Қазақ этнонимдері таңбаларындағы вербалды және вербалсыз амалдардың көрінісі туралы

(Кіші жүз этнонимдері материалдары негізінде)

 

Қожанұлы Манасбай

 

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

 Қазақстан, Астана қаласы

 

Қазақ тіл білімінде, оның ішінде қазақ ономастикасында, соңғы кезде әлемді тануда этно,- лингво,- метамәдени,- психолингвистикалық т.б. тұрғыдан зерттеулер кеңінен қолданыс табуда.

Қазақ тіл ғылымында этно,- лингвомәдени,- психолингвистикалық зерттеулер мәселесі отандық ғалымдардың жекелеген жұмыстары (қараңыз:
Ә. Қайдар, Т. Жанұзақ, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Н. Уәли, Ж. Манкеева,
Г. Мәдиева, Қ. Рысберген т.б.) аясында қарастырылып  өз пайымдауларын білдіргендіктен,  бұл арада қайталап жатпадық.

Осы орайда, Тілдік таңба қоғамда тілдік қарым-қатынасы шеңберінде жүзеге асатынын есепке алсақ, тілдік таңба, ең алдымен, вербалды және вербалсыз қызметі аясында  жүзеге асады.

Ғалым Б. Тілеубердиев [1,70-86] тілдік таңба туралы «тіл мен мәдениет» деп аталатын екі семиотикалық модельдеуші жүйелердің өзара қатысын қазақ онимдері аясында жан-жақты қарастырса, ал зерттеуші
М.П. Ешимов [2,191-195]
тіліміздегі вербалсыз қызметі аясындағы кинесикалық, проксемикалық топтарға байланысты шетелдік ғалымдар пікірлеріне шолу жасап, қазақ тілінің материалдары негізінде сөз еткендіктен, бұл жерде қайталап жатпадық.

Біз бұл мақалада Кіші жүз бірлестіктеріне тән этнонимдер материалдары негізінде қазақ этнонимдері жүйесінің таңбалық көріністеріндегі вербалды және вербалсыз қызметін бірінен-бірі бөліп қарамай, байланыстыра, ұштастыра отырып қарастыруға талпыныс жасалды.

Тіліміздегі вербалды және вербалсыз мәндегі сөздердің өн бойына мән берсек, қоршаған орта (экология) мен олардың арасындағы адамдардың қарым-қатынас барысында әр түрлі сезімі, амалы, іс-әрекетінен, т.б. пайда болған тілдік факторлар (эколингвистика) көрсеткіші деп қарауға болады. Олай болса, адамдардың қарым-қатынас жасау, сөйлеу әрекеті т.б. кезіндегі вербалды және вербалсыз элементтері тіліміздегі «одағай» сөз табымен сырттай ортақ принциптері мен өзіндік ерекшеліктерін байқауға болады. Мысалы, Интернет сайтынан алынған вербалды және вербалсыз қызметі туралы материалға шолу жасасақ, онда вербалды қызмет (қарым-қатынас – астын сызған біз) деп, адам басқаның көмегімен өзге таңбалар (белгі) жүйесі арқылы өз ойын біреуге хабарлау, жеткізу, ал вербалсыз қызмет (қарым-қатынас – астын сызған) деп, сөйлеуші адамның көңіл-күйі мен ойын екінші біреуге түрлі көңіл күймен (ренжу, ым, интонация (айтылу ырғағы), күдіктену, мимика, жүру, көзқарас, дене қалпы, сүйсіну, сөйлеу мәнері т.б.) жеткізу,- деп түсініктеме берілген болып шығады. Біздіңше, этнонимдердің таңбалық көріністеріндегі вербалды және вербалсыз қызметін шартты түрде «эмоцияның вербалдануы» деген термині аясында қарауға болатын секілді.

Атаудың (этноним), оның ішінде  ру, тайпа таңбасының пайда болуы, мағынасы мен мазмұны, модусы, яғни сөйлеу қызметі аясында байымдауы, ойлауы арқылы әр түрлі тілдік формада, тілдік, әлеуметтік және этникалық әрекеттері этно,- лингво,- және метамәдени факторларға қатысты екенін ескерсек, онда этнонимдер таңбалық қасиетін кеңістікте орналасуы мен арақашықтық арасындағы адамдардың қарым-қатынас кезінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті заттарды қолданудағы кеңістіктегі рөлін «эмоцияның вербалдануы» (вербалды және вербалсыз қызметі) аясында да көрінеді.

