Қамза Г.Б.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті,Қазақстан

 

Бастауыш сынып оқушыларын музыканы қабылдай білуге тәрбиелеуде күй аңыздарын қолдану тиімділігі

 

         Бастауыш  сынып, әсіресе кіші жастағы оқушыларға күй ғана емес, жалпы қандай да болсын музыкалық шығарманы қабылдау және оны қабылдап қана қоймай өз бойына сіңіру музыкалық педагогика саласындағы күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені музыканы қабылдау – оған   арқау, негіз болатын нәрселерді – шындықтың көркемдік бейнесін, сәулесін  оқушының қаншалықты сезіне, ести және толғана білуіне байланысты. Олай болса, бүгінгі оқушының  мектеп бағдарламасында көрсетілген музыкалық шығармаларды қабылдауы қандай дәрежеде? Музыкалық шығармаларды, әсіресе күйлерді түсініп қабылдауға ынтасы, ықыласы қалай? Осы мәселелерге жауап іздеп көрейік. Ол үшін әуелі қазіргі оқушының қандай музыкамен әуестенетіндігін, нені тыңдайтындығын білуіміз керек. Әрине, бүгінгі бала ең алдымен белгілі бір ырғаққа бағындырылған эстрадалық әндерді тыңдайды, орындайды. Тіпті бастауыш сынып оқушыларын қойғанда, әлі мектеп табалдырығын аттамаған кішкентай сәбилердің өзі теледидардан немесе басқа да электронды тасуыштардан ырғақты музыка қойылса, дәл соған лайықты би  қимылдарын жасап қозғала бастайды. Себебі – бізді қоршаған осындай музыка. Үйде де, түзде де, теледидарда да, радиода да, тіпті ұялы телефонда да бәрі-бәрінде еститініміз эстрадалық музыка, музыкалық композициялар(әндер, шығармалар). Міне осының бәрі баланың мағыналы музыкалық шығармаларды, әсіресе халқымыздың көзінің ағы мен қарасындай екі жанрының бірі – күй мұрасын тыңдап, оны саналы түрде қабылдауына кері әсерін тигізеді. Ал күй болса, ол – қазақтың ерте заманнан келе жатқан аспаптық музыкалық жанры. Бұл жайында өнерзерттеуші, әрі  Қазақстандағы алғашқы бір жүйеге келтірілген «Музыка» бағдарламасын құрастырушылардың бірі, «Музыка» сабақтарына арналған оқулықтардың авторы, балалар композиторы Б.Ғизатов ғасырлар бойы халықтың күйші-композиторлары – өз халқының өзегін өртеген мұңын мұндап, жоғын жоқтап, көптеген тамаша күйлер қалдырғандығына, күйдің көптен келе жатқан музыкалық көне ұғым екендігіне, ертеде күйдің аспаптық және жеке дауыстық музыка шығармаларына берілген ат болуы мүмкін екендігіне тоқтала келе, ен далада күн кешкен елдің аузынан шыққан «күй» деген сөздің аспаптық музыкаға тән атау екендігін, оның түп-тамырының одан да арғы замандарда жатқандығын, он төртінші ғасырдан бері белгілі болғандығын:   «Басқаны сөз етпей, халық басына қара заман боп орнаған XIII-XIV ғасырдың тарихи оқиғаларын баяндайтын шығармаларды алсақ та жеткілікті. Қазақ халқының тұрмыс-характерімен, өмір-тіршілігімен әрқашанда тығыз байланысты болатын күй – жүздеген жылдардан бері қанат жайып, өркендеп келе жатқан жанр»-, деп түйіндейді өзінің «Қазақша музыкалық-терминологиялық сөздік»  атты еңбегінде (1).

      Шын мәніндегі теңдесі жоқ рухани байлығымыз, әсіресе күй өнерін өсіп келе жатқан жас ұрпақ санасына сіңдіріп, оның құндылықтарын сезіндіру үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Біздің тілге тиек еткелі отырған бастауыш сынып оқушыларын музыканы қабылдай білуге тәрбиелеудегі күй аңыздарын сабақта қолдану қалай жүзеге асырылуда?

