ф.ғ.к. доцент Айтмухаметова К.У.
Қазақстан
Республикасы Президентінің жанындағы
Мемлекеттік басқару
академиясы, Қазақстан
ТІЛДІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТІ
ПСИХОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ҚАРАСТЫРУ
Кәсіби білікті адам тілдік қарым-қатынастың
әр түрлі формаларын жете меңгеруі керек. Бұл –
нарық пен демократияға бет бұрған заманның
талабы. Нарық заманының адамы тілдік қатынаста тек өз
саласымен шектеліп қалмай, шаршытоп алдында пікірталасқа
түсудің логикалық, әлеуметтік, психологиялық
жақтарынан хабардар болуға тиіс. Осы жайттарды дұрыс
меңгергенде ғана тілдік құралдарды, стильдік
амал-тәсілдерді мүмкіндігінше тиімді пайдалануға болады.
Ұзақ жылдар
бойы тілдік жүйені зерттеуге ден қойып келген лингвистер кейінгі
кезде тілдік жүйенің сөйлеу кезіндегі көрінісін,
яғни ауызша мәтінді зерттеуге назар аударды. Мәтін
ұғымы лингвистикада бұрыннан белгілі болатын. Бірақ
тілшілер оны түрлі тілдік бірліктердің формалары мен
қолданылуын бақылайтын материал ретінде қабылдап жүрді.
Қазіргі таңда мәтінді зерттеу нысаны етіп алған
ғылыми еңбектердің негізгі міндеті оны
құрудағы жалпы заңдылықтарды табудан басталады
[1].
Тілдің ауызша
және жазбаша формаларда қолданылатыны белгілі. Сөздің
ауызша түрі айтылым мен түсінілім процестері сөйлеу
әрекетімен тығыз байланысты. Сөйлеу әрекетінің
аса маңызды факторларының бірі – сөйлеуші қандай да бір
ақпаратты екінші бір субъектіге жеткізу үшін тілдегі дайын
бірліктерді өз мақсатына сай етіп, дәйекті түрде
құрастырады.
«Айтылым мазмұны»
ұғымы сөйлеу ақпараттылығы категориясымен
байланысты И. Р. Гальперин оны мәтінге ғана тән
негізгі категория дейді де, ақпаратты екі түрге бөліп
қарауды ұсынады: мазмұнды-фактуалды және
мазмұнды-концептуалды. Мазмұнды-фактуалды ақпарат (МФА) бізді
қоршаған болмыста немесе қиял әлемінде болатын
фактілер, оқиғалар, болып жатқан, өтіп кеткен процестер
туралы хабарлайды. Мазмұнды-концептуалды ақпарат (МКА)
оқырманға МФА құралдары арқылы бейнеленген
құбылыстар арасындағы қатынастар туралы, олардың
себеп-салдарлық байланыстарын, халықтың әлеуметтік,
экономикалық, саяси, мәдени өміріндегі
маңыздылығы туралы жеке өзіндік түсінігін, ой-пікірін
хабарлайды [2:27-28]. Ақпараттың осы екі түрі мәтін
тақырыбы және негізгі ойы деп аталады.
Ендігі жерде сөйлеу
әрекетінің ажырамас бір бөлігі саналатын айтылым процесіне
қатысты психолингвистикалық, атап айтқанда, сөзтудырым
мәселелеріне де біршама тоқтала кету қажет.
Психолингвистика тарихының ерте кезеңінде,
яғни ХХ ғ. 60-жылдары тұтас алынған коммуникативтік
процесс модельдері жасалған болатын. Байланыстың жалпы теориясы
тұрғысынан «кодқа салу» және «кодты ашу» процестері
зерттелді, яғни сөйлеуші интенциялары қалайша белгілі бір
мәдениетте (топта) қабылданған код сигналдарына айналатыны,
ал тыңдаушы мұндай сигналдарды қалайша интерпретациялайтыны
жөнінде С.Е. Осгуд, Т.А. Себек т.б. еңбектерінде
қарастырылды [3:203]. Сөйлеуші де, тыңдаушы да белгілі бір
топтың өкілі, сол топқа тән, сол топ мүшелеріне
түгелдей түсінікті сигналдарды қолдана отырып, өз
мақсат-ниетіне сәйкес хабарламаны құрастырады. Мысалы, экономикалық терминдер, яғни
күнделікті өмірде экономист емес адам «жаңғырту» деп
атайтын құбылысты экономист модернизация деп, ал
«түрлендіруді» – модификация деп атайды [4:396]. Осы ауызша хабарламаны
құрастыру сәтін – кодқа салу деп белгілейміз. Ал
тыңдаушы сол сигналдарды қабылдап алады және
сәйкесінше, яғни адекватты түрде интерпретациялайды. Егер
сөйлеуші кодқа салған ақпаратты тыңдаушы
дұрыс, дәл түсінсе, яғни кодты аша алса, сөйлеу
мақсатының орындалғаны. Ал тыңдаушы алынған
ақпаратты түсінбеуі, яғни кодқа салынған
ақпаратты жеткілікті дәрежеде аша алмауы мүмкін. Толып
жатқан ақпараттар ішінде «ақтаңдақтар»
қалып қоюы ықтимал. Теориялық тұрғыда
кодқа салынған ақпаратты (фактуалдық,
эмоционалдық, конатативтік т.б.) жүз пайыз деңгейінде ашу
мүмкін емес. Ол тыңдаушы мен сөйлеушінің білім
қорына, ақпарат объектісі туралы хабардарлығына,
сондай-ақ сөйлеушінің сөйлеу шеберлігіне және
сөйлеу ситуациясына байланысты. Осы кодтау мәселесі сөзтудырым процесіне, ал кодты ашу –
сөзұғыным процесіне негіз болады.