Біздіңше, вербалды және вербалсыз қасиеттер сөздің ауыспалы, келтірінді мағынасы метафорада айқын көрінеді. Өйткені, кез келген атаудың (этноним) кеңістіктегі орналасуы мен олардың арасындағы арақашықтығын жете түсінуде, адамдардың өзара қызметі: алыстан бағамдау, жекелік, әлеуметтік және көру т.б. белгілеріне, бір сөзбен айтқанда, «эмоцияның вербалдануына»  байланысты  болуы мүмкін. Демек, этнонимдердің таңбалық қасиетін айқындауда оның семантикасымен қатар, этно-, лингво,- және метамәдени факторлар да жәрдемдеседі. Бір сөзбен айтқанда, этнонимдердің таңбалық көріністерінен көшпелі өмірде күнделікті тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған аса қажетті заттардың  жиынтық бейнесін көреміз. Этнонимдер таңбасын білдіретін заттар материалдық мәдениеті қатарына жататындықтан, оның үш жүзге (Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз) тән этнонимдердің ортақ таңбалық мағынасын шартты түрде үш топқа: 

- қару-жараққа қатысты таңба: қылыш, садақ, балта, жебе, оқ, т.б.

- үй-тұрмысына қатысты таңба: тостаған, шөміш, көсеу, тарақ, қамшы, шеккіш (таразы), балға, босаға, айыр, бақан, мес, қоржын, қалақ, көрпе т.б.

- әр түрлі атау таңбасы: әліп, тұмар, шылбыр, крест, мүйіз, дөңгелек т.б. жинақтауға болады.

Сонымен, қазақ болмысына тән жоғарыдағы таңбалық белгілері, этномәдени айшықтары Кіші жүз бірлестіктеріне тән этнонимия жүйесінде этно,- және генонимдер құрамында да көрініс тапқан. Мысалы:

- қару-жараққа қатысты этнонимдер мен генонимдер: Айбалта – Әлімұлы Баймұрат тармағы; Жанқылыш – Әлімұлы Баубек тармағы; Қылыш – Байұлы Балпық, Тәңірберген тармақтары; Әлімұлы Баймұрат тармағы; Қырықмылтық – Адай Шоғы тармағы; Әлімұлы Жаукөнек тармағы т.б.;

- үй-тұрмысына қатысты этнонимдер мен генонимдер: Айтабақ – Жетіру Қожымбет тармағы; Балғалы – Жетіру Рамадан тармағы; Көрпе – Байұлы Тоқай, Жандай тармақтары; Жетіру Дүзбай тармағы; Қалақ – Әлімұлы Есқара, Бекет тармақтары; Қоржын – Байұлы Құрмантай тармағы; Мес – Байұлы Қожамжар тармағы т.б.

- әртүрлі мәнді білдіретін этнонимдер мен генонимдер: Әжім – Байұлы Есенбай тармағы; Жетіру Асан тармағы; Әліп – Жетіру Бурахан тармағы; Әуез – Әлімұлы Бөлте тармағы т.б.

Тіліміздегі вербалсыз қызметі туралы Интернет сайтында мынадай бес жүйені: «1. Пространственная подсистема (межличностное пространство);
2. Взгляд; 3. Оптико-кинетическая подсистема, которая включает в себя: внешний вид собеседника, мимика (выражение лица),  пантомимика (позы и жесты); 4. Паралингвистическая или околоречевая подсистема, включающая: вокальные качества голоса, его диапазон, тональность, тембр.;
5. Экстралингвистическая или внеречевая подсистема, к которой относятся: темп речи, паузы, смех и т.д.» [3, 2010 ж.],- деп, атап көрсетеді.

