УДК.369.03

Қазақстан Республикасының сақтандыру ұйымдарының қызметін жетілдіру  мәселелері

 

 

э.ғ.к Мунаиспова Малика Ереханқызы

 

Қазақстан Республикасы, ӨҚО,Түркістан қаласы

Қ.А.Ясави атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.

 

 

2013 жылы Жамбыл облысында алапат дауыл болды. Жүздеген жекеменшік тұрғын үй бүлінді. Адамдар зардап шекті. Осы апаттың салдарын жою үшін Үкімет қорынан мақсатты ағымдық трансферт түрінде 800 млн.теңге бөлінді.

Ал Созақ ауданында 8 ауыл округіне қарасты барлығы 16 елді мекенде 1991 нысанның шатырлары жартылай және толық ұшқан, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік нысандар - 42, жеке меншіктегі тұрғын үйлер саны - 1949. Аудан бойынша шығын көлемі: - әлеуметтік нысандар - 157,6 млн. теңге,  тұрғын үйлер бойынша -  185,8 млн. теңгені құрады.

Сарыағаш ауданында 30 үй мен 1 мектеп ғимаратына су кірді, 2 үй құлап, 7 үй мен бір мектеп ғимараты апатты жағдайда және 21 үй жөндеуді қажет етеді, 165 бас мал (158 қой, 7 ірі қара) шығын болды. Жалпы, ауданда 9 өткелге 127,3 млн.теңге шығын қарастырылған. Арнайы құрылған комиссия аймақтарға келген шығын көлемін 209 млн.114 мың теңгені құрайтынын анықтаған. Мұндай жағдайлардың  қайта болмасына кім кепіл?

Барлық дамыған елдерде табиғи апаттардан сақтандырудың тиімді жүйесі бар. АҚШ жылына бірнеше дауылды бастан өткереді, бірақ барлық салдары жедел еңсеріледі. Бұл мемлекет қаражатын айтарлықтай шығындамайды, өйткені оларда бірден сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл – төтенше жағдайдан сақтандыру жүйесін енгізу. Осы тәжірибені Қазақстанда қолдануға не кедергі?!

Қазіргі таңда елімізде зілзаладан, стихиялы апаттан сақтандыратын отандық сақтандыру жүйесі мүлдем кенжелеп, дамымай қалған. Соның салдарынан әлгіндей тілсіз жаулар тудырған шығынның халыққа қайтарылуы неғайбыл. Мұндай жағдайда баспанамен қамту, олардың материалдық шығынын өтеу мәселелері түгелдей дерлік Үкімет пен жергілікті атқарушы органның мойнына түсіп отыр.

            Осы мәселеге байланысты мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясының міндеттерін іске асыру мәселесіне арналған кеңесте дамыған елдердегі табиғи апаттардан сақтандырудың тиімді жүйесін Қазақстанда қолданысқа енгізу, аса маңызды стратегиялық мәселе әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту болып саналатынына тоқталды.

            Бүгінгі таңда Қазақстан сақтандыру нарығы тұрақты өсім қарқынына ие деп сенімді айтуға болады. Ол туралы сақтандыру сыйақылары мен сақтандыру резервтерінің көлемдерін сипаттайтын негізгі сандық көрсеткіштер куәландырып отыр.

Қазіргі таңда елімізде 35 сақтандыру ұйымы, оның ішінде: өмірді сақтандыру бойынша 7, сақтандыру брокерлерінің саны 13, актуарийлер 82, «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-ның қатысушысы болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының саны 31 болып табылады.

            Қазақстанда жұмыс істеп тұрған сақтандыру ұйымдары санының көптігі мен жалпы көрсеткіштерінің өсуіне қарамастан, Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығы эканомикада және халықтың өмірінде әлі маңызды ролге ие болған жоқ және әрі өзінің бастапқы даму сатысында тұр деген қорытындыға келуге болады.

            Бүгінгі күні сақтандыру қызметінің сапасы төмен  болып отыр, ал олардың тізбесі көптеген сақтандыру ұйымдарында негізінен ең аз шамада күш-жігер мен шығын жұмсай отырып, клиенттер тарту мүмкіндігі болатын міндетті сақтандыру түрлерімен шектелген.

            Отандық сақтандыру компанияларының ірі  шығынының орнын жабу жөніндегі қаржылық мүмкіндіктері де қанағаттанарсыз, бұл сақтандыру ұйымдарын капиталдандыруды арттыру мен оларды ірілендіру туралы мәселені шешуді талап етеді. Қазақстанның қаржы регионының басқа бөліктердегі регионалдау тәжірибесі көрсеткендей, дәрменсіз қаржы ұйымдары индустрияның кейбір міндеттерін шеше алмайды және олардың халықаралық стандарттарға қол жеткізу айтарлықтай шектеулі.

            Республикадағы  сақтандыру қызметі инвестициялық климатты жақсартудың негізгі құралы, ол сақтандыру ұйымдарының өздері нақты институционалдық инвесторлар бола алмай отыр.

