Сатыбалды Салтанат

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Рүстемова Ж.А.

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ

Әдеби ертегі және мультфильм

 

Мультфильм – жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Жас балалар теледидардан не көрсе, соған еліктейді, жақсы мен жаманды да сол көгілдір экраннан үйренеді. Бүлдіршіндердің теледидардан көріп тамашалайтын туындылардың басым бөлігін мультфильмдер құрап отыр.

Егер теледидар (телевидение) үлкендерге ерекше әсер ететін болса, оның балаларға ықпалы одан да күштірек. Мультфильмнің жас көрерменді өзіне баурап алатыны соншалықты, ол қиялдан шығарылған, өмірде жоқ қаһармандардың басынан кешкендерін көрсететін мультсериалдарды аяғына дейін телміріп, бар ынтасымен көріп отыруға дайын.

 Анимациялық туындылар халық ертегілері мен әдеби ертегілерді кең көлемде насихаттау мүмкіндігіне ие. Осы тұрғыда «әдеби ертегі» терминінің қамтылатын ауқымы өте кең. Авторлық ертегілер көбінесе ел арасындағы ауызша айтылып келген аңыз, әңгімелердің негізінде туады. Әдеби ертегілер өлең және қарасөз түрінде айтылып, еңбек адамын қадірлеуді, туған елін сүюді, биік адамгершілікті, шыншыл, әділетті болуды уағыздайды. Баланың басынан өткен ғажайып оқиғаларды және әлеуметтік қоғам құбылыстарын автор халық шығармасы(фольклорлық ертегі, аңыз, миф) ізімен немесе өзі ойдан шығара әңгімелейді. Әдеби ертегілер қатарына Б.Соқпақбаевтың, М.Әлімбаевтың, М.Ақынжановтың, М.Гумеровтың ертегілерін жатқыза аламыз.

Оқу барысында жасы кіші бала ұғымына күрделі тиетін тарихи оқиғалар көгілдір экранға көшірілгенде түсініктірек болады. Теледидар бейнеақпараттарды беру құралдарының ішінде ең жаңасы, әрі танымалы болып табылады. Бұл - шексіз мүмкіндіктерге ие өнер түрі. Ол жер бетінің кез келген нүктесінде бағдарлама ұйымдастыра алады. Мысалы, әлемдік мұхиттардың түбіндегі, жер бетінің ең биік нүктелеріндегі, тіпті Айдың бетіндегі оқиғаларды көрсете алады. Оның көркемдік-бейнелілік мүмкіндігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халық және авторлық ертегілер негізінде отандық сапалы туындылар жасауға болады. Мультфильмдер балалардың ертегі оқуға деген қызығушылығын  оятады.

Ертегінің қай түрін болсын,  негізге ала отырып, сапалы мультфильм түсіру нәтижесінде жас көрермен назарын шетелдік мәнсіз мультфильмдерден аулақтата алатынымыз анық. Қазіргі кезде заман талабына сай көптеген анимациялық мультфильмдер түсірілуде. Оларды бұрынғы кезде жасалған мультфильмдермен салыстырар болсақ, айырмашылықтар айқын. Себебі бұрынғы кезде суретшілердің ерекше туындылары бала қиялының дамуына, ақыл-ой қабілетінің артуына, жақсы тәрбие алуына өз септігін тигізген. Ал замануи, әсіресе, шетелдік мультфильмдердің жас балалардың өсіп-жетілуіне кері әсері бар. Қазіргі заман мультфильмдердің көпшілігі балаларды жауыздыққа, қатігездікке тәрбиелейді.

М. Гумеровтың «Күнбағыс» атты ендігі бір ертегі-әңгімесіндегі күнбағыс тірліктің түрлі сынынан өтеді: қар аралас жаңбырдың астында қалып, бір-екі жапырағын үсітіп алады, қуаңшылықтың зардабын тартып, солып қала жаздайды, науқасқа шалдығып, біраз уақыт сары шырмауықтың шырмауында болады, қара дауыл мен бұршақтың астында қалып, үш-төрт жапырағынан, гүлінен айырылады. Әбден толысып, піскен сәтінде бір дәу сиыр сүйкенбекке әрекет жасайды. Әбүйір болғанда бір бала шыбықпен жасқап айдап тастап, аман қалады. Сын тезінен мойымай өткен күнбағыс былай деп шүкіршілік қылады:  « - Дәнім түгел пісті. Енді өз беттерімен күн көре алады. Өзіміз сияқты, жерге түссе, олар да өніп өсе алады. Мақсатым балапандарымды ер жеткізу еді, ол тілегім орындалды»[1;175].

Аталмыш авторлық ертегінің  сюжеті мультфильм түсіруге сұранып-ақ тұр. Күнбағыстың жағдайын көру арқылы жас көрермен өзін-өзі сабырлылыққа, қиындықпен күресуге дайындайды.

Ал М.Гумеровтың «Аралар» ертегі-әңгімесі бала көзіне түспеген әлем әдемілігін фантастика, кейде антропонизм түрінде көрсету қабілетіне ие екендігін танытады[1;166]. Ертегідегі Балғын деген жас ара да хош иісті әдемі гүл іздейді, осы сапарында біраз машақат көреді: құйын ұшырып әкетеді, жаңбырдың астында қалады, өрмекші мен торғайға жем бола жаздайды. Ара тірлігі туралы бұл жолғы ертегіде жас оқырман аралардың алты аяғы, төрт қанаты барын біледі. Қайың ағашынан бал арасына пайда жоқтығын зердесіне тоқиды. Бал арасының ата жауы есекара екендігін пайымдайды. Ғылыми-көркем шығарманың басқадан бір өзгешелігі – ондағы танымдық мақсаттың табиғат перзенттеріне деген сүйіспеншілікті ояту міндетімен ұштасуында.

Абай атамыз: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», - дейді[2;48]. Бала тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз.

 

Әдебиеттер

1.     Гумеров М. Тоғыз тосқауыл. –Алматы: Жалын, 1977. -312 б.

2.     Абай. Қара сөздер. –Алматы: Көшпенділер,2007. -160 б.