Біздіңше, адамдардың бір-бірімен пікір, ақпарат алысуда, хабарды жеткізуде жоғарыда атап көрсеткен вербалсыз қызметтің бес жүйелік тобындағы көзқарас (немесе көзбен шолып байқау), кинесикалық (адамдардың сыртқы сезімі мен көңіл-күйі), проксемикалық (адамдардың сөйлеу әрекетіндегі қарым-қатынасы) амалдардан этнонимдердің таңбалық қасиеттерін байқауға болады.

М. Ешимов [2,192] қарым-қатынаста проксемикалық арақашықтықты білдіретін вербалсыз амалдарды тік (ассиметриялық) және көлденең (симметриялық) бағытты екіге бөліп, оны тіліміздегі «жоғары – төмен», «оң - сол» немесе «төр – босаға» қарама-қарсы мәнді ұғыммен байланыстырып қарайды.

Қазақ халқы үшін «төр» ұғымы, қашан да үлкенге, сыйлы адамға деген құрмет көрсетуі, орын беруі арқылы ұлттың мәдени ерекшеліктерін білдіреді.

Біздіңше, қазақтың үш жүзінің төрде орналасуы тәртібін, яғни ұлы жүзде төрді - Үйсінге, орта жүзде - Арғынға, кіші жүзде - Әлімге беруін осы проксемикалық амалға жатқызуға болады. Сондай-ақ, Кіші жүз құрамындағы ру саны жағынан Байұлы өздерінің көптігіне қарамастан, Әлім руларын «Әлім-аға баласы» деп құрмет тұтқан. Осы жерде «Әлім отырғанда, адай сөз бастамайды» деген жолдарға мән берсек, біріншіден, Әлім руын аға баласы, екіншіден, оны төрге отырғызу салты, үшіншіден, алғашқы сөзді төрдегі отырған адамнан бастауы сонау ықылым заманнан күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан дәстүр екенін байқаймыз (бұл заңдылықты әрбір руға тән ортақ деп қараған жөн). Әрбір рудың ішінде аға баласы болады. Мысалы, он екі ата Байұлында аға баласы, үлкені – Шеркеш. Алты ата Әлімұлындағы аға баласы, үлкені – Жақайым. Осы жерде төрге отырғызу салты бойынша он екі ата Байұлының, алты ата Әлімұлының, Жетіруінің өз ішінде де жоғарыда аталған заңдылықтың сақталғанын көреміз.

         Осы «төр» ұғымына қарама-қарсы «босаға» ұғымы бар. Сөздікте: «Босаға зат. 1. есіктің екі жақтауы. 2. Төрге қарама-қарсы, есікке жақын жер»,- мағынасында берілген [4, 20]. Егер адамның (қонақ) төрде жолы мен жасына, атағы мен дәрежесіне қарай орналасуы және олардың оңы мен солынан орын алуы, сондай-ақ, төрге жасы үлкен, құрметті, сыйлы адамдардың отыруы, ал босағаға жасы, жолы кіші немесе сол үйдің балалары мен келіндердің отыруы немесе қонақтар қолына су құю т.б. дәстүрі, қазіргі тілімізбен айтқанда, проксемика ұғымы - халқымыздың бұлжымайтын дала заңына негізделген. Осы орайда, «босаға» таңбасының қатысуымен жасалған «Қоңырат болсаң, босағаң берік болсын!» деген нақыл сөзді проксемика ұғымымен байланыстырып, қоңырат руының «босаға» таңбасы арқылы жерге, қонысқа, тұрақты мекенге деген орналасу тәртібін  анықтауға болады.

