Шағырбаева  Меңтай Доғдырбаевна,  Жалпы және этникалық педагогика

кафедрасының оқытушысы, п.ғ.к.

 

 Керимбекова Ұлжан Ахатқызы

әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 1 курс магистранты

 

 

 Оқу - тәрбие үдерісінде  оқушылардың іскерлік қарым-қатынастарын қалыптастыру әдіс-тәсілдері

 

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев 2005 жылғы 18 ақпанда Қазақстан халқына Жолдауында: «XXI ғасырда білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тірелуі анық» делінген [1]. XXI ғасыр білімділер ғасыры болмақ. Жаңа кезеңге бет бұру оңай емес. Ол үшін болашақ ұрпақты жан-жақты  тәрбиелеу керек. Себебі рухани жан-дүниесі бай, халқын сүйген, ата-баба жерін қадірлейтін ұрпақ қана болашағымыздың тірегі бола алады. Сондықтан білімділерді аялап тербетер, баптап өсірер ауқымды тәрбие керек.

Ұрпақ тәрбиесі – ел алдындағы маңызды зор міндет. Еліміздің, қоғамның экономикалық, саяси, мәдени дамуында үлес қосатын, білімді де мәдениетті, парасатты, денсаулығы мықты азамат тәрбиелеп шығару – орта кәсіптік білім беру жүйесіндегі ұстаздар қауымының бүгінгі таңдағы баға жетпес міндеті. Адам ұрпағымен мың жасайды – дегендей, ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де халықтық мәселе болған. Тарихтан білетініміздей, дарындылар, қабілеттілер аса жоғары бағаланған. Сондықтан қазіргі жоғарғы сынып оқушылары педагогтары алдында тұрған аса маңызды міндет – талабы таудай тұлғаны тәрбиелеп, орта кәсіптік біліктілігі бар маманды өсіріп шығару. Ал еш нәрсеге бейімділігі жоқ, қабілеті жоқ адамның болмайтыны педагогикада дәлелденгендіктен, оқушы дарынын дамытар жұмысты орта мектепттен кейінде жалғастыра беру керектігі айдан анық.

Яғни, міндет – ұлттық мәдениетті көтеру, ұлттық педагогиканы әдет-ғұрып, халық мұрасын пайдалану арқылы намысты, имандылық пен ізгілікті, жат іс-әрекеттерге сын көзбен қара, өз басын бере білетін, рухани байлықты қастерлейтін, өз ошағын, Отанын қадірлейтін азамат тәрбиелеу. Ол үшін ұлттық мектебімізді жаңа типпен, білім беруді жаңаша әдіс-тәсілмен жүргізу керек [2].

Әлеуметтік-экономикалық реформалардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қоғамдық өзгерістер қазіргі кездегі білім беретін жоғарғы сынып оқушыларының бойында педагогтардың кәсіби педагогикалық қабілеті мен оқушылардың білімін, білігін жетілдіру проблемасын бірінші кезектегі мәселеге көтеріп отыр. Қазіргі қоғамымыздың қойып отырған талабына сәйкес жастардың өмірден өз орнын таңдай алатын, экономикалық тұрғыдан іскерлігі мен ойлау қабілеті дамыған, тығырықтан жол таба алатын, істің нәтижесін болжай алатын, іскер, тапқыр, адамгершілік қасиеті мол білгір шәкірттерді қалыптастыруға айрықша көңіл аударылып отыр.

Соған сәйкес, білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде жоғарғы сынып оқушыларының оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастырудың әдістерін, түрлерін іздестіру туралы Республикамыздың білім беру концепциясында да аса маңызды тапсырмалар беріліп отыр. Онда білім беру жүйесінің басты міндеті –педагогикалық ұжымдары ертеңгі болашағымыздың тағдыры жас ұрпақтың оқу-тәрбие үдерісіне баса көңіл аударып, оқушыларға нақты білім беру, жоғары сынып оқушылардың қарым-қатынасын дұрыс ұйымдастыруына байланысты болмақ.

Бұл мәселені ғалымдарымыз да жан-жақты қарастырған. Мысалы, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.А.Ясауи және т.б. ғұлама ойшылдар адамгершілік-имандылық тәрбиесі арқылы адамдар арасындағы тұлғааралық қарым-қатынастың біртұтастығын қалыптастыруға болатындығына аса мән берсе, А.С.Макаренко мен Я.А.Коменский тұлғааралық қарым-қатынастың тәрбиелік ықпалына ерекше назар аударған.                                                       

