Амренова Ғ.Қ.

« Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН КӨТЕРУДЕГІ

ИНДУСТРИАЛДЫ – ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕТІКТЕРІ

 

 

«Мен үшін елім маған не істеді

деу орнына, елім үшін мен не істей

аламын деген сұрақ қойған абзал».

Джон Кеннеди

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұрыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жөніндегі тиімді стратегияларды әзірлеумен байыпты айналысу, бәсекелестік артықшылықтарды өсіре түсу маңызды. Әрине, айтылып жүргендей, «бәсеке жоқ жерде ұйқың жақсы, бірақ та өмірің нашар. Ал қазақстандықтар жақсырақ өмір сүрмек және өз жоспарларын жүзеге асыруға кедергі келтіретіндерге жол бермеу ниетінде» - деп атап көрсетті[1].

Бәсекеге қабілеттілік - қор мен бәсекенің шектеулі жағдайында әлемдік шаруашылық жүйесінде белгілі бір орынға ие болуға мүмкіндік беретін мемлекет экономикасының маңызды сапасы [2].

Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі факторлар:

-       өмір сапасының деңгейі;

-       аймақтардың толық бәсекеге қабілетті болуы;

-       өндіріс көлемі және экспортқа бағытталған өнімдерді дамыту;

-       инновациялық даму;

-       инвестициялардың көлемі;

-       жоғары технологияларды пайдалану;

Осы мәселеге мемлекеттің ерекше көңіл аударуы қоғам үшін экономикалық, саяси және әлеуметтік оң нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылумен  түсіндіріледі.

Әлемнің алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті елдерінің сапына ену міндеті біздің қоғамнан қажымас қайрат күтеді. Ең алдымен, қоғамдық өндірістегі жалпы әлемдік  ұмтылыстардың құрылымдық қайта жаңғыруларын республика Үкіметі мен облыстық әкімшіліктер үнемі есепке алып отыруы қажет. Сондай-ақ, өндірісі өркендеген елдердің аймақтық даму тәжірибелерін зерделеу мен пайдалану назардан тыс қалмауы тиіс.

Мемлекеттің экономикалық жетістігін анықтау үрдісінде еліміздің  бәсекеге қабілетті болуы мен оны әрі қарай дамыту тетіктерін жетілдіру ісіне баса назар аудару керек. Өйткені, ұлттық шаруашылықтың экономикалық тиімділігін басқару жолдарын жетілдіру Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жоспарының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Ең бастысы – экономиканың бәсекеге қабілетті үлгісін таңдау, басым салаларды анықтау, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыратын қолда бар экономикалық мүмкіншіліктерді анықтау, сондай-ақ, сыртқы экономикалық бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан бәсекелестік байланыстарды дамытуға әсер ететін тетіктер мен  факторларды анықтау жөніндегі мәселелер туралы сөз қозғалады. Осы және басқа да мәселелердің шешімін табу Қазақстанда толыққанды зерттелмеуі экономиканың тұрақты дамуына қиындықтар туғызып отыр. Ел экономикасын бәсекеге барынша қабілетті ету мен оны дамытудағы басқару мәселелерін шешуде жаңа теориялық-әдістемелік негіз салу қажеттілігі шетелдік озық тәжірибелерді толық зерттеуді талап етеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы                      № 958 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еркін бәсекелестікті дамыту және тауарлар мен қызмет көрсетулер нарығына тең қол жетімдікті қамтамасыз ету арқылы бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуі үшін жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар іс-шаралар әзірленді [3]. Бағдарлама 2015 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімін 7 трлн. теңгеге ұлғайтады деп күтілуде.

Қазақстан бәсекеге қабілеттілігі жағынан жаңартылған жаһандық рейтинг (WEF) бойынша жасалған талдауда 51-ші орынға көтерілді [4].

WEF жылдық ғаламдық бәсекеге қабілетті елдер турасындағы 2011-2012 (The Global Competitiveness Report 2011-2012) баяндамасында, экономиканың 142 саласы жағынан 12 параметр бойынша (инфрақұрылым, макроэкономикалық орта, білім, тауарлар мен қызметтер нарығы, қаржылық нарықтың дамуы, инновациалық әлеует және т.с.с.) талдау жасайды.

