Алматы облысы электр энергетика шаруашылығының ЭКОЛОГИЯЛЫҚ жағдайы

 

п.ғ.магистрі Абикбаев Е.Р.,  студенттер: Исақова А.Қ., Усербаев А.Ғ.,  Абильдаева А.Ж.,  Абдырахманова А.И., Сарбасов Қ. А.

  

Шаруашылықтың аса маңызды салаларының бірі – электр энергетикасы. Электр энергетика шаруашылығы Қазақстан ауыр өнеркәсібінің техникалық прогресті анықтап, техниканың барлық түрлерін қозғалысқа келтіретін ең жетекші саласы болып табылады. Бүгінгі өмірді электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Ал зауыттар мен фабрикаларда электр қуатының бірер сағатқа үзілуінің өзі үлкен дүрбелен тудырып жатады. Өйткені, олардағы кез келген өнімдер мен тауарлар электрдің қатысуымен әзірленеді. Сондықтанда Қазақстан Республикасы электр энергетика шаруашылығын үнемі дамытуға зор көніл бөліп келеді (1).

Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміздегі электр энергетикасының дамуы оны нарық қатынастарына бейімдеу мәселесімен тығыз байланысты болғаны белгілі. Алғашқы реформалық шаралар 1995 жылдың соңында Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Электр энергетикасы туралы» Жарлығы жарияланғаннан кейін нақты қолға алынды. Осы саладағы жекешелендіру мен қайта құрылымдауды, электр энергетикасы нарығын одан әрі дамытуды жүзеге асыру үшін Үкімет арнайы бағдарламалар қабылдады.

Қабылданған шешімдерге сәйкес қуат өндіретін ірі электр станциялары стратегиялық инвесторларға сатылса, өнеркәсіптік мақсаттағы жылу энергия орталықтары ірі кәсіпорындарға берілді. Ал жалпы мақсаттағы жылу энергия орталықтары жеке компанияларға сатылды немесе коммуналдық меншікке тапсырылды.

Осы тұста Үкіметтің өңірлерге электр қуатын тасымалдайтын ірі электр желілерін ұлттық жүйе ретінде өз қолында ұстап қалуы өте дұрыс шешім болды. Осының негізінде электр желілерін басқарудың қазақстандық компаниясы («КЕГОК» АҚ) құрылды. Ал облыстар ішіндегі электр қуатын тарату желілерінің негізінде өңірлік электр компаниялары пайда болды.(2)

Алматы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан алынған мәлімет бойынша облыста 316 мВт электр энергиясы өндіріледі. Бір қарағанда, жеткілікті сияқты көрінгенімен, өзімізді өзіміз қанағаттандыруға шамамыз жетпейтіні жасырын емес. Өйткені, дәл қазіргі кездегі облыстағы жалпы тұтынылатын электр қуатына деген ең жоғарғы сұраныс деңгейі – 625 мВт. Өзімізде өндірілетін электр қуаты қажеттіліктің жартысын ғана жабады. 309 мВт-ты сырттан, яғни, еліміздің солтүстік облыстарынан, Жамбыл ГРЭСі-нен, Орталық Азиядан сатып аламыз. Осыған орай, өзіміздің энергия көздерінің жетіспеушілігінен электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты әрекетіміз сыртқы энергия көздеріне тәуелді. Сырттан әкелінетін электр қуаты бізге жеткенше еселеп қымбаттап кететіндіктен, дәл қазіргі кезде Алматы облысындағы оның бағасы басқа аймақтарға қарағанда анағұрлым қымбат. Сонымен бірге, сырттан келетін электрды тасымалдайтын желілерде немесе «КЕГОК» АҚ электр желілерінде апаттық жағдайлар болған кезде облыстың аудандарында әртүрлі мерзімді электр қуатының болмай қалу жағдайы тіркелетіні де рас. Сонымен бірге электржелілік компаниялар электр энергиясының тапшылығына байланысты жаңа нысандарды электр желісіне қосуға рұқсат бермей жатады. Бұл – өз кезегінде облыс экономикасының дамуына кері әсерін тигізетіні де шындық.

Мемлекет тарапынан Қазақстанның оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты маңызды шаралар қабылдануда. Біздің республикада 2006 жылдан бері «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» деп аталынатын бағдарлама жүзеге асуда. Осы бағдарламаға сай қазір Электр торларын басқару бойынша Қазақстандық «КЕГОК» компаниясы акционерлік қоғам басшылығымен «Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік 500 кВт транзиті» жобасы жүргізілуде. Жобаның мақсаты – елдің оңтүстік аудандарын электрмен қамтамассыз ететін жаңа электр энергиясы желісін жасау болып табылады. Жүйені жүзеге асыру арқылы солтүстік – оңтүстік бағыты бойынша электр энергиясын транзиттеудің қуаты мен жеткізу мүмкіндігін 4,5 млрд кВт сағаттан (630 мегаватт) 7,5 млрд кВт сағатқа (1350мегаватт) арттыруға болады. Құрылыс 2009 жылы іске қосылды (3).