       Бұл өзекті мәселе. Әрине, осы көрсетілген игі істерді жүзеге асырып, болашақта да оның өз жалғасын табуы үшін аянбай еңбек етіп  жүрген белгілі ғалымдар, әдіскерлер, өнер қайраткерлері, зерттеушілер, ұстаздар қауымы, тіпті қатардағы мектеп мұғалімдері де  баршылық. Оған жалпы білім беретін мектептерде музыка сабағын оқытуға арналған типтік және альтернативті бағдарламалар куә. Атап айтсақ: Б.Ғизатовтың басшылығымен жасалған «Музыка» бағдарламасы, М.Балтабаевтың «Елім-ай», А.Райымбергенов, С.Райымбергеновалардың «Мұрагер», Ш.Құлманованың басшылығымен шыққан «Музыка» т.б. бағдарламалары.

      Бұл аталған еңбектердің барлығында  да біз қарастырғалы отырған музыканы қабылдау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Музыканы қабылдаудың – барынша күрделі үдерістігі, музыканың адамға тұтас күйінде, өзінің мәнерлік құралдары арқылы әсер ететіндігі, ал бұл дегеніміздің – ладогармониялық қалып, тембр, қарқын, динамика, метроритм  екендігі және дәл осы мәнерлік құралдардың белгілі бір шығармалардың сипатын, көңіл-күйін жеткізудегі алатын орны, оның негізгі түйінінің өмірдегі құбылыстармен, адамның сезімдерімен байланысып, астасып жататындығы нақты көрсетілген.

      «Осы уақытқа дейін қазақ музыкасының, дәлірек айтсақ, қазақтың музыкалық фольклорының бір ғана қырына баса назар аударылып келгенін аңғаруға болады. Ол ән-күйлеріміздің таза музыкалық туынды ретіндегі қасиеттері еді. Яғни, ән-күйлеріміздің әуендік, сарындық ерекшеліктеріне көбірек мән беріліп келді. Ең талдап сөз еттік дегенде, сол ән-күйлердің жанрлық сипаты, ішкі құрылыс-бітімі, орындалу ерекшеліктері тілге тиек болды. Алайда, аса  бай  музыкалық  фольклорымыздың  екінші қыры, мейлінше мәнді қыры назардан тыс қалғандай. Ол ән-күйімізді халықтың тарихи-әлеуметтік болмысымен шендестіре қарау мәселесі» (2), - дей келе Т.Ақселеу қазақ күйлерінің тарихи пайда болу, даму жолдары, күйдің өмір шындығын бейнелеудегі өзіндік ерекшеліктері, қазақ күйлерінің сөз өнерімен шендесіп жататын синкретті сипаты және әрбір күйдің қосарлана айтылатын тарихи-шежірелік әңгімелері сияқты қасиеттері – күй өнерінің көркемдік-эстетикалық мәнін саралап түсінудің бірден-бір кілті екендігіне баса назар аударады.

 Бала күй өнерімен мектеп қабырғасында таныса бастайды. Міне, дәл осы уақытта музыканы, әсіресе ұлттық мұрамыз – күй өнерін қабылдауға тәрбиелеудің  тиімділігін арттыруға ерекше назар аударған жөн. Бұл мәселені шешуде, шешіп қана қоймай, оны баланың санасына  сіңдіруде өте үлкен септігін тигізетін күй аңыздарын сабақта қолдану әдістемесі. «Халқымыздың өнерпаздық дәстүрі бойынша, күй тартылмас бұрын білікті домбырашы сол күйдің шығарушысы, шығу себебі, күйдің тартылу ерекшелігі, күйді кімдердің жеткізгені және қазіргі тағдыры жайында мағлұмат беретін әңгімесін айтып алатын болған. Бұл дәстүрдің ең алдымен эстетикалық-эмоциялық тұрғыда, сонан соң күйдің музыкалық қасиетінің тыңдаушыға түсінікті болуына қатысты айрықша мәні бар.Білікті күйші тартатын күйінің әуендік тілін, емеурінін, символикалық мәнін, тартылу тәсілін, дыбыстық буындардың астарындағы лингвистикалық еліктеулерді тыңдаушысына түсіндіре айтып алады. Міне, осы, күймен  қосарлана айтылатын  әңгімені халқымыз «Күй аңызы» деп атаған.., дәл осы сияқты қазақтың музыкалық мұрасы да, оның ішінде аспапты музыкасы – күйлері де шежіре сөз, оқиғалы әңгімелермен тікелей байланысты орындалады. Кез-келген күйдің шығу себебін, аңыз әнгімесін нәшіне келтіре айтып алмай, бас жоқ, көз жоқ сабап күй тарта жөнелу күй тартушы үшін тыңдаушы алдында үлкен әбестік болған...»,- деп жазады Тарақты Ақселеу өзінің «Күй шежіресі» атты кітабында (2).        

