ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ОРАЛЫМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ

Рахметова Малика Гайратовна

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің магистранты

ОҚПУ, Шымкент қ.

         

Кемінде екі сөздің тіркесімен жасалған, мағынасы біртұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік единица, әдетте, фразеологиялық оралым деп аталады. Фразеологиялық оралым тілде басқа единицалармен, атап айтқанда, бір жағынан, сөзбен, екінші жағынан , еркін сөз тіркесімен, шектесіп жатады.

Фразеологиялық оралым мағына тұтастығымен сипатталады. Оның
өзіне ғана тән, меншікті мағынасы бар және ол мағына фразеологиялық
оралымды құрастырушы сыңарлардың мағыналарына тәуелсіз, өздігінен
өмір сүреді. Фразеологиялық оралымның мағыналық тұтастығы, оның
семантикасы       құрастырушы      сыңарлардың мағына жиынтығына сәйкес келгенде де сақталынады /1/.

Фразеологиялық оралым тұрақты қасиетімен сипатталады. Оның тұрақтылық қасиеті мынадан көрінеді: фразеологиялық оралым бүтіннің бөллшектері ретінде үғынытатын, өз ара тығыз байланысты сыңарлардан (сөздерден) қүралады да, ол сыңарлар бірінен кейін бірі әбден қалыптасқан тәртіппен орналасады, басқа сөздермен ауыстырылмайды, қалыптасқан орын тәртібі өзгермейді. Мысалы; сақалын сипап қалу деген тұрақты тіркестің құрамындағы сөздердің орнын ауыстырып айтуға немесе оның ішіндегі бір сөздің орнына басқа бір сөзді қолданып, мысалы, мұртын сипап қалу деп айтуға болмайды. Сондай-ақ, мұртын балта шаппайды деген тұрақты тіркестің кұрамындағы мұрт деген сөздің орнына сақал немесе балта деген егер бұлай етіп өзгертсек  олар тұрақты тіркес болудан қалады немесе тіптен мағынасыз, түсініксіз болып шығады. Құрамы мен сыңарларының орын тәртібінің тұрақтылығы жағынан фразеологиялық оралымдар жеке сөздердің құрамындағы морфемалардың орын тәртібін еске түсіреді. Орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н .М. Шанский сөздің морфемалық құрамының тұрақтылық сипаты қандай болса, фразеологизмнің құрамының және сыңарларының (компоненттерінің) орын тәртібінің тұрақтылық сипаты да сондай деп есептейді /2/.

Академик В.В. Виноградов фразеологиялық единицаларды бүтіндей фразеологизмнің бір тұтас мағынасы мен оны құрастырушы сыңарлардың мағыналарының ара қатынасы тұрғысынан фразеологиялық тұтастық, (фразеологическое сращение), және фразеологиялық тізбек (фразеологическое сочетание) фразеологиялық бірлік (фразалогическое единство) деп үш түрге бөлінеді. Орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н.М.Шанский аталған классификацияны қолдай келіп, фразеологиялық оралымдардың төртінші түрі фразеологиялық сөйлемше (фразеологическое выражение) деп есептелді. Енді фразеологиялық оралымдырдың аталған түрлерінің әрқайсысына тоқталайық.

1.Фразеологиялық тұтастық. Семантикалық жақтан бөлініп ажыратылмайтын, бір тұтас мағынасы сыңарларының мағынасымен жұптаспайтын ( байланыспайтын) фразеологиялық оралым фразеологиялық тұтастық деп аталады. Фразеологиялық тұтастықтың құрамындағы сыңарлар (сөздер) бір-бірімен біте қайнасып, өз ара тұтасып, бітісіп кетеді де, бүтіндей тіркесіп семантикалық жақтан бөлінбейтін, бір тұтас единица ретінде танылды. Мысалы, орыс тілінде во есю ивановскую (бар дауысымен, өте қатты), собоку съел ( бірдеме жайында үлкен тәжірибе алған, өте шебер болып алған), очертя голову (ойланбастан, қалай болса солай), бить баклуши (бостан-бос сенделу) , қазақ тілінде жүрек жалғау (аздап тамақтану), жүрек жұтқан немесе жүрегінің түгі бар (өте батыл, ештемеден қорықпайтын) , ит өлген жерде (өте алыста, шалғайда), қол қусырып (бостан-босқа), аузы-мүрны қисаймастан (ұялмастан, шіміркенбестен) деген фразеологиялық тұтастықтардың білдіретін мағыналары осы тіркестерді құрастырушы сыңарлардың (сөздердің) магыналарынан келіп тумайды, олармен (сыңарларының мағыналарымен) мүлдем жанаспайды, байланыспайды.