Психолингвистикада
Л.С.Выготский идеяларын бағдарға алу дәстүрге
айналған. Оның айтылымды ойдың сөзге айналуы деп
түсінуі, Л.С. Рубинштейннің ойдың тұжырымдалу
барысында құрылуы, қалыптасуы деген ойлары ғылымда
кеңінен таралды. ХХ ғ. 30-жылдарынан бастап сөзтудырым
процесі тікелей сөз арқылы ойлау процесімен тығыз байланыста
қарастырылып келеді. М.М. Копыленко сонау 60-жылдары сөзжасау,
туындату және жинақтау ұғымдарының арасындағы
айырмашылықтарды талқылап, мынадай қорытынды жасады:
«Сөзтудырым – табиғи және әңгіме оның
сөздер ағынына немесе басқаша бір материалдық
символдарға айналуына дейінгі кезең туралы
болғандықтан, жасырын өтетін процесс болса, туындату және
жинақтау – лингвистердің теориялық еңбектерінде немесе
оқу құралдарында ғана кездесетін жасынды процестер»
[5:99]. Лингвистикалық әдебиетте «речепроизводство» және
«продуцирование речи» нұсқалары қатар, бір-бірін алмастыра
қолданыла береді. Сөзтудырым процестерін тікелей көру, бақылау
мүмкін емес, сондықтан олардың соңғы немесе
аралық нәтижелері бойынша ғана сөз
қозғауға болады. Соңғы өнім деп,
сөйленім немесе жекелеген сөзді айтамыз.
Сөзтудырым
дегеніміз – сөйлеуші субъектінің белгілі бір ситуацияда орын
алған белгілі бір жағдай, әрекет т.б. себептерге
қатысты пайда болған ойын, коммуникативтік ниетін білдіру
үшін, өзінің аялық және энциклопедиялық
білімдерінің ішінен керекті ақпаратты іріктеп алуы және сол
ақпаратты тыңдаушыға дұрыс, дәл, нақты етіп
жеткізу үшін тілдік білімін, яғни тілдің
құрылымын, тілдік дағдыны және норманы білуі нәтижесінде
жүзеге асыратын аса күрделі психика-физиологиялық процесс.
Сөзтудырымда
сөйлеушінің сөз дұрыстығы, байлығы,
тазалығы, дәлдігі, логикалылығы, бедерлілігі,
түсініктілігі, әсерлілігі сияқты коммуникативтік сапаларын
дұрыс қолдана білуінің мәні зор. Бұл өз
кезегінде сөзұғыным процесінің кедергісіз, дұрыс,
тиімді өтуіне әсерін тигізеді. Ал
сөзұғынымның дұрыс өтуі – жалпы «жанды
диалогтің» жүзеге асырылуының бірінші шарты.
Сөз арқылы
ойлау процесінің әр түрлі кезеңдерінде орын алатын
процестер мен бірліктерді теориялық тұрғыдан
ұғыну және нақтылау жұмыстарын жүргізген
көрнекті ғалым А.А. Леонтьев болды [6:113-120].
Зерттеушілер
еңбектерінің ішінен хронологиялық тәртіп бойынша
алынған мынадай үш модельді атап өткен жөн.
Олардың біріншісі адамның ішкі лексиконын, оның
бірліктерінің мәнін, ерекшеліктерін анықтау мақсатымен
жасалған және нақты эксперименттер нәтижелеріне
сүйенеді. Шет тілінде сөйлеу әрекетін үйретуге арналған
екінші модель сөйленімді қалыптастыру мен тұжырымдаудың
психологиялық механизмдерін талдауға негізделеді.
Сөзтудырымның синтаксистік механизмдеріне баса назар
аударылған үшінші модель афазия барысындағы
сөздің бұзылуына байланысты зерттеулердің
қорытындысын жасайды.
Сонымен, сөзтудырым
модельдерінің жаңа типін – индивидтердің дискурс құрамындағы
өзара әрекеттестігін ғылымның әр алуан
салаларындағы тың зерттеулер нәтижелерін ескере отырып
көрсететін тың модельдерді жасау келешек мәселесі.
А. Гарнхам: «Сөзтудырым теориясы білімнің әр алуан
түрлерінің әлем туралы білім, риториканы, прагматиканы,
семантиканы, синтаксисті білу, фонологиялық және лексикалық
білімдердің қоршаған әлемдегі қандай да бір
ситуацияның менталдық репрезентациясын дискурстің бір
бөлігі ретінде сөйленімге айналдыру үшін қалайша
өзара әрекеттесетіндігін түсіндіруге тиіс», дейді [3:221].