      Күй аңыздарын музыка сабақтарында қолданып, олардың күй тілін түсінуге апаратын бірден-бір жол екендігін және оны қалай, қай кезде жүзеге асыруға болатындығын «Мұрагер» ән-күй бағдарламасын құрастырушы А.Райымбергенов пен С.Райымбергенова өз еңбектерінде нақты көрсетіп, белгілеп берген және оны алғашқы сабақтардан бастаған жөн деп есептейді. Өйткені «бұл күй аңыздары ертегі сияқты айтылып, орындалатын күйлер айтқан әңгімені толықтырып отыратын қысқа-қысқа буындардан құралады. Домбыра бірде аттың шабысын, аққудың сұңқылын, құланның дүбірін, мылтықтың дыбысын бейнелесе, бірде «балаң өлді Жошы хан», «көс-көс маям, көс маям», «өттің қайран күнім-ай» деп айтқан сөзді қайталап отырады. Дыбысқа еліктеген қысқа-қысқа күйлерді оқушылар бірден есіне сақтап қалады» (3).  

      Осыған қоса айтарымыз, сол тыңдауға ұсынылатын күй шығармаларындағы «сөйлеп тұрған» қысқа қайырымдарды (егер олардың диапазондары бала даусына сәйкес келсе) жаттығу ретінде аспапқа қосып айтқызуға болатындығы. Құлақпен ести, дауыспен айта отырып, бала ол шығарманы бірте-бірте жаттап алатын болады.  

      Баланың күй тілін терең түсінуге септігін тигізетін мынадай халық күйлері  мен  халық күйшілерінің күй аңыздарын атауға болады: «Ақсақ құлан», «Аққу», «Жорға аю», «Нар идірген», «Жетім бала», Қорқыттың күйі «Ұшардың ұлуы», Құрманғазының күйлері «Сарыарқа», «Аман бол шешем, аман бол», Саймақтың «Сары өзен» т.б.

      Жалпы халқымыздың күй тілін терең түсініп қабылдайтындығы  ел арасында  ертеден-ақ аңыз болып таралған. Бүгінгі таңда музыка мамандарының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – осы ата-бабаларымыздай  музыканың  құдіретін  терең  түсініп, оны өзінің рухани азығы ете алатын, «сол арқылы адам өмірін нұрландыруға ат салысатын музыкалық білімді азамат тәрбиелеу. Ал оның түп-тамыры, негізгі музыканы қабылдай білуде жатыр» (4).  Әрине қазіргі кезде оған септігін тигізетін музыка сабақтарында күй аңыздарын кеңінен қолданудың қажеттігін тағы да қайталамақшымыз. Күй аңыздарын ести отырып балалар сол ұсынылған шығарманы аса ұқыптылықпен, ерекше ынтамен тыңдап, қабылдары сөзсіз. Әлбетте  бұл жерде баланың жас ерекшелігін, музыканы қабылдау мүмкіндігін ескере отырып, әдістемелік тұрғыда тиімді жүзеге асыру қажеттілігіне ерекше назар аударған жөн. Себебі, әр жастағы балалар музыкалық шығарманы белгілі бір уақыт мөлшерінде ғана мұқият тыңдай алады: Мысалы 7-8 жастағы балаларға тыңдатылатын  күйдің немесе оның фрагментінің орындалу уақыты 1-1,5 минуттан, 9-10 жастағы оқушылар үшін 2-3 минуттан аспауы тиіс. Сондықтан да әрбір тыңдауға ұсынылатын күйді қабылдау үдерісіне әдістемелік тұрғыдан алып қарағанда ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

