Калиев Н., Машабаев А., Уалиева Ж.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Сот төрелiгiне қарсы қылмыстардың объектісін сипаттаудың өзекті сұрақтары

 

Сот төрелігінің іске асырылуына қатысы бар органдар елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, жеке адамды, оның заңды құқықтары мен мүдделерін, жеке меншікті, қоғамдық тәртіппен қоғамдық қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын және оның аумақтық тұтастығын қорғау ісінде басты рөл атқарады. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті бекітудегі тәжірибелік мәселелерді шешуде, маңызды рөлді қылмыстылықпен күресті қамтамасыз ететін, қоғамдық - құқықтық жүйе элементі ретінде қылмыстық құқық нормалары атқарады.

Қылмыстық құқық жеке құқық саласы ретінде адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын, қоғамды және мемлекетті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық заңының ең басты міндеттерінің бірі адам, қоғам, мемлекет мүддесін қорғау болып табылады.

Қылмыстық құқық теориясы бойынша сот төрелігіне және жазалардың орындалу тәртібіне қарсы қылмыстар деп – осы міндеттерді жүзеге асыратын органдар мен лауазымды адамдардың, жекелеген азаматтардың бірқалыпты, заңды қызметіне қол сұғатын қасақана іс-әрекеттерді айтамыз. Сот төрелігіне қарсы қылмыстар құқық қорғау органдарының міндеттері мен мақсаттарына сәйкес қалыпты қызметін қамтамасыз ететін қатынастарға қол сұғатын қылмыстар тобына жатқызылады. Кез-келген елдің қылмыстық заңының жалпыға бірдей мәлім постулаты қылмыс жасаған тұлға жеке, ұйымдық және мүліктік тәртіп формасындағы шектеудің мемлекеттік-мәжбүрлік ықпал ету шараларын өткеруі міндетті делінетін ереже болып табылады. Ч.Беккариа жазуынша «қылмыс жасаудан аяқ тарттыратын ең тиімді құрал жазаның қаталдығы емес, қылмыс жасаған адамның жазадан құтыла алмайтындығы қағидасы»[1, с.23]. Бірақ кейбір занда тікелей көзделген реттерде қылмыс жасаған тұлға қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

Бұл қылмыстар түрі осы қылмыстық заңнамадағы басқа құрамдарға қарағанда қоғамдық қауіптілігі елеулі ерекшеленетін, өйткені оның салдарынан тек қана сот төрелігін жүзеге асырып қана қоймай, Судьяның, алқабидің, прокурордың, сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның, қорғаушының, сарапшының, сот приставының, сот орындаушысының, сол сияқты олардың жақындарының өміріне iстердiң немесе материалдардың сотта қаралуына, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жүргiзілуіне не сот үкiмінің, шешiмiнің немесе өзге де сот актiсiнің орындалуына байланысты аталған адамдардың заңды қызметiне кедергi жасау не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында жасалған қол сұғу адам өміріне қаза келтіріледі, сондықтан оған қарсы күрес шаралары мен жауаптылық шектері де ерекше көзделген.

Кез келген қылмыс қоғамдық қатынастарға нұқсан келтіреді, сондықтан олар бүкіл қоғам үшін қауіп тудырады. Әрбір істелген қылмыс белгілі бір объектіге қол сұғумен қатар оған белгілі бір зиян келтіру қауіпін туғызады. Қылмыстық заң нормасымен қорғалатын объектіге қылмыстың қол сұқпауы мүмкін емес. Сондықтан да қылмысты қол сұғушылықтың объектісін дұрыс анықтаудың теориялық, практикалық маңызы ерекше.

Қылмыстың объектісін дұрыс анықтау ұқсас қылмыстарды бір-бірінен, қылмысты қылмыс емес әрекеттерден ажыратуға жәрдемдеседі. Өйткені қылмыстық-құқықтық қорғау объектісіне әрқашан да өзінің мәні мен дәрежесене қарай ерекшеленген маңызды қоғамдық қатынастар жатады. Объекті маңызды болса соған сәйкес істелген қылмыс та қауіпті болып саналады, соған орай оны қылмыстық-құқылық қорғау да қатаң түрде жүзеге асырылады. Қылмыстық құқық бойынша қылмыстың объектісі деп қылмысты қол сұғушылықтан қылмыстық заң бойынша қорғалатын қоғамдық қатынастарды айтамыз.

Сондықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 2-бабына сәйкес «...адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, меншiктi, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау » деп көрсетілген. Яғни, мұның өзі қолданылып жүрген қылмыстық заңдар бойынша белгілі бір қорғауға алынған қоғамдық қатынастар ғана қылмыстың жалпы объектісі болып табылатынын көрсетеді.

