Қуантқан Б., э.ғ.к.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақстан

САЛЫҚ САЛУДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛДАРЛАРЫ

Нарықтық қатынастары дамыған елдерде салықтар экономика мен әлеуметтік хал-аһуалын тұрақты дамытудағы реттеушілік қасиеттері бюджеттік қатынастар мүмкіншілігіне тікелей басқару әдістері ретінде қолданады. Салықтардың көмегімен мемлекет қоғамдық игіліктер мен ресурстар арасындағы, оларды қанағаттандырудағы салыстырмалы тепе-теңдікке қол жеткізіледі. Салықтар мемлекеттің әртүрлі даму бағдарламасының даму мүмкіншілігіндегі қаржылық қамтамасыз ету және азаматтардың табыстарының деңгейін теңестіру мүмкіншілігіне ие болады.

Сондықтан да, қоғамның даму үрдісінде әлеуметтік-экономикалық жүйедегі салықтардың атқаратын рөлі күн өткен сайын жаңа нысанға айнала отырып, артып келеді. Бұл әсіресе жаһандану жағдайындағы экономикадағы өрлеу кезеңдеріне тән нәрсе, өйткені салық салу жекелеген тұлғалардан бастап мемлекетке жеткенге дейін оның барлық деңгейіндегі әлеуметтік үрдістерге әсер ете алатын бірден бір макроэкономикалық құрал болып табылады. Бұдан да басқа, халықаралық экономикалық қарым қатынастардың ұлғаюуына байланысты салық жүйесі белгілі бір жекелеген елдердің ішкі жұмысы болудан қалды. Осылайша, салық салудың бір жағынан шаруашылық байланыстарға терең бойлауы, екінші жағынан оның жалпылығы қазіргі кезде салықтардың атқаратын рөлінің жан-жақты қанат жаюына жағдай жасап отыр [1].

Әлеуметтік сала қоғамдық ұдайы өндіріс үрдісінің дамуына, оның ішінде экономикалық өсуге ықпалы зор. Әлеуметтік сала – әлеуметтік үрдістің тікелей қатынасушысы болып табылатын адам факторының объективті қажеттілігін қанағаттандыратын қоғамдық институт болып табылады. Әлеуметтік саланың қызметін тұтыну арқылы адами капиталдың қалыптасып дамуы қоғамның үзіліссіз даму үрдісіне тікелей ықпалын тигізеді.

Салық салудың әлеуметтік салдарлары оның шаруашылық жүргізуші субъектілер мен халықтың әлеуметтік жағдайларына оң немесе керісінше теріс әсер ететіндігін көрсететін бірден бір көрсеткіш және салық жүйесін үнемі жетілдіріп отыруға негіз болатын маңызды фактор болып табылады. Салық жүйесінің көмегімен мемлекет субъектілерге шаруашылық жүргізудің және қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің жағымды жағдайын жасауы немесе оны тежеуі мүмкін.

Салық жүйесінің азаматтардың материалдық және әлеуметтік жағдайына екі жақты әсері бар: жағымды және жағымсыз. Жағымды жағы сол, заңды және жеке тұлғалар төлеген салықтар бюджет пен бюджеттік емес қорларға  жинақталып,  олар қайта бөлініп, көп бөлігі тұрғындардың кейбір бөлігіне (зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы аналар, балаларға) жәрдемақы ретінде беріледі және халыққа түрлі қоғамдық қызметтер көрсетіледі.

Жағымсыз жағы үш бөліктен тұрады. Біріншісі, табысы төмен жеке тұлғалардың салық төлеуі (жеке табыс салығы мен ҚҚС) олардың материалдық жағдайына кері әсерін тигізеді, екіншісі, жеке кәсіпкерлердің салық ауыртпалығының жоғары болуы олардың кәсіпкерлікпен айналысуға деген қызығушылығының төмендеуіне әкеледі, соңғысы, барлық коммерциялық ұйымдар мен кәсіпорындар еңбек ақы қорынан салық төлейді, соның салдарынан олардың өз жұмысшыларына төлейтін еңбек ақысын қажет мөлшерде төлеу мүмкіндігі азаяды.

Егер, салық жүйесі жеткілікті түрде жетілдірілген болса, онда кәсіпорынның қызмет етуіне дұрыс мүмкіндік жасалады. Салықтың мұндай қызметін ынталандырушы, сондай-ақ, ұдайы өндірістік мақсаттағы функция  деп атауға болады. Фискалды артықшылығы бар салық саясаты арқылы  бюджеттік ресурстар өндірістік емес саланы дамытуға, ғылыми, мәдени және басқа қоғамдық-әлеуметтік аяның қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалады. Жаһандану жағдайында мемлекет шаруашылық және әлеуметтік салалардағы әкімшілік қызметімен айналыспайды. Бұл үрдісстерді басқару көбінесе реттеу функциясы арқылы жүзеге асырылады. Салық жүйесінің реттеуші функциясы коммерциялық ұйымдардың қызметінде маңызды рөл атқарады. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызмет етуінің тиімділігі ондағы жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысының жоғарылауына мүмкіндік береді, ол сәйкесінше орта топ өкілдерінің қалыптасуына  әкеледі, ұлттық экономиканың дамуына оң әсер береді.