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ғұламалары мен ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев және ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ зиялылары Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов өз шығармаларында адам мен қарым-қатынас мәселесін көтерсе, оны шетелдік және отандық философ, психолог, әлеуметтанушы және педагог ғалымдар да әр қырынан зерттеген. Мысалы, қарым-қатынастың философиялық негізін В.С.Библер, Г.С.Батишев, М.С.Каган, Ж.М.Әбділдин, Қ.Ә.Әбішев, Д.Кішібеков, қарым-қатынас мәдениетін В.С.Грехнев, Е.М.Семёнова,  Р.М.Фатихова, Е.О.Омар, Ю.А.Сапарова, коммуникативтік мәдениет мәселелерін И.И.Зарецкая, А.Н.Васильева, В.В.Соколова, Г.Д.Аулбекова, қарым-қатынастың қоғамдық-әлеуметтік өмірде тілдесу, ортақтасу арқылы жүзеге асуын, қарым-қатынас барысында шиеленіс мәселелерін С.Елеусізова, А.Құдиярова, К.М.Арымбаева, психологиядағы қарым-қатынас туралы әлеуметтік зерттеулер төңірегінде Б.Д.Парыгин, Л.П.Буева, А.А.Леонтьев, тұлғаны дамытудағы қарым-қатынас мүмкіндіктерін Б.Г.Ананьев, А.А.Бодалев, Л.И.Божович, И.С.Кон, қарым-қатынастың мәдениет теориясын Э.А.Баллер, И.С.Злобин, В.Е.Давидович, Л.И.Рувинский, В.А.Кан-Калик, А.Н.Леонтьевтер зерттесе, қарым-қатынас мәселелерінің негіздерін зерттеген Л.Н.Коган, Л.М.Митина, Г.И.Саранцев, Р.Ж.Божбанова, Қ.Б.Жарықбаев, Э.А.Урунбасарова, Х.Т.Шерьязданова, Р.К.Кушембаева, этнографиялық зерттеулердегі қарым-қатынастың этномәдени деңгейін қарастырған С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова, Ж.К.Оңалбек қарастырған.                         

Қарым-қатынас туралы түсінік пен көзқарас әртүрлі.  Өйткені әркімнің өмір сүру тәсілі мен ортасы әрқилы. Десек те көптің көңілінде жүрген үміт пен күдік аз емес. Көптің көңілінен, ұжымның күткенінен шығу - оңай жұмыс емес. Көптің алдында дұрыс сөз бастау, өзіңді ұстай білу, ойыңды тыңдаушының зейініне құя білу – қатып-семген дағды емес. Сол межеге үнемі ұмтылу керек, сол әдісті әрдайым қайрап отыру абзал. Адамның қарым-қатынас дағдылары оның білім алуы мен танымдық іс-әрекеттерінің сапалық деңгейіне  де тәуелді болып келеді. Яғни, оқушылардың қарым-қатынасын жақсарту олардың білім деңгейіне, сол сияқты оқу-танымдық іс-әрекеттерін арттыруға байланысты.

Оқытушы оқушынының сабақ үлгерімі мен танымдық іс-әрекетін арттыру үшін мынадай жұмыс атқаруы қажет:

-   баланы топтан тыс жерлерде дәріс сабағын өткізуді ұйымдастыру;

- тарихи жерлерде оқушылармен танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыру;

- оқытушы мен оқушы арасында топтан тыс жерлерде әңгімелесу, пікірталас жайында өзара іскерлік қарым-қатынасы қалыптасады;

Бұдан шығатын қорытынды, оқушыны түрлі бағытта қалыптасу қызметі іске асырылады және де сабаққа деген қызығушылығы арта түседі. Себебі, оқушы арасында жоғарыдағыдай қарым-қатынас болмаса, оқушының сабаққа деген ынтасы болмас еді.

Іскерлік қарым-қатынасты қалыптастыруда бірнеше әдістерді пайдалануға болады. Соның бірі – әңгімелесу әдісі. Әңгімелесу – мұғалім мен оқушылар арасында жаңа білімдерді хабарлау, пысықтау, қорытындылауды дұрыс ұйымдастырылған сұрақ-жауап тәсілінде қолданылады. Сондықтан әңгімелесу оқытудың аса күрделі әдісі болып есептелінеді. Бұл әдісті нәтижелі пайдалану мұғалімдер тарапынан өте мұқият дайындықты талап етеді.[3]

Әңгімелесу барысында мұғалім оқушылардың жеке басының қабілетін, зейінін, таным ерекшеліктерін танып біледі, баяндалып отырған немесе өтілген оқу материалын олардың қалай ұғынғанын анықтайды. Әңгімелесуде баяндау, талдау, қорытынды жасау тәсілдері қолданылады. Берілген міндеттерді жүзеге асыруда  сұрақ-жауап әдiсi арқылы мұғалiм жан-жақты талдау жасай алады. Ол үшін мұғалімнің сұрақтары дәл, жинақы, оқушының ойын оятуға, дамытуға бағытталуы керек.  Ең бастысы сыныптағы әр оқушы өз ойын ашық айта алатындай мүмкiндiк тууы керек. Егер жеке өз ойы жетпеген жағдайда, оқушы бiреудiң сөзiн сол күйi қайталау арқылы да сөйлеп үйренедi.