Алайда, қылмыстық-құқық теориясында қоғамдық қатынастардың мазмұнын қарайтын элементтер жөнінде әр түрлі пікірлер бар. Мысалы, профессор Б.С. Никифоров қылмыстың жалпы объектісі болып табылатын қоғамдық қатынастың құрамында «қоғамдық мүдде» орын алады деп санайды [1, с.131]. Профессор Я.М. Брайнин осыған ұқсас пікірді қолдап «қоғамдық қатынастарға басқа элементтермен бірге қоғамдық қатынастардың субъектілерінің мүдделері де кіреді», - деп тұжырымдаған. Профессор Е.А. Фроловтың пікірінше «мүдде – қоғамдық қатынастардың ядросы» болып саналады. Профессор Ю.И. Ляпунов «мүдде – барлық қоғамдық қатынастардың мазмұнын бейнелейді» [2, с.15] деген қорытындыға келген. Қазақстандық ғалым, заң ғылымының докторы, профессор Е.І. Қайыржанов қоғамдық қатынастыр деген ұғымды қоғамдық мүдде деген түсінікпен алмастыруды ұсынған [3, с.56]. Профессор А.В. Наумов қылмыстың жалпы объектісін қылмыстық заңмен қорғалатын кез келген игіліктер деп бекітті [4, с.149].

Біздің пікірімше, мүдде деген ұғым қоғамдық қатынастардың құрамдас бір бөлігі ғана. өйткені қоғамдық қатынастар қылмыстың жалпы объектісі ретінде өз бойына мына элементтерді: қоғамдық қатынастардың субъекттерін, олардың әреекттері мен өзара қатынастарын, қоғамдық қатынастар субъектілерінің заңмен қорғалатын материалдық, заттық, мүліктік, басқа да игіліктері мен мүдделерінің жиынтығы болып табылады. Қоғамдық қатынастар – бұл өте күрделі және әр түрлі жан-жақты әлеуметтік, өз бойына бірнеше элементтерді қамтитын құрылым болып табылады. Оған жататындар қатынастардың субъектілері, материалдық заттар, игіліктер, қоғамдық қатынастардың өзара байланысы, олардың іс-әрекеті жағдайы және т.б. Бұл элементтер өзара тығыз байланысты, осы элементтердің өзара біртұтас бірлігі қоғамдық қатынастардың тұтастығын құрайды.

Сот төрелігіне қарсы қылмыс жасаған адам осы қоғамдық қатынастардың белгілі бір элементтеріне қол сұғады. Ол қол сұғушылық осы қоғамдық қатынастардың қатынасушылардың біріне (заңды немесе жеке тұлға) белгілі бір қауіп келтірілуі әсері арқылы көрінеді.

Қылмыстық қолсұғушылықтың объектісі болатын қоғамдық қатынастардың маңыздылық дәрежесі де қылмыстық заңдарды рет-ретімен орналастыру үшін өте қажет. Осы белгісіне қарай қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің тарауларының, сондай-ақ әрбір тараудағы баптардың бірінен кейін екіншісінің орналасуы жүзеге асырылады. Қоғамдық қатынастардың маңыздылығы, оған келтірілген зиян мөлшері қылмысты саралау үшін, сондай-ақ сол қылмыс үшін жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу үшін де аса қажет.

Қылмыстық құқық теориясында қылмыстың объектісін жете білу үшін оның маңызын және атқаратын ролін, қызметін түгел ашу мақсатымен қылмыстың объектісін жалпы, топтық және тікелей деп бөлу қағидасы қалыптасқан. Қылмыстың жалпы объектісі деп қылмыстық заң нормасы арқылы қорғалатын қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтамыз. Қылмыстық заңда көрсетілген қылмыстық іс-әрекеттің кез келгенінің барлық уақытта да қоғамдық қатынастардың белгілі бір түріне қиянат келтіруінің өзі қоғамдық қатынастардың барлық қылмыстардың жалпы объектісі екендігін көрсетеді.

 

Әдебиеттер:

1. Беккария Ч. О преступлениях и наказаниях. - М.: Инфра-М, 2004. - 184 c.

 

2.Никифоров Б.С. Современное американское уголовное право. - М.: Наука, 1990. - 256 c.

3.Уголовная ответственность за посягательства на жизнь граждан. Учебное пособие. Под ред.: Ветров Н.И., Ляпунов Ю.И. - М.: Изд-во Юрид. ин-та МВД РФ, 1995. - 59 c.

4.Каиржанов Е.К. Интересы трудящихся и уголовный закон. – Алма-Ата: Казахстан, 1973. – 159 с.

5.Наумов А.В. Российское уголовное право. Общая часть: Курс лекций. - М.: БЕК, 1996. 560 с.