      Өзіміз тәжірибеде жүзеге асырып, музыка сабағында қолданып жүрген  сондай күй аңыздарының бірі – Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» шығармасына әдістемелік талдау жасап көрейік. Оның толық нұсқасы мынадай:

      Бұрыңғы өткен заманда бір жесір кемпірдің жалғыз ұлы болыпты. Ол жігіт ит жүгіртіп, құс салып жүретін аңшы екен. Оның Ұшар деген тазысы болады. Күндердің бір күнінде кемпірдің ұлы тосын дертке шалдығып, дүние салады. Сол кездегі елдің әдет-ғұрпы бойынша өлікті жерлегеннен кейін, жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшеді екен. Басқа орынға көшкеннен соң, жесір кемпір:  «Жалғызымның көзі ғой», деп, тазысын іздейді. Ит жоқ болып шығады. Сонда кемпір тазысын іздеп, әрі-бері шақырады. Ауыл маңайынан таба алмаған соң, ескі жұртқа іздеп барады. Келсе, Ұшар баласының моласының басында аспанға қарап ұлып отыр екен. Ұшардың даусын естіген ана:

- Жалғызымнан айрылдым,

Қанатымнан қайрылдым!

                                            Ұшар, Ұшар, кә, кә -

деп, дауыс қойып жылап қоя береді. Кең далада жалғызынан айрылған ана мен иесінен айрылған тазы – бірге зарланып, даланы күңірентеді. Бұл қайғылы оқиғаның куәсі болған Қорқыт «Ұшардың ұлуы» деп күй тіліне салған екен. Аталған  күйді зейін қойып тыңдаған адам, қобыз тілінен  Ұшардың ұлыған үнін естиді. Сонымен қатар қобыз: «Жалғызымнан айрылдым, қанатымнан қайрылдым» және «Ұшар, ұшар, кә, кә», деп сөйлеп тұрғандай болады. Қобыз ішегі «Жалғызым - ай» деп күңіренеді. Бұл аңызды бірінші және төртінші сынып оқушыларына қалай ұсынуға болады?  Жалпы музыкалық педагогикада музыканы тыңдау үдерісінің төрт кезеңін ұсынады:

1.                Кіріспе әңгіме

2.                Шығарманы тыңдау

3.                Тыңдаған шығарма туралы әңгіме

4.                Қайталап тыңдау.

      Сабақ жоспарын құрастырғанда музыка мұғалімі жоғарыда көрсетілген төрт кезеңді басшылыққа ала отырып, аталған сабаққа әрдайым шығармашылық  тұрғыда  қарау керек екендігін естен шығармағаны жөн. Ол- әр сабақта осы көрсетілген кезеңді осы ретпен  қолдану керек деген ұсыныс емес. Өйткені әр баланың, әр сыныптың (оның жас шамаларының бірдей екендігіне қарамастан) музыкалық қабілеті, ұстанымы,қабылдау мүмкіндігі әртүрлі болады, сондықтан да сабақ жоспарын құрастырарда  мұғалім сол сыныптың мүмкіндігін, алдын-ала дайындығын  ескере отырып, музыка тыңдауды оның әрқайсысынан бастай беруіне болады. Ең негізгісі – баланың сол сабақтан өзінің жан-дүниесіне әсер ететіндей рухани азық алып шығуы.

      Әрине, 1 сыныпта  күй аңызының осындай толық нұсқасын ұсынсақ, ол баланың зейінін шашыратып жіберуі мүмкін, осындай ұзақ кіріспеден соң оқиға желісінен ажырап қалып, әрі қарай ұсынылатын күйді тыңдауға құлқы болмай қалады. Сондықтан да 1-сыныпқа ұсынылатын күй аңызын былайша жеткізген тиімді болары хақ:

- Балалар ерте кездерде өмір сүрген біздің ата-бабаларымыз әртүрлі жануарлардың үнін, дыбыстарын  өздерінің аспаптарында өте шебер бейнелей алады екен. Сендер қазір бір музыкалық аспапта осындай бір жануардың дыбысын естисіңдер, мұқият тыңдап отырыңдар. Содан соң, өздеріңмен осы музыкалық шығарма туралы әңгімелесеміз (Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» шығармасындағы тазының үрген және ұлыған жерін бейнелейтін тактілері орындалады). Күйдің фрагменттері орындалған соң мынадай сұрақтар қоюға болады:

-      күйдің бұл үзінділерінен қандай жануарлардың даусын естідіңдер?   