Қазақстан даму жолында тиімділік пен инновациялық даму тәрізді факторлар үлкен рөл атқаратын анағұрлым жоғарғы даму деңгейі бар елдердің қатарына қосылды. Бұл топта Қазақстаннан өзге Ресей Федерациясы, Бахрейн, Бразилия, Чили, Венгрия, Малайзия, Польша, Түркия, Эстония және тағы бірқатар елдер бар.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы әлемдегі алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында болуы керектігі жөнінде міндет белгілегені мәлім. Бұл қатарға ену Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсынатын стандартты макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өлшенеді. Халықтың өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі, жан басына шаққандағы табыс осы өлшемге кіреді. Сондай-ақ, бұл стандарттар мемлекет басшысы белгілеген қосымша сапалық көрсеткіштермен толықтырылады. Біздің ойымызша, біздің ұлттық стандартымызға арнайы бөлім ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен адам әлеуетінің даму индексін енгізу қажет. Бүкіләлемдік ұйым өз қатарына енетін елдердің, соның ішінде Қазақстан Республикасының да, деңгейін осы көрсеткіш бойынша да бағалайтыны мәлім.

Экономиканы аймақтандыру және тауарлар мен қызметтер рыногының әлемдік жаһандану жағдайында бәсекенің дербес субъектілері ретінде, негізінен, аймақтар алғы шетке шығады. Рынок жағдайында аймақтар инвестициялық ресурстардан (мемлекеттік, жеке және шетелдік), салық төлеуші кәсіпорындарды өз жағына тартудан, яғни ресурстар мен өткізу рыногының барлық көздерінен түсетін үлесті мол қамтуға тырысатыны мәлім. Солай бола тұрғанда да аймақтар ұлттық және халықаралық рыноктарда дербес субъекті ретінде қала береді. Міне, осыларды қорыта келгенде, Қазақстан аймақтарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесі біз үшін көкейкестілігін нықтай түседі. Кластер теориясының негізін қалаушы Майкл Портердің айтуынша, «...қазіргі заманғы жаһандық экономика кезеңінде ең маңызды бәсекелік артықшылық көп жағдайда кластердің орналасқан аймағымен айқындалады» [5]. Аймақтық кластерлердің жасақталуы мен қалыптасуы қазіргі экономиканың маңызды бәскелестік артықшылығы ретінде бағаланып, нақты синергетикалық тиімділікті қамтамасыз етеді, жаһандық экономиканың аймақтану негізі болады.

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау Агенттігі қалыптастырған бәсекелестікті дамыту деңгейі бойынша Қазақстан өңірлерінің рейтингі жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетті. Өңірлердің даму серпінінің жалпы рейтингтік бағасы төмендегідей жіктеледі [6].

Даму серпіні жоғары өңірлер:

1. Атырау

2. Алматы

3. Шығыс Қазақстан

4. Қостанай

4. Маңғыстау

5. Оңтүстік Қазақстан

Даму серпіні орташа өңірлер:

6. Жамбыл

7.Павлодар

8. Алматы

9. Ақтөбе

10. Ақмола

Даму серпіні төмен өңірлер:

11. Батыс Қазақстан

11. Қарағанды

12. Қызылорда

13. Астана

14. Солтүстік Қазақстан

Еліміз егемендігін алғаннан кейін кең байтақ әлемде өз орнымызды табу мақсатында нарықтық жүйеге көшіп, әлемдік экономиканың бір бөлігі ретінде орныға бастадық. Өндіріс – елдің экономикалық әлеуетінің негізі, бәсекеге қабілетті өндіріс қана экономиканың бәсеке қабілеттілігін қамтамасыз ете алады. Қазақстан Республикасының өндірістік саясаты осы салада жасалатын барлық нормативтік-құқықтық актілер, мемлекетті басқару процедуралары және әртүрлі даму бағдарламаларының ең басты мақсаты Қазақстан кәсіпорындарының бәсеке қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, яғни соның нәтижесінде жалпы экономиканың бәсеке қабілеттілігін жоғарылату. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі оның өндіретін өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Осыған байланысты, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін факторларды қарастырғанда өнімнің бәсекеге қабілеттілігі және оның негізгі факторларын да қарастыру қажет. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі – өнімнің қарастырылып отырған кезеңдегі нарық талаптарына сәйкес болу қабілеті. Бәсекеге қабілеттілік өнімнің белгілі уақыт сәтінде салыстырмалы бағамен нақты нарықта өтуі үшін қажет және жеткілікті тұтынымдық қасиеттерінің жиынтығы арқылы анықталады.Тұтынымдық қасиеттер – тауардың тұтынушы талабын қанағаттанды-руға бағытталған сипаттамалары. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің мақсаты оны нарықта тиімді өткізу арқылы жоғары деңгейде пайда алу болып табылады. Қазақстанның халықаралық резерві бүгінде 60 миллиард долларға жуық қаржыны құрайды. Сонымен қатар біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз [7]. Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады. Егер де, монополист фирмалардың күшін жойсақ, алар асуларымыз одан да биік болатынына сенімдіміз.

Бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын факторлардың бірі инновациялық даму болып табылады. Өңдеушi өнеркәсiпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге түсуге қабiлеттi және экспортқа бағытталған тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндiрiсi мемлекеттiк индустриялық-инновациялық саясаттың басты нысанасы болып табылады.

Дүниежүзiлiк экономиканың ғаламдануы аясында Қазақстан экономикасы бiрқатар проблемаларға тап болып отыр. Негiзгi проблемаларға мыналарды жатқызуға болады: бiр жақты шикiзат бағыттылығы, әлемдiк экономикаға ықпалдасудың әлсiздiгi, ел iшiндегi салааралық және өңiраралық экономикалық ықпалдасудың босаңдығы, iшкi рынокта тауарлар мен қызметтерге деген тұтыну сұранысының мардымсыздығы (шағын экономика), өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымның дамымауы, кәсiпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалушылығы, ғылым мен өндiрiстiң арасында ықпалды байланыстың болмауы; ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға қаржының аз бөлiнуi, менеджменттiң экономиканы Ғаламдану процестерiне және сервистiк-технологиялық өтуге бейiмдеу мiндеттерiне сәйкес келмеуi және т.б.

Осындай мәселелерді шешу үшiн Даму Банкiнiң қызметiн жандандырумен қатар Қазақстанның инвестициялық қоры, Экспортты сақтандыру жөнiндегi корпорация, сияқты арнайы даму институттарын құру көзделiп отыр.

Бұл ретте осы институттар қосылған құны жоғары жаңа өндiрiстердi құруға және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын дамытуға және келелi салаларды кешендi талдау, олардың ең маңызды элементтерiн анықтау негiзiнде ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер мен әзiрленiмдерге қолдау көрсетуге инвестициялау саясатын жүргiзетiн болады.

Қазақстан инвестиция тартуға қолайлы елдердің бірі. Осы мүмкіндікті пайдаланып олар өздерінің бәсекеге қабілеттілігін өсіре түсер еді, әрине, инвестицияны бірінші кезекте жоғары құн қосылатын өндірісін дамытуға бағыттауы тиіс. Экономика мемлекеттің күретамыры болса, инвестиция сол күретамыр бойындағы қан. Адам ағзасындағы қанның маңызы қалай болса, экономикада да солай. Айырма жоқ. Себебі, инвестициясыз өнеркәсіп те, шаруашылық та, әлеуетіміз де дамымайды. Сондықтанда, мемлекет басшысынан бастап, мемлекеттік органдар қолдап, кәсіпкермен қоса инвестиция тартуға мүдделіміз. Қазіргі таңда, Қазақстан үшін маңыздысы – экономикамыздағы шикізаттанты салаларға қолайлы жағдайды орнықтыра түсу. Бүгінде елімізде шетелдік капиталы бар 20 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Мұның ішінде шикізаттан тыс салада 7 мыңнан астам кәсіпорын бар.  Олардың санын арттыру инвестиция тартудағы басты мақсатымыз болуы тиіс.

Ел экономикасының қарыштап дамуы үшін жаңа технологияны қолдану ауадай қажет десек артық айтқандық емес. Қазақстан үшін индустриялды технологиялық стратегияны қалыптастыру қажеттілігі дүниежүзілік тәжірибеден туындап отыр. Дамушы елдердің барлығы дерлік еңбекті қажет ететін өндірістен капиталды, технология мен ғылымды қажет ететін өндірістерге дейінгі жолдан өтті. Өндірістің инерциялық және ауыр құрылымын құлашты бір сермеп тузетуге болмайды. Дүниежүзілік тәжірибе жалпы ұлттық өнімде ауыл шаруашылығының, өндіруші өнеркәсіптің үлесін ұдайы кеміту және керісінше, өңдеуші өндірістің ең алдымен — ғылымды қажет ететін, қосылған құны жоғары өндірістерді, сондай-ақ, қызмет көрсету саласының үлесін ұлғайтуға саятын белгілі бір дәйектіліктің қажеттілігін көрсетіп отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Н.Ә.Назарбаев: «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері»,- Қазақстан халқына жолдауы, 2010ж.

2.Әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елі қатарынан үміткер мемлекеттердің экономикалық индикаторларын бағалау // Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің хабаршысы (экономика сериясы). - Алматы: Қазақ университеті, 2008. - № 6 (70). – Б.16-22.

3.ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің сайты (www.mint.gov.kz)

4. ҚР бәсекелестікті қорғау агенттігінің сайты (www.government.kz)

5. Портер М. Конкуренция.- М.: Издат. Дом «Вильямс», 2001г.

6. ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің 2011 ж. есебі.