Педагогические
науки/ 5.Современные
методы преподавания
Зарубаева Б.М., Тебенова К.С.
Е.А.
Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
Психикалық дамуы
тежелген оқушыларға математикалық білім беруде этнопедагогика
элементтерін қолдану мүмкіндіктері
Оқудағы үлгермеушілік
мәселесіне қазірде баса назар аударылып отыр. Бұл
мәселеге әр түрлі саладағы мамандар: психологтар,
дефектологтар, клиницистар мен физиологтар біріге көңіл бөлген.
Олар үлгермеуші, оқуға дайын емес балалардың жартысынан
көбі психикалық дамуы тежелген балалар болатынын
анықтаған.
Психикалық
дамудың
тежелу мәселесі дүниежүзілік психологтар мен
педагогтардың бірден-бір көкейтесті проблемаларының бірі
болып табылады. Олар кемақылдылар қатарына жатпайтын, бірақ білім қорының
көлеміне қарай оларды қорытуға жеткілікті
икемділіктері болса да алғашқы сыныптарда мектеп
бағдарламасын игере алмайды.
Психикалық
дамудың тежелуіне тән белгілер:
- тез жалығу мен шаршаудың
әсерінен ынта мен қабылеттің төмендеуі;
-
сезім мен еріктің жетілмеуі;
-
жалпы мәлімет пен елестету қорының шектелуі;
-
сөздік қорының жеткіліксіздігі;
-
интеллектуалды іскерлік, ойлау әдетінің қалыптаспауы;
-
ойын іскерлігінің толық қалыптаспағандығы;
-
қабылдаудың баяулауы;
-
сөйлеу логикалық операциясының ойымен қиылыспауы;
-
ақыл - естің барлық
түрлерінің бұзылуы;
-
сенсорлық мәліметтерді
қабылдау мен оны түсіну мерзімінің
ұзақтығы;
-
өзін-өзі бақылау деңгейінің төмендігі;
-
мектеп жасына келгенде оқу, ойлау
операцияларының қалыптаспауы – талдау, жинақтау, салыстыру,
қорыту әдістерінің негіздерін түсінбеуі.
Жоғарыда айтылған ерекшеліктер
психикалық дамуы тежелген балалардың танымдық
белсенділігінің төмендігіне, зейіннің және
жұмысқа қабілеттіліктің
құбылмалылығына, негізгі ойлау операцияларының,
сөйлеу тілінің жеткілікті
дамымауына байланысты [1].
Оқушылардың ой-өрісін дамыту –
арнайы мектептерде кез келген оқу пәнін оқыту барысында
шешілетін маңызды міндеттердің бірі. Ал математика
сабақтарының ең басты міндеті – оқушылардың
ақыл-ой әрекетін дамыту болып табылады. Алдымен пәнге, жалпы
оқуға ынтаны, қызығушылықты арттырмайынша
бұл міндет жүзеге аспайтыны белгілі [2].
Оқушылардың бастауыш сыныптарда
байқалған үлгермеушілігі оқу бағдарламасы
күрделенген сайын оқуды меңгеруде үлкен
қиыншылылықтар туғызары сөзсіз. Себебі, оқушылар
бастапқы білім, білік, машықтарын толық меңгере
алмағандықтан ортаңғы буын сыныптарына келіп,
материалдардың күрделенген кезінде мүлдем үлгерім
қатарынан шығып қалуы мүмкін. Демек, жоғарыда
айтылғандардың барлығынан психикалық дамуы тежелген
(ПДТ) оқушылырдың ой-өріс белсенділігін арттыру және
негізгі пән – математиканы меңгертуде, математикалық білім,
біліктерге машықтандыруда жаңа технологияларды қолданып
түрлендіру қажеттілігі туындайды.
Осы тұрғыда халықтың
ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырлық
тәжірибесінде мектеп практикасында математиканы оқытуда
пайдалануға болатын материалдар баршылық (қазақ
халқының ауызша есептері, ауызекі шығармашылық
үлгілері, қазақтың байырғы өлшемдері,
т.б.).
«Ата-баба дәстүрі асыл мұра» деп тегін
айтылмайды. Халық педагогикасы - болашақ азаматты жан-жақты жетілген
ізгілікті, мейірімді етіп тәрбиелеуде педагогика ғылымының
негізгі көзі болып табылады [3].
