ф.ғ.к., доцент Каримсакова Б.А., оқытушы Дүйсенова Г.Е.

 «Болашақ» колледжі, Ақтау қаласы

 

 Ғ. Мүсіреповтің драматургия саласындағы еңбегі

 

    Қазақ ұлттық драматургиясы бүгiнгi күнi жан-жақты даму үстiндегi жанр. Ғылыми айналымға, нысанаға алынып зерттеу iсi - ХХ ғасырдың 50-жылдарынан басталады. Осы салада Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин,  М. Әуезов, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ж. Шанин пьесалары ұлттық классикалық дәстүрдің  жолын қалыптастырды. 

    XX ғасырда драматургияны қалыптасыруда жоғарыда аттары аталған әдебиет өкілдерінің туындылары көркемдік эстетикалық дүниетаным болмысын танытуда көрнек өнерінің маңыздылығын, ерекшелігін танытты.

   Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде  ”Тартыстың өзi басты-басты үш тарау болып бөлiнедi: 1) мерт, яки әлектектi тартыс [трагедия], 2) сергелдең, яки азапты тартыс [драма], 3) арамтер, яки әурешiлiк [комедия]. Тартыс күйге ән-күй қосылса, тартыс зауықты деп аталады. Тартыс сөз қу тiлдi болса, қулықты деп аталады; қисыны қызық болса, күлдiргi тартыс болады; сиқыр мазмұнды тартыс сиқырлы деп аталады.

.... Айтыс-тартыс сындар әдебиетiнiң бiр сөзi… Айтыс-тартыстың әуезе мен толғауға да ұқсастығы аз. …Айтыс-тартыста уақиғаны бiреудiң айтқанынан естiп бiлемiз. Көзбен көрiп те бiлемiз. Асылында, айтыс-тартыс iшкi ғалам мен тысқы ғаламның түйiскенiн көрсететiн сөз түрi” [1],- деп драматургия жанрының түрлерiне алғашқылардың бiрi болып түсiнiктеме беріп, тұжырым жасаса, М. Әуезов: “Драматургиядағы конфликт мәселесi - пьесаның жанрлық белгiсiн көрсететiн шешушi элементтердiң бiрi … драматургияның негiзгi компонентi. Драматургиялық шығарманы нықтап, проза, поэзиядан бөлектеп тұратын шартты белгi жалғыз осы конфликт” [2] ,- деп атап өткен болатын.        Р. Нұрғали: “Драматургия–қазақ әдебиетіндегі ХХ ғасырдың басында әлеуметтік – қоғамдық факторлардың ықпалы мен ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған жаңа жанрлық форма. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі дәстүрдің бірі – халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшелген ғаламат бай фольклоры” [3], - дейді. 

Драматургия жанры - әдебиетімізде ең күрделі жанрдың бірі. Драматургия саласында  өшпес із қалдырған шебер драматург,  өзiндiк стилi, қолтаңбасы бар қаламгер Ғ. Мүсіреповтің  қазақ әдебетінде алатын орны ерекше.  

Әсiресе, трагедия  мен  комедияға  қарағанда  драма жазуға, драмада  мәселе көтеруге, пьеса оқиғасын  шиеленiскен  тартысқа  құруға, күштi характерлер сомдауда шеберлiгiн байқатып келедi.  Тартысқа толы, қым-қиғаш оқиғалардың көрінісін береді. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы образдар сомдалады. Образға енген тұлғаның бет-пердесі әр қырынан таныла бастайды. Оны драматург шебер сомдап, сахна төріне алып шығады. Тарих сахнасына шыққан драмалық шығармалардың құндылығын халық өзі таразыға салады.

 Жазушының қазақ театрының дамуына өз септігін тигізгенін драматургия саласындағы еңбектерінен аңғаруымызға болады. Бүгінде жазушы қаламынан нәр болып төгілген құнды еңбектерін атап айтсақ, «Ақан сері – Ақтоқты», «Амангелді», «Болашаққа аманат», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты пьесалары театр сахналарынан үзілмей, көпшілік назарынан тыс қалмай, ұлттық өнеріміздің құндылығы ретінде бағаланатын асыл мұраларымыздың бірі болып саналады.

Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» атты трагедиясы күні бүгінге дейін өзінің көркемдік құндылығының арқасында қазақ театрларының сахнасынан түспей келеді. Осы уақыт ішінде бұл шығарма туралы сан түрлі сын-пікірлер мен мақалалар жарық көрді. Солардың ішінде көрнекті әдебиет сыншысы М. Қаратаев пьесаға жоғары баға берген болатын. Пьеса туралы былай деген: «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы бүкіл қазақ драматургиясының құнды туындыларының қатарына қосылды» [4].

Шебер туынды шебер сомдаушыдан байқалады, - демекші   «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын жарыққа алып шыққан драматург Ғ.Мүсіреповтің еңбегін ерекше атағанымыз жөн.

Ғ. Мүсірепов шығармашылық жолында халық өмірінің түрлі мәселелерін көтерді, жаңа заманға лайықты, талапқа сай жарқын бейнелер жасап, ұлттық әдебиетіміздің көркемдік қорына аса бағалы үлесін қосты. Қазіргі қазақ әдебиетінің өсіп, өркен жаюына үлесін қосқан сөз зергері, шебері                            Ғ. Мүсіреповтің қалдырған әдеби мұрасы ешқашан ескірмейді әрі көркемдік әсерін де әлсіретпейді.

Кезінде жазушының өзі: «Кеңестік шығыс елдері әдебиетіміздегі жаңа жанр – драматургияның туған шағында, оның дамуының алғашқы кезеңдерінде «ескі тақырыптарды» сахнаға шығару өте керек еді»[5] - деп   айтқан.

Осы қағиданы басшылыққа алып, жазушы адам өміріндегі ерекше мәнді оқиғаларға көңіл бөліп, тарихта болған әнші-ақындарымыздың, өнерпаздарымыздың ғұмырлық өмір жолын танытуда алдына биік мақсат қойып, тарих сахнасына шығаруда сын көзбен қарап, әділ баға берген қаламгерлеріміздің бірі болатын.

 Жазушының 1941 жазған «Ақан сері – Ақтоқты» тарихи трагедиясы  қазақ әдебиетінің дараматургия саласындағы шоқтығы биік туындысы.  Бұнда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, әрі ақыны, сал-серісі Ақан Қорамсаұлының  өмірдерегін суреттейтін және замана шындығын танытатын тарихи шындық сипатталады. Бұл пьеса 4 перделі, 5 суретті драма. Драматург осы шығармасының 2 түрлі нұсқасын жазған. Яғни, ол бірі драмалық шығарма болса, екіншісі «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының опера либреттосы болып табылады. Осы опера либреттосын жазғанда автор былай деген болатын: «Соңғы кезде опера либреттосына көңіл аударып жүрген қазақ драматургі байқалмай келеді. Себеп – драматургияның бұл саласын менсінбеуде ме, әлде тіпті драматургиямыздың өзінде жалпы мағынадағы «аялдама» бар ма? Бұл сұрау жол-жөнекей жауап бере кетуді көтермейді. Сондықтан түрткі салайық деген мәселемізден аумай-ақ қоялық. Драматургтеріміз либретто жазуға көңіл аударулары керек»[5].

Романтизм үлгісінде жазылған «Ақан сері – Ақтоқтының» барлық кейіпкерлерінің мінез-құлықтары, іс-әрекеттері жалындап сөйлей жөнелетін шешендіктері пьесада нанымды суреттелген. Мұнда ұзақ монологтар, қаһармандардың өз-өзімен сырласып кету сәттері жиі кездеседі. Дәуір мен уақыттың қилы шындығын түп тамырымен қопарып, өмір ағысынан дамылсыз туындап жататын кесек құбылыстарды тұтастай қамтыған «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасының әрбір кейіпкерлерінің өзіндік іздері сайрап жатыр.

Ақан Қорамсаұлы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас жағында өмір сүрген. Қазақ халқының атақты әнші-композиторы, ақыны. Оның адам жанын тебірентетін әндері халқымыздың көнермес мәдени мұрасы болып есептеледі. Сонымен қатар, төле әдебиетімізде орна бөлек. Өлеңдерінде адамгершілік пен достықты, адал махаббатты, сұлулықты және әлеуметтік мәселелерді, әсіресе сол заманғы қараңғы қазақтың өмірі туралы жырлаған.