Сонымен қатар, «Мойнақ» су электр станциясының құрылысы Райымбек ауданының аумағында жоспарлы түрде, өз талаптарына сай жүргізіліп келеді. Жаңа ғасырдың жарқын сыйы, ұшқыр уақыттың еншісі іспетті – «Мойнақ» су электр станциясы туралы бірер сөз. Неше ғасыр, сан жылдар арнасымен жайымен ғана ағып жатқан Шарын өзенінің бұғауланып, 15 шақырымға созылатын, тереңдігі 100 метрге дейін жететін көлді құрап, 9 шақырым жерасты жолы арқылы қуатты жарық көзін тудырып, қайтадан өз арнасына, өз ағысына түсер күні алыс емес. Бұл «Бестөбе» су қоймасы деп аталатын бөгеттің биіктігі 94 метр, ұзындығы 500 метрге жетеді. Су қоймасынан қажет кезінде Шарын шатқалына қарай су жіберуге арналған 500 метрлік жерасты су жолының құрылысы толығымен біткен. Қазір 9 шақырымға созылатын жерасты су жолын салуға бағытталған, тасты жарып, жерді үңгіген үлкен жұмыс жалғасып жатыр. Жер астын ұңғылау алғаш 10 жерде қолға алынса, қазір үшеуі біріктіріліп, 7 жерде жалғасуда. Мұнда Қытайдан 260 азамат, өз республикамыздан үш жүзге тарта азамат еңбек етуде. Мойнақтағы су электр станциясы дүние жүзінде Швейцария, Қытайдан кейін жер астын ұңғылау әдісімен салынып жатқан үшінші су электр станциясы. 9 шақырым 231 метрді құрайтын жерасты су жолымен келетін арынды өзен 300 мегаватт қуат қөзін тудырады. Орташа есеппен жылына 1 млрд. 27 миллион киловатт электр өнімін шығаратын болады. Бұл ғасыр құрылысына Қазақстан Даму банкі арқылы 50 миллион, Қытай мемлекеттік Даму банкі арқылы 200 миллион АҚШ доллары бөлініп, игерілуде (4).

Балқаш жылу-энергетикалық станциясы құрылысының бірінші кезеңнің іске қосылуы 2016 жылға жоспарланған. Жалпы қуаты – 2 640 мВт. Құрылыстың құны 4 700 млн. Доллар болатын бұл жобаның мемлекеттік үлесі – 25 пайыз, жеке инвесторлар үлесі 75 пайызға жоспарланып отыр.

«Алматыда әрбір мекеме энергия үнемдеуші шамдарға көшіріледі» деген сөздің құлағымызды жауыр қылғанына биыл үшінші жыл. Қалалық әкімшіліктің мәліметіне сүйенсек, «Алматы қаласы бойынша энергия үнемдеудің 2007-2016 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қолға алынған шараларды 2009 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген болатын. Алайда, қала басшысының тапсырысына сәйкес, аудан әкімдері мен атқарушы орган жетекшілеріне жыл соңына дейін қалалардағы барлық нысандардағы шамдарды жарық үнемдеуші шамдарға ауыстыру міндеті толығымен орындалған жоқ деуге болады. Айта кетейік, 2007 жылы елімізде «Энергия үнемдеу бағдарламасы» болатын. Осыған орай, алғашқы болып «оңтүстік астананың» әкімшілік ғимаратындағы шамдар 2009 жылдың мамыр айында біріңғай ауыстырылған болатын. Нәтижесінде, әр жылдың қорытындысымен салыстыра қарағанда 494 мың кВт/сағ. Жарық аз жұмсалыпты (5). «АлматыЭнергоСбыт» Алматы және Алматы облысы энергокешенінің бір бөлігі болып табылады. «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы мейлінше төменгі бағалар бойынша электр энергиясын сатып алу үшін жауап береді. Бүгінде компания Алматы қаласы мен Алматы облысының 2,3 миллион тұрғыны мен 400 маманға жұмыс тауып беріп отырған 21 мың кәсіпорынды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Біздің ойымызша, электр және жылу станцияларын салу мен жаңартуға қаржы тартудың ел ішінде қосымша мүмкіндіктер бар. Мәселен, мақаламызда айтылып кеткендей, еліміздегі қуат өндіретін ірі электр станциялары стратегиялық инвесторларға сатылған тұстары кейбір станциялар ірі кәсіпорындардың басқаруына берілген болатын. Енді Үкімет жаңа қуаттарды салу, ескілерін жаңғырту мақсатында жан-жақтан инвестициялар қарастырып жатқан тұста сол кәсіпорындар электр станцияларының қызметін тегін пайдаланып, Үкіметтің мақсатты инвестициялық бағдарламаларына өз үлестерін қоспай тыныш отыра бермек пе? Демек, осы кәсіпорындарды Үкіметтің электр энергетикасы саласындағы инвестициялық бағдарламаларына қатыстыру керек немесе олардың басқаруына тапсырылған электр станцияларын қайта қайырып алып, оларды жеке инвесторларға сатудан түскен қаржыны жаңа станцияларды салуға жұмсау керек. Міне, осындай пікірді біз бірқатар мамандардың аузынан естіген едік. Сондай-ақ, Қазақстанның электр энергетикасы саласында әлі игілікке айналмай келе жатқан ресурс көздері баршылық. Соның бірі босқа ағып жатқан өзендеріміз. Мамандардың айтысына қарағанда, осы өзендер сағасынан 120 су электр станциясын салуға болады. Ал олар арқылы өндірілген электр қуаты қазіргі қажеттіліктің тең жартысын өтей алады. Әрі су электр станциялары экологиялық таза өндіріс түріне жатады. Трубиналар ағып жатқан судың күшімен тоқтаусыз әрі тегін айналатындықтан онда өндірілген қуат көзі де арзанға түседі.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. – 2003ж.

2.     Темірбаев Д.Ж. Жылу электр станцияларын жобалау: оқу құралы / Д.Ж. Темірбаев. – Алматы: АЭЖБИ, 2007ж.86 б.

3.     Алматы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының интернет сайты.

4.     Болат Абаған. Мойнақ іске қосылса энергетикалық тәуелдіктен құтыламыз ба? // Егемен Қазақстан газеті. – 2009ж. – 16 қараша.

5.     Ахметов Е.А. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы пәнінен дәрістік курсы. – Алматы, 2007ж.