         Жалпы, ру, тайпа таңбаларының берілуіне мән берсек, рулар арасындағы өзара қарым-қатынасы арқылы олардың кеңістіктегі орналасу  тәртібін, қазіргі тілімізбен айтқанда, кинесика-проксемикалық ұғымынан да аңғаруға болады.  Мысалы, Билер институтының түп атасы болған Майқы би туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Ел аузындағы аңыздың  айтуынша, халықтың санасына сәуле түсірген «нұртаңбасын» – қазақ үш жүзінің бас таңбаларын тасқа қашаған сол кісі екен дейді. Үйсіндердің нысаны – Ту, арғындардың  нысаны – Көз, алшындардың нысаны – Найза содан қалса керек» [5, 273], - дегендей, үш жүздің таңбалық көрінісінен олардың кеңістіктегі орналасуын, қарым-қатынасын көрсетсе, ал кейбір ру, тайпа таңбаларында кинесика амал-тәсілі  арқылы да берілуі мүмкін. Мысалы, Кіші жүздің он екі ата Байұлы құрамындағы әрбір рубасына таңбаны үлестіру туралы шежіре деректерінде: «Ертеде он екі ата Байұлының әрбір руына таңба берген Байдың бәйбішесі Жәмби шешеміз делінеді. Балаларын, немерелерін шақырып, жинап алып, марқа құлынның сіргесін ұрғызып сындыртады (ол кезде құлынға сірге тағатын болған ғой). Сіргенің әрбір сынығын әрбір рубасына таңба етіп үлестіріп береді. Сірге онға бөлінеді де, екеуіне таңба жетпей қалады. Олар таңба сұрап, кетпей, шешемізді ренжітеді. Кемпір ашуланып:

         - Біреуіңе қазанымның құлағы, біреуіңе бұтымдағы тылағым,- дейді. Адай таңбасы сол тылағы болса керек» [6, 26],- дейді.  Осы жерде Адай руына жетпей қалып, кейін аталған тілік таңбасы Жәмби шешеміздің көңіл-күйінен туындаған факторға байланысты болса керек.

         Вербалды, әсіресе, вербалсыз амалда мінез-құлық пен қарым-қатынас – үнемі динамикалық (өзгермелі, ауыспалы) күй кешетінін ескерсек, ру, тайпа таңбалары бойында тілден тыс этномәдениеттік ерекшеліктері туралы  белгілі рөлдік дәрежеде ақпарат береді. Осы тұрғыдан келгенде, кинесика мен проксемикалық амалда таңбаның қасиетінен, мағынасы мен мазмұнынан адамның мінез-құлық, жүріс-тұрысын, бір-біріне деген көзқарасын, қай топқа жататындығын, сөйлеу әрекетіндегі туыстық, жақындық  деңгейін т.б. анықтауға болады. Олай болса, адамдар ру, тайпалардың «таңбалық белгілерін» көзімен көріп, қолымен ұстап, таным, ой-түсінігінде қалыптастырып,  уақыт өте келе таңбалар сол ортада өмір сүрген ру, тайпаның рухани және материалдық мәдениетінің дамуына және оның кеңістікте орналасуы мен арақашықтық арасындағы адамдардың қарым-қатынас кезінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті заттарды қолданудағы кеңістіктегі рөлін вербалды және вербалсыз қызметіне әсер етіп, оның лексикалық жүйесінде көрініс табуына ықпал етсе керек.        

Қорыта  келгенде, ру, тайпалар таңбаларының шығу тегін, мағынасын, олардың динамикалық бірігуін, бөлінуін және оның берілуі (ат қойылуы) мен кеңістікте орналасуын, эмоциялық және сөйлеу әрекетіндегі вербалды және вербалсыз қызметін («эмоцияның вербалдануын») этно,- лингво,- метамәдени және психолингвистикалық тұрғыдан қарастыруда, олардың туысқандық жүйе аясында бір-бірімен алмасып қана қоймай, таңбалар (символ-маркер) рулардың бір тұтастық, кейін қазақ халқының ұлт болып қалыптасу, бірігу, қалыптасу идеясына да негіз болса керек.

 

 

РЕЗЮМЕ

 

В статье рассматриваются метки казахских этнонимов, важных признаков сплоченности казахского народа в основной идеи формирования и  консолидации нации через элементы вербальной и невербальной коммуникации.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасының лингвокогнитивтік аспектілері. А., 2006, 70-86-б.

2. Ешимов М. Қарым-қатынастағы кинесика-проксемикалық амалдар //
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. А., 2009. № 4 (120), 191-195-б.

3.  2010 жылы Интернет сайтынан алынды.

4. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. А.,1997, 20-б.

5. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. А., 2003, 273-б.

6.  Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. А.,1994, 26-б.

 

 

 

Манасбай  Қожанұлы

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Қазақстан

010 000, Астана қаласы

2-а ш/а, 8-үй, 5-пәтер

үй тел.: 8-7172-36-50-38

ұялы тел.: 8-701-444-57-57