Фразеологиялық тұтастықтар мүлдем ажыратылмайтын мағыналық бірлікте болады да, осыған орай, жеке сөздердің экғвиваленті ретінде қызмет атқарады. Мысалы; қол қусырып - бостан-бос: мойны жар бермеу немесе кежегесі кейін тарту- еріну, жалқаулану: қас-қаққанша немесе қас пен көздіц арасында-лезде, жылдам және т.б.

2. Фразеологиялық бірлік. Фразеологиялық оралымдардың бұл түрі де - фразеологиялық тұтастық сияқты, семантикалық жақтан бөлінбейтін, бір тұтас (бүтін) единица. Фразеологиялық бірліктің фразеологиялық тұтастықтан айырмасы мынада; фразеологиялық тұтастықтың бір бүтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарымен мүлдем жанаспайтын болса, фразеологиялық бірліктің бөлінбейтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарының бүтіннің бір тұтас келтірінді мағынасына ұласуы нәтижесінде пайда болады. Фразеологиялық бірліктің бір тұтас туынды мағынасына оны кұрастырушы сыңарлардың бәрінің де, әрине, қатысы бар бірақ бұл қатыстылық тікелей емес, жанама түрде болады.

З.Фразеологиялық тізбек. Фразеологиялық оралымның
бұл түрі ерікті мағынасындағы (свободное значение) сөзбен
фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөздің тіркесінен жасалып,
өзінің даяр қалпында, тіркескен күйінде жұмсалады. Фразеологиялық
тізбектің қатарына орыс тіліндегі щекотливый вопрос, шекотливое
положение, закадыный друг, трескучий мороз, расквавить нос тәрізді
түрақты сөз тіркестерімен қазақ тіліндегі мидай дала, асқар тау, шалқар
көл, тас қараңгы, ата мекен, ата жау, аталы сөз, бел сала, су жаңа,
қыпша бел тәірізді тұрақты сөз тіркестері енеді. Фразеологиялық сөз
тіркестерінің кұрамындағы ерікті мағынасындағы сөз алуан түрлі
сөздермен тіркесіп жұмсалуға икемді болса, фразеологиялық байлаулы
мағынасындағы сөз бір не бірен-саран сөзбен ғана тіркеседі. Мысалы;
мидай дала, шалцар көл деген фразеологиялық         тізбектердің кұрамындағы дала және көл деген сөздер әр түрлі сөздермен тіркесіп жүмсала берсе (мысалы; жазық дала, кең дала, үлкен дала, терең көл, үлкен көл, кішкене көл және т.б.), фразеологиялық байлаулы мағынасындағы мидай сөзі дала сөзімен, шалқар сөзі көл немесе шабыт (шалқар шабыт) сөзімен ғана тіркеседі.

Фразеологиялық тізбектің күрамындағы фразеологиялық байлаулы мағынасындағы өз сөз өзімен синонимдес сөзбен ауыстырылуы мүмкін. Мысалы; асқар тау- биік тау, қыпша бел- жіңішке бел, мидай дала — жазық дала және т. б. Фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөз өзімен мәндес (синонимдес) сөзбен ауыстырылғанда, еркін сөз тіркесі жасалады да, ондай тіркес фразеологиялық  тізбекпен бір синонимдік қатарға енеді.

4. Фразеологиялық сөйлемше. Фразеологиялық оралымның бұл түрі мағынасы ерікті сөздердің тіркесінен күралады да, бірақ құрамы мен қолданылуы тұрақты болып келеді. Мысалы; Айдағаның екі ешкі, ысқырығың жер жарады. Шегірткеден қорыққан егін екпес; Көрпеңе қарап көсіл; Бас білген өгізге өк деген- өлім; соғыс өртін тұтандырушылар; жоғарғы оку орны; социалистік жарыс және т.б./3/.

Фразеологиялық оралымдардың ішінде құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да тілдің коммуникативті единицасы- сөйлемге сәйкес келетіндері бар. Бұлар мақалдар мен мэтелдер жэне қанатты сөздер. Мақалдар мен мәтелдер жэне қанатты сөздер фразеологизмдердің қатарына жатқызылғанда, олардың сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпында жұмсалынатыны; құрамының тұрақтылығы ескеріледі.

Мақалдар көбінесе екі бөлімді болып келеді, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтылады. Мысалы; Кең болсаң, кем болмайсың; Әзіл айтсаң да әділ айт; Түз астың дәмін келтірсе, макал сөздің дәмін келтіреді; және т.б. /4/.

 

Әдебиеттер

 

1.     К.Аханов «Тіл білімінің негіздері»  -Алматы, 2003ж.

2.     Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев «Қазіргі қазақ  тілінінің  лексикоглогиясы  мен фразеологиясы» - Алматы «Санат»  1997ж.

3.     Г.Смағұлова  «Мағыналас     фразеологизмдер  сөздігі» Алматы 2001ж.

4.     З.Ахметова  «Терминдер сөздігі» Алматы 1998ж