Онда сонымен қатар қорытынды білім (тілдік, энциклопедиялық)
түрлері, эмоционалды-бағалау әсерлері т.б. көптеген
нәрселер ескерілуге тиіс. Ол үшін индивидтің білім ерекшелігі
теориясына, сөз мағынасын индивид игілігі ретінде
қарастыратын теорияға сүйенудің маңызы зор.
Сөзұғыным
және ондағы тірек ұғымдар. Сөздерді немесе
ауызша мәтінді түсіну процесін талдауға арналған
зерттеулерде дыбыс мәтіннің мағынасына дейінгі негізгі
кезеңдер түрліше түсіндіріледі. Шартты түрде екі
негізгі кезең бөлініп көрсетіледі. Олар: Сөзді
қабылдау және сөзді түсіну. Сырттай
қарағанда, сөз ұғыным қас
қағымда орындалатын сияқты, алайда бұған
қабылданатын дыбыстар ағынын көп кезеңді қайта
өңдеу арқылы қол жеткізіледі. Ал ол мәнді,
маңызды дыбыстар ағыны ретінде танылуы керек. Адам үшін
сөз ағынын мәнді бөлшектерге дұрыс бөлу,
көп мағыналы (полисемантикалық) сөздің керекті
мағынасын таба білу, омоним сөздерді ажырата білу үнемі
оңай бола бермейді. Бұл қызықты, кейде тіпті
драмалық жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін.
Сөз мағынасы
философия, лингвистика, психология ғылымдары үшін күрделі
мәселе болып келген. Әрбір зерттеуші оны өз зерттеу нысанына
қатысты қырынан қарастыратындықтан,
мағынаның мәніне де түрліше анықтама беретіні
түсінікті. Шетел және орыс
семасиологиясында сөз мағынасы полисемия құбылысы
ретінде, тезаурустық сөздік арқылы және
психолингвистикалық тұрғыдан қарастырылған.
Қазақ тіл білімінде сөз мағынасы полисемиялық
құбылыс ретінде, грамматикалық, лексикографиялық
тұрғыдан зерттелген. Ал біз
сөйлеуші субъектінің қарым-қатынас кезінде сөз
мағынасын өзінің коммуникативтік мақсатына сай
қолданылуына қатысты қырлары мен ерекшеліктеріне назар
аудардық.
Сөз мағынасын
ситуациялық тұрғыдан қарастырғанда
В.Я. Шабес концепциясы бойынша әрбір коммуникативтік бірлік
әлем туралы тұтас білім жүйесінің, яғни
когнитивтік компоненттің вербалды түрде айшықталған
кесіндісі, үзігі деп түсіндіріледі.
Сөзді индивид
тұрғысынан қарастырғанда, оған адамның
сөйлеу механизмінің қолданылу ерекшілігі
тұрғысынан келу керек. Яғни адам сөздің
мағынасын білгенде немесе білем деп ойлағанда нені біледі, таныс,
түсінікті сөздің мағынасын қабылдағанда
неге сүйенеді, сөзді
жадта іздестіру кезінде, қабылданатын мәтінді түсіну кезінде
қандай стратегиялар мен тірек элементтер қолданылады деген
мәселелерді түсіндіретін тәсіл керек. Сондай-ақ
мағыналардың жеке-жеке емес, белгілі бір байланыстарда
қолданылатынын, ол байланыстардың өздері
анағұрлым ауқымды бірлестіктерге жинақталатындығына
назар аудару қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
Копинос В. И., Сергеева Н. Н.
Развитие речи: теория и практика обучения. М.: Просвещение, 2001. – 342 с.
2.
Гальперин И. Р. Текст как
объект лингвистического исследования. М.: Наука, 1981. – 139 с.
3.
Залевская А. А. Введение в психолингвистику. – М.: РГГУ, 2000. –382 с.
4.
Экономика және қаржы қазақша-орысша,
орысша-қазақша терминологиялық сөздік. – Алматы: КАЗакпарат, 2014. – 544 б.
5.
Копыленко М. М. О
различиях между производством, порождением и синтезом речи //
Психолингвистические проблемы владения и овладения языком. – М.: 2006. С. 97-103.
6.
Леонтьев А. А. Основы психолингвистики. – М.: Высш. Шк., 1997. –270 с.
Аннотация
В статье
автор рассматривает теоретический анализ понятия «языковая компетентность», осуществляемый в лингвистическом, психолингвистическом аспектах. Определяются содержание речепроизводство и
речепонимание.
Ключевые
слова: психолингвистика, коммуникативная лингвистика, речевой деятельности, производство речи, речевое понимание.
Abstract
In article
the author determines the theoretical analysis of concept by «language
competence» which is executed in linguistic, psycholinguistic
aspects. Here are defined the contents speech production and
speech understanding.
Key words: psycholinguistics,
communicative linguistics, speech activity, production of the speech,
speech understanding.