Салықтық құралдың реттеуші рөлі экономиканың дағдарыс жағдайында өте ерекше. Салықтың фискалдық қызметін дамытумен шектелу мүмкін емес. Салық өнім өндірушілердің еркін шешім қабылдауына мүмкіндік беруі тиіс. Дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы болып өндірісті ынталандыру табылады. Ал, өндірісті ынталандыру елдегі шағын және орта бизнесті дамытумен тікелей байланысты. Әлемде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау ең алдымен салықтық жеңілдіктер  берумен іске асырылады. Бұл орайда, Қазақстан Республикасында шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық салу режимі жүзеге асырылады. Дегенмен, салықтық жеңілдіктердің көп мөлшерде болуы тиімді емес. Біріншіден, салық жеңілдіктері барлық салық төлеушілерінің теңдігі принципін бұзады, өйткені бұл жеңілдік берілген салалар басқаларға қарағанда артықшылықта болады. Екіншіден, салық жеңілдіктері есептеу механизмін қиындатады, ал бұл түрлі қателіктер мен түсініспеушіліктерге әкелетіні сөзсіз. Үшіншіден, жеңілдік берілген саланың кәсіпорындары, жеңілдік құқығын рәсімдеудің күрделілігіне байланысты оны дұрыс пайдалана алмай, жеңілдіктен бас тартуға мәжбүр болатын кездері де байқалуда.

Тәжірибе көрсеткендей кез-келген жеңілдік белгілі бір қиындықтарға әкеледі. Жеңілдікті кәсіпорындар белгілі бір шартпен алғандықтан, олардың өз әрекетін еркін жүргізуіне кедергілер пайда болады. Ал, шағын және орта бизнесті дамыту үшін кедергінің неғұрлым аз болғандығы жақсы.

Салық салудың әлеуметтік салдарларын анықтаудың бір жолы - салық механизмінің әлеуметтік салдарларын мемлекеттік шығындар арқылы қарастыру, ол салықтардың фискалды саясаттың тетігі ретінде жиынтық сұраныс деңгейіне және сәйкесінше экономикалық өсу мен халықтың жұмысбастылығына, бір сөзбен айтқанда әлеуметтік салаларға қалай әсер ететіндігін көрсетеді. Сондықтан, салықтық – бюджеттік кірістер мен бюджеттен бөлінетін  әлеуметтік бағытталған шығыстардың мөлшері туралы талдаулар жасау артық емес.  Бюджеттен бөлінетін әлеуметтік  шығыстардың  жалпы бюжет шығысы мен жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі салық салудың әлеуметтік мәселені шешудегі атқаратын рөлін көрсете алады [2].

Әлеуметтік бейімделген экономикаға қол жеткізу үшін тұрғындардың өз деңгейінде білім алуына және олардан өнімділігі жоғары жұмыс күшін талап ету үшін аталған мақсатта бөлінетін бюджет шығысынан аянбау қажет. Мұндай жағдай толық түрде қазіргі кездегі әлемдік даму үрдістерімен сәйкес келеді: жаһандануға ұмтылған әлем инновациялық, интеллектуалдық және рухани өсуге интенсивті түрде ұмтылып отыр. Қазіргі кезде адам қоғамның экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық даму факторына айналды. Әлеуметтік міндеттердің  көлемін мемлекеттен түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған қаражаттың жан басына шаққандағы мөлшері ретінде анықтауға болады. Мұндай жағдайда, Q сандық мәнін мынандай формула арқылы көрсетейік:                                                                                                                    

                                                                              (1)                                          

Мұндағы: Q - әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жан басына шаққандағы мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттардың мөлшері.

Si- әлеуметтік міндеттерді шешу үшін мемлекеттен бөлінген қаражат мөлшері.

k-  мемлекеттегі шешілетін жалпы әлеуметтік міндеттердің саны.

N- мемлекеттегі тұрғындар саны.

 Жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, салық жүйесі мен әлеуметтік сала бір бірімен тығыз байланысты және қоғамның әлеуметтік мәселелері мемлекет тарапынан басқаруды талап етеді. Сондықтан, мемлекет салық жүйесі шегіндегі өз қолында тұрған  барлық ресурстарды, оның мүмкін болатын жағымды және жағымсыз салдарларын ескере отырып,  әкімшілікті (оның ішінде салық әкімшілігі) жан-жақты жетілдіре отырып қолдануы тиіс. Осылардың бәрі кешенді түрде, үйлесімді қызмет еткенде салық жүйесінің тигізетін ықпалы, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімділігі жоғары болатыны сөзсіз..

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.   Ермекбаева Б.Ж. «Налоговые стимулы роста конкурентоспособности экономики Казахстана», журнал «Қаржы-қаражат – Финансы Казахстана», Алматы, 2007.

2.   Исаева А.Т. Мемлекеттің әлеуметтік дамуына әсер ету тұрғысындағы Қазақстанның қазіргі кездегі салық жүйесінің ерекшелігі // Қаржы – қаражат, 2005. №6. -22-27.