Ақан жас кезінде көбінесе махаббатты, сұлулықты жырласа, есейе келе сүйіспеншілік тақырыбына ел мәселесі де қосылады. Ол бай-болыстардың қараңғы халыққа көрсеткен озбырлығын, қастандығын ашық түрде айтады. Қазақ елінің Ресей қосылу тарихының маңызын тереңнен түсіне алмады және осы жайлар кейбір қайшылықтарға да әкеліп соқтырды.

Өмірде Ақан серінің өз басының қайғы-қасіреті де көп болған адам. Оның сүйіп қосылған жарының өмірі қысқа болып, жалғыз ұлы мылқау болады. Ақтоқтыдай сұлу қызға ғашық болып, үйленбек мұратына жете алмайды. Сөйтіп ол Ұрқия деген қызға үйленіп, үш айдан кейін шешек ауруынан ол да қайтыс болады. Бір басына осы жылы қайғы тым ауыр тиеді. Оның қыран құсы Қараторғай өледі. Қасқырға салған уды жеп тазысы да өледі. Құлагердей пырағы опасыз байлардың қолынан мерт болады. Ақан патшаның отаршыларынан да опасыздық, зорлық көріп, туған жерінен айырылып, жалғыз мылқау ұлын қасына алып, мұңлы жүрегіне домбырасы жұбаныш болып, елден безіп, көл жағасында қайғырып күн кешеді.  Оған елдің «Ақан сері перінің қызымен көңіл қосыпты» деген сөздері жаралы жүрегіне бата түседі. Ақан Қорамсаұлы өмірден осындай ауыр қайғы-қасірет пен азап көреді. Ол қартайып, ұзақ уақыт науқастанып 1913 жылы жездесінің қолында қайтыс болады.

Драматург «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында әр түрлі толыққанды, құнарлы образдар жасай білген. Онда ең алдымен көзге түсетін Ақан образы. Ол ақыл-ой иесі, жалынды, қайратты жас, сұлу сезімі, үлкен жаны бар, өз заманында, өз ортасында озық білім алып, өмірдің мағынасын іздеп толғанған адам. Өмір шындығын дін жолынан, құдайға құлдықтан іздейді. Бірақ, ол дін жолынан шындық таппайды. Жазушы пьесаны Ақанның рухани жағдайының өте бір шиеленіскен кезінен, яғни дін жолының жалғандығына, әділетсіздігіне көзі жетіп, ескіліктен безінген драмалық кезінен бастайды.

Ғ. Мүсірепов тарихи Ақанды трагедияның басты кейіпкері етіп алып, әнші-ақын өмір сүрген заманның шындығын ашып көрсету үшін, қарама-қарсы екі дүниені алады. Қараңғы, надан халық пен ақыл-ойды күрес үстінде суреттейді. Н. Ғабдуллин: «Ғ. Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы әр кейіпкері – ақиқат өмірдің өзінен еш қоспасыз, өзгеріссіз күйде алынғандай жанды образ, драматург шебер мүсіндеген әр бейне ақиқат өмірдің нақ шындығын танытады», - деген болатын [6].

Шығармадағы басты кейіпкерлері тарихта болған адамдар. Ақтоқты - Ақанның ауылдасы Боқтабай деген байдың қызы. Ақанның ғашықтың әндері Ақтоқтыға арналған. Ақтоқты Ақанды сүйген, оған тұрмысқа шығуға уәде беріп, Ақан оны алып қашады. Қыздың ағайын-туыстары қызды қорқытып, үркітіп оны айнытып тастайды. Сөйтіп, Ақтоқты сертінен тайқып, Ақаннан кетуге рұқсат сұрайды. Ақан өз сүйгеніне зорлық жасай алмай, бұл азапқа көнеді. Ақтоқты өзін атастырған жерге тұрмысқа шығып, бірнеше баланың анасы болып, жасы жетпістен асқанда қайтыс болады. Ақтоқтының өмірде айттырған күйеуі Шамұқан, ал пьесада Жалмұқан. Сүтемеген деген байдың баласы.

