Мемлекеттік тілді қолданудың ақпараттық-қатысымдық маңызы

 

Шаханова Розалинда Ашираевна

Зав.кафедрой филологических специальностей

Института магистратуры и докторантуры PhD,

доктор педагогических наук, профессор

 

Тіл объективті дүние туралы ақпараттың басты құралы екені, қоғам тіршілігіндегі түрлі мемлекеттік қызметтерді: заң қызметін, ғылым қызметін, білім қызметін және ұлтаралық келісім қызметін жүргізіп, жүзеге асыруға арналғандығы адамзат өркениетімен айқындалды.

       Қоғамның бүгінгі басты бағыттарының бірі – білім беру үрдісін ақпараттандыру. Қазіргі таңда ақпараттандыру үрдісі адамзат өркениетінің дамуының жаппай және қайталанбайтын кезеңі ретінде қарастырылып отыр. Білімді ақпараттандыру, әсіресе оның алғашқы баспалдағы мектепте енгізу қоғамда ақпараттандырудың  негізгі шарты.

ХХІ ғасырдың 90-жылдары басынан экономика, саясат, әлеумет салаларында болып жатқан күрделі өзгерістер де өз әсерін білімге де тигізіп отырғаны анық. Білім – адам қоғамының дамытушы факторы екені белгілі. Білім беру арқылы бүгінгі мектеп оқушысы ертеңгі өз бетімен шешім қабылдап, қажетті ақпарат жинап, өңдеп, орынды жұмсаушы маман ретінде қалыптасады. Білім алу арқылы адамзат ұрпағы өзінің алдыңғы ұрпақ легінен биік деңгейлерге даму жолын таба алады, тани алады. «Бүгінгі білім саласында алға қойылып отырған басты мақсаттардың бірі – білімді ақпараттандыру, яғни оқу ақпаратын қолдану үшін тиімді құралдар мен қажетті мүмкіншіліктер жасауды қамтамасыз ету». Ол мүмкіншіліктер қатарында ақпараттанған қоғамның білім жүйесін ашық жүйе ретінде құрап, оңтайландырып, орталықтан алшақтандырылған өркениетті құралдар негізінде жасау міндеті де бар. Ақпараттың үлкен ағымы, жарнамалар, телеарналарда ақпараттық технологияның қолданылуы, компьютерлік ойын орындарының, электрондық ойыншықтардың және  автоматтандырылған техниканың көбеюі бала тәрбиесіне, оны қоршаған ортаны танып-білуіне әсер етеді.

Күнделікті оқылатын оқулықтар, газеттер мен журналдар, түрлі радио және телехабарлар әр түрлі ақпараттарға толы. Ақпарат мәтін, сурет, схема, графике, сан, әуен, дыбыс, иіс, аралас түрде беріледі.

       Демек, ақпараттық құзіреттілік сөйлесім әрекеті арқылы игертілетін әр мәтіннің мазмұны коммуникативтік тұрғыдан жаңа ақпараттарға толы болуы тиіс. Тіл үйренуші сұрыпталған жаңа мәтінмен таныс болғаннан кейін, сол мәтін бойынша қандай жаңа ақпарат алғанын, мәтіннің қандай проблеманы шешуге бағытталғанын анықтай алуы тиіс.

       Қазақ тілін оқыту әдістемесін әлемдік ақпараттық білім кеңістігінің деңгейіне көтерудің тиімді жолы – білім беру саласын толықтай ақпараттандыру. Мемлекеттік тілді оқытуда соңғы мақсатты нәтиже – қатысымдық құзыреттілікке қол жеткізудің ең негізгі тетігі – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оңтайлы пайдалану. Бұған байланысты Елбасы: «Оқу үдерісінде педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалану – жалпы білім беруді дамытудың басты бағыттарының бірі», – делінген . Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында білім беру жүйесін ақпараттандыру осы саладағы мемлекеттік саясат негізінде анықталып, осы жүйедегі басты міндеттердің біріне айналып отыр.

        Тіл үйренушілердің жаңа ақпараттық және білімдік ортада табысты іс-әрекет етуі олардың бойында ақпараттық-технологиялық құзіреттіліктің қалыптасу деңгейі мен ақпараттық мәдениеттілігінің үстем болуына байланысты болып келеді. Ақпараттық мәдениеттің деңгейі тұлғаның ақпараттық кеңістікте өз адамгершілігін анықтау және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамытумен байланысты әлеуметтік маңызды өмір сүру тәсілін көрсетеді. Ақпараттың адам өміріне қаншалықты әсер етуіне қарай соншалықты оның жеке тұлғалық ерекшелігі, ақпараттық мәдениеті айқындалады. Қоғамды ақпараттандыруды дамытудың негізгі факторларының бірі – білім беруді ақпараттандыру. Олай болса, қоғамның әрбір мүшесі ақпаратты сауатты, ақпараттық мәдениеті мен ақпараттық құзыреттілігі дамыған тұлға болуы қажет.