Сондықтан да бастауыш мектеп
бағдарламасында әсіресе
математика пәнін оқытуда ұлттық
салт-дәстүр, әдет-ғұрып
туралы материал молынан алынуы тиіс. Бұл материалдар бастауыш сынып оқушыларына
математиканы оқытудың құралы бола алады, себебі, олар
біріншіден, оқушылардың математикалық білім, біліктілік,
дағдысын қалыптастырады; екіншіден, логикалық ойлау
қабілетін дамытып, ақыл-ой ұшқырлығына,
шапшаңдығына баулиды; үшіншіден, халқымыздың
тұрмыс-тіршілігінен мағлұмат беріп, ата
салт-дәстүріне аялы көзқарасты қалыптастырады;
төртіншіден, оқушыда ұлттық сананы, адамгершілік ізгі
қасиеттерді, отансүйгіштікті дамытуға жәрдемдеседі.
Ауызекі поэтикалық
шығармашылықтың өте бай үлгілерінің бірі
ойындар мен ойын-өлеңдері бастауыш сынып оқушыларына
математиканы оқытуда маңызды орын алады. Оларды математиканы
оқыту процесінде қолданғанда, ойын процесі мен оқу
процесінің бір-бірінен ажырамағаны жөн. Оқушы ойын
іс-әрекеті үстінде қандай да білімді игеріп жатқанын,
ал оқу процесінде қалай ойынға араласып кеткенін
аңғармауы шарт. Сонда ғана мұғалім халық
ойындарын оқу іс-әрекетімен байланыстыра алғандығын
байқатады және оқушыларда пәндік білім, біліктілік,
дағдының қалыптасуына мүмкіндік тудырады.
Математика сабағында халық ойындарын қолданудың түрлі жолдары бар. Ойынды сабақтың басында қолдануды жаңа сабаққа немесе сұралатын үй тапсырмасына оқушыларды түгел қатыстыру мақсатын көздейді. Егер ойын сабақтың ортасында қолданылса, онда мұғалімнің мақсаты оқушылардың көңіл - күйлерін сергіту, шаршағанды ұмыттырып ерік -жігерін дамыту. Ойын сабақтың соңында болса, тақырыпты бекіту не сол сабақтан алған білімді жинақтау мақсатында пайдаланылады. Бастауыш сыныптарда ойынды оқу - тәрбие процесін жетілдіру мақсатында қолданылып келеді [4].
ПДТ бастауыш
сынып оқушыларына
математикалық білім беруде қолдануға болатын
ұлттық ойындар түрлеріне тоқталып өтсек:
«Хан талапай» - асықпен ойналады, нөмірленген асық алынады және оған байланысты карточка алынады. Асық жерге шашылады, ал балалар талапайлап асық алады, нөмірлері бойынша карточкалардағы есепті шығарады.
«Қыз
қуу» - алдымен сұрақтар беріледі. Содан кейін есеп
оқытылады, ойын шарты түсіндіріледі. Атам қазақ
қыздың жолы жіңішке демекші, алдымен қыз бала
тапсырманың бірінші мысалын орындайды, содан кейін
екінші карчокамен ер бала орындайды. Егер ер бала дұрыс шығарып бұрын болса, онда қызды ұстап алған болып есептелінеді, қыз бірінші болса онда ер балаға жеткізбей жеңіске жеткен болады.
«Теңге алу». Бұл ойынды салыстыру, ерекшелігін табу, айырмашылығын табуға, байланысты есептерді ойлануға болады. Ұлттық теңгенің суреті ілінеді де есепті дұрыс орындаған оқушы теңгені алады.
Математикалық мазмұндағы
жұмбақтардың педагогикалық мүмкіндіктері:
оқушыларға заттың немесе құбылыстың
сандық сипаттамасын және мәнін түсінуге, көре
білуге септігін тигізеді; олардың ой-өрісін, білім қорын
кеңейтеді, ақыл-есін, қиялын дамытады, ойын шынықтырып,
ойлауға жаттықтырады, зейіні мен ынта-ықыласын арттырады,
дүниетанымдық көзқарасы мен эстетикалық талғамын
қалыптастырады.
Ауызекі халық шығармашылығында
мақал-мәтелдер елеулі орын алады. Халық
мақал-мәтелдерін зерттей отырып, қазақтардың
математикалық білімге деген талаптарын тұжырымдауға болады.
Мәселен, «Есеп, есеп білмеген есек», «Есепсіз дүние жоқ»,
«Есебін тапқан екі асар», «Саны бардың мәні бар» деп
халық даналығы жас жеткіншектерді сан ілімін меңгеріп, оны
үйренуге, оған үлкен жауапкершілікпен қарап,
есептің өмірдегі мәнін дұрыс түсінуге
шақырады.
Сондай-ақ, мақал-мәтелдерде
халықтың өмірі, тыныс-тіршілігі, адам жанының
нәзік сырлары (ерлік пен батырлық, достық пен ынтымақ,
т.б.) сияқты іргелі мәселелермен қатар қазіргі
математика ғылымында кездесетін ұғымдардың да
үлкен тізбегі (сан, кеңістік, артық, кем, тең, шамалар,
т.б.) әр қырынан көрінеді.