-      қандай аспапта орындалды?

-      «Күй» деген ұғымды қалай түсінесіңдер? т.б.

      Айта кетпегіміз, мұғалім осы қойылған сұрақтарға барынша балалардың өздерінің жауап беруіне жағдай жасауы тиіс. Жауаптары нақты болмай жатса, оны жанама сұрақтар, мысалдар арқылы бағыттап отыруға болады.

Осыдан соң балалардың жауаптарын, олардың ой-пікірлерін былайша қорытуға болады.

- Балалар, өте ерте заманда Қорқыт деген ұлы күйші өмір сүрген, ең алғаш қобызды жасаған сол кісі деседі. Ол өзінің айналасында болып жатқан оқиғаларды  қобыз аспабына салып орындап, күй тілімен жеткізеді екен. Қазіргі тыңдағандарың  Қорқыт  атаның «Ұшардың ұлуы» деген  күйінен үзінділер. Бұл күйде Ұшар деген тазының өзінің қайтыс болған иесін іздеп, оның моласының басында ұлып отырған кезі бейнеленген. Ұмытпай есте сақтап алыңдар. Біз бұл күйді әлі де бірнеше рет тыңдайтын боламыз. Ал күй дегеніміз – ол аспаптық музыка, оның әндердегі сияқты сөзі жоқ, бірақ олардың әрқайсысының  қалай шыққаны, не туралы екендігін айтатын күй аңыздары бар. Күйлер  домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы т.б. секілді көптеген халық аспаптарында  орындалады (бұл жерде аспаптардың суреттерін, егер мүмкіндік болса  оның өзін көрсеткен дұрыс болады). Осылай бірте-бірте жүйелі, тиянақты түрде ұлттық мұрамыз-күй өнерін күй аңыздары арқылы бала санасына сіңдіріп, оның құндылығын сезініп қабылдауға мүмкіндік туғызамыз. IV сыныпқа жеткенше бұл күйге бірнеше рет қайтып оралып, әр оралған сайын күй аңызына кеңірек тоқталуға болады. Сонда ғана, «Мәдени мұра» Қазақ өнерінің тарихы үш томдығының бірінші кітабында көрсетілгендей қазақ халқының музыкалық қазынасы  тек қана үшінші мыңжылдықтың  алғашқы кезеңіне дейін ғана емес, болашақта да «өзінің сан қырлы көркемдік сипатымен сақталынып, көшпенділердің рухани эстетикалық талғамдарына сәйкес ұлттық менталитетіміздің сарқылмас бұлағы», «көне музыкалық-поэтикалық үлгілер-бабалардың ұмытылмас даналығы, ғасырлардың өшпес үні», «теңдесі жоқ рухани байлығымыз ауызекі түрде қалыптасып,  әр заманда сұрыпталып, тек өзіне тән сұлу да сүйкімді әуенімен, қайталанбас ұлттық ерекшеліктерімен, сан-түрлі колорит-бояуларымен» (5) әрі қарай да өз жалғасын табады.  

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Ғизатов Б. Қазақша музыкалық – терминологиялық сөздік. А., «Ғылым»,1981.- 140 б.

2.  Ақселеу Т.  Күй шежіре. – А.: «КРАМДС-Яссауи», 1992. -  488 б.

3.  Райымбергенов А., Райымбергенова С. Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің ән-күй сабағына арналған «Мұрагер» бағдарламасы. 1-4 кластар. А.: Республикалық баспа кабинеті,1994.- 79 б.

4.  Меңдіаяқова Қ., Қарамолдаева Г. Мектепте музыка тәрбиесін беру әдістемесі. –А.: «Әл-Фараби», 1997. - 132 б.

5.  «Мәдени мұра» Қазақ өнерінің тарихы. (Ежелгі дәуір, 1-том) А.: «Өнер», 2007. - 352 б.