден екінші тілге аудару ісі, аударма [3,25].
Аударманың орысша баламасы «перевод» терминіне С.И.Ожегов
сөздігінде төмендегідей түсінік берілген: «Текст переведенный
с одного языка на другой» [4,501]. А.В.Федоров перевод терминінің екі мағынасы бар деп
көрсеткен:
бір
тілден екінші тілге аудару ісі, жүргізілетін үдеріс;
бір
тілден екінші тілге аударылған еңбек, туынды, яғни
іс-әрекеттің нәтижесі
[Федоров: 2002. Б.13].
Аударманың түрлі қырларын
жан-жақты зерттейтін ғылыми пәндер жиынтығын
аударматану деп атаймыз. Адамдардың тіларалық вербалды
қарым-қатынасы аударматанудың зерттеу нысаны болып табылады.
Аударма ауызша аударма және жазбаша аударма болып екі түрде
жүзеге асады. Ағылшын және көптеген басқа
еуропалық тілдерде мұндай аударма түрлері екі түрлі
сөзбен беріледі. Ағылшынша жазбаша аударатын аудармашыны -
«translator», ауызша аударатын тәржімешіні – «interpreter» дейді. Алайда
ауызша және жазбаша аударманың түпнегізі ортақ,
өйткені бұл аударма түрлерін бір-бірімен байланыстыратын
қарым-қатынастық мақсат бар.
Қазіргі аударматану ғылымында аударма мәдени
жанама қарым-қатынастың түрі ретінде
қарастырылады, ал оны жүзеге асырушы делдал аудармашы болып
табылады. Аудармашы – хабар беруші мен адресат пайдаланатын кодтар (тілдер)
сәйкес келмеген жағдайда қажет болатын коммуникацияның
байланыстырушы буыны [5,25].
Аударма – бұл тіл арқылы жүзеге асатын
қарым-қатынастың бір түрі, дегенмен аударма
үдерісі мұнымен шектелмейді. Оның тиімді жүзеге асуы
үшін өзара қарым-қатынас жасаушы адамдардың
мәдени ерекшеліктерін де ескеру қажет. Сонымен қатар, аударма
үдерісіне аудармашы мен аударылатын мәтін, сондай-ақ аталмыш
үрдісте өздерін әртүрлі кейіпте ұстайтын немесе
түрлі рөлдерді атқаратын түрлі адамдар тобы
қатыстырылады. Ол психофизиологиялық, әлеуметтік,
этикалық сипаттағы әртүрлі мәселелермен
байланысты. Ал бұл аударма кезіндегі тіларалық
қарым-қатынас үдерісінің ерекшелігі
болғандықтан, оны зерттейтін ғылымда, мұның
барлығы ескерілуі қажет. Осыларды есепке ала отырып, аударматану бірнеше ғылыми
пәндермен тығыз байланыста болады. Аударматану лингвистикалық
(кең түрде айтар болсақ, филологиялық) пәндермен,
тіл білімімен байланысты. Сондай-ақ аударматанумен басқа да
аспектілерде ұштасатын лингвистикалық зерттеулердің
бағыттарын атап өткен жөн. Олар: мәтін лингвистикасы,
психолингвистика, стилистика, терминтану, лексикология, лексикография
және т.б. Аударматану және кез келген лингвистикалық
бағыт өзара тығыз байланыста болады. Тіл білімі
аударматануды, ал аударматану, өз кезегінде, лингвистиканың
әрі қарай зерттелуі үшін оны жаңа материалдармен
толықтырып отырады.
Сонымен қатар, аударматану әдебиеттанумен де
байланысты. Мұндай тығыз байланыстарсыз жеке әдеби
бағыттардың, сондай-ақ бүкіл әлем әдебиеті
мен қазіргі әдеби үрдістердің тарихын зерттеу
мүмкін емес. Әдебиеттанушылық және
аударматанушылық зерттеулердің тығыз байланысы әдеби сын алдында тұрған,
атап айтар болсақ, аударма әдебиет пен әлем әдебиетін,
салыстырмалы әдебиеттануды және т.б. бағалауда септігін
тигізеді.
Аудармаға әдебиеттанушылық
тұрғыдан қараудың негізін салушылардың бірі
К.И.Чуковский болды. Ал тілтанушылық бағыттардың
өкілдері (Ресейде А.В.Федоров, Я.И.Рецкер, В.Н.Комиссаров және
т.б., Қазақстанда Ө.Айтбаев, А.Алдашева т.б.) көркем
және басқа да стильдегі мәтіндерді аудару мәселесімен
шұғылданып жүр.
Ы.Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтан бастауын
алатын қазақ тәржімесінің тарихы сан қилы
кезеңдерді басынан өткерді. XX ғасырдың басында
А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов
секілді ұлт зиялылары қазақ тәржіме саласын
қалыптастыру, дамыту істерімен шұғылданды. Олар аударма
саласының теориялық мәселелерін қозғайтын
еңбектер мен мақалалар жазды.
Қазақстандағы аударма мәселесі
турасындағы пікірлер ең
алғаш рет «Түркістан уалаятының газеті», «Дала
уалаятының газеті», «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы
сияқты журналдарда алғаш бой көрсетті. Сол уақыттан
бері қарай бұл мәселе күн тәртібіндегі
мәселеден түскен жоқ деп айтуға болады. Аудармаға
әр дәуірдің әдебиет, мәдениет қайраткерлері
пікір айтқанымен, бұл мәселені ғылыми әрі
теориялық тұрғыдан баяндаған толыққанды
пайымдауларды кездестірмейміз.