Халық ауызекі шығармашылығының
аса бір қызықты саласы – қазақ халқының
ауызша есептері бастауыш мектепте математиканы оқытудың
қажетті, әрі мазмұнды құралы болып табылады.
Оларда халықтың әр дәуірдегі
әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, кәсіби еңбегі,
дүниетанымы, болашаққа деген сенімі, есепке жүйріктігі,
ақыл-ойының ұшқырлығы айқын бейнеленген.
Ауызша есептер аса қарапайымдылығымен, логкалық
шымырлығымен, математикалық ойды өмірмен байланыстыру
шеберлігімен, қысқа да бейнелі тілінің түсініктілігімен
ерекшеленіп тұрады.
Ауызша есептерді шығару жұмысын
ұйымдастыруда бастауыш мектеп математикасындағы есептерді
шығару әдістемесін басшылыққа алу қажет.
Қазақ халқының
сәндік-қолданбалы өнері тек ою-өрнек, әшекей
бұйымдар мен заттар ғана емес, олар – математикалық
білімнің, есептің, бұрыштар өлшемдерінің,
сызбаның, т.с.с. көрінісі. Мәселен, қолөнер туындылары,
оларға түсірілген ою-өрнектер геометриялық фигуралар
пішінді (сызық, үшбұрыш, төртбұрыш,
дөңгелек, т.с.с.) болып келеді. Оларды жасауда, ою-өрнектеуде
шеңберлер симметриялық, пропорциялық сияқты негізгі
принциптерді басшылыққа алған.
Бастауыш сынып оқушыларына геометриялық
фигуралар туралы түсінік беруде сәндік-қолданбалы өнер
материалдарын пайдаланудың мүмкіндігі зор. Ою-өрнектің
барлығының негізінде геометриялық ұғым
элементтері бар, әсіресе, геометриялық ою-өрнектің
негізі геометриялық фигуралардан тұрады, атаулары да солардың
пішініне сәйкес. Ең қарапайым оюлар нүкте мен
сызықтар туралы түсінік беруге, ал олардың күрделі
формаға айналуының нәтижесінде пайда болған
үшбұрыш, төртбұрыш, шаршы, шеңбер, т.б.
тәріздес көпбұрыштар туралы ұғымды қалыптастыруға
мүмкіндік туғызады. Мәселен, «Шеңбер»
ою-өрнегін шеңбер туралы
ұғымды қалыптастыруда қолдана отырып, өмір
сүріп отырған жеріміз, күніміз, киз үй, оның
шаңырағы – бәрі дөңгелек екндігін, шеңбер
осыларды бейнелейтіндігін айту қажет. «Тұмарша» оюы үшбұрыш
үлгілес болып келеді. Осындай тұмарлар тіл-көзден
сақтау үшін үй жануарларының, бойтұмар ретінде
балалардың мойнына тағылатындығы туралы әңгімелеу
оқушылардың дүниетанымын кеңейтеді [5].
Сонымен,
математика пәні бойынша бағдарламада берілген материал көлемі
өте аумақты. Сондықтан да
математиканы бағдарламаға сәйкес меңгеру психикалық
дамуы тежелген оқушылар үшін айтарлықтай
қиындықтар туғызады. Сондықтан мұғалім мен
оқушылардың танымдық қызығушылығын
арттыруға, ойлау әрекетінің олқылығын
түзетуге және дамытуға бағытталған
жұмыстар талап етіледі. Барлық әдіс-тәсілдерді
қолдана отырып сабақтың қызықты өтуіне
жағдай тудырылуы қажет.
Демек, мұғалім психикалық дамуы тежелген оқушыларға математикалық ұғымдарды меңгертуде, математикалық білім, білік дағдыларына қалыптастыруда дәстүрлі сабақ түрлерін көптеген жаңа әдіс тәсілдермен түрлендірсе, оқу материалын меңгеру нәтижесі де айтарлықтай болмақ.
Әдебиеттер:
1. Нұрманбетова У.Е.
Мамандыққа кіріспе./ электрондық дәрістер, 2005
2. Омарова Н.Н. Спец. методика преподавания
математики / электрондық дәрістер, 2005
3. М.Әмәрова. Халық
педагогикасы - асыл мұра. //
Бастауыш мектеп, 2004, №3, Б. 35-37.
4. «Математика» оқытушыларына
әдістемелік көмек. Құрастырушылары: Т.К. Оспанов, Ш.Х.
Құрманалина, Ж.Т. Қайыңбаев, К.А. Ерешова, А., 1998
5. Сарбасова Қ. Математика
мұғалімдерін даярлау./ Астана: Нұржол. -2003. – 88б.