Қазіргі таңда дидактика ілімінде оқытудың интербелсенді әдістеріне мыналарды жатқызып жүр:

-   пікірсайыс (дискуссия, дебат) әдісі;

-   эвристикалық немесе «Сократ» әдісі;

-   «дөңгелек үстел» әдісі;

-   іскерлік, рөлдік ойындар және т.б.

Бүгінде аталып отырған интербелсенді әдіс модульдік оқыту технологиясы негізінде үлкен жетістіктерге жетуде.

Іскерлік қарым-қатынас кезінде де интербелсенді әдістердің орны  ерекше. Бұл әдістердің қатарына жоғарыда айтылған әдістермен қатар пікірталас,   тренингтер және т.б. жатқызуға болады.

Пікірталас – оқушылардың сыныпта немесе шағын топ ішінде нақты бір өміршеңді мәселесі бойынша өзіндік көзқарастары және  пікірлерімен алмасып, өзге позицияларын толықтыру әрекеттері.

Пікірталас – оқытудың тиімді тәсілдерінің бірі, өйткені  оқушылар қандай да бір өміршеңді мәселе немесе проблеманы жан-жақты қарастыру және талқылауда өздерінің теориялық және практикалық білімдерін жинақтап, оларды қолдана отырып, өз көзқарасын пайымдау мен түйіндеуге, өзге пікірлерді ескеруге және оларды өз қажетіне жаратуға үйретеді. Оқушылар пікірталас кезінде еркін қарым-қатынаста болып, өз позицияларын қалыптастыру және қорғау, оларды өзге пікірлермен салыстыру әрекетін жасайды. Пікірталас оқушылар өміріне шынайы проблемаларды әкеліп, оларды әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарастырады, ең тиімді шешімдерін табуға бағыттайды.

Пікірталас кезінде оқушылармен бірлесіп ұстанатын ережелерді анықтап алған дұрыс. Пікірталас кезінде әрбір қатысушының өз мүмкіндігін айту мүмкіншілігі болу керек;  қарсыласын тыңдай білуге дағдылану; біреудің сөзін бөлмеу; үйренушілерге ой шақыру немесе дәлелдерді жинақтау үшін уақыт беріп отыру.

Мұғалім пікірталас кезінде шәкірттерін өз позицияларын нақты айқындап, оларды тыңдаушыларға жеткізіп, дәлелдей білуге, үйренуге шақырады. Ол оқушыларға шындықты дайын күйінде ұсынбай, оны қалайша іздеп тауып, қорғауға болатындығын көрсетеді.

Іскерлік қарым-қатынасты үйрету кезінде қолданылатын әдістің тағы бір тиімдісі – іскерлік ойындар. Бұл әдіс ойынға қатысушылардың сан қилы мүдделерін тоғыстырып, ойын аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығын қанағаттандыратын шешім қабылдауды қажет етеді. Іскерлік ойындар әлеуметтік немесе экономикалық сипаттағы нақты бір жағдайды шешуді үйренушілердің өзара әрекеттесуін қалыптастырады.

Жоғарыда көрсетілген шығармашылық жұмыстардан  басқа іскерлік ойын да оқушыларды шығармашылық жұмыстарға баулудың бір жолы болып табылады.

Іскерлік ойынбұл оқытуды ұйымдастыру формасы, ол мұғалімнің басқаруымен, оқушылардың максималды өзіндік ұйымдастырушылығымен жоспарланған ойын сценарий арқылы мақсатты бағытының негізінде жүзеге асырылады. Білім беру практикасында оқытудың ойын формасы оқытудың тәжірибелік бағыттылығын мақсат тұтатын іскерлік ойындар арқылы игерген білімдерін  шығармашылықта қолданады және бекітеді.

Іскерлік ойындар – кейбір педагогикалық жағдайдың, сабақ фрагментінің модельденген түрі. Іскерлік ойынға алдын ала дайындалады: сценарий құрылады, мақсаты көрсетіледі, рөлдер бөлініп, оған кеңес беріледі. Құрал-жабдықтар, көрнекіліктер әзірленеді.

Іскерлік ойындардың педагогикалық мәні мынада: оқушылардың ойлау қабілетін арттыру, танымдық белсенділігін қалыптастыру, шығармашылыққа баулу.

Іскерлік ойындар күрделі шешімдер қабылдай білуге үйретіп, ұжымдағы өзара қарым-қатынасты айқындап, оқушылардың білімі, білігі мен жеке қасиеттерін тексеру мүмкіндігін жасайды. Іскерлік ойын олардың жеке қасиеттерін: мақсаткерлік, белсенділік, жауапкершілік, іскерлік, шыншылдық, шешім қабылдауға икемділік сияқты қасиеттерін дамытады.