            Қазіргі кезге дейін көбіне мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға бағдарланған сақтандырудағы халық белсенділігінің төмен болу мәселесі бар және сақтандыруға тиісті қызығушылық тудырмай отыр. Мемлекеттік бюджет есебін және сақтандыру арқылы халықты әлеуметтік қорғау түрлерінің қолдану аясын шектеу осы мәселені шешуге ықшам етуі тиіс. Халықты мемлекеттік емес әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету саласындағы ең маңызды әлеуметтік құрал бола отырып, азаматтардың өмірі мен еңбек қабілеттілігін сақтау жөніндегі индустрия әлі күнге дейін тиісті түрде дамымай келеді. Өмірді сақтандыру бойынша дамыған индустрия болмай, республикада жүзеге асырылып жатқан зейнетақымен қамтамасыз ету реформасынан толық пайда келуі мүмкін емес.

            Істің қалыптасқан жағдай сонымен қатар сақтандырушы жеке тұлғаларға және олардың жеке сақтандыру жөніндегі жұмыс берушілеріне қазіргі салық салу тұрғысынан да әсер етеді. Атап айтқанда, сақтандыру шартында көзделген салығын төлеудің мерзімін ұзарту тетігі пайдаланылмайды. Жеке жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру резервтерін көбейтуге бағытталған сақтандыру ұйымдарының инвестициялық кірістерінің жинақтаушы зейнетақы қорларынан айырмашылығы, жиынтық жылдың кірісіне енгізіледі және табыс салығы ұсталатын болады.

Еліміздегі ІТ-инфрақұрылымның дамуы мен оның қымбаттығы да ел аумағында жеке тұлғаларды ерікті сақтандыру түрлерінің дамуын тежеп отыр. Бұдан басқа, сот және атқарушы жүйелер де көңіл көншітпейді, өйткені судья сақтандыру келісімшартының шарттарына қайшы шешім шығаратын жағдайлар да болып жатады.

Ал сақтандыру жағдайларында жеке тұлғаларға қызмет көрсету сапасы өте нашар, бұл сақтандыру нарығына деген сенімсіздікті арттырады. Негізінен қаржы-өнеркәсіптік топтардың құрамына кіретін сақтандыру компаниялары теріс мақсатта пайдаланады. Олар заемшыларды - өздерінің қаржы-өнеркәсіптік топтарындағы жеке тұлғаларды сақтандыруда бәсеке көрмейтіндіктен, сапаны көтеруге тырыспайды.

Бұған қоса, бәсекелестік нарықта қызмет ететіндер жоғары табыс таппайды, осы себепті жеке тұлғаларды ерікті сақтандыру инфрақұрылымдарын дамыту үшін жеткілікті ресурстары жоқ. Халықтың кіріс деңгейінің төмендігі, көп бөлігінің кедейленуі де сақтандырудың ерікті түрлері бойынша сақтандыру компанияларының қызметтеріне сұраныстың төмен болуына себеп болып отырған жағдайлардың бірі.

Қазіргі сақтандыру ұйымдарының  елеулі бөлігінде білікті мамандардың саны жеткіліксіз. Республиканың сақтандыру нарығындағы кәсіби сақтандыру делдалдарының ролі елеусіз. Қазақстанда қазір бар болғаны 13 брокерлік сақтандыру компаниясы жұмыс істейді. Сақтандыру бойынша мамандарды оқытуды қазіргі заманғы жүйесін құру, сақтандыру нарығының кәсіби қатысушыларын іске белсенді түрде қатыстыру қажет.

            Сақтандыру саласындағы алаяқтық өзекті мәселенің бірі болып отыр. Қазіргі таңда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің міндетті сақтандыру саласында заңсыз түрде дайындалған қатаң есептегі бланктердің көптеген мөлшері сақтандыру нарығында айналымда жүр. Сақтандыру саласындағы алаяқтық тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де өзекті мәселенің бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда сақтандыру нарығының даму мәселелерінің негізгілері болып республикада өмірді және жеке басты сақтандырудың басқа түрлерінің, сақтандыру ұйымдарын корпоративті басқару жүйелерін енгізудің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметі туралы статистикалық және өзге де мәліметтер базасының қол жетерлігін қалыптастыру мен қамтамасыз етудің жеткілікті түрде дамымауы табылады.

Медициналық тұрғыда міндетті сақтандыру еліміздің ешбір заңнамасында қарастырылмаған. Түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер жан-жақтан көмек іздеп, халыққа алақан жаюға мәжбүр болып отыр.. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген дамыған елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі оңтайлы жолға қойылған. Мәселен, Германия, Франция, Голландия, Австрия, Бельгия, Швейцария сияқты европа елдерінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қолданылады.

Біздің мемлекетіміз мемлекеттік бағдарламаның шегіндегі белгілі бір медициналық көмекті ғана қамтамасыз ететін қажетті медициналық көмек алуға кепілдік береді, бірақ ол біздің азаматтарымыздың сұраныстарын үнемі қанағаттандыра бермейді.

Қорыта айтқанда, сақтандыру мәселесі және де елдегі сақтандыру нарығының жағдайын жақсарту мәселесі экономикалық проблемалар ішінде ерекше мәнге ие, өйткені дәл осы мәселе елдің өміріне оң әсер етуші қуатты факторлардың бірі болып табылады.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.      ҚР Азаматтық кодексі «Сақтандыру туралы заң» 2010 жыл.

2.      «Сақтандыру іскерлігі жөніндегі Заң» 2010 жыл.

3.      e.gov  Қазақстан Республикасының электрондық үкімет

4.      ҚР Ұлттық банктің  2011-2012 жж есебі.