А.Г. Хапарова, магистрант, А.М. Қазамбаева,
э.ғ.к., доцент
Жәңгір хан атындағы Батыс
Қазақстан аграрлық-техникалық университеті,
Қазақстан
Батыс Қазақстан облысында ауыл
шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жүзеге асырылуы
Еліміздің аграрлық саласы жыл өткен сайын
қарқынына қарқын қосып, дамып келеді.
Халықты сапалы азық-түлікпен, ішкі нарықты
отандық ауыл шаруашылығы тауарларымен толық қамту
бағытындағы жұмыстар өз жемісін беруде.
Сондай-ақ, экcпорттық әлеуетті арттыру мәселесінде де
бірқатар жоспарлар жүзеге асырылуда. Ауыл жағдайын
жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстардың
жүргізіліп жатқандығын айтуға тиіспіз.[3]
Ауылдағы шағын несиелендіру
мемлекеттің аграрлық секторды қолдаудағы басым
бағыттарының бірі және Ауыл шаруашылығын қаржылай
қолдау қорының негізгі маманданған шаруасы болып
табылады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»
АҚ ауылда тұрып шаруасын жүргізіп, тұрмысын
көтергісікелетіндердің сенімді серігіне айналды. Ол мал сатып
алуға, бау-бақша салуға ниеттенгендерге, халыққа
тұрмыстық қызмет көрсетумен, шағын
кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге бастапқы
қаражат алуға мүмкіндік береді. 2010 жылдан бастап
жүзеге асырыла бастаған ет жобасының негізгі
құрамдас бөлігін құрайтын «Сыбаға»
бағдарламасы аталған қордың да неғұрлым ірі
бағдарламаларының бірі болып табылады. Қордың несие
портфелінің 40 пайыздан астамы осы бағдарламаның
үлесінде.
Жыл көлемінде 18,9 мың сиыр сатып алу жоспарланса, нақты
нәтиже бұдан да асып түсіп, қор қаржысына 28,7
мың аналық мал, 1,7 мың асыл тұқымды
бұқа сатып алынды. Бұған жұмсалған
қаржының 3 миллиард теңгесі – бюджет қаржысы
да, 1,8 миллиард теңгесі қордың өз қаржысы.
Мұның сыртында 1 миллиард теңге несие есебінде «КазАгродан»
тартылды. Міне, осы қаржылар 1,6 мыңнан астам фермер мен шаруа
қожалығының сиыр мен бұқа сатып алу
жөніндегі өтініштерін қанағаттандыруға
мүмкіндік берді.
Қор
«Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған екі
жылдың ішінде бүтіндей алғанда 1615 өтінішті
қаржыландырды. Бұған 55038 аналық мал, 2397 асыл
тұқымды бұқа сатып алынды.
Қордың
Батыс Қазақстан облысындағы филиалы 2005 жылдан бері
облыстың шаруаларына несие бере бастады. Бастапқыда 60 мың
теңгеден басталған несие 130, 260, 400 мың теңгеге
жетсе, кейіннен жеке тұлғалар несиені миллион теңгеден алатын
болды. Бара-бара бір жолғы несиенің көлемі шаруа
қожалықтарына 12 миллион теңгеге жетті. Әсіресе,
қаржылай қолдау қорының «Сыбаға» бағдарламасы
мал өсіретін шаруалардың тынысын кеңейтті. «Сыбаға» тек
мал өсіретін, соның ішінде етті бағыттағы
түліктерді өсіруге беріледі. Елбасымыз ауылда тұратын
халықтың тұрмысын көтерудің бір жолы –
олардың мал басы санын көбейту, шағын кәсіпкерлікпен
шұғылдануға барынша жағдай туғызу міндетін
алға қойғаны белгілі. Малдан алынатын өнімді
экспорттқа шығару міндеті де Президентіміздің Жолдауында
көрсетілген. «Сыбағаны» екі жылдың ішінде мал өсіремін
деген жеке кәсіпкер, шаруа қожалығы, фермерлер,
серіктестіктер ала алады. Ол банк беретін несиелерден әлдеқайда
жеңіл әрі тиімді. Өйткені ол бір миллион теңгеден
бастап 18,0 млн. теңгеге дейін жеті жылға дейін мерзімге беріледі. Үстіне
қосылатыны – алты пайыз.[2]
Өткен
жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 74 шаруа осы
бағдарламаның несиесіне қол жеткізген. Оларға 493,7
млн. теңге қаражат тиіпті. Сол 74 шаруа 2866 бас аналық мал
мен 101 асыл тұқымды бұқа алған. Сосын әр
сатып алынған аналық малға 12 мың теңге, әр
бас малға азығын дайындауға деп 4,5 мың теңге,
жалпы мөлшері 16,5 мың теңге демеу қаржы беріледі.
Батыс
Қазақстан облысы қазақтың ақбас
тұқымды сиырының отаны екені баршаға аян. Түрлі
қиындықтардың кесірінен ол тұқымды әрі
қарай көбейтіп, асылдандыру соңғы жылдары кенжелеп қалғаны
жасырын емес. Енді мынау «Сыбаға» бағдарламасы аталмыш
түліктің бағын жандыруға бірден-бір себепші болмақ.
Оның үстіне соңғы екі-үш жылдағы
қатты қуаңшылық егіннен ойдағыдай өнім
алдырмай, шаруаларды қинап жіберді. Бүгінде диқандар
жаздық дақылдардың егістік алқабын
қысқартуға мәжбүр болуда. Енді соның
есесіне мал шаруашылығын өркендету алдыңғы орынға
шығатыны өзінен өзі түсінікті. Ал мал
шаруашылығымен айналысуға облыста мүмкіндік бар.
«Сыбағаның»
талабы қатты, берілген несиеге тек аналық мал мен
тұқымдық текті бұқа алынуы керек. Ол малдар тегі
мен тұқымына байланысты қатаң есепке алынып, әрі
қарай жүргізіліп отырады. Сосын ол малдан алынатын өнім,
яғни түліктің есебі қатаң жүргізіледі.
Бұдл жерде өткен жылы «Сыбағамен» малды болғандар биыл
олардан бұзау алды. Оларды да қатаң есепке алып, жасын,
жынысын, салмағын жіпке тізіп, келешекте бордақылауға
өткізіп, етке экспортқа жіберуге әзірлейді.
Сонымен,
«Сыбағаның» алғашқы 2 жылы көңілге сенім
ұялатты, талаптанған шаруаның қорасын
«тықырға» толтыратынын дәлелдеді. Ендеше, алдағы
уақытта «Сыбағадан» үлес алатындардың қатары
бұрынғыдаданда көбейе берсін.
Қолданылған
әдебиеттер:
1.
Кемел М. Қолдау барлық салаға керек тәсіл //
Айқын. – 2012. – 17 қазан. – Б.6
2.
Қыстаубаев Е. «Сыбағаның» арқасында шаруаның
қорасында «тықыр» көбейді // Орал өңірі. – 2012.
– 30 қазан. – Б.9
3.
Мустафаева Б. Ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы
және даму бағыттары // Қазақстанның ғылыми
әлемі. – 2012. – № 3-4. – Б.293