Педагогические  науки/2.Проблемы подготовки специалистов.

Бірінші санатты оқытушы  Назарова Г.С.,

Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі, Қазақстан

Техник-эколог мамандарын даярлауда оқытудың

 интерактивті әдістерін қолдану

Қазіргі кездегі әдістемелік инновациялар оқытудың интерактивті әдістерін қолданумен байланысты.  Интерактив – ағылшынның «өзара әрекет» деген сөзі. Демек, интерактивті оқыту әдістері тұлғааралық қарым-қатынасқа негізделе отырып, «жеке тұғаны дамытуға бағытталатын» қазіргі білім беру парадигмасын қанағаттандырады. Сонымен бірге, сапалы білім алудың алғы шарттары болып табылатын таным белсенділігі мен ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамытады.

Оқытудың интерактивті әдістері оқушыға білім беру процесінің белсенді субъектісі болуға мүмкіндік береді. Интерактивті әдістерді қолдану арқылы білім алушылар  қоғамдық мәні бар мәселелер туралы өз позициясын қалыптастыруды, жағдайды талдау мен түсіне білуді, даулы мәселелерде дұрыс шешім қабылдауды, коммуникативтік қарым-қатынас жасауды және кәсіби біліктілік  дағдыларын үйренеді, оқушылар тыңдаушыдан білімді белсенді меңгерушіге, сабақты жүргізушуге, сараптаушыға айналады. Сөйтіп, қойылған сұрақтарға жауап іздеп, белсенді іс-әрекет жасайды [1].

Техник-эколог мамандарын даярлауда әртүрлі жаратылыстану ғылымының пәндері мен биологиялық тәжірибелер және оның бөлімдері білім беру бағдарламасының мазмұнының элементтерін жан- жақты  меңгеруге  жағдай жасайды. Мысалы, бір объектіге жүргізілген оқу-зерттеу жұмыстарында жалпы биологиялық, биологиялық алуантүрлілік туралы ғылым және оқу тәжірибелері біріктіріледі. 1703002 – «Экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» мамандығы бойынша «Өсімдік және жануарлар әлемін қорғау»  пәнінің оқу бағдарламасына енгізілген әр түрлі типтегі зерттеу жұмыстары, оқу іс- әрекетін белсенді түрде ұйымдастыру, оқу процесінде оқушының белсенді болуына  ықпал етеді.

 «Өсімдік және жануарлар әлемін қорғау» пәні оқу бағдарламасындағы «Дендрология»  бөлімінің - Қылқан  және жалпақ жапырақты ағаштардың сипаттамасы тақырыптарының бірнеше  зертханалық сабақтарында танымдық  іс- әрекетті ұйымдастыру түрінің бірі – экскурсия сабақтарын өткізу жоспарланады. Экскурсия жұмысының мақсаты - оқушылардың сабақта алған теориялық оқу материалын практикамен жалғастыру, бекіту. Бұл оқушыларды оқу процесін бақылай білуге жаттықтырады және оқу материалын өмірмен байланыстыра алуға үйретеді. Экскурсия сабақтарында алғаш рет ІІ- курс оқушыларында өсімдіктерді танып- білу және салыстыру мақсатында морфологиясын зерттеу, түрлердің биологиялық, экологиялық қасиеттерін сипаттайтын белгілерін анықтау құзыреттілігі қалыптасады.  Сонымен қатар, экскурсия кезіндегі оқытушы тапсырмасымен жинақталған объектілер, осы пәннен ІІІ- курста өткізілетін курстық жұмыстың практикалық бөлімін жоғары деңгейде орындауына ықпал етеді.

 Оқу тәжірибесі жаз мезгілінде ұйымдастырылып, оқушылар жеке зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Далалық зерттеулер көмегімен белгілі бір түр, популяция, биоценоз, экожүйе, өзен- көлдер объектілерінің жайы, сандық қатынасы мен сапасы, ауытқулар мен өзгерістер, абиотикалық, биотикалық, антропогендік факторлардың әсері, уақыт пен кеңістікке қатынасы олардың көбеюі, құрып кетуі, апаттардың болу себептері туралы жалпы мағлұматтар мен материалдар жинақталады [4].

Оқу тәжірибесі сабақтарында биоиндикациялық зерттеу әдісін кеңінен қолдануға болады.  Биоиндикациялық әдісте оқушының өз бетімен орындайтын зерттеу жұмысы негізгі роль атқарады және зерттеу материалын оқытушы басшылығымен табиғатта жинақтайды. Зерттеу объектілерінің сипатына байланысты құралдар арқылы материалдарға өңдеу жасалады. Оқушылар 4-5-тен топшаларға бөлініп, әр түрлі биологиялық объектілерді пайдаланып биоиндикациялық зерттеулер жүргізеді. Мысалы, «Қылқан жапырақты ағаштардың белгілеріне қарап қоршаған орта жағдайын анықтау» әдісінде, зерттеу объектісі болып қаланың  автокөлік қозғалысының жоғарғы қарқынымен орталық көшелерінің  жасанды екпелер құрамына кіретін- Кәдімгі шырша - Рісеа abies, «Қыналардың түрлерінің болуы және көптүрлілігіне байланысты қоршаған орта жағдайын    бағалау (лихеноиндикация)» әдісінде зерттеу объектісі болып – қабыршақты қыналар  (графис –Graphis scripta ) және жапырақты қыналар ( ксантория – Xanthoria ) алынды. Зерттеулер нәтижесінде, қаладағы антропогенді процестердің: шаруашылық қызметтер, құрылыс, автокөлік қозғалысы  белсенді үнемі әсер етуіне байланысты, олардың әрі қоршаған ортада, әрі қаланың ландшафтының құрылымында терең өзгерістер енгізетіндігі дәлелденді [2].

Далалық зерттеу нәтижелерімен оқушылар оқу тәжірибесі бойынша қорытынды конференцияда таныстырады. Қаланың экологиялық жағдайын индикациялау  бойынша оқушылар өз беттерімен анықтаған деректерді пайдаланып, экологиялық проблемаларды шешу жолдарын ұсынады. Осы зерттеулер бойынша дайындаған мультимедиалық презентацияларын көрсетіп, баяндамаларын қорғайды. Арнайы ұйымдастырылған байқауда жоғары бағаланған жұмыстар колледж және университеттердің ғылыми- тәжірибелік конференцияларына жіберіледі.

Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, сабақтарда және оқу тәжірибелерінде қолданылатын  оқытудың интерактивті әдістері, оқушылардың оқу процесіне қызығушылықтарын тудырады және болашақ эколог маман ретінде сезінуге ынталандырады.

Әдебиеттер тізімі:

1. Краевский В. В., Хуторской А. В. Основы обучения: Дидактика и методика. Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений. -Москва.: Изд. Академия, 2007.

2. Федорова А.И., Никольская А.Н. Практикум по экологии и охране окружающей среды. - Москва: Изд.Владос, 2003.

3. Долгачева В.С., Алексахина Е.М. Ботаника.-Москва: Изд. Академия, 2003.

4. Түменбаева Н. Қоршаған ортаны бақылау. Практикум.- Астана: Фолиант баспасы, 2009.