Пьесадағы Сердалы өмірде шындығында болған ақын. Ол көптеген қиссалар, өлеңдер жазған ақын. Сердалы Ақанның құрдасы әрі жерлесі. Сердалы - күншіл, іші тар адам. Ақанды халықтың жақтағанына, Ақтоқтының қалауы да Ақан болғандықтан, онымен өш. Өйткені, Сердалының басында ойы Ақтоқтыда болған. Сол себепті де, Ақтоқты Жалмұқанға келісімін бермесе, кәрі әке-шешесінің қап арқалап, ал Ақанды халықтан бездіріп жіберетіндігін мақтана айтқан болатын.

Сонымен қатар, пьесада Балта, Мәрзия, Жылкелді, Мұрат, Балуан сияқты халық өкілдерінің бейнелері де шындық тұрғысында суреттелген. Бұлардың бойынан қайнаған қайратты, қауқарлы күш барын сезінеміз. Сейіт, Дәмелі, Қоңқай, Қорамса бұларда халық өкілдері. Бірақ күш-қуаты аз, қайраты кем қарт адамдар.

Пьесада ақынның топас, надан, қатігез қоғамға қарсы күресі қақтығыста бірден байқалмай, қым-қиғаш іс-әрекеттер арқылы өрбіп, наразылық сезімінің өзі бірден емес, барлық қайшылығымен бірте-бірте жетілуі тарихи шындыққа да, драматургияның даму заңына да сәйкес келеді.

Осы күресте Ақанның ең алдымен өзінің немере ағасы Науан хазретпен алысуы да реалистік нанымды түрде алынып, Ақан мінезінің диалектикасын танытуға айрықша септігін тигізгені анық. Оның үстіне Ақанның әділеттік пен адамгершілік, теңдік пен азаттық туралы асқақ романтикалық арманы және Ақтоқтыға арналған кіршіксіз таза, романтикалық махаббаты Ақан образын рухани биікке көтеріп, жарқын келешекпен үндестірген. «Көтеріңкі шиллерлік рух, поэзиялық құнарлы тіл, шиыршық атқан драматизм – бұл жазушы пьесасының даусыз шеберлік сипаттары» [6] - деген пікірі арқылы ойымызды  түйіндей аламыз.  

 «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы сол заманның шындығынан туған кұнды драмалық шығарма болып табылады. Онда драмалық тартысы шебер құрылған, әрі тілі көркем, бай суреттелген қазақ драматургиясының тарихында өзіндік орны бар ерекше шығарма.

Қорыта айтқанда, драматург бұл драмалық шығарманы танытуда өнер адамының қоғамға қажетті құндылығын байқатады. Сол кейіпкердің ашу-ызасы арқылы қоғамдық шындықтың әлсіздігін ұқтыртады. Сүрінгенді сүйейтін жанның жоқтығына наразы болады. Тағдыры тәлкекке түскен жандардың жанашыры болған, тырнақтының шеңгелінен ажырамас шырмауықтай жабысқан қандала заманның ащы зәріне қарсы тұра білген Ақандай жанды сомдау тек қана  Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» атты пьесасы арқылы көркемдігін тапқан деп айтуымызға болады.

Бүгінгі таңда қазақтың ұлттық  драматургиясы осындай құнды драмалық туындыларымен нәрлі.   Көркем әдебиеттің байырғы салаларының бірі болып саналатын қазіргі қазақ драматургиясындағы туындыларды уақыт талабына орай ғылыми-теориялық зерттеулер аясында жаңаша зерделеп, жан-жақты   қарастыру – ең бір өзекті мәселе. Уақыт еншісіндегі осы өзекті мәселенің зерделеуіндегі жаңа ізденістеріміз жалғаса береді.

 

Әдебиеттер:

1.     Байтұрсынов А. Ақ жол /Құрастырған: Р. Нұрғалиев/. Алматы: «Жалын» баспасы, 1991.

2.     Әуезов М. Уақыт және әдебиет. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1962.

3.     Нұрғали Р. Драма өнері. Алматы: «Санат» баспасы, 2001.

4.     Қаратаев М. Шеберлік шыңына. -А., 1963ж.

5.     Мүсірепов Ғ. 5-томдық шығармалар жинағы, - 4 т. А., 1975ж., -79-бет.

6.     Ғабдуллин Н. Ғабит Мүсірепов – дараматург. Монография. А., Өнер, 1982ж.