Академик Ө.Айтбаев төмендегідей деректер
келтіреді: «Ғылыми әдебиетте аударма жайында алғашқылар
қатарында пікір айтқан кісінің бірі – С.Сейфуллин деген пікір
бар. Шындығында, бұл пікірдің қисыны бар. Өйткені
бұдан бұрын аударма жайын нақты сөз ететін бір де бір
пікірді кездестіре қоймадық. 1914 жылы «Айқап» журналында
Верный шаһарында уездный начальник болып істеген И.Лиханов дегеннің
қазақ өмірінен жазып алған «Манап» драмасы жарияланған
еді. Міне, сол драма жайында С.Сейфулиннің пікірі де іле-шала берілген
екен. Сонда Сәкен: «оны қазақшаға сөзбе-сөз
аударған. Соның үшін сөздері нағыз
қазақша болып шықпаған» - деп қорытынды жасайды. Аударма жайындағы
пікірдің бастамасы деп отырғанымыз да осы себептен» [6,117].
Сондай-ақ осы ойдың жалғасы ретінде
аударматану терминдеріне қатысты мына бір қызықты пікірді
кездестіреміз: «Сонымен қатар бұған дейін «тәржіма»,
«тәржіма етуші», «перевод», «перевод қылған» делініп
келген сөздердің нақ осы жерде Сәкеннің
қаламымен «аудару», «аударушы» болып келгеніне де, сондай-ақ
«сөзбе-сөздік» дегеннің осы мақалада бірінші рет
қолданылғанына да назар аударғымыз келеді. Бұл атаулар
қазір аударма өнерінің тұрақты терминдері ретінде
тілімізге әбден қалыптасып кетті» (біз сыздық . – Г.Ж.)».
[7,49]. 1950 – 1980 жылдар
қазақ аударматануы үшін ерекше кезең болды. Бұл жылдары Ә.Сатыбалдиев,
С.Талжанов т.б. сияқты аудармашылар қазақ аударма
теориясының негізін жасауға өз үлестерін қосты,
аударманы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нысанына айналдырды,
оны жаңа белестерге көтерді.
Аударма, терминология мәселелеріне ерекше ден
қойып, үн қатуда Әбен Сатыбалдиевтің «Рухани
қазына» еңбегінің алатын орны зор. Ә.Сатыбалдиевтің аталмыш монографиялық
зерттеуінде біраз ғылыми
мәселелердің өз шешімін тапқанын көруге болады.
Еңбекте тәржімешіге 3 түрлі талап қояды. Реалистік аударма дегенге анықтама
бере отырып, бұл мәселені
біршама тілдік тұрғыдан зерттеуге талпыныстар жасайды. Сонымен қатар, аудармашы ғалым
терминология мәселелеріне арнап мақалалар жазған. Оның
«Орысша-қазақша сөздік туралы», «Тіл шұбарлығы
неден»?, «Терминология қағидалары туралы» мақалалары аударма,
термндердің қолданысы, терминдерді бір ізге түсіру
мәселелері сөз болады.
Ал С.Талжанов көркем аударма мәселелері
жөніндегі еңбектерінде, орыс тіліне қазақ тіліне аударылған
шығармалардың аудармаларына талдаулар жасай келе, аударма
түрлерінің жіктемесін ұсынады.
Осы жылдары жарық Р.Хайрулиннің,
Ө.Айтбаевтың, З.Тұрарбековтың т.б. еңбектерін
аударма мәселесінің ғылым нысанына толыққанды
арналғанын дәлелдейтін фактілер
ретінде бағалауға болады.
Жалпы, қазақ аударматануының даму
ерекшеліктерін екшелей отырып біздің байқағанымыз, аталмыш
ғылым саласының көркем әдебиет бағыты
тұрғысынан дамығандығы. Дегенмен бүгін, біз,
зерттеу нысанына айналдырып отырған еркін
аударма, сөзбе-сөз аударма, балама, реалистік аударма,
әріпқойлық т.б. ұғымдар сол
кезеңнің жемісі.
Әдебиеттер:
1. Комиссаров В.Н.
Современное переводоведение. Учебное пособие. – М.: ЭТС. – 2002. – 424 с.
2. Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі. 1 – 10-тт. Алматы: Ғылым,
1974-1986.
3. Қазақ
тілінің сөздігі / Жалпы ред. Басқарған
Т.Жанұзақов. - Алматы:
Дайк-Пресс, 1999. – 776 б.
4. Ожегов С.И. и
Шведова Н.Ю. Толковый словарь русского языка.
М., Азбуковник, 1997. - 944 стр.
5. Жұмабекова
А.Қ., Жұмашева Г.А. Аударма терминдерінің қысқаша
орысша-қазақша түсіндірме сөздігі – Краткий
русско-казахский словарь переводческих терминов. Алматы: Абай
ат.ҚазҰПУ, 2005. – 43 б.
6. Айтбаев Ө.
Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері. Вопросы
казахского языкознания. – Алматы: Арыс, 2007. – 624 бет. + 32 бет түрлі
түсті суретті жапсырма.
7. Сатыбалдиев
Ә. Сөз қазынасының кеніші. – Астана: «Аударма» баспасы,
2008. – 328 бет.