Іскерлік ойынның тиімді жақтары:

-         Оқушылардың танымдық белсенділігін қалыптастырады;

-         Қызығушылығын оятады;

-         Білімі мен білігі қалыптасады, өз білімін қолдануға үйренеді;

-         Ойын соңындағы талқылау арқылы білімін бекітеді;

-         Оқушылардың өзін-өзі тануы, өз мүмкіндігін анықтау үрдісі кеңиді, тереңдей түседі.

Іскерлік ойындарының негізгі міндеттері мынадай:

-            оқылған материалды еске сақтау және терең ұғынуға жағдай жасау;

-           дұрыс шешім қабылдау және дұрыс баға беру білігін қалыптастыру;

-            қабылданған шешімді жүзеге асыру дағдыларын қалыптастыру;

-            шығармашылығын дамыту.

Іскерлік ойынды өткізудің кезеңдері: 

        1-кезеңде: мұғалімнің тақырыпты таңдауы, мақсаттар мен міндеттерді белгілеп, күтілетін нәтижені болжауы:

-  құрылымын анықтау;

-  сыныптағы ойынға қатысушылардың рөлдік қызметіндегі қасиеттерін ескеру;

-  ойын барысындағы әсер етуші жағдайларды зерттеу.

      2-кезеңде: соңғы оқу материалын талдау, мәселені шешудің әдістемесін анықтау:

- тиімді әдістемені таңдап алу және оны ойша қолдануда шығармашылық өңдеу;

- сценарийді дайындау, рөлдерге бөлу.   

       3-кезеңде: іскерлік ойын сценарийімен, мақсатымен, мазмұнымен мұғалімнің оқушыларды таныстыруы:

-  ойынды ұйымдастыру;

-  оқушылардың рөлдік қызметтерін орындауы;

-  мұғалімнің, оқушының ойынды басқаруы;

-  ойын барысын, нәтижесін талдау, мұғалімнің қорытынды жасауы.

Іскерлік ойынға қатысушылардың міндеттері мен құқықтары бар:

Міндеттеріне:

-  тақырып бойынша оқу материалын және өзінің рөлін терең білу;

-  ойынға қатысушылардың бір-бірімен сыйластық қарым-қатынаста болуы;

-  ойындағы рөлдік қызметтеріне қарамастан, шындыққа жетуде қызығушылық, белсенділік көрсету және қызықты ой-пікірлерді дамыту;

-  нәтижеге жетуге ұмтылу;

-  өзінің бағытын дәлелдеп шығу, бірақ кемшіліктерін мойындай білу.

    Құқықтарына:

-  өзінің рөлдік әрекетін арттыруда рұқсат етілетін барлық құқық нормалары мен құралдарды пайдалану;

-  ойынға қатысушылардың рөлдік бағытын анықтау үшін сұрақтар беру;

-  ойынның барлық сұрақтарына, пікірталасқа белсене қатысу;

-  кез келген анықтама және әдебиеттерді қолдану, пікір айту.

Іскерлік ойындарды талдауда басшылыққа алынатын жүйе:

Іскерлік ойын нәтижелерін қорытындылауда мұғалім мынадай қағидаларды басшылыққа алады:

-       өтілген сабақтың мазмұны мен формасы туралы әр оқушының пікір айтуына мүмкіндік жасау (өзінің әрекеті мен басқалардың, мұғалімнің әрекетін талдауы);

-       әр оқушыға көңіл бөлу, кейбір жағдайларды жазып алу;

-       әр оқушының жауабын белгілеп отыру;

-       бағалауда оқушының баяндауының мазмұны мен сөз саптауын ескеру;

-       оқушылардың негізгі ойды көрсетуін талап ету;

-       талдауда кемшіліктерден гөрі жетістіктеріне көңіл бөлу [4]

 Қорыта келе айтарымыз, оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың іскерлік қарым-қатынастарын  дұрыс ұйымдастыру тұлға ерекшелігін дамытуға ортақ әрекет арқылы пәрменді етуге көмектеседі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан   Халқына жолдаған үндеуі. 2005ж. 18 ақпан.

2.   Бастауыш мектеп. Ж.Аяпова. 7/2001. - 32 бет

3.       Іскерлік  әңгіме, оның  мәні  мен  тілдік  сипаты  // Ізденіс. –  2008. –  №2 (1).  – 253-255 б.

4.   Қабылова А.Б. Іскерлік қарым-қатынас тілін модульдік технология арқылы оқыту // Х.Досмұхамедов атындағы   Атырау  мемлекеттік  университеті. «Педагогика  және шетел тілдерін оқыту әдістемесі: бүгінгі ахуал, ертеңге сараптама» Халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.   – Атырау, 2010. –   28-29 сәуір.