Ақпараттық қоғам кезінде оқытушы тіл үйренушілердің алдында жалғыз ақпарат көзі болмайды. Ол ақпарат алуды жеңілдететін аралық тұлғаға айналады. Адамзат өркениетінің іргелі сипаты қажетті ақпаратты іріктеп алу, жинақтау, өмірге бейімдеп өңдеу және тұтыну болып табылады. Қазақ тілін үйретуде ақпараттық-қатысымдық маңызына мән берген тиімді.

Тілді үйретудің ақпараттық-қатысымдық маңызы дегеніміз – мәліметтерді әр түрлі деңгейде, әр түрлі нысанда ұйымдастыруға қолайлы, жылдамдығын бірнеше мәрте арттыруға, қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға мүмкіндік беретін, технологиялық тізбекке біріктірілген, ақпараттық ресурстарды қолдану арқылы ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, шығару және тарату әрекеттерін қамтамасыз ететін ерекшеліктерді айтуға болады.

      Ақпараттық технологияларды қолдану интерактивтік және бейімделу сияқты құнды қасиеттері бар білім алу ортасын тудырады. Тілдік білім алуды ақпараттандыру тіл үйренушілерге дүниежүзілік мәдениет байлықтарымен, ақпараттық ресурстармен қатынас жасауға мүмкіндік береді және шынайы мәдени коммуникация үшін жағдай жасайды. Жаңа ақпараттық және білім алу ортасында тіл үйренушілердің табысты қызмет етуі олардың ақпараттық-технологиялық құзыретінің қалыптасу деңгейімен сипатталады, оның құрамында мәдени ақпарат жетекші орын алады.

Толассыз ақпараттар ағымын бүкіләлемдік Интернет жүйесі, спутниктік каналдар, теледидар, ұялы байланыс арқылы көріп, естіп қабылдауға машықтанған ХХІ ғасырдың өкіліне нағыз керегі – сандық бейне, анимация, компьютерлік оқыту ойындары, дыбысты жаңғырту т.б. компьютерлік технологиялар.  Осылардың бәрін қолдануға мүмкіндік беретін қазіргі мультимедиалық бағдарламалар тіл үйретуді жеделдетуге, оқу уәждемесін көтеруге, сөйлесім әрекетін дамытуға зор әсерін тигізеді. Сөйлесім әрекетінің кез келген түрінің негізіне көру-есту моторының арасындағы байланыс жататыны белгілі. Сондықтан тақырыптық жүйеде аудио-бейне әсерлермен ұсынылған тілдік материал адамның көру, есту сезімдеріне ерекше әсер ете отырып, есте сақтау мүмкіндігін арттырады.

Қосылып әндер айту, диктордың айтқанын қайталау арқылы дұрыс айтуға дағдыландыру, мағынасын аша түсетін бейне материалдар, грамматикалық анықтағыштар, сөздіктер т.б. арқылы тың тақырыпты жан-жақты ұсыну, бос орындарға жауаптар жазу, диктант, мазмұндама жазу, сәйкестік, балама, ашық, жабық, реттік тест түрлерін орындату, т.б. тәсілдер компьютерлік технологиялардың арқасында өте жылдам және ыңғайлы жүйеде жүзеге асуда. Қазіргі заман талабы бойынша білім берудің ақпараттандырудың негізгі талаптарының бірі – оқу үдерісіне мультимедиалық технологиялар мен коммуникативтік интерактивті әдістемелердің үйлесімді байланысы негізінде жасалған, оқыту және тексеру модульдерінен тұратын электрондық бағдарламаларды, оқулықтарды енгізу. Қазақ тілін оқытуда компьютерлік бағдарламаларды қолдану тәжірибесі көрсеткендей, оның нәтижелі болуы көптеген факторларға, оның ішінде негізінен бағдарламаның сапалы болуына байланысты.

        Осылардың барлығы тілді оқытудың ақпараттық-қатысымдық маңызын арттыра отырып, тіл үйренушінің білім сапасының артуына, қатысымдық құзіреттілігінің қалыптасуына ықпал етеді. Тілдік білім беруді ақпараттық-қатысымдық ерекшеліктерге мән бере отырып үйрету тіл үйренушілерді әлемдік мәдени құндылықтарға, ақпараттық ресурстарға жақындатып алып келеді, шынайы мәдениаралық коммуникацияға жағдай жасайды. Бұл технологияның тіл үйретудегі мүмкіндіктері ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты дәлелденген, тек практикалық тұрғыдан жүзеге асыруға мамандардың дайындығы арта түсуі қажет.